Сәу 13, 2016 13:11 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (7)

Шәмс әл-Маали Қабус бен Вошмгир ойшыл және шебер жазушы болған. Ол "Әл Зийар" әулетінің ең атақты шахы ретінде билік жүргізген. Оның теңдессіз жауынгер болғандығы айтылады, бірақ ол кейде өзіне бағынышты адамдарға қатігездік жасап отырған. Осы жағдай оның өз сардарының қолынан қаза болуына себеп болды. Ол Қабус мұнарасының астына жерленген деп айтылады. Сол себептен бұл ғимарат Қабус мұнарасы деген атпен әйгілі.

Рази стилі – Иран сәулет өнерінің төртінші стилі болып табылады. Ол өзіне дейінгі стильдердің жақсы ерекшеліктерін жоғары дәрежеде бойына жинаған. Рази сәулет стилінде Парсы стилінің сыртқы салтанатының көріністері, Парты стилінің ұлылығы және Хорасан стилінің нәзіктігі тоғысқан. Бұл стильдің бастамасы Иранның солтүстігінен басталса да, Рей қаласында дамыды. Сол себептен оны "Рази" стилі деп атайды.

Рази сәулет стилі "Әл Зийар" әулетінің билігі кезінде басталды және Хорезмшахтардың кезінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Сөйтіп, шамамен 300 жыл бойы Иранда сәулет өнерінің өркендеуіне себеп болды. 

Х.қ.ж.с. 2-3 ғасырларында Иранда жартылай тәуелді мемлекеттер құрылғаннан кейін Ислам дәуіріндегі Иранның ғылыми-әдеби өмірінің қайта жандануы деген атпен әйгілі қозғалыс басталды. Бұл қозғалыстың пайда болу себептері мыналар: 

- Исламдық дүниетанымның таралуы, бұрынғы әлеуметтік құрылымның құлдырауы, яғни Иран қоғамындағы барлық топтардың ғылым үйренуге мүмкіндігі пайда болды; 

- Қытайда қағаздың ойлап табылуы және оның х.қ.ж.с 1 ғасырында Самарқандқа жетуі, оның Ирандағы кітап шығару мен ғылымның дамуына әсері; 

- Әртүрлі ойлардың бір-бірімен тоғысуына мүмкіндік жасалуы және оның жағымды әсерлері. 

Осылайша, сол дәуірдегі ғылым, мәдениет және өнердің дамуынан әсер алған сәулет өнері көптеген жетістіктерге жетті. Бұл жағдай кейбіреулердің Рази дәуірін "Иран өнерінің қайта өрлеуі" деп атауына себеп болды. Өкінішке орай, моңғолдардың шабуылы мен олардың қиратуларынан кейін осы дәуірдің өнері құлдырап кетті. 

Рази сәулет стилі қазіргі Тегеран қаласының оңтүстігінде орналасқан Рей қаласында басталды. Бұл стильдің ең жақсы ғимараттары осы қалада салынған. Рази стилінің пайда болып, дамыған "Рей" немесе "Рази" аймағы, қолда бар деректерге қарағанда, абадтандырылған жер болған. Мысалы, "Жеті ықылым" кітабында бұл аймақта 6 мың медресе мен дәруіштер үйі, 400 монша, 1700 мұнара және 15 мың құдық болған. Кейбір жазушылар гүлдену кезіндегі Рей халқының санын шамамен 1,5 млн адам деп жазған. Бұл абаттанған қала х.қ.ж.с. 617 жылы Шыңғысханның қолынан талан-таражға түсіп, қиратылды. Сол кезде Рей қаласының мәдени ескерткіштері жойылды. "Әлемнің қалыңдығы" деген атқа ие бұл қала қиратылғаннан кейін аталған аймақтың құлдырағаны соншалықты, тіпті кейіннен өзінің бұрынғы қалпы мен маңыздылығын өзіне қайтара алмады. 

Рази стилінде қолдану аясы әртүрлі ғимараттар салынған. Мысалы, мешіт, жол бағандары мен мұнаралы кесенелер. 

Мұнаралы кесенелер көпбұрышты немесе баған түрінде салынған биік және көбіне жіңішке құрылыстар болған. Кейбір кесенелер кірпіштен жасалған қарапайым құрылыс болған, ал кейбір кесенелер қабырғаларының сырты безендірілген. 

Осы құрылыстардың ең әйгілісі – "Қабус мұнарасы". Бұл мұнара х.қ.ж.с. 4 ғасырында (1006 жылы) Иранның солтүстік-шығысындағы Горган қаласында салынған. Осы қаланың символы болып саналатын бұл мұнара кірпіштен салынған әлемдегі ең биік мұнаралардың бірі. Оның биіктігі шамамен 55,5 метр. Ол биіктігі 15 метр төбенің үстіне салынған. Мұнара конус пішіндес. Оның өне бойында сәулетшінің аты-жөні мен салынған жылы жазылған жазбадан басқа ешқандай жазу көзге көрінбейді. Мұнараның ішкі диаметрі – 10 метр. 

Рази сәулет стилінде бағандармен салынған түнгі намаз оқитын орыны бар кейбір мешіттер төрт ашық дәлізі бар мешіттерге айналды. Осы сәулет стилінде мешіттегі мехраб маңы бағандары мен мешіттің айналасындағы бағандар алынып тасталып, оны төрт кең ашық дәліз бен оның үстіне бір күмбез салумен алмастырылды. Кейбір тарихшылар "Заваре" мешітін төрт ашық дәлізі бар жобамен салынған алғашқы мешіт деп есептейді. Бұл мешіті х.қ.ж.с. 530 жылы (1135 жылы) сәулетші Махмұд Исфахани салған. Бұл ежелгі мешіт жер астында қазіргі мешіттің солтүстік бөлігінде орналасқан. Қазір бұл мешіттің үстінде төбесі биік түнгі намаз оқитын орын мен мұнара салынған. Бұл мешіт өте әдемі жапсырмалармен безендірілген. 

Рази стиліндегі мұнараларда көбіне қосқабат қабырға салынған және олардың сыртқы пішіні әртүрлі. Мұнараларды салуға үлкен және кіші кірпіштер пайдаланылған. Сондай-ақ, қабырғаларға куфа жазуымен Құранның аяттары жазылған. Рази стилінде шекасте жазуын пайдалану арқылы мұнараларға кірпіш пен керамикалық тақталардың көмегімен көріністер салынған. Мұны "Мағели" деп атайды. Бұл стильде кірпіш қалау кезінде кафель пайдаланылған. 

Осы дәуірдің тағы бір ерекшелігі – жапсырмаларды пайдалану. Гүлдер мен өсімдіктердің көрінісі салынған жапсырмалар қабырғалар мен күмбездерге әдемі келбет береді. 

Сондай-ақ "алебастрды жону" осы дәуірде кеңінен таралды. Осы арқылы алебастрды әртүрлі түспен араластырып, қатқан кезде оны әртүрлі пішінде жонған. Бұл алебастрдың бөліктерін кафель сияқты қалап, әдемі суреттер тудырған. 

Тарихи-әдеби деректер Ғазнавилер мен олардан кейінгі билеушілердің сәулет өнеріне қатты көңіл бөлгендігін көрсетеді. Ол заманда ғимараттардың саны ғана емес, олардың көлемі де көңіл аударуға тұрады. Кейбір тарихшылар Газни қаласындағы бір мешіт көлемінің әдемі де үлкен болуына байланысты "Аспанның қалыңдығы" деп аталғандығын айтады. Сондай-ақ, осы дәуірде шахтар өз билігінің күш-қуатын сарай салу арқылы көрсеткен. Тарихи деректер бойынша, бір сарайды салу 4 жылға созылып отырған және оның құрылыс материалдарының құны шамамен 7 млн дерхамды құраған. Рази стилі ерекшеліктерінің бірі болып табылатын әртүрлі жапсырмалар мен кафель салу – әкімшілік орындарын салуда көптеп пайдаланылған. Мысалы, әйгілі тарихшы Аттаба осы сарайлардың сыртқы келбетін көктем кезіндегі бақ деп сипаттаған. Ол: "Олар кейде кірпіш қабырғаларды нақышталған алебастрмен көмкеретіні сонша, ол түрлі түсті матаға ұқсап кетеді",-деп жазған. 

Қосқабатты мұнаралардың кең таралуы осы замандағы сәулет өнерінің негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Кейбір еуропалық зерттеушілер, соның ішінде Мунира Дувилар қосқабатты мұнаралардың бастамасын Орта Азиядан іздеген, бірақ мына мәселені ұмытпау керек: ортаазиялық сәулет өнерінде тастан құрылыс салуға көңіл бөлінген, ал Иранда піскен кірпіш көбірек қолданылған. 

Рази стилінде қосқабатты мұнаралар салуға өте көп көңіл бөлінген. Мұнараның "қосқабатты" деп аталуының себебі – мұнараның ішкі және сыртқы кеңістігінің бір-бірінен айырмашылығы бар. Мұнараның іші жартылай шар пішіндес, ал сырты үшкір басты сопақ пішіндес. Мұндай мұнараның көрнекті үлгісі - "Исфахан мешітінің" мұнарасы. Батыс зерттеушісі және жазушысы Шредер бұл мұнараны шабыт беру тұрғысынан күшті, математикалық есептер тұрғысынан нақты есептелген, механика тұрғысынан толық және ақаусыз деп сипаттаған.