Сәу 13, 2016 13:36 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (13)

Иранның ежелгі географиялық кеңістігі Фарс облысы және бүгінгі Иран территориясымен шектеліп қалмаған, оған үлкен Хорасан, бүгінгі Ауғанстанның бір бөлігі, Қос өзен аймағы да кіретін болған.

Исламға дейін тайпалар өздерінің бастапқы тұрмыс салтын сақтауға бейім болса да, Иранда қала салу ісі даму үстінде болды. Иранда Ахеменидтер, Селевкидтер, Сасанидтер және Аббасидтер кезінде қала салу ісі кеңінен таралды. Тұрғын үй аудандарын салу айтарлықтай дамыды. Осы өркениет туындыларынан қалған үлгілерде қалалық көпірлерді салудағы жүйе, жолдардың басқа кеңістіктермен табиғи байланысы, қалалардың сыртқы келбетіне қатысты ережелер сақталынған. Бұл қалаларда сыртқы ерекшеліктер - алаңдар, дарбаза, көпір, өзен, базар салатын жер, мешіт пен медресе, тіпті дұшпандар шабуылының алды алатын бекіністер назарға алынған. Сондай-ақ қалаға жақын жердегі өзеннен бастау алатын кяриз (жер асты су арнасы) және арық (канал) қазуға қатысты инженерлік жұмыстар атқарылған.

Хұсейн Сұлтанзаде өзінің "Иран тарихындағы қалалық кеңістік" атты кітабында Иран қалаларындағы жолдар мен көпірлердің қалыптасу жүйесінің ерекшеліктері жайлы былай деп жазады: "Қатынас жолдары қаланың басқа элементтерімен үйлесімді де жүйелі түрде байланыста болған. Өйткені жол бойында қалыптасқан қала кеңістігі мен элементтері қоғамдағы адамдардың мәдениеті және мінез-құлқы үлгілерінің ықпалында қалыптасқан. Иранның тарихи қалалары бүгінгі көптеген қалалар сияқты жылдам қарқынмен әртүрлі топтардың тығыз қажеттіліктерінің әсерімен қалыптаспады. Керісінше, қалыпты жағдайда қоғамның материалдық және рухани қажеттіліктерін назарға ала отырып, біртіндеп дамып отырған." 

Хұсейн Сұлтанзаде өзінің аталмыш кітабында Иранның көптеген ежелгі тарихи қалаларында кездесетін үлгі жайлы сөз қозғаған. Қалаға келіп кіретін негізгі жолдың бойында, сол мекенге жақын жерде және қалаға кіре беріс дарбазаның айналасында зират болған. Әдетте ең үлкен зираттың жанында бір діни тұлғаның мазары (кесенесі) тұрғызылған. Содан кейін қаланың ішінде негізгі жолдың бойында қала базары мен алаңы көзге көрінеді. Сол жерден негізгі аудандар тармақтала бастаған. Олар кварталдар мен тұрғын үй аударына ұласып отырған. 

Иранның үлкенді-кішілі қалаларында базар ең маңызды қарым-қатынас орталығы болып саналған. Орталық мешіт және қаланың басқа да үлкен мешіттері, діни медреселер, керуен сарайлар және басқа да сауда-саттық орталықтары базарға жақын жерде және онымен байланыста салынған. Шындығында базар қаланың қарым-қатынас, экономика және мәдениет салаларының негізгі өзегі болған және қалалардың әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. 

Исфахан, Тебриз, Шираз және Тегеран сынды үлкен қалаларда мешіттер, моншалар және кейбір керуен сарайлар сияқты қоғамдық орындар әдетте қаланың негізгі көпірінің жанына салынған. Әрине бұл элементтер мен басқа да ғимараттардың орналасу тәртібі қалалардың құрылымына байланысты болған. Тұтас құрылымда кеңістіктер бір-бірімен байланыста болған, ал шашыраңқы құрылымда ғимараттардың арасында ашық алаң, бос кеңістік бар. 

Қалалық кеңістіктердің сыртқы келбеті - тоқталып өтуге тұрарлық тақырыптардың бірі. Тұтас және шашыраңқы құрылымға ие тарихи қалалардың көбінде ғимараттардың сыртқы келбеті қарапайым да біркелкі болып келеді. Сондықтан көп жағдайда ғимараттың сыртына қарап ішкі кеңістіктің салыну сапасын түсіну оңай болмайды. Қалалардың көбінде, әсіресе Иранның орталығы мен оңтүстігінде орналасқан қалаларда ғимараттың сырты шикі кірпіш, кірпіш және саманмен қапталған. Осылайша, қаланың сәулет кешендері сыртқы келбетінде қолданылған бояу және материалдар жағынан біркелкілік пен белгілі бір үйлесімге келтерілген. Ғимараттарды салуда жергілікті материалдарды қолдану маңызды рөл атқарды. Бұл қалалардың сыртқы көрінісінің біркелкі болуына көмектесті. Кафель және алебастр сынды маңызды құрылыс материалдары кейбір ғимараттарда, әсіресе діни орындар мен медреселерде қолданылған. Сөйтіп бұл ғимараттарды басқа құрылыстардан айырып тұратын болған. 

Өте тығыз қалаларда жанама жолдар мен тұйық жолдар көбіне тар болып көрінген, ал кейбір негізгі жолдар кең болған. Исфахан қаласындағы Чахарбақ көшесі мен ескі Тегерандағы Әла уд-Доуле көшесі осындай жолдарға жатады. 

Орталық мешіт немесе зиярат ететін үлкен орындар Иранның тарихи қалаларында біркелкі құрылымға сүйене отырып салынады. Бұл ғимараттарда бірнеше кіре беріс есік болған. Кішкене қалаларда халық бұл есіктерді қаланың бір жағынан екінші жағына өту үшін пайдаланған. Көптеген маңызды экономикалық-әлеуметтік орындар мешіттердің кіре берісіне жақын жерде орналасқан. Тегерандағы Имам мешінің айналасы, Шираздағы Атиқ мешіті, Құм мен Мешхед қалаларының зиярат ететін орындары – аталған кеңістіктердің үлгісі болып табылады. 

Бұл діни орындардың кіре берісі жылдың әртүрлі айтулы күндерінде әралуан топтардан тұратын халықтың жиналып, бір-бірімен пікір алмасатын орны болған. Бүгінде жаңа қалаларда да кейбір қоғамдық орындардың кіре берісінде осындай көріністі көруге болады. Қонақтарды қарсы алу немесе шығарып салу Иран халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Бұл жағдайда көбіне қонаққа құрмет көрсетіліп, жылы сөздер айтылған. Бұл рәсімдер көбіне қаладағы ғимараттардың кіре беріс бөлігінде орындалатын. Тіпті егер жанұяның мүшесі сапарға аттанатын болса, бұл рәсім қаланың шыға беріс дарбазасына дейін созылып отырған. Ресми қарсы алу мен шығарып салу біреу зияратқа аттанған кезде жанұя мүшелері, туған-туыс және достар тарапынан орындалып отырған. 

Қорыта келгенде, ежелгі тарихи қалалардың қоғамдық орындары форма мен көлем тұрғысынан ашық та кең болған. Бұл қалалардың көшелері мен алаңдарына әдетте тас төселген. Тастар көбіне ұзын тіктөртбұрышты пішінде болған, ал кейбір алаңдарда тіктөртбұрышты текше пішіндес болған. Исфахан қаласындағы Имам алаңы (Нақш-е Джахан) - осы қалалық жобаның айқын үлгісі. Бұл кең алаңның ауданы 85 000 шаршы метрден асады. Ол бұрын поло ойынына арналып жасалған. 

Бұл алаңның айналасында екі мешіт, бір салтанатты сарай және ұзын базар бар. Осының бәрі аталмыш алаңды шынайы мұражайға айналдырды. Имам алаңына жақын жерде ұзына бойына ағаш егілген Чахарбақ көшесі орналасқан. Бұл көше Зайяндеруд өзенінің екі жағында орналасқан. Ол қаланың екі бөлігіннің байланысын қамтамасыз етеді. Шындығында горизонталды және верикалды қиылыстар Иранның тарихи қалаларындағы негізгі сәулет құрылымын айқындап береді деуге болады.