Қаз 16, 2019 22:45 Asia/Almaty
  • Құранда аталған әйелдер 6

Мозахемнің қызы, Перғауынның зайыбы Әсия – нағыз мұсылманның үлгісі ретінде танымал болған мүмін, сабырлы әйелдердің бірі.

Аятолла Хаменеи ол туралы: «Исламда әйелдердің белсенділігі үшін үш сала анықталды: біріншісі, әйелдің өзінің рухани даму саласы. Әйел мен ер адамның бұл бөлімде рухани даму тұрғысынан еш айырмашылығы жоқ. Егер ер адам рухани тұрғыдан ең жоғары деңгейге жетсе, әйел де рухани тұрғыдан ең жоғары дәрежеге жете алады. Ер адам Әли бен Әби Талептің деңгейіне, әйел де Фатеме Заһраның деңгейіне жете алады» деді. Құран Кәрім иманды адамдарға үлгіні атағысы келгенде оны ерлердің арасынан атамай, әйелдердің арасынан атайды.


Ұлы Алла бұл жерде ол екеуін адамдардың арасындағы екі танымал әйел ретінде емес, үлгілі екі мүмін ретінде атайды.

Адамгершілік пен рухани даму саласында ұлы Құдай мұмтаз үлгіні атағысы келгенде пайғамбарлар мен ұлы ер адамдар, ғылым мен дін саласындағы танымал тұлғалар туралы айтпай, екі әйелді атайды. Сол екі әйелдің бірі – Перғауынның әйелі  Әсия.

Бұл – күйеуінің тағұттық билігімен күрескен, тәуелсіз түрде басқыншы күйеуінің айтқанына көнбеген әйел.

Бұл әйелдің ұлылығы күйеуі тіпті үлкен байлық пен билікке ие Перғауын болса да оған өзінің бұрыс жолын таңа алмауында.

Миллиондаған ер адам Перғауынның қол астында, оның билігіне мойынсұнды. Бірақ үйінде өз әйелі оған бағынбады. Ол Құдайға иман келтіріп, Перғауынның жолынан теріс айналып, Құдайдың хақ жолын таңдады. 

Сол себепті ол мықты адам ретінде әйелдердің арасынан ғана емес, адамзат арасынан таңдалды.

Ауа райы жайлы бір күні Әсия мен күйеуі Перғауын бақта серуендеп, судың ағысын тамашалап келе жатады. Кенет су бетінде бір нәрсе Әсияның назарын аударады. 

Ол Перғауынға: «Су бетіндегі сандықты қара. Ішінде бір нәрсе бар сияқты» дейді. Преғауын ым қағуы мұң екен нөкерлері оны дереу судан алып шығады. Әсия сандықтың аузын ашқанда жүзі таңданыстан шаттанып: «Қандай сүйкімді нәресте! Бұл мұнда не істеп жатыр?» дейді.

Перғауын жалма-жан: «Бәлкім, бұл бала дінбасылар биыл дүниеге келіп, мені өлтіреді деген Исраил ұрпағынан болар. Оны өлтіріңдер» дейді. Әсия жалынып: «Бірақ бұл бала екеуіміздің көзайымымыз болады. Оны өлтірме. Мүмкін бір пайдасы тиер бізге. Оны бала ғып асырап алайық» дейді. Перғауын мен Әсияның балалары жоқ болғандықтан Перғауын зайыбының өтінішін орындап, ештеңе айтпайды.

Әсия хазірет Мұсаны судан шығарып алған сәби кезінен бақты. Құдайдың еркімен туған анасы оны емізу үшін Перғауынның үйіне келіп жүрді. Әсия Мұсаға зиян келуге ешқашан жол бермеді.

Құран «Қысас» сүресінің тоғызыншы аятында былай дейді:

 

وَ قَالَتِ امْرَأَتُ فِرْعَوْنَ قُرَّتُ عَیْنٍ‌ لیّ‌ وَ لَک لَاتَقْتُلُوهُ عَسیَ أَنینفَعَنَا أَوْ نَتَّخِذَهُ وَلَدًاوَ هُمْ لَایشْعُرُون » ؛

Перғауынның әйелі: “Менің де сенің де көз қарашығымыз, оны өлтірмеңдер! Бәлкім бізге пайдасы тиер; немесе бала қып аламыз” деді. Өйткені олар, сезбеді. (9)

 

Пәк, мүмін банудың өмір кеңістігіндегі үстем жағдай оны күпіршілік пен пәстікке батырып жіберуі мүмкін еді. Бірақ ол өзінің Құдайды іздеген ішкі болмысынан медет алу арқылы  адаспады; жаратылыстың Жаратушысына деген иманмен дамып, кемелдікке жетті. Сол себепті Перғауынның әйелінің өмірін зерттеу отбасылық жағдайы мен жағымсыз ортаны өзінің тура жолдан таюының себебі санайтын әйелдер үшін дәлелдің аяқталуы саналады.

Кез келген адам ең қиын жағдайларда күпіршілік пен жәһілдік және адасушылықтың кез келген түрімен күресе алады. Әсияның перғауындықтардың наным-сенімдерін түзетіп, сол биліктің бейбастақтықтарын түзетуге шамасы жетпегендіктен өзінің жеке міндетін ұмытпай, сенімі мен иманын мәлімдеп, Құдайдан күпір, үстемшіл кеңістіктен босатуды сұрады.

Әсиенің жалғыз жұбанышы ішкі рухани дүниесі өзіне баураған Мұса болды. Сол үшін оның ең жақсы қамқоршысына айналды. Перғауын асыранды баласын өлтіруге бірнеше рет бел байлағанымен Әсия оған кедергі жасады. Мұса емшекте болған кезде Преғауынның қолында отырып, оның сақалынан тартып, бірнеше талы жұлынып кетеді. Тіпті Перғауынның бетінен салып жібереді.

Перғауын ашуланып: «Бұл бала маған дұшпан» деп, сол сәтте-ақ сәбиді өлтірту үшін баскесерді шақырады.

Сонда Әсия: «Өлтірме! Бұл сәби. Жақсы мен жаманды айырмайды. Менің сөзім дәлелдену үшін баланың қасына бір тегенеге жақұт, екіншіге шоқ саламын. Егер жақұтты алса, түсінетіні белгілі болады. Егер шоққа қол созса, ажырата алмайтынын түсінеміз» дейді.  

Әсия солай істейді. Мұса қолын жақұтқа созбақ болғанда Жебірейіл оның қолын от жаққа апарады. Мұса шоқты алып, аузына апармақ болғанда аузын күйдіріп алады. Сол кезде Перғауынның ашуы басылып, оны өлтіру райынан қайтады.

Осылайша, Әсия тарихтың маңызды кезеңін бастап, Исраил ұрпағын тағұттың зұлымдығынан құтқарған сәбиді Перғауынның билігі орнаған ортада тәрбиеледі.

Құранның «Қысас» сүресінің 14 аятында:

 

(Мұса Ғ.С.) ержетіп, теңелген кезде, өзіне хикмет, ғылым бердік. Жақсылық істеушілерді өстіп сыйлыққа бөлейміз. (14)

 

Әсия сұңғыла, қырағы әйел болды. Иманы жанында лаулап тұрған ол өзінің ойы және мәдениетінің кемелдігімен Мұсаның пайғамбарлығының растығын түсініп, оның пайғамбарлығына бірден иман келтірді. Перғауынның әйелі хазірет Мұсаның сиқыршылардың алдындағы мұғжизаларын көргенде жүрегі иман нұры мен махаббатқа толып, сол сәтте Мұсаға иман келтірді.

Әсия Перғауынның азабына ұшырамау үшін иманын жасырып жүрді. Соған қарамастан Перғауын оның иманынан хабардар болып, Мұсаның дінінен бас тартуды сұрады.

Бірақ Әсия табандылық танытып, Перауынның талабына бағынбады. Перғауын оның аяқ қолын шегемен қағып, кеудесін ауыр таспен басып, ыстық күннің астында қалдыруға бұйырды.

Әсияның Перғауын мен нөкерлерінің рақымсыз азаптауларына шыдауы осынау жанкешті банудың мықты иманы мен ақылының белгісі.

Әсия мүмін адамның анық дәлелі. Оның ерекшеліктерінің қатарына тіпті өмірдің қиындықтарында да Құдай жолынан шықпағаны жатады.

Егер адам иманның жоғары деңгейіне  жетсе, өз иманынан бас тартуы мүмкін емес. Себебі абсолютті сұлулықты көріп, сұлулықтардың Жаратушысын таныған.

Перғауынның әйелі Құдай мен ақыретке деген махаббат және иманмен Құдай оны тек әйелдер үшін ғана емес, барлық мүміндер үшін үлгі етіп ұсынатын тұлға ретінде қалыптасты.

Құдай «Тахрим» сүресінің 11 аятында

 

وَضَرَبَ اللَّـهُ مَثَلًا لِّلَّذِینَ آمَنُوا امْرَأَتَ فِرْعَوْنَ إِذْ قَالَتْ رَبِّ ابْنِ لِی عِندَکَ بَیْتًا فِی الْجَنَّةِ وَنَجِّنِی مِن فِرْعَوْنَ وَعَمَلِهِ وَنَجِّنِی مِنَ الْقَوْمِ الظَّالِمِینَ »،

 

Алла (Т.) иман келтіргендерге Перғауынның әйелін мысал көрсетті. Сол уақытта ол: “Раббым! Өз жаныңнан маған пейіште бір үй жаса әрі мені Перғауыннан және оның істегендерінен құтқар. Сондай-ақ залым елден де құтқар” деген еді. (11)« 

Құдай да оның мықты иманы үшін оған осы дүние мен ақыретте жоғары мәртебе сыйлады. Мүмін, жанкешті әйелдің дұғасын орындап, оны әлемнің ең таңдаулы әйелдерінің қатарына қосуды бұйырды.