Сәу 13, 2016 17:40 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (36)

Адамдар арасындағы байланыс, ауылдар мен қалалар арасындағы барыс-келіс ежелден-ақ адам баласының көңіл аударған маңызды мәселелерінің бірі болған. Сондықтан да олар әртүрлі елдермен байланыстыратын жол, көпір, сондай-ақ жолаушыларға жайлы орындар салуға тырысқан.

Иранда да сауда-саттық орталықтары арасындағы керуендердің тәртіпке салынған тұрақты қарым-қатынасы көптеген керуен сарайлар мен қарапайым тұрақтардың салынуына себеп болды. Автоккөлік Иранның әлеуметтік-экономикалық өміріне енгенге дейін ауылдар мен қалалардың арасында белгілі бір қашықтықта керуен сарайлар салынатын болған. Олардың саны мен ауданы тауар айналымының көлемі мен керуендердің өту жиілігіне байланысты болған. Джеймс Доун сынды тарихшылардың көбісі әртүрлі тарихи кезеңдердегі Иранның түкпір-түкпіріндегі барлық жолдарда сауда-саттық және әскери мақсатта көптеген керуен сарайлар мен қамалдардың салынғандығы жайлы айтып өткен. Бұл құрылыстардан бізге жетіп, жөндеуден өткені өте аз. Ал олардың кейбіреулері жол бағытының өзгеруінен немесе табиғи құбылыстардың әсерінен бұзылды.

Әрине, кей замандарда керуен сарай қонақ үйдің де қызметін атқарып отырған. Жолаушылар кейде бірнеше күн бойы сол жерде қонып, сапарын жалғастыру үшін келесі керуеннің келуін күтіп қалып отырған. 

«Керуен сарай» екі сөздің тіркесінен құралған. «Керуен» – «бірге сапар шегетін адамдар тобы» деген мағынаны, ал «сарай» «үй , мекен» деген мағынаны береді. Бұл екі сөз де пехлеви тілінен қалған сөздер. 

Керуен сарай – керуендер бұл жерде азғана уақыт тоқтап кететін орын. Бұл орын Ислам елдеріндегі ең үлкен тұрмыс кеңістігі болып табылады. Оның салыну жобасы әдетте төртбұрышты немесе тік төртбұрышты болып келеді. Кіреберіс есігі үлкен, әрі биік. Кіреберіс есік пен оның ішкі ауласының арасын доға пішіндегі аркалармен салынған далан жалғап жатыр. Ауланы айнала тас орындықтар қойылған. Олардың жанында қабырғаға бойлай енген қуыстар бар. Бұл – керуен адамдарының уақытша дем алатын орны. Олардың артында бір немесе бірнеше түн қонуға болатын және тіршілікке қажетті барлық жағдай жасалған кішкене бөлмелер орналасқан. Екі қабатты керуен сарайларда төменгі бөлмелер жүк сақтайтын қойма ретінде, ал жоғарғы қабаттар жолаушылардың дем алып, ұйықтайтын орны ретінде қолданылған. 

Керуен сарайларда аттар мен басқа да ірі қараны байлауға арналған қоралар да болған. Керуен сарайдың кіреберіс есігінің ішкі екі қапталында күзетшілер мен керуен сарай иесіне арналған бөлмелер салынған. Әдетте әрбір керуен сарайда құдық болған. Ол кейде керуен сарайдың қақ ортасында қазылатын. 

Тарихи деректер бойынша, керуен сарай салудың негізі Ахеменидтер заманынан басталған. Грек тарихшысы Геродот өзінің бесінші кітабында Ахеменид патшалары Шуш пен Сард қалаларының арасындағы жол бойына салынған үйлер жайлы жазып кеткен. Бұл тарихшы 2500 шақырымдық аралықта Ахеменидтер астанасы мен Сард қаласының арасында жоба жағынан бір-біріне ұқсас 111 үйдің салынғанын айтып өткен. Керуеншілер осы жолды үш ай бойы жүріп өтеді. Жол бойы тоқтайтын орындар, керуеншілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы және арнайы поштабайлардың қажеттілігінен осындай құрылыстар салынған. Ашканидтер кезінде де Иранда керуеншілерге қолдау көрсетіліп, жолдарды дамытуға көп көңіл бөлінген. Және өте маңызды жолдардың бойында, әсіресе Ұлы жібек жолы бойында көптеген керуен сарайлар салынған. 

Сасанидтер кезінде де жолдарды дамытуға күш салынды. Бұл кезеңде керуен сарайлар негізгі жолдардың бойына салынған. "Диргачин", "Робате Ануширван" керуен сарайлары мен "Алебстрдан жасалған жиегі қара қақпа" сол дәуірлерден бізге жеткен үлгілер болып табылады. 

Теһран қаласына жақын орналасқан "Диргачин" керуен сарайы – бүгінде Иранның ұлттық мұраларының бірі. Бұл керуен сарайдың тарихы 1800 жылға жуық уақытты қамтиды. "Диргачин" керуен сарайы Ирандағы керуен сарайлардың атасы саналады. Өйткені онда жолаушыға қажетті барлық жағдай жасалынған. Диірмен, оқшау аула, дәретхана және кейіннен қосылған мешіт те бар. 

"Диргачин" керуен сарайында алты мұнара бар. Оның архитектуралық жобасы төрт терассаға негізделген. Бұл әдемі керуен сарайдың ауданы 12 мың шаршы метрге жетеді. Бұрын онда 43 бөлме, патша отыратын салтанатты терасса, 18 қора, 2 жүк қоймасы болған. Бұл керуен сарай қазір отандық және шетелдік туристерді қабылдайтын туристік орталыққа айналды. 

Ислам дәуірінде керуен сарайларды дамытуға бірнеше факторлар әсер етті. Олардың ең маңыздысы діни, әскери және экономикалық факторлар болды. Сапарнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерде сауда-саттық, зиярат, саяхат және керуен сарайлар туралы мол мағлұмат бар. Көптеген еңбектерімен, әсіресе "Сапарнамасымен" әйгілі болған Иранның ақын, жазушысы Насыр Хосроу аталмыш еңбегінде өзінің сапары барысында керуен сарайларға тоқтап отырғандығы жайында айтып өткен. Мысалы, ол өзінің Наиннан шөлді аймақта орналасқан Табасқа сапарын баяндай келіп: "Біз Зобейде керуен сарайына жеттік. Оның су қоймасы үлкен екен. Бұл керуен сарай мен оның тұщы суы болмағанда, мына шөлден өтуге қауқарымыз жетпейді екен",-деп жазады. 

Ислам дәуірінде билік жүргізген әулеттер керуен сарай сияқты барша жұрт қолданатын орындар салуға ерекше көңіл бөліп отырған. Х.қ.ж.с.б. 5 ғасыр (11 ғасыр) исламдық өнерлердің, әсіресе сәулет өнерінің гүлденген дәуірі болды. Мешіт пен керуен сарай сынды құрылыстар көбіне екі немесе төрт терассалы болып салынған. Бұл үдеріс моңғол шапқыншылығы мен олардың бұзу-қирату амалдарына дейін жалғасын тапты. 

Ұзақ уақыт өтпей-ақ моңғолдардың ұрпақтары Иранның мәдениетіне ден қойып, өткеннің тәжірибесін пайдалана бастады. Олар сауда-саттық, экономика мен керуен сарай салуды қайта дамытып, әскерилерге оларды қорғауды тапсырды. Иран тарихында қоғамдық орындарды, соның ішінде көптеген керуен сарайларды салған қажы Рашид ад-Дин Фазлолланың есімі барша жұртқа танымал болды. Марко Поло сапарнамасының Иранға арналған бөліміндегі оның Йезд-Керман бағытындағы сапары жайында: "Йезд – үлкен қала. Онда мұсылмандар тұрады. Егер олар қаладан шығып, Керманға барғысы келсе, сегіз күн жолда болып, шөлді басып өтуі керек. Бірақ сол жолда оларды қабылдайтын үш керуен сарай бар",-деп жазған. 

Ирандағы керуен сарай салудың шарықтау шегіне жеткен кезі – Сефевидтер дәуірі. Сол заманда ішкі-сыртқы сауда ерекше дамып, ирандықтардың зиярат ету сапарлары, шетелдіктердің Иранға келіп-кетуі айтарлықтай артты. Мешхедтегі имам Реза (ғ.) кесенесі, Кербаладағы имам Хұсейн (ғ.) кесенесі, Наджаф қаласындағы имам Әли (ғ.) мазары сынды зиярат ететін орындарға баратын жолда көптеген керуен сарайлар салынды. Олардың көбісі бүгінде сақталып қалған. Сефевидтер заманында Еуропа, Қытай мен Үндістанға жүк жіберу Иранның сауда жолдарын шекарадан асырып жіберді. 

Иранда алғашқы керуен сарай пайда болғаннан бері 25 ғасыр өтті. Зерттеушілердің, соның ішінде америкалық ирантанушы, профессор Артур Поптың пікірінше, Иранда керуен сарайлардың салынуы осы ел сәулет өнерінің ұлы жеңісі болып табылады. Дүние жүзінің ешқай жерінде керуен сарайдың архитектуралық жобасы мен қолданыс аясы Ирандағыдай ерекшелікке ие емес. Мұнымен қоса, керуен сарайдың әлеуметтік тұрғыдан да маңыздылығы зор. Шартараптан келіп, керуен сарайларда тұрақтаған жолаушылар өзара байланыс орнатып, бір-бірінің әдет-ғұрыптары мен дүниетанымымен танысады. 

Парсы әдебиетінде ақындар мен ғұламалар керуен сарай жайлы көп жазған. Олар әсем өлеңдер шығару арқылы адамды өмір керуенінің жолаушысына, ал дүниені керуен сарайға теңеген. Бұл өлеңдерде адам осы дүниенің құрсауына түсуден сақтандырылып, жалған өмір адамның керуен сарайға қонуына теңестірілген. Иранның ұлы шайыры Сағди былай дейді: 

Бұл керуен сарайға несіне жүрек байлаймыз, 

Жолдастарымыз кетті, біз де кетерміз.

Немесе тағы бірде былай дейді:

Ей, көңілі ояу адам, бұл керуен сарайға жүрек байлама, 

Үй салу керуеннің рәсімінде бар іс емес.