Сәу 13, 2016 14:33 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (27)

Қалалық базарлар орналасқан аймағының ыстық және құрғақ немесе қоңыржай болуына байланысты ерекше принципке негізделген сәулет жобасына ие. Бұл сәулет өнерінің ең маңызды көрсеткіші ғимарат салуда кірпіш пен берік құрылыс материалдарын пайдалану болып табылады, өйткені Иранның ежелгі базарларының қабырғалары мен төбелері қалалық жерде сазбалшық, кірпіш және берік қоспадан жасалатын болған.

Кей жағдайда кейбір базарлардың төбесі жабылып отырған. Мысалы, Иранның ежелгі базараларының көбісіндегі бояушылар бір затты бояп болғаннан кейін оны базардың төбесінде кептіретін болған. Мұнымен қоса, қолда бар деректерге қарағанда, кейбір жағдайларда базар төбесінің бір бөлігі бос уақытты өткізу сияқты мақсаттарға пайдаланылған. "Әлемнің шегі" - мың жыл бұрын парсы тілінде жазылған алғашқы географиялық еңбек. Ол кезде Самарқанд Иранның құрамында болған. Аталмыш кітапта Самарқанд жайлы былай деп жазылған: "Самарқанд – үлкен, абадтандырылған әрі нығметке толы қала. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен саудагерлер жиналады. Базардың төбесінде арықтан су ағып жатыр, саудагерлер бос уақыттарын сол жерде өткізеді".

Бірақ Иранның ауа райы біркелкі емес екендігін айта кетуіміз қажет. Әртүрлі климаттық жағдайда қалалар да әртүрлі тәсілмен салынған. Иранның солтүстігінің қоңыржай және ылғалды ауа райы бұл аймақтағы архитектураның басқа аймақтардан ерекшеленуіне себеп болды. Иранның солтүстігіндегі Каспий теңізінің жағалауындағы ауқымды аймақтың экономикасы ауыл шаруашылық, мал шаруашылық және өнеркәсіп өнімдерін өндіруге негізделген. Бұл аймақта ауылды жерлер көп болса да, қала құрылымы да назар аударуға тұрарлық. Ерте заманнан осы уақытқа дейін ауылдардың әртүрлі өнімдері қалалық базарларға шығарылып, сатылды. Иранның солтүстігіндегі Гилан облысының орталығы Рәшт қаласы ерекше архитектуралық стильге ие болғандықтан тамашалауға тұрарлық. Бұл сәулет өнерінің көрінісін Рәшт қаласының орталық алаңындағы әкімшілік ғимараты, пошта бөлімі мен ескі базардан көруге болады. Рәшт қаласы ғимараттарының негізгі қалыбы мен ішкі-сыртқы безендіруі ағаштан жасалған. Еңіс қыш шатырлар осы қаланың архитектуралық ерекшелігі болып табылады. 

Рәшт базары мен оның жанындағы уақытша базарлар осы қаланың маңызды сауда-саттық орталығы мен көрнекті жері болып табылады. Кейбіреулер тарихын Қаджарлар дәуірінен бастайтын бұл қаланың ескі базары бір көше мен оның екі жағында орналасқан көптеген дүкендерден тұрады. Оның кейбір бөліктерінің төбесі жабылған, ал кейбір бөліктерінде жарық түсіретін қондырғылар бар. Сондықтан базардың төбесі аса тартымды емес. Төбесі темір шатырмен жабылған. Жөндеу жұмыстары жүргізілгенде оның үсті қышпен жабылып отырған. Базардың арналары Иранның басқа базарлары сияқты саудагерлердің кәсібі мен өндірілген тауар түріне байланысты бөлініп отырған. Күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар, киім-кешек және тұрмыстық заттармен қоса, Рәшт базарының ең маңызды ерекшелігі жергілікті қол өнер бұйымдарын ұсыну болып табылады. Ағаш пен қамыстан жасалған бұйымдар жергілікті киім-кешектер, үй тағамдары мен осы аймақтың түрлі түсті әрі тәтті жеміс-жидектері әралуан иіс, түс пен әдемілікті көз алдыңызға жайып салады. 

Рәшт базарының негізгі бөліктерінің бірі балық сатушылар арнасы болып табылады. Мұнда балықшылар жаңа ауланған балықтарды сатады. Дүкеншілер өз заттарын дүкен ішіне жинағанда ерекше тәсілді қолданады. Тауардың жартысына жуығы дүкеннің сыртына қойылады. 

Рәшт базары Гилан облысының туризмін дамытуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл базарда сатылатын тауар түрлеріне көңіл бөлу мен базар ішіндегі ғимараттарды дұрыс пайдалану бұл сауда аймағының сәттілікке жетуінің құпиясы болып табылады. Бұрын ирандық және еуропалық саудагерлердің қонып, демалатын орны болған керуен сарай сияқты ғимараттар бүгінде туристер мен саяхатшылардың тоқтап, демалатын мәдени орындарға айналды. 

Рәшт базарындағы керуен сарайларының архитектуралық құрылысы ерекше. Бұл керуен сарайларда орталық ауланың айналасына төбесі ағашпен жабылған кішкене бөлмелер салынған. Бұл бөлмелердің қабырғалары алебастрмен сыланған. Бөлме қабырғаларында ішке кіріп тұратын қуыстар бар. Онда әртүрлі заттар қойылған. Кішкене айналар, гүлдандар, шыныдан жасалған ыдыстар, атап айтқанда, су графины, хрусталь стакандар және мыс ыдыстар мен ескі радиоаппараттар осы қуыстарға қойылған. Парсы тілінде бұл кішкентай кеңістіктерді "тақче", яғни кішкене арка деп атайды. 

Қаджарлар дәуірінде Иран мен Еуропа арасында кең ауқымды байланыс болғандықтан, Рәшт базары еуропалық тауарлар ұсынылатын орын болған. Бұл тауарлар Каспий теңізі арқылы Гилан қаласының порттарына әкелінетін болған, содан соң сол жерден Иранның басқа аймақтарына таратылып отырған. Сауда-саттықтың дамуы өнер иелері мен шетелдіктердің, әсіресе армяндардың осы аймаққа келуіне себепші болды. Армяндық өнер иелері бұрынғы замандарда осы қаланың мәдени құрылымына ерекше әсер еткен. Қала базары да осы әсерден кенде қалмаған. Еуропалық сәулет өнері Рәшт қаласы ғимараттары мен базарынының салыну стиліне тікелей әсер етті. Сондықтан тас пен ақ цемент сияқты құрылыс материалдары кейбір дүкендердің маңдайшасы мен ішкі бөлігінде қолданылды. Әдетте шетелден импортталған тауарлар осы дүкендерде сатылатын. Рәшт базарының дүкендері көше деңгейінен жоғарырақ салынған. Жердің шамадан тыс ылғалды болуы мен жылдық жауын-шашын мөлшерінің көптігі дүкендердің жоғарырақ салынуының басты себебі болып табылады. 

Әзірше Гилан облысын тамашалауды жалғастырамыз. Осы облыстағы басқа бір базарға бас сұғып, сіздерді Масуле қаласындағы тарихи базармен таныстырамыз. Масуле қаласы Рәшт қаласынан 55 шақырым жерде 8 га аумақты алып жатқан төбенің үстіне салынған. Осы аймақта жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде мың жыл бұрын жасалған металл бұйымдар мен қыш ыдыстар табылған. Масуле теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан. Бұл аймақта қандағаш пен емен ағаштары еркін өседі. Бұл аймақ ежелден-ақ Ираның солтүстік-батысын оның солтүстігі мен шығысындағы Мазандеран және Хорасан облыстарымен байланыстыратын жер болған. Сондықтан да Масуленің базары осы аймақтағы ең ежелгі құрылыстардың бірі болып табылады. Бүгінде Иранның солтүстігіндегі ең көрнекті жерлердің біріне айналған аймақты күніне жүздеген адам келіп тамашалап, оның жағалай жасыл-желекке толы ирелең жолынан жүріп өтеді. Базар - бұл қаланың ең маңызды орталығы. Масуленің 4 ауданы осы базардың айналасына салынған. Қала базары 120 дүкеннен тұрады. Бұл дүкендер әртүрлі деңгейде салынған. Дүкендер шынжырдың тасындай бір-біріне жалғастырылып, спираль іспеттес жолдың бойына жоғары өрлей салынған. Сатып алушылар спираль іспеттес көшелер бойымен қозғала отырып, базар аяқталған кезде өздерін қаланың жанындағы төбенің үстінде тұрғанын көреді. 

Масуле қаласындағы ең жоғары нүкте мен ең төменгі нүктенің арасындағы арақашықтық шамамен 100 метрді құрайды. Бұл Масуленің архитектуралық құрылысында ерекше көріністің пайда болуына себеп болды. Өткелдер, қоғамдық жүріп-тұру орындары мен үйдің төбелері төменірек салынған. Олардың барлығы екі қабатты болып келеді. Базарлардың дүкені осы іспеттес салынған. Дүкендердің алдына ілінетін заттар өзінің түрлі түстілігі және әдемілігімен алыстан көз тартады. Сиқырлап тастайтын бұл қаланың қонақтары сәулет өнерінен қаншалықты алшақ болса да, қала ғимараттарының архитектуралық жобасына қол соғып, қошемет білдіреді. Базар дүкендері шикі кірпіш пен тастан жасалған, ал төбелері сазбалшық немесе шайырмен сыланған ағаштан жасалған. Бұрын дүкен төбесін жабуда жабайы қырыққұлақ қолданылған. Жабайы қырыққұлақ Масуленің айналасында табиғи түрде көптеп өседі. Ол ылғал өткізбейді. Масуле тұрғындары бұл өсімдікті құрғатып, төбедегі ағаш пен балшықтың арасына салатын болған. Ол жаңбырдың суын өзіне жинап, күн түскен кезде буланып кететін болған. 

Масуленің әдемі базарында әртүрлі кәсіп иелері бар. Пышақ, балта сәндік әбзелдерін жасаудан бастап, ұсталық пен тоқыма тоқу, жергілікті тағам түрлері мен ағаштан жасалған әдемі торлы есік-терезелер осы жердегі халық талғамының әрқилы болып келетіндігін көрсетеді.