Қаз 13, 2019 20:18 Asia/Almaty

«Ғафир» сүресінің 7-9 аяттарының тәпсірі

 

"Ғафир" сүресінің 7 аяты:

«اَلَّذِینَ یَحْمِلُونَ الْعَرْشَ وَ مَنْ حَوْلَهُ یُسَبِّحُونَ بِحَمْدِ رَبِّهِمْ وَ یُؤْمِنُونَ بِهِ وَ یَسْتَغْفِرُونَ لِلَّذِینَ آمَنُوا رَبَّنا وَسِعْتَ کُلَّ شَیْءٍ رَحْمَةً وَ عِلْماً فَاغْفِرْ لِلَّذِینَ تابُوا وَ اتَّبَعُوا سَبِیلَکَ وَ قِهِمْ عَذابَ الْجَحِیمِ»

 

Сондай ғаршыны көтерген және оның маңындағы періштелер Раббыларын мақтаумен дәріптейді, Оған сенеді. Сондай-ақ иман келтіргендер үшін: “Раббымыз! Мәрхаметің, білімің әр нәрсені сыйдырып, ішіне алған. Сондықтан тәубе етіп, жолыңа түскендерді жарылқа! Әрі оларды тозақтан сақтай көр!”,- (деп тілейді). (7)

 

Құран аяттарына сәйкес, періштелер жаратылыс жүйесінің істерін жүзеге асырушылар. Көптеген істерде олар Құдай мен адам арасында дәнекер болады. Осы аят періштелердің адаммен байланысының келесі бір қырына сілтеме жасап: «Жаратылыс жүйесін басқаруда, яғни илаһи ғаршыда құзырға ие Алланың періштелері Аллаға мадақ айтып, оны пәктеумен бірге иман иелері үшін дұға тілеп, олардың кешірілуін сұрайды», дейді.  

Олар: «Уа, Құдай! Сенің бір жақтан олардың қателіктеріне ғылымың жетеді, басқа жақтан рақымың кең ауқымды. Тәубеге келушілердің қателерін кешіре гөр. Олардың тозақтың азабына душар болуына жол берме», дейді.

Шын мәнінде бұл аят мүміндерге әлемнің ғайып әлемінің ең мықты құдіреттері саналатын, Алланың ғаршысын көтеретіндер сендердің қолдаушыларың әрі сүйеушілерің деген хабарды сүйіншілеп: «Олар дайым сендерге дұға тілеп, Құдайдан сендерді өзінің шексіз кешірімі мен рақымына бөлеуді, қателіктеріңді кешіріп, тозақ отынан құтқаруды сұрайды», дейді.

«Олар мүміндердің осы әлемдегі жағдайлары мен ақырет әлемінде құтқарылуын Құдайдан сұрайды» дегені мүміндерді жұбататын ең үлкен сүйінші хабар.

Адам әлемнің материалды жүйе мен сезілетін әлеммен шектелмейтінін, сонымен қатар әлемде ғайып күштің бар екенін, сол күштің иманды адамдарды қолдайтынын сезуі олар үшін осындай қиындық пен қауіп-қатерге толы әлемде үлкен сүйеніш болып табылады. 

Бұл сезім адамға үміт, қуаныш, Құдай жолында табандылық танытуға күш береді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

Құдайдың дәргейіне жақын періштелердің мүміндер үшін кешірім сұрайтыны мен оларға қолдау көрсететіні – сүйінші әрі үміт сыйлайтын хабар. Осының өзі Алланың дінін ұстанатындардың көңілдерін жұбатады.

Басқалар үшін дұға тілеу жағымды іс. Біз де періштелерден үйреніп, солар сияқты басқаларға дұға тілеп, басқа адамдар үшін Құдайдан жақсылық сұрайық.

Адамның Құдай және періштелермен байланыс арқаны иман, түзу ғамал. Егер осы байланыс жібі күшейсе  адам осы дүние мен ақыретте құтқарылады.

 

«Ғафир» сүресінің 8-9 аяттары:

 

«رَبَّنا وَ أَدْخِلْهُمْ جَنّاتِ عَدْنٍ الَّتِی وَعَدتَّهُمْ وَ مَنْ صَلَحَ مِنْ آبائِهِمْ وَ أَزْواجِهِمْ وَ ذُرِّیّاتِهِمْ إِنَّکَ أَنْتَ الْعَزِیزُ الْحَکِیمُ»، «وَ قِهِمُ السَّیِّئاتِ وَ مَنْ تَقِ السَّیِّئاتِ یَوْمَئِذٍ فَقَدْ رَحِمْتَهُ وَ ذلِکَ هُوَ الْفَوْزُ الْعَظِیمُ»

 

“Раббымыз! Оларды әрі аталарынан, жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса, оларды өзің уәде еткен Ғадын жаннаттарына кіргізе көр. Күдіксіз Сен өзің тым үстем, аса данасың…” (8)

“Оларды жамандықтардан қорға. Ол күні кімді жамандықтан қорғасаң, сөз жоқ, оны мәрхаметіңе бөлеген боласың. Міне сол, зор қолы жеткендік.” (9)

Періштелердің иманды адамдар үшін кешірім сұрайтынын баяндаған алдыңғы аяттың жалғасында осы аяттар былай дейді: «Періштелер Құдайдан мүміндер үшін күнәлардан пәк болу мен оларды азаптан алыстатуды ғана сұрамайды. Сонымен қатар отбасы мүшелерімен жұмақта мәңгілік қалуды да олар үшін сұрайды», дейді.

«Отбасы мүшелері» дегенде жұмаққа кіруге лайық адамдарды айтады. Себебі қияметте отбасылық байланыстар перзентті немесе жұбайды, я болмаса әке-шешені адамның қасына бірге қоймайды. Жұмаққа енудің шарты иман мен салих ғамалда.

Бірақ егер жұмақтықтар Құдайдан әке-шешесі мен жұбайы және перзенттері бір-бірінің қасында болуын сұраса, Құдай олардың әрқайсын лайықтылығына орай өзінің мейірімі мен жомарттығы арқылы кешіріп, оларды бірге орналастырады. Бұл іс Алланың ғиззаты мен хикметімен де сәйкеседі.   

Сол себепті Құдай Құранның басқа аяттарында «Біз мүмін адамдардың перзенттері мен ұрпақтарын жұмақта ата-бабаларына қосамыз» деген уәде берді. Бұл уәде Құдай үшін отбасының қадірі мен отбасылық байланыстардың құнды екенін көрсетеді.

Аяттар кейін періштелердің мүміндер үшін дұға тілейтініне, иман иелерінің осы дүние мен ақыретте жамандықтардан алыс болуды сұрайтынына, оның Алланың мүміндерге қатысты рақымының белгісі екеніне тоқталады. Шын мәнінде мақсат шыншыл мүміндер еш алаңсыз, құрметпен жұмаққа енуде.  

Егер адам періштелердің дұғасына бөленсе, тозақтан құтылып, Алланың рақым жұмағына жол тапса, бақыт пен құтылудың ең жоғары деңгейіне жетті деген сөз. Одан артықты адам елестете де алмайды.

Осы аяттардан үйренетініміз:

Басқалар үшін дұға тілеу періштелер мен Құдайдың әулиелерінің тәсілі. Тура жолдан тайған адамдарды лағынетттеп, қарғаудың орнына Құдайдың дәргейінен оларға рақым мен кешірім сұрау керек.

Адам күнәнің ластығынан тазармай, Алланың жұмағына енуге лайық болмайды.

Бақыт пен құтқарылу адамның материалды және рухани апаттардан аман болуымен байланысты.