Сәу 13, 2016 13:28 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (10)

Ирандағы сәулет өнерін зерттеуші марқұм Мұхаммад Карим Пирниа Иран сәулет өнерін алты стильге бөліп қарастырған және "Исфахан" стилін ең соңғы стиль деп есептеген.

Бұл стиль х.қ.ж.с. 10 ғасырынан 13 ғасырына дейін қолданыста болған және "Исфахан" деген атына керісінше Әзірбайжаннан бастау алған. Бірақ осы стильдегі ең көрнекті туындылар Исфахан қаласында дүниеге келген.

Х.қ.ж.с.б. 908-1149 жылдар (1502-1736 жылдар) аралығында билік құрған Сефевидтер әулеті әзірбайжандықтардан шыққан және олардың ата-тегі Иранның батысындағы Әзірбайжан аймағында өмір сүрген Шейх Сафи ад-Дин Ардебили болған. Ол дана адам болған және оның шәкірттері көп еді. Сефевидтер әулетінің негізін қалаған Шах Исмаил Шейх Сафи ад-Дин Ардебилидің немересі болған. Ол өз билігін әртүрлі аймақтарға әскери жорық жасау арқылы бастады. Шах Исмаил кезінде Иран жерінде таралған Исламның маңызды тармақтарының бірі шиизм ресми дін ретінде жарияланды. 

Сефевидтер әулетінің билік құрған кезеңі ұлттық үкіметтің құрылуына, шииттік тармақтың таралуына, ішкі өнеркәсіпке қолдау көрсетілуіне, сауда-саттық жолдарын қамтамасыз етуге және дамытуға, көптеген құрылыстарды салуға және әртүрлі өнерлердің таралуына жол ашты. Бұл дәуірде Иранда өте маңызды өзгеріс басталды және ол айшықты түрде Исфаханда көрініс тапты. Сефевидтер Исфаханды жаңа астана ретінде таңдап алды. Жаңадан салынған үлкен ғимараттар, алаңдар, көпірлер, үлкен шатырлар мен көшелер бұл қаланы тек Иранда ғана емес, Шығыстағы үлгілі қалалардың біріне айналдырды. 

Ресейдің шығыстанушысы Владимир Минорский Сефевидтерді нәсілдік және әлеуметтік құрылысы жағынан ирандықтарға жақын түркмендердің екінші толқынының өкілдері деп есептейді. Сефевидтер, шындығында, барлық салалар бойынша ирандық рухтың ықпалында болған түрік мәдениетінің бір тармағы болып табылады. 

Сефевидтер заманында діни мақсаттағы құрылыстар салу Иран сәулет өнерінің ең маңызды ерекшелігі болатын. Бұл құрылыстар бұрынғы сәулет принциптері мен ережелерінің ықпалында болған. Исфахан стилінде ортасында ауласы, айналасында төрт ашық дәлізі бар үлкен ғимараттарды салу принципі шынайы үйлесімге жету мақсатында пайдаланылды. Бұл сәулет стилінде ғимарат ауданының үлкендігі басты негіз болып саналды. Сөйтіп, әртүрлі құрылыс мәселелерін шешуде жаңа бастамаларға жол ашылды. Үшкір аркалар секілді параллель элементтердің қайталануын Исфахан стиліндегі сәулет ескерткіштерінен көруге болады. Сәулетшілер бұл ғимараттарды салу барысында толы және бос кеңістіктің дыбыс үндестігін назарға ала отырып, жағымды акустикамен қоса, сәйкестік пен параллелизмді сақтап отырған. Мысалы, бос кеңістіктер мынадай бөлімдерден тұрады: қауыздар, бақшалар және бірнеше ғимараттың арасында орналасқан ашық аула. Бұл жоба кесенелер мен сарайлар салуда пайдаланылды. Исфахан стилінде жерден төбеге дейінгі кеңістік терезелер мен ішкі әшекейлер орналастырылатындай етіліп жобаланған. Мысалы, Али Ғапу сияқты сарайдың ортаңғы қабаты сырттай қарағанда бос кеңістікті еске салатындай етіліп жобаланған. 

Ғимараттар ауданының үлкендігі Исфахан стиліндегі сәулет кеңістігінде жаңа бастамалардың пайда болуына септігін тигізді. Бұл стильдегі бастамалар барлық көрермендерді таң-тамаша қалдырады. Мысалы, Исфахандағы "Шейх Фазлолла" мешітінің сәулет жобасы сәуленің шағылысуын бәсеңдетіп, тыныш та рухани сезімге толы кеңістік тудырады. Бұл мешіттің төбесі төмен кіре беріс дәлізі "Шейх Фазлолла" мешітінің түнгі намаз оқитын залымен жалғасқан. Бұл намаз оқитын зал Ирандағы ең үлкен күмбезді залдардың бірі болып табылады. "Шейх Фазлолла" мешітінің күмбезі өзінің теңдессіз сұлулығымен аспан мен шексіздікті еске түсіреді. Күмбездің орталық бөлігі іштен күн сияқты сәуле төгіп тұрады және иілген ромб пішіндес тор күн сәулесін залдың түкпір-түкпіріне таратады. 

Атақты шығыстанушы Артур Поп осы әдемі күмбезді сипаттай келіп: "Бұл күмбез - түнгі аспан ұлылығының символы",-деген екен. 

Исфахан стилінің тағы бір ерекшелігі жобалардың қарапайымдылығы, қарапайым геометриялық фигуралар, сынған фигуралар мен сызықтарды пайдалану болып табылады. Өте күрделі геометриялық жобаларды пайдаланатын Әзери стиліне қарағанда ортасы бос күмбездерді пайдалану, безендіруде жеті түсті кафельдерді көптеп қолдану, өте сапалы құрылыс материалдарын пайдалану - Исфахан стилінің тағы бір ерекшелігі болып табылады. 

Жеті түсті кафельді жасау үшін ақ түсті кафельдің үстіне сурет салып, бояйтын болған, содан соң пешке пісірген. Сөйтіп, піскен кафель қабырға немесе күмбез бетіне негізгі жоба бойынша жапсырылып, өз орнына бекітілген. Кейбір жағдайда кірпіш пен ағаш та төбенің бұрыштарында пайдаланылған. Мұны Исфаханның Джольфа кешенінен көруге болады. Бұл ғимараттарда ағаш тақталар балықтың қабыршығы сияқты бірінің жанына бірі қаланған. Бұл өнер тәсілі төбенің жақтауларына әдемі сипат береді. 

Кафельдердің негізгі реңін көбіне лазуриттен алып отырған. Оның түсі ашық көк, қою көк және аспан тектес түсті болып келеді. Лазурит Кашан қаласына жақын жердегі кен орнынан алынатын болған. Бұл кен орны жер сілкінісі салдарынан қиратылғаннан кейін кафельдердің әдемі көк түсі де қолданыстан шығып қалды. 

Исфахан сәулет стилінің тағы бір ерекшеліктерінің бірі сәуле түсіру және еркін ауа айналысы үшін кіре беріс есіктің үстіне және кейде оның екі жақтауына терезе салу болып табылады. Терезе кейде ағаштан, кейде алебастр мен қыштан жасалған. Суық аймақтарда терезе әртүрлі геометриялық фигуралар салынған кішкене шыны бөлшектерден жасалған. Терезенің әдемі үлгісін Исфахан қаласындағы Ардебиль үйі, Джольфа кешені және Ванк шіркеуінің құрылысынан көруге болады. Бұл терезелердің түрлі-түсті шыныларының бетіне балық, гүл, өсімдіктер мен құстардың суреті салынған. 

"Ороси" деп аталатын терезенің тағы бір түрі Исфахан сәулет стилінде өте көп кездеседі. Ороси сөзі "жоғары қараған терезе" деген мағынаны береді. Ороси терезесі тор көзді терезе болып табылады. Бұл терезелер жүйесі әдетте ағаш терезелердің қызметіндей рөл атқарады. Бұл терезелердің ең әдемі үлгілерін әлі де Исфахан, Кашан және Йезд қалаларының үйлерінен көруге болады. 

Исфахан сәулет стилінің тағы бір ерекшеліктерінің бірі бақтар мен әртүрлі ғимараттар салу болып табылады. Бұл бақтар Иранның солтүстік аудандары мен Каспий теңізі жағалауларындағы әдемі бақтардың жобасымен салынған. Ғимараттар бақтың ортасына салынған және оның төбесі қышпен жабылған. Ғимараттардың айналасын бағанды ашық дәліздер қоршап тұрады. "Чехел сотун" (Қырық баған) мен "Хашт бехешт" (Жеті бейіш) бақтары Исфахан стилімен жасалған бақтардың ең көрнекті үлгісі болып табылады. Мұнымен қоса, Табас, Бехшахр, Махан сияқты қалаларда да осы стильмен бақтар салынған. Бұл қалаларға басқа халықтардың шабуыл жасау қаупі болғандықтан, сефевидтік билеушілер өздерінің құдіреті мен толық басымдылығын көрсету мақсатында әдемі бақтар мен ғимараттар салдыртқан. Екінші жағынан Иранның солтүстігіндегі Бехшахр сияқты қалалардағы бақтар мен ғимараттар күз және қыс кезінде сефевидтік билеушілердің өмір сүретін орны болған.