Сәу 13, 2016 13:25 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (9)

Әзірбайжан аймағының сәулет өнері маңыздылығы жағынан Иран сәулет стилінің алдыңғы қатарында тұр. Өйткені Парсы, Әзери және Исфахан сәулет стильдері сол аймақтан бастау алып, Иранның түкпір-түкпіріне таралды.

Арий тайпасының бір бөлігі Аран тауларын басып өтіп, Иранға қарай бағыт алып, Әзірбайжан жерін басып өткен кезде онда ағаштан жасалған бағаналары бар верандалар, үлкен жертөлелер мен әдемі сарайларды көрді. Олар жаңа жерде орналасқаннан кейін құрылыс салуда Әзери стилін қолданған. Бұл стиль Ахеменидтер дәуірінің сарайлары мен үйлерін салуда көптеп пайдаланылды.

Сәулет өнері тарихына шолу жасай келіп, Әзірбайжан сәулет өнерінің Исфахан сәулет өнеріне әсер еткендігін көруге болады. Өйткені Сефевидтер кезінде Сефевид шахтары өз құрылыстарында Әзірбайжанның Марағе және Бұнаб қалаларында кең таралған бағанды ағаш үйлерді салу стилінен үлгі алып, Исфаханды осы стиль түрінің көрмесіне айналдырды. Әрине, Исфахан стилі жайлы келесі бағдарламаларымызда көбірек тоқталатын боламыз. 

"Әзери" стилінде Әзірбайжан сәулетшілерінің барлық ерекшеліктері толықтай көрініс тапқан. Осы ерекшеліктердің бірі осы дәуірде айрықша байқалатын қосқабырғалы күмбез салу болып табылады. Флоренция сәулет факультетінің бұрынғы басшысы профессор П. Санпаулеси жылдар бойы Иран мен Италияның күмбез салу жобасы жайлы зерттеу жүргізді және Сұлтание ғимараттарының Италияның сәулет өнеріне тигізген әсері жайлы кітап жазып шығарды. Ол Флоренция қаласында салынған Санта Мария дель Фьера шіркеуі күмбезінің құрылысын Занджан қаласындағы Сұлтание кесенесінен үлгі алған деп атап, былай деп жазды: "Табанды, иманды және дарынды ирандықтар классикалық әдебиет, поэзия, өнер, мәдениет және сәулет стильдері мен техникалық жаңалықтарды өзге елдерге таратқан халық болған. Мұның айғағы маңызды құрылыс бастамалары, яғни кірпіштен өрілген арасы бір-біріне жақын қосқабатты күмбездер болып табылады. Олар ешқандай қаңқаның көмегінсіз жасалған. Бұл стиль Сұлтание қаласынан жүздеген шақырымға сапар шегіп, жүз жылдан кейін Италиядағы Санта Мария дель Фьера шіркеуіне жетті. Сөйтіп, өнер формаларын тасымалдау ісінде үлкен оқиға орын алды". 

Профессор Санпаулеси сөзінің жалғасында бұл шіркеуге дейін Италияның еш жерінде осы пішіндес ғимарат болмаған. Мұнара салу стилі Иран сәулет өнерінен алынды деп мойындайды. 

Сұлтание кесенесінің ғимаратында қандай ерекшелік бар? Бұл кесене - алты қырлы ғимарат. Оның ішкі диаметрі 26 м. Осы алты қырлы ғимараттың басы үшкір күмбезі шеңберлі қалыптың үстіне салынған. Жерден күмбездің ұшар басына дейінгі биіктік 54 м. Бұл кесененің ішкі бөлігі кафель және кірпішпен өрілген, кейіннен оның кейбір бөліктері алебастрмен сыланған. Бұл ғимараттың сыртқы беті қыш тақталар және кірпішпен өрілген. Ғимараттың ең батыл бастамасы оның сыртын қоршап тұрған тәж немесе кішкене сегіз мұнарадан тұратын шеңбер болып табылады. Сұлтание кесенесінде сегіз ашық дәліз бен 50 бөлме бар. Діни рәсімдер немесе әртүрлі мерекелер өткізілген уақытта ер адамдар төменгі қабатта, әйел адамдар ашық дәліздерде орналастырылған. 

Сұлтание кесенесі грегориан күнтізбесі бойынша 1313 жылы илхандық билеушілердің бірі Олжайтудың бұйрығымен Алишах есімді сәулетшінің қолымен салынды және оның ашылу рәсімі биліктегі барлық лауазым иелерінің қатысуымен өткізілді. Кейбір дереккөздері бойынша, Олжайту мұсылмандықты қабылдағаннан кейін кейбір діни тұлғалардың қабірін осы кесенеге әкелдірмек ниетте болған. Бірақ кейін бұл ниетін орындай алмаған соң, өзі о дүниеге аттанғаннан кейін оны осы кесенеге қойсын деп бұйрық береді. Бірақ Сұлтание қаласын абадтандыру арманы ұзаққа бармады. Олжайту қайтыс болғаннан кейін Сұлтание қаласына мәжбүрлеп көшірілген адамдардың көбі ол жерді тастап кетті. Сөйтіп бұл қала біртіндеп құлдырауға ұшырады. Қазір ол жерде Сұлтание кесенесі мен оның айналасында бірнеше тұрғын үй ғана қалған. Илхандықтардың бастамасымен салынған бұл қаладан тек археологиялық ескерткіштер ғана бізге жетті. Ал Сұлтание қаласынан 30 шақырым жердегі Занджан қаласы одан бірнеше ғасыр бұрын салынса да, әлі күнге дейін абадтандырылған күйде өз тіршілігін жалғастыруда. 

Х.қ.ж.с.б. 783-795 жылдар аралығында (1381-1392 жылдар) Ақсақ Темірдің жойқын шабуылдары кезінде Хорасан, Фарс, Иранның орталық мен солтүстік аймақтары қанға боялды. Тимуридтер жүз жыл бойы билік басында болды. Ақсақ Темір Иранның әртүрлі қалаларын жаулап алғаннан кейін өнер иелерінің бір тобын олардың жанұяларымен бірге өзінің Мауереннахрдағы астанасына көшіріп әкелді. Ақсақ Темірден кейін оның балалары да әкелерінің тәсілін қолданып, билік орталығына барлық өнер иелерін жинады. Иранның астанасы Герат қаласына ауыстырылды. Бұл қала сәулет өнері сынды өнер түрлерінің үлкен орталығына айналды. Бірақ тарихта келтірілгендей, Ақсақ Темірден өнер туындысын жасауға сұраныс алу қорқынышты болған. Мысалы, былай деп әңгіме етіледі: Ақсақ Темір Самарқандта өзінің бұйрығымен салынған мешітті көруге барған кезде мешіттің кіре беріс есігін төмен салынған деп тапқан. Сөйтіп, оның бұйрығымен бүкіл мешіт қиратылып, оның сәулетшісі өлтірілген. Ал мешіт бір апта ішінде қайта салынып шыққан. Бірақ осы бақталастық пен қорқынышты жағдайға қарамастан, өнер иелері өте құнды туындылар жасап шығарып, кейінгілерге естелік қылып қалдырды. 

Осы дәуірдің ең көне ғимараттары Орталық Азия мен Түркістанда және Самарқанд пен Бұхара қалаларында салынған. Балх, Герат және Мазаришариф қалаларында да Тимуридтер дәуірінен құнды ескерткіштер сақталынған. Бұл ғимараттардан ирандық сәулетшілердің діни ғимараттарды салуға деген талғамы мен ынтасын көруге болады. Йезд қаласы орталық мешітіндегі мехраб х.қ.ж.с.б. 777 жылы (1375 жылы) салынған. Бұл ғимарат түрлі түсті әшекейлермен безендірілген және Тимуридтер дәуірінің алғашқы жылдарынан қалған тұңғыш ғимараттардың бірі болып табылады. 

Осы дәуірдің мешіттері Селжұқтар дәуіріндегі мешіттердің жобасымен салынған. Мешіт төрт ашық дәлізі бар тіктөртбұрышты аула мен төбесі күмбезбен жабылған ғимараттан құралған. Және ғимараттың төрт жағында, көбіне негізгі ашық дәліздерде мұнаралар салынған. 

Осы дәуірде көптеген ғимараттар кесене мақсатында салынды. Бұл ғимараттар шаршы пішіндес бір бөлмеден және қысқа күмбезден тұратын болған. Күмбездердің пішіні көбіне пиязға ұқсайтын болған. Бұл ғмараттарды безендіруге арналған ең әдемі нақыштар адам мүсіндері мен өсімдіктердің суреттерінен құралған. Бұл стиль Қиыр Шығыс өнеріне ұқсап келеді. Феникс пен әртүрлі бұлттардың суреті және көк түсті лалагүлдің суреті ғимараттардың көбінде бар. Көп жағдайда осы суреттермен қоса куфа жазуымен Құран аяттары, Алланың есімдері мен Ислам пайғамбарының аты жазылған. Сөйтіп жаңа көркем үлгілер туындады. 

"Гур-е Амир" (Әмірдің қабірі) деп аталатын Ақсақ Темірдің кесенесі 1404 жылы салынған. Ол Самарқандағы ежелгі зираттың үстіне салынған. Бұл кесененің іші төртбұрышты, ал сырты сегізбұрышты болып келеді және оның үстіне қосқабатты күмбез салынған. Кесененің күмбезі сыртынан 64 жолаққа бөлінген. Бұл ғимараттың биіктігі 32 метр. Ол геометриялық фигуралар салынған түрлі-түсті жапсырмалармен безендірілген. Кесененің барлық қабырғаларынан араб және парсы тілдерінде жазылған жазбаларды көруге болады. Кейіннен Ақсақ Темір кесенесіне ұқсас ғимараттар Самарқанд және Бұхара сынды ортаазиялық қалаларда салынды. Олар көбіне билеушілердің кесенесі болуға арналған.