Сәу 13, 2016 17:46 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (37)

Ежелгі замандардан-ақ адамдар өздерінің жолға шыққанда қажет ететін баспанасына ерекше назар аударып отырған. Бүгін де Иранда баяғы замандардан қалған жол бойындағы аялдамалар мен демалып-тынығатын орындардың қалдықтарын көруге болады. Олардың көбісін архитектуралық тәсіл тұрғысынан теңдессіз өнер туындысы деп атауға болады.

Ислам дәуірлерінде қалалар мен басқа да елді-мекендер арасындағы қарым-қатынастың артуына байланысты шөлді аймақтар мен таулы жерлердегі жолдар бойына осындай құрылыс салу айтарлықтай дамып, кең таралды.

Жалпы алғанда керуен сарайларды пайдалану аясына қарай қала ішіндегі және қала сыртындағы керуен сарайлар деп екі негізгі топқа бөлуге болады. 

Қала ішіндегі керуен сарайларды сарай, «тим» немесе «тимче» деп атаған. Бұлардың кішкентай базарларға айналғанына да біраз жыл өтті. Иран базарларының сәулет өнері тақырыбын қозғаған кезде керуен сарайлардың әртүрлі қалалардан келген тауарлардың кіріп-шығатын жері болғандығын айттық. Бұл орындар уақыт өте келе көтерме сауда базарлары немесе тауар сақтайтын қоймаларға айналды. Ал қала сыртындағы немесе даладағы керуен сарайлар керуендердің уақытша тұрақтауына арналған. Бұл керуен сарайларда жолаушылар демалатын және мал қамайтын арнайы қашалар болған. Сондай-ақ, керуен сарайдағы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды саналған. Сондықтан бұл жерде қарақшылар шабуылының алдын алуға бағытталған құрылғылар орнатылатын. 

Керуен сарайлардың кіреберіс кеңістігінің бір-бірінен айырмашылықтары болған. Қала сыртындағы керуен сарайлардың дарбазасы мықты әрі берік болған. Керуен сарайда әдетте тек бір ғана кіреберіс есік болған. Осылайша керуендердің кіріп-шығуы мен жүктердің тасымалдануы бақылауға алынып отырған. Ал қала ішіндегі көптеген керуен сарайларда бір емес, бірнеше есік болған. Бұл базар ішінен де, жапсарлас көшелерден де қатынап тұруға ыңғайлы болу үшін жасалған. Салтанатты керуен сарайлардың даланында белгілі жолаушыларды қабылдауға арналған бірнеше «ходжре», яғни жасаулы бөлме бар. Оның ауласы төртбұрышты немесе шеңбер пішінде болған. Оның ортасына көбіне хауыз орналастырылатын. 

Суық аймақтарда жолаушылар тоңып қалмас үшін керуен сарайдың ортасына ауланың орнына төбесі күмбезбен жабылған зал салып отырған. Керуен сарайдың бұрышына мұнаралар салынатын. Бұлар бақылайтын орынның қызметін атқарған. Ауланы айнала әрқайсысында бір-бір ағаш есігі бар бөлмелер салынған. Бұл бөлмелерде терезе болмайтын. Өйткені оларды түнде ұйықтау үшін ғана пайдаланып отырған. Керуен сарайлардың төбесі тегіс болып келетін. Жазғы түндерде онда жолаушылар ұйықтайтын болған. 

Керуен сарайлардың құрылыс материалдары тас пен күйдірілген кірпіш тұратын. Аталмыш ғимараттардың көбісі өз дәуіріндегі басқа да құрылыстар сияқты, арнайы архитектуралық тәсілдермен безендіріліп отырған. Кірпіш қалау, кафель жапсыру, алебастр жапсыру және тас қалау сынды безендіру тәсілдерін қазір де кейбір керуен сарайлардан көруге болады. 

Иран керуен сарайлары орналасқан жерінің ауа райына (климаттық жағдайына) байланысты әралуан пішінде салынады. Осы тұрғыдан оларды үш топқа бөлуге болады: бірінші топқа таулы аймақтардағы толық жабылған керуен сарайлар жатады. Бұл топқа жол бойындағы кішкене тұрақтардан бастап, шах Аббас Сефеви кезіндегі салтанатты ғимараттарды да жатқызуға болады. Бұл құрылыстардың ең қарапайым үлгілерінде төбесі күмбезбен жабылған орталық зал, бір қатарға тізілген төбесі күмбезбен жабылған бөлмелер мене сол қатардың жалғасында бірнеше қора бар. Таулы жерлердегі керуен сарайларда көптеген ошақтар немесе бөлмелердің ішіндегі қабырға пештері бар. Бұл құрылыстар таудың ызғарлы желі, қары мен суығы кірмес үшін жан-жақтан жабылған. 

Осы топқа жататын керуен сарайлардың ең қызықты үлгілері ретінде «Гадук» пен Әзірбайжандағы «Шебли» керуен сарайларын атауға болады. 

«Гадук» керуен сарайы бүгінде Иранның солтүстігіндегі Савадкуһ ауданына жақын жерде орналасқан. Бұрын ол «Шах Аббас» керуен сарайы деген атпен әйгілі болған. Бұл керуен сарайдың көптеген бөлмелері алебастр және сырлы кірпішпен әдемі безендірілген. Тарихта айтылғандай, бұл керуен сарайға шахтың салтанатты керуендері тоқтайтын болған. 

Иранның оңтүстігіндегі Парсы шығанағы жағалауы ежелден-ақ саудагерлердің қатынап, ішкі тауардың шетелге шығып, шетелдік тауарлардың ішке енетін жері болған. Сондықтан да көптеген керуен сарайлар осы жерлерде салынған. Ыстық әрі ылғалды болып келетін Парсы шығанағының ауа райы мен географиялық жағдайына байланысты осы аймақ керуен сарайларының архитектуралық стилі ерекше болып келеді. 

Олардың көбінің орталық ауласы, ішінде үлкен орталық бір залы бар қосу белгісі (+) пішініндегі төртбұрышты құрылыстар болған. Орталық залдың айналасына әрқайсысының алдына бір-бір тас орындық қойылған бөлмелер орналасқан. Бұрынғы замандарда барлық бөлмелердің есіктері сыртқа қарайтын. Бұл есіктер арқылы жағалаудағы самал жел ғимарат ішіне еніп, таза ауамен қамтамасыз етіп тұратын. Бұл керуен сарайлардың безендіру стилі әртүрлі, ал әдемілігі көзтартарлықтай еді. Осындай құрылыстардың ең қызық үлгісі ретінде Бандар-Аббас қаласына жақын жердегі "Қале Пәхлу" керуен сарайын атауға болады. 

Керуен сарайлардың тағы бір түрі – орталық ауласы бар керуен сарайлар. Бұлар Иранның ең маңызды, әрі ең әдемі керуен сарайлары болып есептелінеді. Бұл құрылыстар дөңгелек, бірнеше бұрышты, екі терассалы, бағанды залы бар, төрт терассалы және әртүрлі жобадағы керуен сарайлар болып бірнеше топқа бөлінеді. Бұл керуен сарайлардың ерекшелігі – олардың ортасында ауланың болуы. Бұл жағдай керуен сарайларды салушылардың Иранның дәстүрлі сәулет өнеріне жататындығын білдіреді. Кіресберіс есіктер мен мұнаралардың салыну тәсілдері мен әрбір керуен сарайдағы қораның орналасу тәртібі оның салынған тарихи дәуіріне байланысты әралуан болып келеді. Осы сәулет стилінің құнды үлгілерінің бірі – Сефевидтер дәуірінде Құм-Кашан бағытындағы жол бойына салынған "Пасанган" керуен сарайы. Бұл керуен сарайда су қоймалары бар. Керуеншілер осы суды пайдаланатын болған. Оның ауласы төртбұрышты, әрі төрт терассалы пішінде салынған. Төрт бұрышта төрт мұнара салынған. Оның кіреберіс есігі әдемі аркалармен безендірілген. 

"Пасанган" керуен сарайында күзетшілер мен мал қамауға арналған кішкене қоралар бар. Бұл – аталмыш керуен сарайды салушылардың тұрмысқа қажетті барлық заттарды назардан тыс қалдырмағандығын көрсетеді. Бұл керуен сарайдың барлық құрылысы іргетас үстіне кірпіштен салынған. Оның бағандары үлкен әрі берік тастардан жасалған. Керуен сарайлар өзенге жақын орналасқандықтан, оның бөлмелерінің едені ылғал енбес үшін жерден бір метр жоғары етіліп жасалған. Жақын болашақта "Пасанган" керуен сарайы туристер мен жолаушылардың тамашалап, түнеп шығатын орнына айналады деп күтілуде. 

Сапарнамалар мен тарихи еңбектерде Иранның керуен сарайлары жайлы қызықты деректер бар. Мысалы, испаниялық Г. Клавиджоның (G.Clavijo) сапарнамасында оның Иранға сапар барысында тоқтаған тұрақтарының қызықты сипаттамасы берілген. "Сейсенбі күні таңертең атқа мініп, жолға шықтық. Бірақ екі фарсанг жүрмей жатып, қонақ үй сияқты бір ғимаратқа жеттік. Иранда мұны керуен сарай деп атайды",-деп жазған ол. 

Клавиджо 1804 жылы Тебриз қаласында біраз болған екен. Сонда осы қаланың керуен сарайлары мен базарларын сипаттай келіп: "Қаланың көшелері кең, алаңдары үлкен. Оларды жағалай үлкен ғимараттар салынған. Бұл ғимараттарда өте тартымды дүкендер мен кеңселер орналасқан. Олар әртүрлі мақсаттарда пайдаланылады. Осы керуен сарайлардан шыққаннан кейін әртүрлі тауар сатылатын көшелер мен базарларға жетеміз. Мысалы, олардың кейбіреуінде әшекей бұйымдар мен әйелдерге арналған әтірлер сатылады. Әйелдер керек-жарақ сатып алу үшін осы дүкендерге келеді. Бұл – қайнаған қан базар екен",-деп жазған. 

Қаланың сыртындағы керуен сарайларды салдырушысы мен құрылысшылары тұрғысынан шахтық, жеке және қайырымдылық негізінде салынған керуен сарайлар деп үш топқа бөлуге болады. 

Шахтық керуен сарайлар мемлекеттің қаржысына салынған. Мұндай керуен сарайлардан түсетін табыс елді абадтандыруға жұмсалып отырған немесе мемлекеттің қазынасын толтыру үшін жиналған. Бұл керуен сарайлардың өте салтанатты архитектуралық құрылысы болған. Оларды салуда бірдей жобалар қолданылған. Бөлмелер керуеншілерге жалға берілетін. Керуен сарайларға тоқтаған жолаушылардың есімдері арнайы журналға тіркеліп отырған. Сонда орын алған алыс-беріс мемлекеттік кеңседе тіркеліп отырған. Осылайша сауда-саттық ресми сипатта жүзеге асқан. Үкімет осы кеңселер арқылы елдің сауда-саттық (коммерциялық) жағдайынан хабардар болып отырған. 

Керуен сарайлардың келесі бір тобы жеке меншікте болды. Оның табысы меншік иесіне тиесілі болған. Қаджарлар кезінде керуен сарайлардың көбісі осы тәсілмен салынған. Олардың көбі көлемі жағынан шағын, архитектуралық құрылысы жағынан қарапайым болған. 

Үшінші топқа қайырымдылық негізінде салынған керуен сарайлар жатады. Бұл керуен сарайларда жолаушыдан ешқандай ақы алынбаған. Мұндай керуен сарайлар қайырымдылық пен жақсылық жасаушы адамдарға тиесілі болған. Қайырымдылық керуен сарайларының жол жүріп бара жатқан жолаушылар мен зиярат етушілерге көмегі көп болған.