Сәу 13, 2016 14:18 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (20)

Иран әлемнің шығысында орналасқан. Бұл кең географиялық кеңістіктің түкпір‑түкпірінде биік таулар, сарқыраған өзендер мен жер асты сулары бар.

Иранда таулы қыраттар мен шөлдер көп. Бұл жерлерде өмір сүретін еңбекқор адамдар құрғақ жерді суарып, көгалдандыру үшін үнемі су іздеумен болады. Бұл халық үнемі жұмақ жасауды армандайды. Олар жер бетінде пейіш жасау үшін поэзиялық сәулет өнерін өмірге әкелді.

Жел, күн, топырақ пен су ирандықтардың мейірімі мен ықыласының көрінісі болып табылады. Иран бақтары осы мейірімнің саясында салынды. Бұл бақтар көптеген дастандар мен қиссаларда жырланған. Осынау бақтарды тек өз көзіңізбен көргенде ғана ләззат ала аласыз. Бақта демалып, ойын‑сауық құруды, гүлдер мен ағаштардың әдемілігін тамашалауды, аққан судың сылдырын тыңдауды сипаттауға сөз жетпейді, оны тек көзбен көру қажет. 

Ойын‑сауық құру, сұхбаттасу, бақ пен көктемнен артық не бар? 

Сақи қайда? Бұл күтудің себебін айтшы! 

Өмір суы мен Эрам бағының мағынасы не? 

Аққан су мен дәмді шараптан басқа ештеңе емес. 

Иранның бақтары қоғамдық немесе жеке меншік болып саналған. Ирандықтар онда сауық‑сайран құрып, демалатын болған. Осы жалпылама сипаттаманы былай қойғанда, өткен ғасырлардағы халықтың әдет‑ғұрпы мен өмір сүру тәсілі демалуға арналған бақтардың салыну қажеттілігінің дәлелі болды. 

Осыдан бұрын айтқанымыздай, бақ салу өнері мен жасыл желекті кеңістіктер жасау мыңдаған жылдардан бұрын-ақ Иранда кең таралған. Бақтар әртүрлі пішінде салынған. Бұл пішіндер бір жағынан судың көлеміне, екінші жағынан саяси‑әлеуметтік жағдайға байланысты болған. 

Жалпы алғанда Ирандық бақтарды пішін ерекшеліктеріне байланысты төмендегідей бөліп, қарастыруға болады: 

Бақтар салынған жеріне қарай бөлінеді. Кейбіреулері жазық жерлерде салынған. Мысалы: Кашандағы "Фин" бағы. Немесе бір төбенің үстіне салынған. Мысалы: Шираздағы "Тахт" бағы. Сондай‑ақ кейбір бақтар жасанды көлшіктердің айналасына салынған. Оны "судағы бақ" деп атайды. Мұндай бақтың үлгісі – Табриздегі "Ел көлі" бағы. Өзеннің жағасы да бақ салу үшін қолайлы орын болып табылады. Заяндеруд өзенінің жағасына салынған Исфахандағы "Айна сарайы" осындай бақтардың бір үлгісі болып табылады. 

Бірақ Иранның бақтарын жіктеп, саралау үшін басқа да көрсеткіштер қолданылады. Бақтар қолданылу аясына байланысты жеміс бағы, тұрғын-үй бағы және кесенелі бақ болып бөлінеді. 

Жеміс бағы жобалау жағынан қарапайым болғанымен, экономикалық жағынан пайдалы бақтың түріне жатады. Тұрғын-үй бақтарында ауқатты адамдар мен биліктегі шенеуніктер салтанатты үй салып, өмір сүретін болған. Тұрғын-үй бақтарының пайдалылығы аса маңызды болмаған. Кейбір адамдар бақты кесене салу үшін пайдаланған. Кейбір тарихи дәуірлерде бірқатар ұлы тұлғалардың кесенесі бақтың ішіне салынған. Иранның атақты мистик ақыны Аттар Нишапуридің кесенесі осындай бақтардың бір үлгісі болып табылады. 

Иранда бақ салудың маңызды ұстанымдарының бірі ‑ оның негізгі бөлігінің тіктөртбұрышты пішінде ашық болуы. Бұл бақтарда ғимараттың алдында кең ашық кеңістік болған. Бұл кеңістік ғимарат терезелерінің тура алдына салынған. Бұл кеңістікке биік ағаш екпеген. Әдетте онда әртүрлі өсімдіктер егілген. Бұл өсімдіктер негізгі көрініске кедергі жасамайтын және де үнемі тартымды жап‑жасыл қалыпта болған. Ғимарат бақтың әртүрлі бөліктеріне салынған. Негізгі ғимарат көбінесе бақтың ортасына салынған және төрт жақтан көрініп тұрған. Қосалқы ғимараттар бақтың әртүрлі бұрыштарына негізгі ғимараттан кішірек көлемде салынған. Әрине кейбір бақтар негізгі ғимараттың артында қоршалған аулада салынған. Бұл аула үй тұрғындарының тынығатын орны болған. Бірақ Иранның барлық бақтарында ғимараттың алдында тіктөртбұрышты кеңістік болған. Бұл кеңістікте хауыз салынған. Оның екі жағына біртектес өсімдіктер мен ағаштар егілген. Осылайша саялы жап-жасыл кеңістіктегі хауызда салқын, әрі мөлдір су ағып жататын болған. 

Иранның бақтары пішініне қарай төртбұрышты немесе тіктөртбұрышты болып бөлінеді. Осы төртбұрыштар мен тіктөртбұрыштардың айналасында көп жылдық ағаштар егілген. Олардан кейін аз жылдық ағаштар егілген. Бұл геометриялық тәртіптің нақты есептелгендігі соншалықты әр қырдан алып қарағанда ағаштардың тізбегі айқын көрініп тұрған. Әдетте дәстүрлі бақтарды салуда ағаштар, бұталар мен т.б. өсімдіктердің жергілікті және жергілікті емес түрлері егілген. Ағаш түрлерінен "шынар" ағашы бақтарда қолданылатын негізгі элементтердің бірі болып саналған. Бұл ағаш Иранның батыс аймақтарында өскен, ал кейбір үлгілері басқа елдерден әкелінген. Шынар ағашының ғылыми атауы ағылшын тілінде "ORIENTAL PLANE" немесе "PLANE TREE" болып табылады. Оның биіктігі кейде 30 метрге дейін жетіп отырған. Мұндай биік ағаштар салтанатты әрі саялы тұрқымен бақтағы басқа да көптеген өсімдіктерге шатырдың рөлін атқарған. Шынар ағашы ылғалды аймақтарда тез өседі және қоңыржай климатқа бейімделген. Шынар ағашы Иранның дәстүрлі бақтарының көбінде өсіріліп, бақ ішіндегі ғимараттардың айналасына белгілі бір тәртіппен салынған. Шынар ағашын қазір де Иран қалаларының көшелерінен көруге болады. 

Зерттеушілердің көбі бақ салуда ирандық және жапондық үлгілерді ең маңызды үлгі деп санайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Жапония бақтарының Иранның бақтарынан қандай айырмашылығы барлығын біліп жүргендеріңіз жақсы. Ирандық бақтармен салыстырғанда жапондық бақтарда табиғи элементтер мүлдем басқа тәсілмен пайдаланылған. Жапондық бақтар әртүрлі өсімдіктердің қосындысы, тас баспалдақтар, таяз көлшіктер мен тас дуалдар сияқты элементтердің көмегімен салынады. Сондай‑ақ, көлшіктердің үстіне салынған бамбуктан жасалған баспалдақтар, ағаш немесе тас көпірлер, гүл мен өсімдіктерден өрілген жасанды аралдар - жапондық бақтарда пайдаланған элементтер болып табылады. 

Бұрын жапондық бақтардың ішіне үйлер салынған. Сөйтіп, табиғатпен астасқан тіршілік кеңістігі пайда болып отырған. Жалпы алып қарағанда, Жапониядағы бақтар мен үйлер табиғаттың кішкене көрінісі болып табылады. Сондықтан бұл бақтарда табиғаттың барлық элементтері кішкентай көлемде көрініс тапқан. Бірақ ирандық көзқарас бойынша, бақ айналадағы табиғаттың нышаны болып табылмайды, керісінше адамның пейішті және ондағы мәңгілік тыныштыққа жетуді аңсаған арманының көрінісі болып табылады. 

Иранның тарихи қалаларының ішкі көрінісі орталық құрылымға ие болған. Қазір оны тарихи құрылым деп атайды. Бұл орталық бөлікте базар, медресе, мешіт, монша және басқару мекемелері сияқты маңызды қоғамдық орындар орналасқан. Осы тарихи құрылымның айналасы мен ортасында жасыл кеңістіктер салу маңызды мәселе болып табылады. Қалалардың ішіндегі көшелер жан‑жақтан қаланың орталығына келіп қосылатын. Бұл көшелердің бойына ағаш егілген және қаланың ортасында жасыл кеңістік болған. 

Сондай‑ақ қалалардың бірнеше маңызды қиылыстары ойын‑сауық құру, ресми қабылдау немесе демалатын орын болған. Бұл жерлерде ағаш егіліп, гүлдер мен өсімдіктердің түр‑түрімен безендірілген. Исфахандағы "Чахарбақ" көшесі осындай қиылыстардың жақсы үлгісі болып саналады. Теһрандағы "әл‑Масие", "Алауддоуле" және "Насыр Хосроу" көшелері бұрын ағашқа толы әдемі көшелердің үлгісі болып саналған. 

Алаңдар ежелден‑ақ ирандық сәулетшілер мен қала салушылардың назарында болған. Алаңдар кең, ашық, ауданы белгіленген кеңістіктер болып табылады. Алаңдар әдетте әлеуметтік және сауда‑саттық қарым‑қатынас үшін, дене шынықтыру мен әскери мақсаттарда қолданылған. Иранда ежелден алаңдардың бос бөлігі мен барлық бөліктерінде ағаш пен гүл егу кең таралған. Сөйтіп оны баққа айналдырып отырған. Өткен ғасырларда алаңдардың ортасына әртүрлі әдемі хауыздар мен субүркектер салу немесе тас мүсіндер орнату кең таралған. Қазір де Иранда алаң салу үшін осы үлгі пайдаланылады.  

Теһрандағы "Тупхана", Исфахандағы "Имам", Йездегі "Амир Чахмақ" алаңдары мен т.б. үлкен де маңызды алаңдардың көбісі осы стильмен салынған.