Сәу 13, 2016 12:50 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (4)

Александр Македонский шабуыл жасап, Иранның үлкен бөлігі қиратылғаннан кейін бұл территория Македонскийдің басып алған жері ретінде оның сардарларының қолына көшті.

Әрине Иранның өркениеті мен мәдениеті ешқашан грек мәдениетіне тізе бүккен емес. Өйткені гректер көп құдайға сенді және оларға адамның түр-тұлғасы мен мінез-құлқын берді. Ал ирандықтардың жаратушы туралы сенімі басқаша еді. Олар құдайды білім, данышпандық пен құдіреттің символы деп есептейтін. Діни сенімдегі осындай қайшылық, басқа мәдени айырмашылықтармен қоса екі мәдениеттің жақындасуына жол бермеді. Гректердің жаулап алушы жат елдік болуы және олардың Иран халқын қырып-жойып тонауы ирандықтар мен гректер арасындағы қандай болмасын мәдени түсінісушілік тамырына балта шапты. Осы бітімге келуге қарсылықтың алғашқы үлгісі – ирандық қалалардың сыртына тұрғын үйлер мен қамалдар салу. Иранда Селевкидтер басқарып тұрған дәуірде бүгінгі қалалық кешендер іспеттес тәуелсіз қамалдар қаланың сыртына салынды. Гректер бұл қамалдарда өмір сүріп, өздерінің әдет-ғұрыптарына қатысты рәсімдерді өткізіп тұрған. Осы дәуірге тиесілі грек құдайларының мүсіндері мен өнер туындылары Иранның орталығы мен батысынан табылды. Бұл біздің пайымдарымыздың дәлелі.

Парттар Селевкидтерді жеңіп, Ашканидтер әулетін құрғаннан кейін гректің сәулет туындылары қиратылып, Иранда жаңа сәулет тәсілдері пайда болды. Алдымен Неса немесе Ниса қаласы (қазіргі Түркменстанның орталығы Ашхабадтың жанында) астана ретінде таңдалынып алынды. Парттардың негізі мал және егін шаруашылығымен айыналысқан тайпалар болғандықтан, алғашқы уақытта сәулет өнерінде қарапайым тәсілді қолданды. Ортасында төрт бұрышты аула және айналдыра қалқа салынған үйлер ашканидтер сәулет өнерінің үлгісі болып табылады. 

Ашканидтер әулетінің билігі гүлденген кезде ғимараттардың сырт келбетіне де көңіл аударыла бастады. Ғимараттардың іші-сыртына өнер туындыларын салу көптеп пайдаланыла бастады. Қабырғаға сурет салу дамыды. Ғимаратты безендіруде сурет салу және жабыстыру тәсілдерінің қосындысы қолданылды. Бұл тәсілдің өте әсем үлгісі Иранның оңтүстік-шығысындағы «Куһе Хадже ғибадатханасы» болып табылады. 

Ашканидтер өздерінің сәулет өнерінде бесік не доға іспеттес арка және кейде бағандарды пайдаланған. Иранның батысында орналасқан Кангавардағы Анахита ғибадатханасы парттар сәулет өнерінің теңдессіз туындысы болып есептеледі. 

Балшық, шикі кірпіш, кейде кірпіш пен тастан қаланған қабырға қабаты - парттар заманындағы сәулет өнерінің басты негізі. Осы заманда шеңбер тәріздес жаңа қалалар салынды. Олардың айналасын биік қабырғалар қоршап тұрған еді. Шығу тарихы айқындалмаған сақиналы қалалар салу тәсілі оларды қорғауды жеңілдетті. Сондай-ақ, қала салуда құрылыс материалдары аз жұмсалатын. 

Систандағы «Куһе Хадже» ғибадатханасы мен үлкен сарай Хамун көліндегі аралдың ортасына салынды. Бұл осы замандағы теңдессіз өнер туынларының бірі. Бұл сарайда әдемі ағаш есіктер, үлкен қалқалар мен үлкен отқа табыну орны болған. Бұл сарайда салынған суреттерде сары, жасыл, қызыл, қоңыр және көк түстер пайдаланылған. Бұл сол замандағы сәулетшілердің өнерлі екендігін көрсетеді. 

Қорыта келгенде, парттар дәуіріндегі сәулет өнерінің ерекшеліктерін былай деп санамалауға болады: жергілікті құрылыс материалдарын кеңінен пайдалану; күмбез салуда дамыған техникаларды пайдалану; құрылыстың аса биік болуынан бас тарту; әралуан суреттер мен өрнектер салу. 

Тағы бір қызық мағлұмат: осы дәуірде суреттер мен тасқа қашап салынған туындыларда әйел адамның бейнесі салынған. Әйелдер бұл суреттерде тобыққа жететіндей ұзын көйлек киген және оның сыртында жамылғысы бар. Осы дәуірдегі көптеген суреттерде әйелдер бастарына тәж киіп, оның үстіне орамал жапқан. Назар аударарлық жайт: бұл суреттер ежелгі Иранда, тіпті Исламнан бұрын да хиджабтың болғандығын көрсетеді. Бұл мәселеге ирантанушы ғалымдар назар аударуда. 

Ахеменидтер, Селевкидтер мен Парттардың өнері Сасанидтер заманы өнерінің бастапқы негізін құрайды. Ол заманда Иран халқының мәдениеті, саясаты және дінінде ұлттық бағыттың пайда болғандығы көрінеді. Сасанидтер заманы сәулет өнерінің айрықша ерекшеліктері бар. Бұл ерекшеліктердің бірі – тасқа бедерлі сурет салу және тауды ойып салу өнерін атап өтуге болады. Ол замандағы бедерлі суреттердің тақырыбы көбіне сарай өмірі болатын. Атап айтқанда, онда лауазым беру, дұшпанды жеңу, сарай рәсімдері мен кешкі ас беру рәсімдері суреттелді. 

Шынайы да нақты жобалау және табиғатқа жақындату Сасанидтер дәуірі сәулет өнерінің тағы да бір ерекшелігі болып табылады. 

Осы тақырыптан басқа, Сасанидтердің бедерлі суреттеріндегі жаңалық олардың көлемінің үлкендігі мен санының көптігінде. Фарс, Керманшах және Әзірбайжан аймақтарында Сасанид заманының сәулет туындыларын көруге болады. 

Қуанышқа орай, тас бетіне салынған адамдардың тегі туралы ешқандай күмән жоқ. Өйткені әдетте екі тілде – орта парсы тілі және грек тілінде аттардың жауырыны немесе бедерлі суреттің үстінгі жағына ойылып жазылған жазбалар адамдардың тегін анықтап береді. 

Сасанидтердің соңғы патшаларының бірі Хосроу II өзі туралы бірқанша туынды қалдырды. Солардың маңыздысы - Иранның батысындағы «Бостон аркалы қалқасының» қабырғаларына ойып салынған әсем суреттер болып табылады. Үлкен көлемдегі ай іспеттес қалқа тау ішіне ойып салынған. Қалқаның артқы қабырғасы екіге бөлінген: жоғарғы жағында патшаға тәж кигізу рәсімінен бір көрініс бейнеленген. Осы суреттегі үш тұлға ұзына бойы үш кішкене бағанның үстіне орналастырылған. Төменгі бөлікте салт атты бейнеленген. Бұл суреттегі тұлға Хосроу II патша мен оның атақты аты Шабдиз деп есептеледі. 

Бостан аркалы қалқасының қосалқы қабырғаларындағы бедерлі суреттерде аңшылық тақырыбына қатысты екі көрініс бейнеленген. Атақты тарихшы Херцфельдтің пікірінше, тастан қашап жасау Иран сурет өнерінің дамуын көрсетеді. Осы қалқаның оң жағындағы қабырғада бұғы аулау көрінісі, сол жағында қабан аулау көрінісі бейнеленген. Осы көріністердегі оқиғалар батпақты және қамысты жерлерде көрсетілген. Патша мен оның серіктері аңды үлкен қайықтың ішінде отырып қуалайды. Пілге мінген күзетшілер мен сазгерлер оларға еріп келеді. Осы суретте аңдардың дене тұрқы нақты салынғандығы көзге айқын көрінеді. 

Сасанидтердің сәулет өнері тек сарайлар мен еске алу орындарынан ғана тұрмайды, оған тұрғын үйлер, отқа табыну орындары, керуен сарайлар мен қамалдар да жатады. Отқа табыну орындары сарайлардан кейінгі осы дәуірдің ең көп сәулет туындысы болып табылады. Бұл орындар зароастризм дінінің рәсімдерін орындау үшін пайдаланылған. Зароастризм ол кезде ирандықтардың ресми діні болған. 

Сәулет өнері тұрғысынан отқа табыну орындарының өзіндік негіздері болған: бұл орындарда от жағылып, қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша құлшылық рәсімі өткізілген. Отқа табыну орнының салыну тәсілі осы күнге дейін шамамен біркелкі сақталып қалды. Иранның зароастризм дінін ұстанушылары жаңа отқа табыну орындарын салуда да бұрынғы тәсілді пайдаланады. 

Сасанид сәулет өнерін қарастырған кезде «Касра аркасы» немесе «Мадаен қалқасы» жайлы айта кетуіміз керек. Бұл сәулет туындысы қазір Иракта орналасқан. Бірақ Сасанидтер тарапынан Иранның сол замандағы географиялық кеңістігінде салынған. Өйткені онда Сасанид сәулет өнерінің ерекшеліктері бар. Бұл сарайдың ең маңызды бөлігі - оның кіре берісі. Сарайдың кіре берісі кең және биік қалқа ретінде сыртқа қаратып салынған. Оның артында тік төрт бұрышты зал бар. Сарайдың орталық бөлігінде дәліздер, бөлмелер мен күмбезді залдар орналасқан. Негізгі залдың жарығы 150 тесік арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл алып құрылыс үлкен қабырғаның үстіне бағанның көмегінсіз салынған. Сырттай қарағанда, оның алғашқы жобасында ғимараттың сыртына түрлі-түсті бедерлі суреттер жабыстырылғанға ұқсайды, бірақ уақыт өте келе олар жойылып кеткен.