Қар 02, 2019 16:13 Asia/Almaty

Су – тіршіліктің қайнар бұлағы. Су – Алланың пенделері мен жер бетіндегі басқа жаратылыстарға сыйлаған нығметі.

 

Адам ежелден, жаратылысынан бері сумен тікелей байланысты. Су адам өмірінің жалғастығында маңызды рөл атқарады. Су көздері өркениеттердің көбінің құрылуы мен олардың салт-дәстүрлеріне маңызды әсер етті. Алла Тағала суды маңызды санап, Құранның жүзден астам аятында суды атады. Құран Кәрім табиғат пен табиғат элементтеріне көп назар аудартады. Су табиғаттың ең маңызды элементі. Илаһи діндер арасында ешбір дін Ислам діні, әсіресе оның қасиетті кітабы Құран сынды су тақырыбына көңіл бөлмеген. "Кәһф" сүресінің 45-ші аятында Алла Тағала адамдардың өмірі мен тіршілігін сумен байланыстырады: «(Дүние тірлігі) көктен біз жаудырған жаңбыр арқылы жердің өсімдіктері бір-біріне араласып, құлпырып, одан құрғақ үгіндіге айналып, оны желдер ұшырып кеткен тәрізді...».  

Су аспаннан жауып, өсімдіктердің өсуіне себеп болады, бірақ өсімдіктердің өмірі қысқа уақытта аяқталады.

 

 

Суды құрметтеу Иранның діни наным-сенімдерімен де байланысты. Иранның жалпы мәдениетіне ислам мәдениеті, әсіресе Ислам тарихы  мен діни жетекшілердің кейбір оқиғалары әсер етті. Бұл мәселе ирандықтардың суды, әсіресе Зәмзәм мен Кәусар суларын қасиетті санауға себеп болды. Зәмзәм – Қағбаға жақын жердегі бұлақ; құдық. Хазірет Ибраһимнің перзенті хазірет Исмаил сусыз жағдаймен бетпе-бет келіп, аяғын жерге тигізгенде аяғының астынан бұлақ ағып шыққан. «Зәмзәм» жалпы мәдениетте ең жақсы әрі ең мөлдір су деген мағынаны білдіреді. Ислам сенімдері бойынша, жаннаттағы Кәусар хауызы Исламның ұлық пайғамбарына тиесілі. Оның суын тарату хазірет Әлидің (ғ.с.) міндеті. Кәусардың суы барлық судан мөлдір.  

 

Зәмзәм бұлағы

 

 

Жаңбырдың суы таза және тазарту қасиетіне байланысты қасиетті саналады. Ирандықтардың арасында Исламның ұлық пайғамбары хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с.) тұрмысқа шыққан кезде суды меһрие ретінде атағаны туралы рауаят кең тараған. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)қасиетті әрі пәк тұлға болғандықтан оның мұралары да қасиетті. Сондықтан ирандықтар суды қасиетті санап, оны  ластауға болмайды, сондай-ақ адам, мал және өсімдікті сузсыз қалдыруға болмайды деп санайды.

Хиджридың 61 жылындағы Ашура оқиғасы ағымында сол кездегі билік басындағы Язид бен Муавиенің Исламның ұлық пайғамбарының  немересі имам Хусейн (ғ.с.) мен имамның перзенттері мен серіктерін азаптап өлтіргені Иран халқының қоғамдық мәдениетіне үлкен әсер етті. Бұл соғыс Ирактың ыстық маусымында орын алып, жеңімпаз әскер су алуға тыйым салып, оны қысым көрсету құралы ретінде пайдаланды. Дұшпан имам Хусейн (ғ.с.) мен хазіреттің серіктеріне суға жақындауға рұқсат етпеді. Ирандықтар әрқашан су ішкен кезде имам Хусейн (ғ.с.) мен серіктері және хазіреттің отбасы, әсіресе перзенттерінің шөлден қаза болғанын еске алады.

 

Мұхаррам кезінде су ішу үшін көп қолданылатын кесе

Ирандықтар бақытты болу үшін мұхаррам айында ағын суға қарау керек деп санайды. Қалалар мен ауылдарда аза тұту рәсімдері өтетін мұхаррам айында кейбір адамдар су мен сусын таратады. Кербаладағы имам Хусейн (ғ.с.) қабірінің айналасындағы жерді қасиетті әрі шипаға ие  санап, «торбат» деп атайды.  Сол жерден суға қосып, араластырып, «торбат суын» дайындап, судың шипалық қасиетіне сенеді. Имам Хусейнге (ғ.с.) қарсы шыққан әскердің Язид, Шемр, Ибн Саад пен Хормале сынды басшылары барлық қылмыстың мысалдары ретінде таныстырылады. Халық рақымсыз, қолдарында мүмкіндіктері бола тұра, басқалардың құқығын бұзушыларды «имам Хусейнге (ғ.с.) су бермейтіндер» деп атайды. Өйткені Шемр имам Хусейннің (ғ.с.) адамдарына су бергізбей,  имамның басын шапты. Иран халқы  тіпті дұшпанды да сусыз қалдыруға болмайды деп санайды. Бұл істі жасаған адам Шемрдің жалғасы болады.

Иран мәдениетінде адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің шөлін қандыру  этикалық-әлеуметтік мінез-құлық тұрғысынан мадақталатын, Алланың ризалығына ие болатын және  ақыретте сауапқа ие болатын іс. Кейбір қалаларда су ұсынудың сауабы нан ұсындың сауабынан артығырақ. Су сұраған адамға оны бермеу емес, кешіктіріп беру – айыпталатын мәселе. Хорасандықтар адамдардың өтініштерін орындамайтындарға немесе кеш орындайтындарға: «Тірі кезімде су бермедің, енді қабіріме әкелейін дедің бе?»- дейді. Лурестан мен Иламда су ішіп тұрған аңды немесе құсты атуға болмайды. Бұрын кейбір қалаларда қажет су құбырлармен қамтамасыз етілді. Құм қаласында зауыттар, үлкен хауыздар мен құдықтардың суы бақтар, саябақтар, хаммамдар үшін пайдаланылып, сауабы иелеріне тиетін. Осы салада Иран тарихынан көптеген уақыпнамаларды көруге болады.

 

Уақып етілген немесе жалға берілген суды уақып келісімінде көрсетілген тұтынушы қолданады.  Кейде судан түскен кіріс хаммамдар, мешіттер немесе су қоймаларына тапсырылады. Семнандағы уақып етілген сулардың бірі Саһар суы. Күн атардан бұрын тоғанның суын жалпы пайдаланылатын су қоймаларына жіберіледі. Бассейннің клапанын  ашқан соң суға жауапты адам екі рекет намаз оқып, қайта оралып, клапанды жауып кететін. Сондай-ақ, 1 фарвардинде барша қолданатын судың мөлшері анықталады. Оны «су үлесі» деп атайды. Бұл күні халық пайдалану үшін бассейннің клапанын үш немесе одан көбірек сағатқа ашық қалдыратын. 

Ертеді жаздың аптап ыстығында қалалар мен аудандарда және халық көп жүретін жерлерде қайырымды адамдар жеке немесе бірнешеуі қосылып, көшелерде су ыдыстарын орнататын. Олар жолаушылар үшін ыдыстарды суға толтырып, ішіне мұз салып, кейбіреуі ыдыстарға стакан байлап қоятын. Мешіттерде тіректердің үстіне үлкен мыс ыдыс орнатылып, әсіресе жұма күндері халық салқын су ішсін деп оларға мұз салынатын. Су біткенде ыдыстарға қайтадан су және мұз толтырылатын. Кейбір адамдар  сауап үшін су мен мұздың қаржысын төлейтін. Кейбір адамдар қайтыс болған жақындарының есімдерін жазып, су ішетіндерден олар үшін дұға тілеуді сұрайды. Шөлдеген жолаушылар су ішіп, имам Хусейн (ғ.с.) мен хазіреттің шөлін естеріне алып, Язид, Шемр және Кербала даласында қылмыс жасағандарға лағынет айтып, шындық үшін шәһид болғандарға дұға жасайды.