Сәу 13, 2016 14:20 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (21)

Адам ежелден-ақ өзіне тиімді баспана жасау үшін оны айналадағы қоршаған ортамен үйлестіруге тырысады. Сөйтіп өзінің тіршілігін жалғастыруға қажетті жағдай жасап келеді

Шындығында, географиялық жағдай мен ауа райы баспана салуға тікелей ықпал етіп отырған. Мысалы, тас балшықтан жасалған қалың қабырғаларды жабу үшін пайдаланылған. Оның үлгісін Персеполистен көруге болады.

Иранда ғимарат салуда әртүрлі құрылыс материалдары пайдаланылған. Олардың ең маңыздысы ‑ кірпіш. Бұл материал Иранның сәулет өнерінде Исламға дейінгі кезеңдерде де пайдаланылған. Кірпіш деп ежелгі замандарда бетіне бұйрық, жарлық пен заң жазылған қыш тақташаларды атаған. Шумерліктер мен вавилондықтар қыш кірпіш жасау үшін өзеннің суы тартылғаннан кейін жағада қалған ылғал балшықты қолданып отырған. Кірпішті пеште пісіру от пайда болғаннан бері қолданысқа енді деп атауға болады. Иранда кірпіш пісірудің тарихы Қос өзен мен Хузистан аймағынан басталады. Кірпіш пісіретін пештердің орындары Шуш пен Кашан қалаларынан табылды. Олардың тарихы б.з.д. 4 мыңжылдықтан басталады. Кірпішті пайдалану технологиясы Ираннан Мысыр, Рим, Үндістан мен Қытайға таралды, б.з. 4 ғасырында еуропалықтар да осы технологияны пайдалана бастады. 

Иранның ежелгі сәулет өнерінде кездесетін кірпішті асқан шеберлікпен қолдану үлгілері ирандықтардың осы материалды өндіруде үлкен жетістіктерге жеткендігін көрсетеді. Мысал ретінде "Зигурат Чоғозамбиль", "Мадаен террассасы" (Касри аркасы) және "Фирузабад" сарайын атауға болады. 

Иранда 4 түрлі климаттық белдік бар: ыстық әрі ылғалды; ыстық әрі құрғақ; қоңыржай әрі ылғалды; сондай‑ақ ылғалды әрі суық. Сол себепті Иран сәулет өнерінде жергілікті тұрғын үйді жобалауда әртүрлі тәсілдер пайдаланылды. Иран сәулет өнерінде жергілікті ауа райына сәйкес келетін құрылыс материалдарын пайдалану басым болған. Екінші жағынан, жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану жұмсалатын қуат көлемін айтарлықтай төмендетіп, қоршаған ортаның өз қалпында сақталуына көмектеседі. 

Иран сәулет өнерінің белді мамандарының бірі доктор Мұхаммад Кәрім Пирниа "Иран сәулет өнерінің стильтануы" атты еңбегінде: "Иран сәулет өнерінің басты принциптерінің бірі ‑ өзін‑өзі қамтамасыз ету. Яғни ирандық сәулетшілер құрылысқа қажетті материалдарды жақын жерден өндіріп, басқа аймақтар мен елдердің құрылыс материалдарына зәру болмауға тырысқан. Осылайша құрылыс салу жылдамдығы артып, ғимарат қоршаған ортамен үйлесім тауып отырған. Құрылыс материалын жақын жерден алу ғимаратты қайта жөндеуден өткізгенде қажетті материалдардың үнемі қол жетімді жерден табылуына себеп болды. Ирандық сәулетшілер мыңдаған жыл бойы құрылыс материалдардың жергілікті, яғни отандық болу қажеттігін қуаттаған",‑деп жазды. 

Мұхаммад Кәрім Пирниа өз еңбегінде Персеполисті мысалға алып: "Бұл кешенді салуда ең жақсы тастарды сол жерге жақын жердегі кен орнында дайындап, ағаш арбалармен кешенге жеткізіп отырған. Исфахан мен Йездтегі орталық мешіттер, Кавустың мұнарасы, Табриз қорғаны – Ислам дәуірінің көрнекті туындылары болып саналады. Бұл ескерткіштердің барлығында кірпіш негізгі құрылыс материалы ретінде пайдаланылған",‑ деп жазды. 

Кірпіштің Иран тарихындағы ғажайып ғимараттарды сала алуының сыры оның үйлесімділігінде жатыр. Кірпіш әдетте төртбұрышты пішінде қызыл, қою қызыл, ашық сары түсте жасалып отырған және ғимараттардың әртүрлі бөліктерінде қолданылған. Кірпіш ‑ жасанды тастың бір түрі. Кірпіш ылғалды топырақ, шикі қыш немесе балшықты қалыпқа салып, пеште пісіру арқылы жасалады. Эламдық кірпіштердің көлемі 10х38х38 см болған. Бірақ кейінгі кезеңдерде кірпіштің көлемі өзгерген. Қазір оның көлемі шамамен 5х10х20 см. 

Шикі кірпішті ағаш қалыпқа салып, пештің ішіне салған. Пештің оты біртіндеп кірпішті қатайтып, пісіретін болған. Бүгінде өнеркәсіптік туннельді пештерде кірпіш әртүрлі түс пен беріктікте жасалады. Жақсы кірпіштің ерекшелігі мынада: ол басқа кірпішпен соқтығысқан кезде сыңғырлаған дыбыс шығаруы тиіс. Оның дыбысы бір қалыпты, ал беті ешбір ойықсыз тегіс болуы керек. Кірпіштің көлемі бір‑біріне оңай бекітілетіндей етіліп жасалып, әсіресе қабырғалардың қосылатын жерінде жоғары инженерлік сапамен пайдаланылған. Арка іспеттес кең кіре беріс есіктер жасау, әртүрлі күмбездерді жобалау – осының барлығы кірпіштің ауқымды қолданыс аясын көрсетеді. Ғимараттың ішкі және сырқы көрінісін жасауда қолданылатын кірпіштің әдемілігі ғимараттарға толықтай жергілікті сипат береді. Ирандағы кірпіштердің отқа беріктігі жоғары. Мысалы, ені 22 см кірпіш қабырға шамамен 6 сағат бойы жанған өртке төтеп бере алады. 

Иран сәулет өнерінде қолданылатын тағы бір жергілікті құрылыс материалы ‑ әк. Әк ‑ адамдардың ежелгі заманнан пайдаланып келе жатқан материалдарының бірі. Гректер әктасты қорытуды ирандықтардан үйреніп, оны Еуропаның басқа аймақтарына таратты. Әктің химиялық атауы – кальций оксиді. Ол әктасты, яғни табиғи кальций карбонатты қыздырудың нәтижесінде алынады. Әк құрылыста кең қолданысқа ие. Оны әртүрлі жағдайда, әралуан көлемде құм және сумен араластыру арқылы бірнеше өнім алуға болады. Бұл өнімдер құрылыста кең пайдаланылады. Иранның маңызды әктас кеніштері Исфахан және Құм облыстарында орналасқан. 

Алебастр Иранның барлық архитектуралық кезеңдерінде қолданылған жергілікті құрылыс материалы болып табылады. Алебастр арзан әрі тез қататындығына байланысты өте көп қолданылған. Б.з.д. 1 мыңжылдығынан бізге жеткен ескерткіштерде алебастр қоспасының қолданылғандығы дәлелденген. Келесі бағдарламаларда алебастрмен көмкерілген ғимараттар жайлы кеңірек сөз ететін боламыз. 

Тас ‑ Иран сәулет өнерінде өте көп қолданылған құрылыс материалы. Ол Иранның әртүрлі аймақтарында түрлі қалыпта қолданылады. Иранның сәулет өнерінде тасты іргетасты беріктендіру, еденге төсеу, ғимаратты әдемілеу үшін пайдаланған. Сондай‑ақ, жазба тақташаларын жасау үшін тасты жонып-ойып отырған. Персеполис кешенінің ғимараттары, әсіресе б.з.д. 5 ғасырға жататын "Жүз баған залы" үлкен көлемдегі тастардан жасалған. Онда биік бағандар мен тас капеллалар бар. Мөлдір мәрмәр тастар Ислам кезіндегі мешіттердің шабестан ‑ түнгі намаз оқитын залдарында шынының орнына пайдаланылған. Соңғы жылдарда тас ғимараттарды көмкеруге, іштегі еден мен баспалдақтарды жасауға қолданылғанын көруге болады. 

Битум ‑ қара түсті материал. Ол тастар мен кірпіштерді бір‑біріне жабыстыру үшін қолданылған. Ежелгі Иранның ғимараттарында битум ағаш бағандарды жабу үшін пайдаланылған. Иран мен Таяу Шығыс аймағында мұнай мен газ кен орындары көп болғандықтан, осы аймақта оның өнімдерінің ең ежелгі үлгілері табылады. 

Көптеген мамандардың пікірі бойынша, әлемнің жеті кереметінің бірі Қос өзен аймағындағы "Семирамида аспалы бағы" Иранның архитектуралық принциптері негізінде салынған. Бұл бақ бірнеше қабаттан тұрған. Ол тастардың көмегімен баспалдақ және асты‑үстіне келтірілген пішінде салынған. Бұл бақтың әрбір қабатында битуммен араластырылған бір қабат төсеніш болған. Бұл битумдық төсеніш ылғалдың төменгі қабаттарға енуіне жол бермеген. Сондықтан да оның жоғарғы қабаттарында да биік ағаштар өскен. 

Тарихи деректерде, әсіресе Виль Дуранттың "Өркениет тарихы" кітабында: "Вавилон қаласында қиылыстарды бір‑біріне жалғап тұратын жол болған. Оны қасиетті жол деп атаған. Бұл жол битуммен жабылып, оның үстіне әктастың сынықтары мен қызыл түсті кірпіштер төселген.