Ұлы тұлғаның алдында 22
Хикаялар адамзаттың тәжірибесі мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде үлкен рөл атқарады. Олар шекаралар мен уақыттан жылдам өтіп, әртүрлі мәдениеттер мен халықтардың арасын жақындататын көпірге айналады.
Хикаялардың осындай әсерлі ықпалына байланысты Алла Тағала адамзатты дұрыс жолға нұсқау үшін Құран Кәрімде көптеген оқиғаларды баяндап, халықтардың бастарынан өткерген тағдырын еске салады. Айта кететін жәйт, Құранның ешбір хикаясы ойдан шығарылған немесе болмаған адамдар туралы емес. Бұл илаһи кітаптың барлық хикаялары шындық және шынайы өмірде орын алған илаһи рауаят.
Хазірет Ибрахимның құлдырау мен шарықтауға толы өмірбаяны туралы хикая адамды қатты қызықтырады. Жастық шағы, пайғамбарлық міндетіне кіріскен кезеңі, пұттарды қиратуы, Намрудпен қатынасы, хазірет Ибрахимның алдында өрттің гүлстанға айналуы, перзенті Исмаилды құрбан етуі туралы Алланың бұйрығына бағынуы мен Алланың хазіреттің баласының орнына құрбандық шалуға қойды жіберуі және хазірет Ибрахимның Ұлы Алланың алдындағы құлшылығы, мұның барлығы – ғибрат. Аятолла Хаменеи: «Хазірет Ибрахим ауыр сынақтардан кейін пайғамбарлыққа таңдалды»,- деді. Мұндай пікір «Бақаре» сүресінің: «Сол уақытты еске ал! Ибрахим (ғ.с.)-ды Раббы сөздермен сынады. Сонда ол оларды толық орындады. Алла: «Әрине, сені адамдарға басшы қыламын» деді»,- деп айтылған 124-ші аяты негізінде қорытындыланған. Ислам революциясының жетекшісі хазірет Ибрахимды тек Аллаға сүйеніп, жалғыз өзі пұтқа табынған халықты үгіт-насихаттың әртүрлі тәсілдерімен Жаратушыға құлшылық етуге шақырған адам деп сипаттап: «Хазірет Ибрахим бейқамдық пен қате наным-сенімдерге шырмалған қоғамды тауһид пен Жаратушыға шақырып, майданға шыққан ер болды. Бірақ ол кезде халық бейқамдыққа салынған еді. Хазірет Ибрахим халыққа өз сөзін жеткізу үшін Алланың көмегімен халықтың ой-пікірін өзгертетіндей ғамал етуі керек болды. Халықты ояту үшін хазірет Ибрахим олардың надандықтарының орталығына кіріп, пұттарын қиратып, тек ең үлкен пұттарды ғана қалдырды. Хазірет оны адамдардың ойларын өзгерту үшін пайдаланбақ болды»,- деді. Иә, хазірет Ибрахим ержүректігімен бұл ғамалын іске асырды. Аятолла Хаменеи сөзін жалғастырып, Құран аяттарына сүйеніп: «Халық бұл хазірет Ибрахимның ісі екенін түсінген соң: «Әй, Ибрахим! Осыны тәңірлерімізге сен істедің бе?»- деп сұрады («Әнбия», 62-ші аят). Хазірет Ибрахим оларға: «Бәлкім, олардың мына үлкені істеген шығар. Егер сөйлей алатын болса, олардан сұраңдар»,- деп жауап берді. («Әнбия» 63-ші аят). Осыдан бастап, хазірет Ибрахим жалғыз өзі бір қоғамға қарсы шықты. Материалдық құндылықтар, байлық пен құдырет иелері мен оларға тәуелділерден тұрған залым қоғам хазірет Ибрахимге қарсы болды. Бұл үлкен сабақ»,- деп баса айтты. Сөйтіп, хазірет Ибрахим оларды бетпе-бет келгілері келмеген шындықпен беттестірді. Бірақ олар хазіреттің сөзінің дұрыстығын растауға мәжбүр болды. Иран Ислам революциясының жетекшісі «Әнбия» сүресінің аяттарын мысал ретінде келтіруді жалғастырып: «Хазірет Ибрахим оларға үлкен пұттарынан сұрауды ұсынған кезде олар естерін жиды. Олар бастарын төмен түсіріп: «Расында бұлардың сөйлемейтінін білесің ғой»,- деді. Сол кезде хазірет Ибрахим олардың осы сәтін пайдаланып, бірнеше сөйлеммен оларғы шындықты баяндап: «Онда сендер Алланы қойып, өздеріңе ешбір пайда, зиян келтіре алмайтын нәрсеге табынасыңдар ма?» («Әнбия», 65-66-шы аяттар) деді. Осындай тәсілмен хазірет Ибрахим бейқам халықты оятып, оларды Аллаға назар аудартты. Аятолла Хаменеи бұл хикаяның негізгі ғибратын басқа күштерден қорықпау деп атап: «Алладан басқа барлық күштердің осындай екенін біліңдер. Олардың сыртқы күштеріне қарамаңдар, заманауи қаруларға, ақша мен байлыққа қарамаңдар. Алпауыт елдердің алдында халықтарды әлсірететін олардың өздерінің жігерсіздігі. Егер халық өз жігерімен Аллаға сүйеніп, оның бұйрықтарын орындаса ешбір құдырет оның басындағы тіпті бір тал шашын да түсіре алмайды»,- деп қуаттады. Құран Кәрімнің адамды қызықтыратын келесі хикаясы хазірет Сүлейменнің өмірбаянына арналған хикая болып табылады. Иран Ислам революциясының жетекшісі «Нәмл» сүресінде бір бөлігі баяндалған хазірет Сүлейменнің хикаясын таңғаларлық хикая деп атап: «Алла Тағала хазірет Сүлейменге ілім, мүлік пен құдырет беріп, ол айналасындағы халыққа: «.... бізге әр нәрсе берілді»,- деді. («Нәмл», 16-шы аят), Яғни, Жаратушы билікке қажетті барлық мүмкіндікті хазірет Сүлейменге сыйлаған болатын»,- деді. Хазірет Сүлеймен жындардың, тіпті құстар мен аңдардың тілін де түсінетін болған. Аятолла Хаменеи хазірет Сүлейменнің болмысы мен сабақтары туралы: «Хазірет Сүлейменнің хикаясы басынан аяғына дейін хазіреттің материалдық күш-қуатынан басқа рухани күштердің кілттеріне ие екендігін көрсетеді. Бірақ мұндай құдыретке ие бола тұра, адам әлемнің Жаратушысының алдында қарапайым болды. «Сад» сүресінің 30-шы аятында дана Жаратушы: «Ол не деген жақсы құл еді. Рас, ол өте бағынышты»,- деді. Ислам революциясының жетекшісі: «Құранның «Нәмл», «Саба», «Сад», «Бақаре» сынды көптеген сүрелерінің аяттарында Жаратушы хазірет Сүлейменнің есімін атап, оны Аллаға қарапайымдылық танытқан пенде деп сипаттады»,- деді. Қасиетті «Нәмл» сүресінде қызық хикая баяндалған. Құмырсқалар мен хазірет Сүлейменнің оқиғалары мен хазіреттің олармен қарым-қатынас орнатуы ғибрат болады. Аятолла Хаменеи «Нәмл» сүресінің аяттарына көңіл бөліп, хазірет Сүлейменнің өмірбаяны туралы: «Хикая құмырсқаның басқа құмырсқаларға ескерту жасауы: «Әй, құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер. Сүлеймен мен оның әскері сендерді байқамай жаншып кетпесін»,- деді. Сонда (Сүлеймен ғ.с.) құмырсқаның сөзіне күлімсіреп: «Раббым, маған және әке-шешеме мәрхамет еткен игіліктеріңе шүкір етуімді әрі өзің разы болатын іс істеуімді нәсіп ет те өз мәрхаметіңмен ізгі құлдарыңның арасына кіргіз!»,- деді. («Нәмл», 18-19-шы сүрелер). Аятолла Хаменеи: «Құмырсқа – кішкентай ғана әлсіз жаратылыс, ал хазірет Сүлеймен – адами құдыреттің көрінісі. Ол жаратылыстардың сөзіне ашуланбайды және оларға қарсы шығып, кек те алмайды. Ол тек күлімсірейді. Бұл өте таң қалдыратын жайт және илаһи құдыреттің көрінісі саналатын адамдардың Алланың алдындағы қарапайымдылығын көрсетеді. Олар өздерін көрмейді, өздерін күшті санамай, Алланың алдында өздерін қораш санайды. Мұндай ерекшелік адамның кемелдікке жетуінің факторы болып табылады»,- деп қуаттады.