Сәу 13, 2016 14:31 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (26)

Иран тарихында базарлар Ислам дәуірінде де, одан бұрын да қалалардың негізгі және орталық құрылымының маңызды бөлігі болып саналған. Бұл орындардың жанға жағымды архитектуралық жобасы ата-бабалардың өнері мен мәдениетінің құнды қазынасы ретінде әлі де Иранның кейбір қалаларында сақталынып қалған.

Базарлар сауда-саттық және халық қажеттіліктерін қамтамасыз ету орны болумен қоса, мешіт, керуен сарай, су қоймасы, монша мен қойма орналасқан кешен болған. Сондықтан базарлар халықтың күнделікті қажеттілігін өтеп қана қоймай, кейде әлеуметтік тұрғыдан маңызды шешімдер қабылданатын орын болған.

Фарс облысындағы "Қейсарие" мен "Лар" базары – Иранның ежелгі сәулет өнерінің әралуан әрі бірегей туындыларының бірі. Бұл базарларға жүздеген жыл болса да, олардың архитектуралық құрылымының беріктігі әлі күнге дейін бәз-баяғы қалпында сақталған. Көптеген тарихи деректерде Лар базары "Уәкіл" базары сияқты Иранның маңызды базарларының салынуына үлгі болған делінген. 

Америкалық ирантанушы Артур Поптың пайымдауынша, кірпіштен күмбез жасау бойынша Иран әлемде бірінші орынды иемденеді. Ирандық жасампаз сәулетшілер "төрт тағанның үстіне күмбез салуға" қатысты күрделі мәселені шешті. Оның ойынша, осы мәселе Ашканиан кезіндегі ыңғайсыз қысқа аркаларды Ислам дәуірінде салтанатты күмбездерге айналдыруға себеп болды. Аталмыш мәселе шешілгеннен кейін Сефевидтер дәуіріндегі ғимараттарда тарихи орындардың әдемілігі мен поэзиялық нәзіктігі одан ары жетілдірілді. Поп сөз етіп отырған ирандық сәулетшілердің кемелдену жолын Лар қаласындағы "Қейсарие" базарынан көруге болады. 

Солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс бағытындағы екі ұзын коридор Лар базарының негізгі арнасын құрайды. Бұл арналар "Төрт алаң" деп аталатын жерде қиылысып жатыр. "Төрт алаңның" төбесіне кірпіштен үлкен күмбез салынған. 

Фасаи деген атпен әйгілі Мирза Хасан Ширазидің "Насеридің фарснамасы" атты кітабында Лар жайлы сипаттама келтірілген. Бүгінде Лар қаласындағы тарихи ескерткіштерден орталық мешіт пен "Қейсарие" деген атпен танымал төрт базар бізге жетті. Бұл құрылыстардың қабырғалары мен төбелері таза алебастр мен қашалған тастан жасалған. 

Аталмыш кітап пен басқа тарихи еңбектерінің көбісі Лар мешіті мен базарының салыну уақытын х.қ.ж.с.б. шамамен 81 жылы (800 жыл) деп берген. Әрине тарих бойында бұл орындарда әртүрлі өзгерістер болған. 

Лар базарының архитектуралық құрылымы жайында алғашқы рет сөз қозғаған саяхатшы Дон Гарсия Де Сильва Фигуера болды. Х.қ.ж.с.б. 1026 жылы (1618 жыл) Иранға келген ол Лар базарын былай деп сипаттайды:"Лар қаласына бедел мен құрмет беретін нәрсе - сауда-саттық жүргізуге қолайлы болуы. Бұл базардың Еуропадағы сәнді сауда үйлерімен теңесе алатын Азия құрлығындағы ең әдемі әрі ең бай базарлардың бірі екендігі күмән тудырмайды." 

Лар базарының солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс бағытындағы арналарының "Төрт алаң" деп аталатын жерде бір-бірімен қиылысып жатқандығын айттық. Бұл "Төрт алаң", яғни қиылыс сегіз бұрыш пішінде салынған. Оның төрт бұрышында төрт дүкен салынған. "Төрт алаң" қиылысы Лар базарының ең тартымды жері болып есептеледі. Оның күмбезі кірпіш, алебастр мен сырлы кірпіштің қосындысы біте қайнасқан жобамен жасалған. Бұл күмбез 18 метрден астам биіктікте салынған. Күмбездің үстіне тәртіппен салынған тесіктер ауаның ұдайы алмасып тұруына септігін тигізіп отырған. Тас баспалдақ көшені базармен жалғап жатыр. 

Базардың ішіне тастан жасалған тақташа ілінген. Онда Қаджарлар дәуірінде базарды жөндеуден өткізу жайлы мәліметтер берілген. Бұл жазба мәрмәр тастың бетіне өте әдемі жазумен жазылған. "Төрт алаң" күмбезінің астына х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда (17 ғасырда) Шах Аббас Сефевидің кезінде тағы бір тақташа бекітілген. Онда базардың сәулетшісі таныстырылып, құрылыстың қайта жөндеуден өткізілу тарихы баяндалған. 

Лар базарының кіре беріс есігінің маңдайшасы әдемі алебастр жапсырмаларымен безендірілген. Олар әлі күнге дейін сақталынып қалған. 

Бүгінде базар айналадағы алаңдар және көшелермен салыстырғанда шамамен 2 метрге төмен орналасқан. Бұл базар мен дүкендер ішінің салқын болуы үшін қажет. Өйткені Лар ауданында ауа райы ыстық әрі құрғақ. Сондықтан сәулет өнерінің осындай стилі бұл аймаққа қолайлырақ. 

Лар базарының айналасында бірнеше керуен сарай орналасқан. Олардың әрқайсысы Сефевидтер дәуіріндегі сәулет өнерінің жарқын үлгісі болып табылады. Бұл керуен сарайлар төрт бұрышты пішінде салынған. Олардың төрт жағында тартымды стильде төрт терасса жасалған, олардың үстіне берік аркалар тұрғызылған. Қазір бұл керуен сарайлардың құжыралары қойма ретінде пайдаланылады. 

Лар базарының солтүстігінен 850 шақырым жерде басқа бір базар орналасқан. "Қейсарие" деп аталады. Ол сәулет стилі мен алып жатқан аумағы бойынша, Иран сәулетшілерінің бірегей туындыларының бірі болып саналады. Бұл базар Исфахан қаласының ортасында орналасқан. Исфахан қаласының өзі әртүрлі тарихи дәуірлердегі құнды архитектуралық ескерткіштердің үлкен мұражайы іспеттес. Исфахан базары Имам алаңы (Нақш-е жаһан) кешеніндегі мың жылдық тарихы бар маңызды құрылыстардың бірі болып табылады. Исфахан базарының қазіргі ғимараты Сефевидтер дәуірінде жөндеуден өтіп, бүгінге дейін өзінің дәстүрлі қалпын сақтап қалды. Бұл базар жайлы ең ежелгі сипаттама х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда (10 ғасырда) ирандық тарихшы Мафрухидің "Исфаханның көрнекті жерлері" атты кітабында келтірілген. Онда ол: "Базар Исфаханның сол замандағы атақты төрт қақпасының бірі Хуршид қақпасына жақын жерде орналасқан. Исфахан халқы әртүрлі мерекелерді, әсіресе Наурыз мейрамын салтанатты түрде атап өтетін болған. Осы кезде олардың азық-түлік пен киім-кешекке деген қажеттілігі артып отырған. Сондықтан бұл базарда халыққа қажетті тамақ пен сусындардың түр-түрі, әралуан құралдар мен заттар сатылған." Бұл жазушыны қызықтырған мәселе Исфахан базарының үлкендігі еді. Бұл базарда 6 қақпа, 400 дүкен, 4 керуен сарай мен 2 мешіт болған. Сондай-ақ, тауардың әралуандығы көзге бірден түсетін. Бұл базарда араб халқының қолымен жасалған бұйымдардан бастап, римдік маталар мен Үндістанның піл сүйегі, сондай-ақ, Әзірбайжан, Гилан, Кашан мен Исфахан кілемдері мен тамақтардың түр-түріне дейін табылатын. 

Франциялық саяхатшы Жан Шардин "Қейсарие" базарын былайша сипаттайды: "Исфаханның үлкен базары Нақш-е жаһан алаңының солтүстігінде орналасқан. Оның кіре беріс есігінің маңдайшасы кірпіш және сырлы кірпішпен әдемі безендірілген. Бұл маңдайшаның екі жағында яшма тасымен жабылған екі кең орындық бар. Бұл орындықтардың үстінде әшекей бұйымдарының түр-түрі мен тиындар сатылады." 

Исфахан базарының кіре беріс есігінің маңдайшасы бірнеше суретпен безендірілген. Бұл суреттерде Аббас шах өмірінің бір кезеңі, яғни Аббас шахтың өзбектермен соғысы, оның аңға шығуы мен еуропалықтармен кездесуі бейнеленген. 

Қейсарие базарының кіре берісіндегі маңдайшада түрлі түсті сырлы кірпіштің бетіне басы адамдікі, денесі арыстандікі, ал құйрығы айдаһардікі болып табылатын бір мақұлықтың садақтан оқ атып тұрған суреті бейнеленген. Бұл сурет Азар айының символы болып табылады. Тарихшылар Исфахан қаласы осы айда салына бастады деп есептейді. Кейбір тарихи кітаптарда бұл сурет осы әпсаналық қаланың өзіндік таңбасы деп аталған. 

Исфахандағы Қейсарие базарында мата сатушылар, кітап түптеушілер, сандық жасаушылар, ұсталар, мысшылар, тәтті-дәмді пісірушілер, күріш сатушылар базары мен Аллабек керуен сарайы бар. 

Бірнеше жыл бұрын базар маңдайшасының екі жағында үш қабатты екі ғимарат болған. Онда кешқұрым дүкен иелері мен халық жиналатын болған. Бұл үлкен шайханаларда тас пен ағаштан жасалған орындықтар қойылған. Мұнда жергілікті музыканттар халыққа дәстүрлі әуендерді орындап отырған. 

Исфаханның үлкен базары осы қаланың орталық мешітіне дейін созылып жатыр және одан кейін де базардың басқа тармақтары қалыптасқан. Араб базары мен жіп базары - осындай тармақтардың бірі. 

Бүгінде Исфахан базарының негізгі арнасы осы қаланың қол өнер бұйымдары, дәстүрлі тәтті-дәмділері, дәмдеуіштер мен дәрілік өсімдіктер сататын орын болып табылады. Даршын (корица), запыран (шафран) мен қалампырдың (гвоздика) хош иісі мен Исфаханның жағымды сатушыларының сатып алушылармен сөйлескендегі дауыстары осы арман қаланың жарқын көрінісін адам жадында мәңгіге сақтап қалады.