Сәу 13, 2016 17:49 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (39)

Бұрынғы замандарда Иранның кең байтақ жерінде, әсіресе шөлді аймақтары, биік таулары мен нулы ормандарында жол бойына салынған белгілерсіз сапар шегу өте қиын болған. Сондықтан да ирандықтар жолаушылар мен керуендерге бағыт-бағдар беру үшін негізгі өткелдердің басына белгілі бір құрылыстар салған. Бұл құрылыстар бүгінде «мұнара, баған» деген атпен танымал. Олар әдетте ежелгі жолдың маңындағы төбе немесе таудың ұшар басына салынып отырған.

Мұхаммад Кәрім Пирниа өзінің «Робат жолы» атты кітабында мұнаралар жайлы былай деп жазған: «Мұнаралар мен бағандардың үстіне түнде немесе тұманды, дауылды әрі қараңғы күндерде теңіздегі шамшырақтай (маяк) от жағып отырған. Мұның әсерін әлі «Аханган» мен «Радекан» сынды бағандардан айқын көруге болады».

Құм далалар мен нулы ормандарда баған орнату керуен сарай салудан қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Өйткені белгілі бір аралықтарда белгі орнатып, жолаушыларды негізгі жолға бағыттап тұру қажет болған. Мысалы, мұнара салушылардың көбісі өзінің сол құрылыстың ішінде жерленуін өсиет етіп отырған. Мұнаралар әдемі әрі салтанатты болғандықтан, халық жақсылығымен аты шыққан кейбір адамдардың мүрдесін солардың ішіне жерлеп отырған. «Робат жолы» атты кітапта былай деп жазылған: «Хамадан-Рей жолының бойында (қазіргі Хамадан-Теһран жолына сәйкес келеді) бірнеше мұнара тұрғызылған. Олардың тізбегі жолдың бағытын көрсетеді. Бұл мұнаралардың барлығы кесенеге айналған. Бірақ қазір олардың жанына жолаушылар тоқтайтын орындар мен барлық көркейту шаралары жасалған». 

Теһран-Рәшт жолында салынған ең әйгілі мұнаралардың бірі – «Имамзада Хашем». Тарихи деректер бойынша, ол бағдар беруші баған болған. Имамзада Хашем – Иранның солтүстігіндегі Теһран-Рәшт жолында салынған ең алғашқы тұрақ. Жолдың жанындағы төбенің басына Имамзада ғимаратының салынуы және оның бағдар бағанға ұқсатылып жобалануы таза кеңістікке кіру сезімін күшейтеді. Ғимараттың 8 ғасырлық тарихы бар. Бірақ тарихи деректер бойынша, алғашқы шикі кірпішті құрылыс х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда (625 жылы) салынған және тек бағдар беруші мұнара болған. Кейіннен онда хазірет Әли (ғ.) ұрпақтарының бірі жерленген. 

Бұл ғимараттың корпусы табиғи іргетас үстіне салынған. Мұнараның айналасында «Сефидруд» өзенін бойлаған шалғынды жерлер мен ұшар басына дейін нулы орман басқан таулар орналасқан. Жолдың оңтүстік бөлігінде орналасқан бақтар, әдемі күріш алқаптары мен зират орналасқан биіктіктер бұл панораманы одан әрі көркейтіп жіберді. Мұнара бірнеше рет жөндеуден өткізілген. Оның негізгі қабырғасы тастан жасалынған. Имамзада Хашемнің кесенесі екі бөлік – мешіт пен негізгі ауладан тұрады. Бұл екі бөліктің де төбесі күмбезбен жабылған. Негізгі аула немесе сол ежелгі мұнараның күмбезі айналадан жақсы көрінеді. Ол бұрын бағдар беру үшін өте дұрыс бұрышта салынған. 

Қазір бұл құрылыстың маңында уақытша тоқтау орындары мен барлық көркейту жұмыстары атқарылған. Көптеген жолаушылар аталмыш мұнара маңына тоқтап кетеді. 

Әдетте өте биік мұнараларды баған деп атаған. Мұнаралардың биіктігі 40 метрге дейін жетіп, ал диаметрі 3-8 метрді құрап отырған. Олардың көбісі әлі күнге дейін сақталып қалған. Олардың ішінде мұнараның ұшар басына шығуға арналған тас баспалдақтар жасалған. Көптеген мұнаралардың қабырғасынан кірпіштермен жазылған жазбаларды көруге болады. Онда куфа жазуымен мұнараның салынған жылы мен сәулетшінің есімі жазылған. Бұдан Ислам дәуірінде қарауылдауға арналған мұнараларды салудың маңызды болғандығын көруге болады. Мұнаралар әдемі жобамен салынған. Олардың кейбіреулерінің пішіні сегіз, он екі немесе төртбұрышты болып келеді. Ал кейбір мұнаралардың төменгі бөлігі бірнеше бұрышты, ал жоғары жағы шеңберге айналдырылып салынған. Олардың көбінде күмбез бар. Тарихи кезең мен салыну уақытына қарай күмбездердің пішіні әртүрлі болып келеді. 

Мұнаралардың көбінде айрықша өрнектер жоқ. Бірақ «Аханган» сияқты кейбір мұнаралар кафель сынықтары, бедерлі алебастр өрнектері мен көгілдір түсті сырлы кірпіштермен безендірілген. «Ахтаган» бағаны х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда Мешхед қаласына жақын жерде салынған. Осы мұнараның өне бойына салынған бақытгүлдің (хризантеманың) әдемі суреттері оны көрнекті жерлердің біріне айналдырды. Айта кету қажет: Хорасан облысындағы «Радекан бағаны» сынды кейбір мұнаралар жолаушыларға жол сілтеп, олардың тынығатын орны болмен қоса, күнтізбе жасау және жұлдыздарды бақылау сынды қызметтерді де атқарған. «Радекан» мұнарасының ішінде он екі айды анықтайтын белгілер болған. Жылдың айлары күннің түсуіне байланысты анықталып отырған. 

Жолдың бойына салынатын құрылыстардың тағы бір түрі – «чапархане», яғни пошта үйі. Оның негізгі қызметі мемлекеттік (үкіметтік) поштабайларды демалдыру және олардың шаршаған аттарын ауыстыру болған. Поштабайлар үкіметтің хаттары мен бұйрықтарн ел астанасынан әртүрлі уәлаяттарға (облыстарға) және керісінше жеткізіп отырған. 

Иран поштабайларының жұмысы Исламнан бұрынғы ғасырларда басталған. Тарихи еңбектерде олар жайлы көптеген мәліметтер келтірілген. Грек тарихшысы Геродот былай деп жазды: «Ел орталығындағы пошта үйлерінде жүйрік аттар мен ат құлағында ойнайтын жігіттер дайындалып отырған. Олар үкіметтің хаттарын орталықтан ең жақын пошта үйлеріне жеткізіп отырған. Ондағы дайын тұрған поштабай тез жолға шығып, хаттарды келесі пошта үйіндегі келесі бір поштабайдың қолына табыстап отырған. Осылайша поштабайлар күндіз-түні тыным таппай, бұйрықтарды әртүрлі қалаларға жеткізіп отырған». 

Пошта үйін салу Ахеменид патшасы Куруштан басталды деп айтылады. Пошта үйлерінің арақашықтығын белгілеу үшін аттың шаршаусыз қанша қашықтық жүре алатындығы есептелген. Сол аралықты пошта үйлері арасындағы қашықтық ретінде белгілеген. Пошта үйлерінің арақашықтықтығы 4 фарсанг (24 шақырымдай) болған. Бүгінде Иранда пошта үйлері өте аз сақталып қалған. Әртүрлі себептермен жол бойындағы мұндай аялдамалар қолданыстан шығып қалды. 

Пошта үйінің құрылысы шикі кірпіштен жасалған. Көп жағдайларда абадтандырылған мекендерде немесе керуен сарайлардың жанына тұрғызылған. Керуен сарайлар сияқты пошта үйлерінің кеңістік пен пішін бөлінісі олардың қауіпсіздігінің сақталып, поштабайлардың жұмысын жеңілдетуге бағытталып отырған. Пошта үйлері жағымсыз климаттық жағдайларға да төзімді болған. Иранда автокөлік пайда болып, жаңа пошта жүйесі іске қосылғаннан кейін, пошта үйлерінің дәстүрлі қызметі біртіндеп қолданыстан шығып, мұндай үйлер қирап қалды. 

Бүгінге дейін сақталып қалған пошта үйлерінің бірі – Йезд облысындағы «Мейбад» пошта үйі. Бұл үй қазір пошта-телеграф мұражайына айналдырылды. Бұл үйде керуен сарайдағы сияқты мұнара мен қорғаныс қабырғасы бар. «Мейбад» пошта үйі Иранның орталық таулы үстірті сәулет өнерінің ықпалында болғандықтан, онда бір орталық аула мен оны айнала аттарға арналған астаулар орналастырылған. Астаулардың артында қысты гүні мал ұстайтын қоралар болған. «Мейбад» пошта үйінің кіреберіс есігі мен ауласының арасында поштабайлар мен жолаушылар демалатын бөлмелер болған. Бүгінде аталмыш үй жөндеуден өткізілгеннен кейін демалыс бөлмелері мұражай экспонаттарын сақтайтын орындарға айналды. «Мейбад» пошта үйінің күзет мұнаралары тастан жасалған, оның ішінде күзетшілердің жоғары шығуына мүмкіндік беретін баспалдақтар болған. 

Бұл ғимарат х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасыр) салынған. Ол Қаджарлар дәуірінде жөндеуден өткізілген. «Мейбад» пошта үйі соңғы жылдары Иранның ең әдемі мұражайларының біріне айналды. Бүгінде осы мұражай ауласының бір бөлігінде тамашалаушылардың көз алдына өткен дәуірлердің көріністерін жандандыру мақсатында поштабайлар мен олардың аттарының мүсіндері қойылған.