Жел 29, 2019 18:44 Asia/Almaty

Бүгінгі бағдарламада қазіргі Батыс қоғамындағы әлеуметтік түйткіл ретіндегі отбасылық қатігездік жайлы сөз қозғаймыз.

Батыс елдерінде отбасыдағы қатігездік құбылысы жарты ғасырдан аса уақыт бұрын қарастырыла бастады. Генри Кемп 1962 жылы бір мақалада жанұяда соққыға жығылып,  ауруханаға түскен балаларға жүргізген клиникалық бақылауларына тоқталған. Ол бұл мақалада күйіктер, сынықтар мен басқа жарақаттарды сипаттаған. Содан кейін мектептердегі кеңесшілер, дәрігерлер, медбикелер, полиция қызметкерлері, қылмысты тергеушілер, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаушы топтар осы құбылыстың пайда болуына әсер еткен факторларды анықтап, баяндау арқылы заңдарды қатігездік құрбандарының мүддесіне қарай өзгертуге талпыныс жасады.

Содан кейін қатігездіктердің алдын алу шаралары жасалды, бірақ тежегіш заңдардың болуына қарамастан Батыста әлеуметтік түйткіл ретіндегі отбасылық қатігездік құбылысының құрбандары әлі көп. Отбасылық қатігездікке жұбайлар тарапынан немесе  жанұяның басқа мүшелері тарапынан жасалатын қатігездіктің кез келген түрі  жатады. Жұбайын азаптау, балаларды физикалық немесе жыныстық азаптау да отбасылық қатігездік қатарына жатады. Мұндай қатігездік физикалық зорлықпен шектелмейді, экономикалық, психикалық, сөз және жыныстық тұрғыдан да болуы мүмкін.

 

Батыстағы отбасылық қатігездік

Францияда үш күнде бір әйел күйеуі немесе бұрынғы күйеуінің қатігездігі салдарынан көз жұмады. Франция Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 2017 жылы 100-ден аса әйел отбасылық қатігездіктен жан тапсырды. АҚШ-та 2016 жылы күн сайын америкалық әйелдердің төрттен бірі отбасылық қатігездікті бастан өткерген. Ұлыбританияда жарияланған есеңгіретерлік мәлімет бойынша, 2017 жылы 139 әйелді бұл елде өздеріне таныс ер адамдар өлтірген. Олардың бестен екісі шектен шыққан қатігездік салдарынан қаза тапқан деседі. Шектен шыққан қатігездік деп адамды өлімші халге жеткізетін қатігездік аталады.

Батыстың өмір салтын ұстанатын елдерде отбасылық қатігездік статистикасы неге жоғары? Кейбіреулердің пайымдауынша, модернистік өмір жанұядағы еркек, әйел мен балалардың дәстүрлі рөлдерінің бұзылуына себеп болды. Ер адамның жанұядағы шешуші рөлі оның монополиясынан шығарылды. Әйелдердің жанұядан тыс жерде жұмыс істей бастауы олардың пікір білдіру қабілетін арттырды. Қоғам индустрияланып, әйелдер әлеуметтік және экономикалық белсенділіктердің әртүрлі салаларында ер адамдармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алуы салдарынан қоғам мен жанұяда әйелдерге қарсы қатігездік жайттары артты. Бұрын жанұя міндеттерін бөлісуде және жанұя мүшелеріне тыныштық пен қауіпсіз орта тудыруда дәстүрлі рөл атқарған әйелдер енді экономикалық салаларда жұмыс істей бастаған соң өз уақыттарының жартысын жұмыста өткізетін болды. Сондықтан олардың бұрынғыдай үй мен жанұяның істеріне үлгеруге қабілеті де, мұрсаты да болмайды. Үйден тыс жердегі жұмыстан шаршап келу балалар мен күйеудің эмоционалды қажеттіліктеріне көңіл аударылмауына себеп болды. Бұл жанұя мүшелерінің наразылығы мен текетірестің туындауына себеп болды. Ақырында тыныштық ошағы болуы тиіс үй жанжал алаңына айналды.

Феминистік ойлар мен олардың Батыс қоғамында таралуы – әйелдерге жасалатын қатігездіктің басты факторларының бірі. Феминистік көзқараста ер адамның жанұядағы жетекші рөлі қатігездік тудыратын ең маңызды факторлардың бірі деп көрсетуге көп талпыныс жасалуда. Сондықтан жанұядағы қатігездікті бақылаудың жалғыз жолы айбын ошағын бұзып, еркіндік рухы мен индивидуалдық мәдениетті тарату деп аталды. Феминистік ойлар әдетте идеалды жанұя мүшелерінің әрқайсысы өздерінің жеке тілектеріне сәйкес әрекет ететін жанұя деп сипаттайды. Андре Мишель еуропалық жанұяны былайша сипаттайды: "Жеке бастың қажеттіліктерін өтеу және сауық‑сайранда өмір сүру басқаның бәрін шетке ысырады. Қазір еуропалықтар заң шығарушы органдарға жеке өмірлеріне араласып, заң жүзінде қатынас тәсілін белгілеуге рұқсат бергісі келмейді".

 

Батыс қоғамдарындағы феминистік ойлар – жанұяда әйелдерге жасалатын қатігездіктердің басты факторларының бірі

 

Мұндай сипаттама жанұяны келешек ұрпақтарға ақлақтық құндылықтарды, соның ішінде тілеулестік, толеранттық, қанағат, сабыр, эмоционалды тәрбие сіңіретін құнды ошақтан жауапкершілігі төмен адамдар бірге тұратын жатақханаға айналдыратынын білу керек. Индивидуализм мен авторитаризм – модернистік жанұяның тәрбиелік ерекшеліктерінің бірі. Жанұядағы қатынаста осындай тәрбиелік тәсілді таңдаудың нәтижесінде тек өз қара басын ойлайтын адамдар шығады. Соның салдарынан әйелдерге қарсы отбасылық қатігездіктер көбейді. Өйткені олардың ешқайсысы ортақ мүдде үшін өздеріне шектеу қоюды үйренбеген. 

Батыс жанұяларындағы отбасылық қатігездік деңгейінің жоғары болуының себептерінің бірі – жанұя қиындықтарын құқықтық заңдар арқылы шешу. Бір қарағанда Батыста әйелдер заңның қарамағында болғандықтан қатігездікке азырақ ұшырайды деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ Батыс елдерінде жарияланған статистикалық мәліметтерге жалпы шолу жасағанда ондай емес екенін көруге болады. Батыста әйелдердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін нәрсе – отбасылық қатігездік, жұмыс кеңсесінде жыныстық қорлық көру және жөнсіз тиісу. Шын мәнінде әйелдерге қатысты қабылданған заңдардың тиімсіздігі көрсеткендей, ықпалдырақ факторлар да жанұяларда қатігездік болуына жағдай жасайды. Әйелдерді қолдау үшін бекітілген заңдардың өзі қатігездікті арттыратын жасырын факторлардың бірі.

Бүгінде Батыс жанұясында отбасы саласындағы заңдар ақлақтық құндылықтардың орнын алмастырады. Үй жеке кеңістік болғандықтан, онда қатігездіктің әралуан түрінің болу мүмкіндігін растау қиындай түседі. Сондықтан жанұя мүшелерін, әсіресе әйелдер мен балаларды қолдау туралы бекітілген заңдар тиімсіз болды. Керісінше, статистикалық мәліметтерге сәйкес, уақыт өте келе қатігездіктер арта түскен. Өйткені бұдан бұрын Италияда әйелдерге қарсы қатігездік артқаннан кейін бұл елде қатігездік жасаушыларға жазаны арттыру туралы жаңа заң бекітілді. "Әйелдерге қатысты қатігездікке қарсы заң" атты қауымдастық мүшесі Марчела Пируна осы жайлы былай дейді: "Өкінішке орай, Италияда әйелдерді өлтіру және оларға қарсы қатігездік артып барады. 2000 жылдан бері 3100 әйел өз күйеуі немесе өмірлік серігінің қолынан қаза тапқан. Жаңа заң қатігездіктердің азаюына көмектеседі деп үміттенеміз".

 

Батыстағы құқықтық кемсітушілік

 

Әйелдерді қорғауға қатысты әртүрлі заңдарды бекітуде ұмытылған нәрсе мынау: үй мен жанұядағы заңдар мейірім мен махаббатқа негізделген, ол құрғақ құқықтық ережелерді қабылдамайды. Үй – тыныштық пен шаттық ошағы, жұптар бір‑бірін құрметтейтін жер. Батыс елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде жанұялар үшін қажет нәрсе – жанұя мүшелерінің қарым‑қатынасында ақлақтың басты рөлі, тараптардың бір‑бірінің алдында жауапкершілік алуы. Мәдени өзгерістер ақлақтық негізде ілгерілетілмесе, құқықтық реформалар түйткілдерді шеше алмайды.

Жанұяның саулығы мүшелер арасындағы тиімді қарым‑қатынас пен тыныштыққа байланысты. Жанұя – балалардың мінез‑құлқы мен психикасын тәрбиелейтін жер; олардың рухани және қаржылай қамтамасыз етілетін ең үлкен демеушісі. Егер жанұя лайықты әрекет етпесе, үй балалар үшін тынышсыз жерге айналады. Қатігездік көретін жанұяларда барлығы оның теріс әсеріне ұшырайды, бірақ балалар басқалардан көбірек зиян шегеді. Жыныстық қатігездік – жанұяның қауіпсіздігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайлардың бірі. 2018 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша, Германияда 14 мыңнан аса бала жыныстық зорлық көрген. Жүзден аса бала жанұядағы қатігездік салдарынан қаза тапқан. Сонымен қатар, балаларға нашар қатынас көрсету, соның ішінде ұрып‑соғу мен ыстық затпен күйдіру сияқты 4 мыңнан аса жағдай тіркелген. Германияның қылмыстық істер басқармасының басшысы: «Бұл статистика хабар берілген жайттар туралы ғана. Алайда жақындар мен таныстар балаларға жыныстық әлімжеттік жасаса да, ұят немесе ішкі тартыстар салдарынан арыз жазылмаған жайттар көп»,‑деді.

Independent газеті интернет сайтының хабарлауы бойынша, 250 мыңға жуық бала қазір Ұлыбританияда отбасылық қатігездіктерге ұшырайды. NSPCC қайырымдылық институтының болжамынша, Ұлыбританиядағы 18 жасқа толмаған  балалардың 14 пайыздан астамы өз өмірлерінде отбасылық қатігездікке ұшырайды. АҚШ‑тағы жыныстық әлімжеттік пен күрес агенттігіне қарасты RAINN ұйымының статистикалық мағлұматтарына сәйкес, бұл елдегі жыныстық әлімжеттіктің 70 пайызы таныс адам тарапынан жасалған, бұл адамдардың 35 пайызға жуығы жанұя мүшелері болып шыққан. Басқа сөзбен айтқанда, АҚШ‑та балалар мен жасөспірімдерге қатысты жыныстық әлімжеттіктің үштен бірінен астамы жанұя мүшелерінің құрбанына айналады.

Ойландыратын нәрсе мынада: өздерін адам құқығы, әсіресе балалар мен әйелдердің құқықтарын сақтауда алғы шептеміз деп санайтын және мұны әлемдегі басқа елдерді қыспаққа алып, саяси мақсаттарына жету үшін қысым тетігі ретінде қолданатын елдердің өздері сенбейтің жағдайда осы әлеуметтік ауру мен түйткілге душар болып отыр.