Иран мәдениеті және сәулет өнері (5)
Ислам халқы пұтқа табынған Арабия түбегінде пайда болды. Араб және бедуин тайпалары жыл сайын Меккеге келіп, Қағбаның маңындағы пұттарға зиярат еткен.
Қараңғылық дәуіріндегі арабтардың өнер туралы айтарлықтай түсінігі болмаған. Олардың басты өнері өлең шығару болатын. Қараңғылық дәуіріндегі ақындар тұмарға өлеңдерін жазып, Қағбаға іліп қоятын болған. Олардың тағы бір өнері тостақ, кілем, ертоқым, түйе мен жылқының әбзелдері сынды тұрмыстық заттарды безендіру еді.
Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) 570 жылы Меккеде дүниеге келді. Ол Курейш тайпасына жататын Бани Хашем әулетінен шықты. Оған қырық жасында Алла тағала тарапынан пайғамбарлық берілді. Алғашқыда өте аз адам оның соңынан ерді, бірақ құдайылық тәлімдер, Пайғамбардың (с.ғ.с.) бірегей тұлғасы мен сөзінің өтімділігі, сондай-ақ оның сөз бен істегі шыншылдығы Исламның тез таралуына себеп болды. 621 жылы Пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинеге қоныс аударады. Бұл қоныс аудару Ислам тарихының бастауы болып саналады. Пайғамбар (с.ғ.с.) Алланың бірлігіне, өзінің пайғамбар екендігіне иман келтіру және ақырет күніне сенуді Ислам дінінің негіздері деп жариялады.
Ислам өзінің айқын негіздерімен алдымен Арабия түбегінің түкпір-түкпіріне таралды, содан соң одан сырт жерлерге де қанат жайды. Арабия түбегі айналасындағы жерлердің саяси-экономикалық жағдайы нашар болды және билік басындағылар халыққа жәбір-жапа, қысым көрсетіп отырған. Осындай мүшкіл халде өмір сүрген аймақтардағы наразы халық Исламды ризашылықпен қабылдады. Алдымен Ирак жері жаулап алынды, содан соң Куфа, Басра, Шам және Мысыр тез арада Исламды қабылдады. Бірақ Иранды жаулап алу оңайлықпен жүзеге асырылған жоқ, өйткені Сасанидтер мемлекеті өз билігінің әлсірегендігіне қарамастан, ұзақ уақыт бойы қарсы тұрды. Бірақ Иран қоғамындағы әлеуметтік топтардың өмір сүру деңгейінің алшақтығы, халықтың билеушілерге наразылығы және Сасанидтердің Ислам әскерінен жеңілісі нәтижесінде х.қ.ж.с.б. 22 жылы бұл әулет жойылды.
Исламның басқыншылық жорықтары Бани Умайе кезінде де жалғасын тапты. Сөйтіп Ислам батыста Атлант мұхиты жағалаулары мен Испаниядан бастап, шығыста Қытайдың шекарасына дейін жетті. Өнердің таралуы осы дәуірден басталды, бірақ Бани Умайе билеушілерінің Исламның негізгі тәлімдерінен ауытқуы халықтың бұл әулеттен алшақтауына себеп болды. Сөйтіп, Бани Умайе әулеті де құлатылды. Одан кейін ирандықтардың көмегімен Бани Аббас билік басына келді және ирандық-исламдық мәдениет мен өркениет шамамен осы заманнан бастап тарала бастады. Бағдадта өнер мен ғылымда ұлы қозғалыс басталды. Бұл қозғалыстың қалыптасуында ирандықтар айтарлықтай рөл атқарды. Пәхләви, үнді, грек және сирия тіліндегі көптеген маңызды кітаптар араб тіліне аударылды және әйгілі ғылыми-діни медреселер ашылды. Сөйтіп, Сасанидтердің зұлымдығынан қысым көрген ирандықтар тәлімдерінде әділет, теңдік, білім және өнерге көңіл бөлінген дінді қабылдады. Осылайша олар Исламның мәңгілік тәлімдерінен шабыт алып, ирандық-исламдық өркениеттің негізін қалады.
Көпетеген тарихшылар мен ойшылдардың пікірінше, Ислам өнері Иран жерінде гүлденді және өркениеттің айшықты туындылары дүниеге келді.
Григориан жыл санауы бойынша 14 ғасырда өмір сүрген атақты мұсылман тарихшысы және философ Ибн Халдун осы жайлы былай деп жазады: «Дін ғылымы мен жаратылыстану ғылымдарында бірнеше адамнан басқа Ислам ғалымдарының көбі араб емес, ирандық болған. Ислам жамағаты үшін хадистерді сақтап қалған адамдар - ирандықтар». Ибн Халдун былай деп жалғастырыпты: «Ирандықтардан басқа ешкім ғылымды сақтап-қалыптастыруға әрекет етпеді. Осылайша ирандықтар Пайғамбар (с.ғ.с.) сөздерінің дәлелі болды. Пайғамбар: «Егер ғылым мен білім жұлдыздарға телінсе, парсы жұртының бір ер адамы оны үйреніп, қолға түсіреді» ,-деген екен.
Ибн Халдунның осы саладағы сөздеріне өте аз күмән келтірілді. Ирандықтардың Ислам өркениетін дамыту мен гүлдендіруіндегі рөлі нақты бағалауды қажет етеді. Бұл рөлді әр түрлі қырдан қарастырып, саясат пен ел басқару, дін және философия, медицина және фармацевтика, сауда және экономика, өнер, әдебиет және тіл сияқты салалар бойынша бағалауға болады. Біз бұл бағдарламада тек Исламның сәулет өнеріне тигізген әсері және құрылыс салудағы негізгі өзгерістер мен оның әр түрлі қырларын қарастыратын боламыз.
Исламның белгілі бір құбылысқа тигізген әсері жайлы сөз қозғаған кезде ерекше қағидаттар мен ережелерге назар аудару қажет. Алдымен осы қағидаттармен жақынырақ танысу үшін Құран Кәрім аяттарын оқу қажет. Мысалы: Мекке қаласы Құранда «Қауіпсіз қала» деп аталған және ол пұтқа табынушылықтан алас болуы қажет делінген. Бақара сүресінің 126-аяты мен Ибраһим сүресінің 35-аятында қасиетті орын орналасқан Мекке қаласы сипатталған. Мысалы: Меккеге қатысты қауіпсіз, таза, ырыс-берекеге толы деген сипаттар айтылған.
Бұл аяттарда ғимарат салу немесе қала салудың физикалық-материалдық үлгісі берілмесе де, қала салу ісіне қатысты назарға алынуы тиіс кейбір сапалық және рухани ерекшеліктер айтылған. Шындығында Құран қала салу мен сәулет өнерін адамның дүниетанымының түріне қатысты деп біледі, сондықтан тұрмыс кеңістігін адамның тұрмыс тәсіліне сәйкес сипаттайды.
Келесі сатыда Ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) сүннетіне тоқталып өту қажет: Пайғамбар «Ясреб» қаласына кіргеннен бастап ол қаланың аты «Мәдинәт ән-Нәби» (Пайғамбар қаласы) деп өзгертілген. Пайғамбардың Мәдине қаласындағы басты шарасы жер таңдап, мешіт салу болды. Бұл мешіт басқа да исламдық жерлерде мешіт салудың үлгісіне айналды. Бұл мешіт Пайғамбар сатып алған жерге халықтың көмегімен салынды. Бұл жерде Исламның ең негізгі тарихи оқиғалары өтті. Бұл мешіт мұсылмандардың жиналып, ғибадат ететін орнына айналды. Өйткені мешіт - белгілі бір ерекшеліктермен салынатын мұсылмандардың ең қасиетті және ең маңызды ғимарат ету орны. Бірақ мешіттер жобасының бірдей болуы оның безендіру тәсілі мен сыртқы көрінісі де бірдей болуы тиіс деген сөз емес. Ислам таралған жерлерде мешіттердің сыртқы пішіні әртүрлі болып келеді. Бірақ оларды салудағы мақсат бір. Мешіттердің ішкі кеңістігі барлық жерде қарапайым. Олар құбылаға, яғни Қағбаға қарай салынған.
Мұсылман жазушысы және зерттеуші Наджмеддин Баммат өзінің «Ислам қалалары» атты кітабында Ислам тұрғысынан қала салу және сәулет өнерінің мәні мен мазмұны жайлы өте терең және әдемі пікір білдіріп, талдау жасады. Осы кітапта былай деп келтірілген: «Бір мұсылман адам үшін қала мен үй ерекше мәнге ие, өйткені Герат пен Самарқанд немесе Исфахан мен Тегеранда болса да, ол күніне бес рет өзінің қаласы мен үйін ұмытып, одан сыртқа шығады. Оның назары басқа бір қалаға ауып тұрады. Ол назар салатын қала - Мекке қаласы. Ал сол қаладағы оған маңызды орындар - әл-Харам мешіті мен Қағба. Мұсылмандар намаз оқыған кезде Қағбаға қарай бет бұрады, ол - дүние жүзіндегі барлық мұсылмандардың құбыласы. Шындығында Жер планетасындағы барлық мұсылмандар бір бағытта намаз оқиды және сөйтіп үлкен шеңбер құрайды. Бұл шеңбердің орталығы Қағба болып табылады. Қағба сәулет өнері тұрғысынан өте қарапайым құрылыс болса да, Исламның тәлімдері онымен тығыз байланысты. Бұл байланыс оның рухани мағынасын арттырады».