Сәу 13, 2016 17:55 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (41)

Ұлы архитектуралық ескерткіштер оны салушылардың күш-қабілеті мен шеберлігін көрсетеді. Тас дайындау (қажетті тас сынықтарын өндіру), құрылысты жобалау, жұмыс күшін ұйымдастыру, безендіруге арналған қымбат материалдармен қамтамасыз ету – осының барлығы үлкен ғимараттарды салуға қажетті жұмыстар болып табылады.

Бұл жұмыстар бұрынғы замандарда қолайлы қаржы жағдайы мен күш-қуатты қажет еткен. Мұндай жағдай әдетте патшалар мен байлардың шектеулі тобының қолында болған. Иран тарихында басқару ісі әдетте патша әулеттерінің қолында болды. Бұл күш-құдіреттің көрінісін көптеген ескерткіштерден көруге болады. Мұның көрнекті үлгісі б.з. бірнеше ғасыр бұрын Иранда ұлы империя құрған Ахеменидтер дәуірінен көруге болады. Сол дәуірдегі патшаларлың көбі соғыс ашып, жер кеңейтумен немесе зәулім сарайлар салумен айналысты. Дарий I салтанатты сарайлар салу арқылы халық пен сол дәуірдегі басқа билеушілерге өз билігінің ұлылығын көрсетуге тырысқан билеушілердің бірі болды. Ол қазіргі Фарс облысында Ширазға жақын жердегі Рахмат тауының етегіне Персеполис (Тахт-е Джамшид) сарайын салды. Бұл сарайдың архитектуралық жобасы Дарийдің құдіреті мен айбынын көрсететіндей етіліп жасалды. Бұл сарайдың архитектуралық құрылысы ирандық сәулетшілердің сол замандағы жаңашылдығы мен жасампаздығын көрсететіндігі сөзсіз.

Ежелгі Фарс тас жазбалары бойынша Персеполистің құрылысы б.з.д. 512 жылы салынған. Персеполис сарайлар кешенінің құрылысы биік іргетас үстіне салынған. Ол 457х300 метр ауданды алып жатыр. Іргетастың түсі қою сұр түсті. Асқан ыждаһаттылықпен қашалған тастар тәртіппен бірінің үстіне бірі қойылған. Бұл тастардың арасына ешқандай қоспа салынбаған, тек қола немесе темір арматурамен бір-бірімен жалғанған. Франциялық археолог Роман Гришманның пікірінше, Персеполистің құрылысында айнала қоршаған дуал болмаған. Бірақ оның шығыс жағында селден сақтануға арналған биік дуал болған. 

Ахеменидтер дәуіріндегі сәулетшілердің ой-санасы мен талғамдары жоғары болған. Өйткені олардың еңбектерінде белгілі бір принциптер пен ережелер сақталған. Бұл кейіннен Иран сәулет өнерінің принциптері ретінде танылды. Әдетте бедерлі нақыштармен өрнектелген тас бағандарды дұрыс тәртіпке қойып пайдалану – Персеполис сарайларын салу ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Бұл нақыштарда адам, жануарлар, сүйрік гүлі сынды өсімдіктердің кейбір бөліктері бір-бірімен қабыстырыла салынған. Мысалы, "Жүз дарбаза" сарайының кіреберісінде адам, бұқа мен балық суреттерінің қосындысы бедерленген. Сарайдың солтүстік бөлігінде қанатты адам суреті тас бетінде әдемі бедерленген. Персеполис бағандарының іргесі қара тастан, ал жоғары бөлігі сары түсті мәрмәр тастан жасалған, сарайдың еденіне әртүрлі геометриялық пішіндегі тастар төселген. 

Қарапайым адамдарды қабылдау сарайы, арнайы сарай, жеке ғимараттар, Пасаргад бағы, Ападана сарайы – осының барлығы Персеполис кешенінің сарайлары болып табылады. Бұлардың әрқайсысы белгілі бір мақсатта салынғанмен, олардың ішкі жобаларында ұқсастық бар. Биік тас бағандары бар бір орталық зал, негізгі төрт бағытта төрт терраса салу, еденге тас төсеу аталмыш сарайлардың барлығында байқалады. Бірақ бұл ғимараттардың әрқайсысында баған басындағы капеллалар әртүрлі болып келеді. Бұл сәулетшілердің ішкі безендіруге көңіл бөлгендігін көрсетеді. Персеполисте I Дарийдің жазбалары сақталып қалған. Онда кешенді салуда назарға алынған бірнеше мәселе баяндалған. Осы жазбаның мына бір бөлігіне назар аударыңыз: "Бұл сарайды мен салдым. Алдымен қатты қабатқа жеткенге дейін жер қаздырылды. Оның іші жақпар тастармен толтырылды. Оның үстіне сарай салынды. Жерді қазып, шикі кірпіш жасауды Вавилон халқы атқарды. Ағаш Керманнан алдырылды. Көк түсті тас пен қызыл түсті ақық тас Соғдтан, ал лағыл тас Хорезмнен алдырылды. Қара ағаш Мысырдан, піл сүйегі Үндістаннан алдырылды. Піл сүйегі өңдеуден өткізіліп, баған пішіндес қалыпқа енгізілді. Қабырғаны безендіру Мад пен Фарс халқының жұмысы болды". 

Аулалар мен сарайларға жету жолдары осы ежелгі құрылыстың ең қызықты бөліктерінің бірі болып табылады. Мұнда Ені 6,20 метрді құрайтын салтанатты баспалдақтар салынған. Бұл баспалдақтар басында екі оқшау бөліктен тұрған. Бұл бөліктер бірнеше қадам ілгері жүргеннен кейін қайта қосылады. Бұл баспалдақтар көптеген тас сынықтарынан жасалынбаған, керісінше үлкен біртұтас тастан қашалып жасалған. Бұл сәулетшілердің шеберлігін көрсетеді. Кейбіреулердің пікірінше, бұл үлкен баспалдақ біртіндеп еңістеле түсетін жазықтықпен байланысып жатқан. Әр баспалдақ биіктігінің аласа болуы салт аттылардың жүруіне жайлы болу үшін жасалған. Сарайларды орай салынған баспалдақ қабырғаларының бетіне әртүрлі елдерден әрқандай сыйлық әкелген қонақтардың суреті бедерленген. Басқа бір бөлікте тамақ пен сусын ыдыстары мен үйітілген қой етін ұстаған қызметкерлердің суреттері бедерленген. 

Ирандықтардың Наурыз бен жаңа жыл рәсімдерінің көбісі осы сарайларда өткізіліп отырған. Сондықтан да сарай қабырғалары мен жазба тақташаларынан осы рәсімдердің белгілерін көруге болады. 

Бірақ бұл таңқалдырарлық салтанаттың соңы не болды? Өз құлқынын тойдыруға бой алдырған үкіметтің ақыр соңында азғындыққа салынатындығы анық. Бұл тарихи заңдылық Ахеменидтер әулетін де құрдымға әкетті. Ақыр соңында бөгде адамдар олардың жерін жаулап алып, патша сарайына ие болды. 

Тарих былайша сыр шертеді: Таң сәріде Александр Македонский өзінің атты әскерімен Персеполистің маңына жеткен. Содан соң сарайға шабуыл жасап, Вавилон мен Шуштан ірі қара алдырып, Персеполистің қазына-қорын тасымалдауға бұйрық берген. Мамандардың айтуы бойынша, Персеполис байлығының үлкен бөлігін жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінетін сыйлықтар құраған еді. Олар патша қазынасында сақталынатын болған. Одан кейін Александр Македонский өзінің жеңісін тойлау үшін жиын өткізіп, шарапқа мастанып, думандатқан. Тойдың соңында жанып тұрған шырақтарды перделер мен кілемдерге лақтырған. Осы ақылға сыйымсыз іс арқылы салтанатты ғимаратты отқа орады. Персеполистің сарайлары өртеніп кетті. Оның қазынасы бірнеше мың қашар мен түйеге өңгеріліп, Грекияға жіберілді. Осылайша әлгі керуен жол жүріп кеткеннен кейін, Ахеменидтердің салтанат, билігі де жойылды. Бірақ бұл сарайлардың қалдықтары әлі де сақталып қалды. Мұның өзі оны салушы сәулетшілердің тас қашап, мүсін жасаудағы шеберлігі мен жасампаздығын көрсетеді. 

Айтып өткен әңгімеміз 2500 жыл бұрын тасты пайдаланған сәулет өнері жайлы болды. Бірақ «мұндай архитектуралық тәсіл сол дәуірдегі барлық елдерде қолданыста болды ма?» деген сұрақ туындайды. Сол дәуірлердегі Батыстың ұлы елдері Рим мен Грекия да өзіне тән архитектуралық тәсілдерді пайдаланып, сарайлар салған. Сол дәуірлерден қалған архитектуралық ескерткіштердің қалдықтары өркениеттің сол кезеңдерінде құрылыс салуда тасты пайдалану кеңінен таралғандығын көрсетеді. Бірақ Персеполисте кездесетін тас үлгісі ешбір құрылыста осыншалықты әдемі әрі салтанатты түрде қолданылмаған. Сол дәуірдегі Азияда да Персеполистің салтанатына жетерліктей сарайлар салынбаған. Одан кейінгі дәуірлерде де осындай архитектуралық тәсілмен салынған ғимарат байқалмайды. Қытай сәулет өнерінде көбіне ағаш бағандар қолданылады. Ғимараттар квадрат пішінде шикі кірпіш немесе ағаштан жасалған. Олардың төбесі шатырмен жабылып отырған. Шатыр ретінде сырлы кірпіш, қыш тақташалар пайдаланылған. Төбе төңкерілген қайық немесе кеме іспеттес болды. Ғимараттың ішіне қызыл, күлгін және сары түстерді пайдаланып, табиғаттың немесе айдаһардың суреті салынып отырған. Бұл идеялар көбіне сарайларда көрініс тауып отырды. Бейжіңдегі «Жабық қала» осындай архитектуралық тәсілмен салынған ғимараттар кешенінен тұрады. 

Жапония өз сәулет өнерінде Қытайдың Тан әулеті дәуіріндегі архитектуралық стильден шабыт алды. Қабырға жасауға ағаш тақтайлар, әсіресе балқарағай, шырша мен қарағай ағаштары пайдаланылды. "Шуджи" есімді тұт ағашынан жасалған қағаз ішкі қабырғаларды жабуға пайдаланылды. "Татами" – күріш талшықтарынан тоқылған түксіз кілем. Бұл сәулет стиліндегі басты кеңістік үйдің ортасындағы ошақ болған. Басқа кеңістіктер осы ошақ айналасына салынған. 

Иранда сарайларды безендіру үшін бағандардың басына ілінетін шырақтар пайдаланылған. Ал Жапония сынды елдерде мөлдір қағаз фонарьлар немесе шамдар ғимараттың ішін жарықпен қамтамасыз етіп отырған.