Сәу 13, 2016 18:05 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (45)

Тарих бойында Иран қалаларының іші мен сыртында берік ғимараттар мен үкіметтік қамалдар салынған. Көптеген қамалдардың үйінділері бізге дейін жетіп отыр. Қамалдар соғыс кезінде пайдаланылған. Жау шабу қатері төніп тұрған кезде халық осы қамалдарды паналаған.

Әдетте қамал ішінде бірнеше айға жететін азық-түлік жинақталатын болған. Мұнымен қоса, ғимараттарды сақтау және қамалдың беріктігін арттыру үшін оның әртүрлі қырларына мұнара салып отырған.

Иранда баспана салына бастаған жылдарға тиесілі үйінділер мен қорғаныс қабырғалары әлі де сақталып қалған. Әрине, олардың пішіні шабуылдаушы-қорғаныс қаруларының даму деңгейіне байланысты дамытылып отырды. Б.з.д. және біздің заманымыздың алғашқы жылдарында әдетте берік құрылыстар салу қамал немесе ауыл маңындағы қажеттілік пен сол аймақтағы табиғи жағдайға байланысты болған. Бүкіл дәуірлерде қамалдар ең алыс және ең биік жерлерге салынып отырған. Сондықтан оларға жету таудың тік жарлы болып келуіне байланысты өте қиын болған. Осылайша қорғаушылар аймақты толықтай өз бақылауында ұстап тұрған. 

Иран сәулет өнері тарихында қамал салуда белгілі бір стильді көруге болады. Б.з.д. бірінші мыңжылдықта ирандық ауылдарды айнала дуал да салынып отырған. Бірақ кейіннен дуал салу ұмытылып, оның орнына қамал салу рәсімге айналды. 

Аламут қамалы – Иранның ең атақты қамалы. Бұл қамал тау басына салынған. Оның айналасында кең орлар мен таңқалдырарлық жарықтар бар. Оның айналасындағы таулар мен жартастар қызыл және сұр түсті. Аламут қамалына жетудің жалғыз жолы – оның солтүстік жағындағы өте тар жол. 

Аламут қамалы Гарзхан ауылының солтүстік-шығысында биіктігі теңіз деңгейінен 2100 метр болатын таудың басына салынған. Бұл қала Қазвин қаласына қарасты Рудбар Аламут ауданына жатады. 

"Аламут" есімі Иран тарихында "исмаилиттер" ағымына байланыстырып айтылады. Осы ағымның жетекшісі Хасан Саббах Аламут қамалын өз билігі мен исмаилиттер ағымын тарату орталығы ретінде пайдаланды. Тарихи қолжазбаларда Аламут қамалы зындан деп те аталған. Бірақ археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесі бойынша, әртүрлі тарихи дәуірлерде онда әлеуметтік сатысы жоғары адамдар өмір сүрген. 

Рудбар ауданының тұрғындары Аламут қамалын "Хасан қамалы" деп атайды. Бұл қамал екі бөліктен тұрады. Оның батыс жағы биігірек салынған және "үлкен қамал" деп аталады. Биіктігі төмен қамалдың шығыс жағы "кіші қамал" делінеді. Қамалдың ұзындығы шамамен 120 метр, ал ені 10-34 метр аралығында өзгеріп тұрады. Қамал қабырғалары тас пен алебастр қоспасынан жасалған. Қамалдың оңтүстік бөлігінде жартастың ішіне бір бөлме ойылып салынған. Онда күзетші өмір сүретін болған. Қамалдың басқа бір бөлігінде тас хауыз орналасқан. Бұл хауызды судан босатқан сайын, ол біртіндеп өздігінен қайта суға толады. Су не жерасты сулардан немесе құбыр арқылы қамтамасыз етіліп отырған. Аламут қамалының таң қалдыратын ерекшеліктерінің бірі – оның күрделі су жүйесі. "Колдор" бұлағы таудың солтүстік етегінде орналасқан. Сол жерден қыш және сырлы кірпіштен жасалған құбыр арқылы су қамал ішіне жеткізіліп отырған. Қамал тұрғындарының күнделікті суы осы құбыр жүйесі арқылы жылдар бойы қамтамасыз етіліп келген. Қатты суық пен өзен суының қатып қалу ықтималдығы мол қыс мезгілінде де суды тас хауыздарда сақтап отырған. 

Қамал құрылысында пайдаланылған кірпіштер төртбұрышты, ал оның әрбір қырының ұзындығы 21 см. Кірпіштің қалыңдығы 5 см. Бұл кірпіштер қамалдың сыртқы сипатын безендіру үшін пайдаланылған. Қабырға салуда құрылыстың беріктігін арттыру үшін ағаш орам пайдаланылған. Кейбір бөліктерде әдемілік үшін сырлы кірпіштер жабыстырылған. Олардың қалдықтары әлі күнге дейін сақталып қалған. Мысалы көгілдір түсті бір сырлы кірпіштің сынығы табылды. Оның бетіне адамның бет-әлпеті салынған. 

Аламут қамалы жайлы қызық нәрселердің бірі ретінде оның жерасты бөлігінде биіктігі 2 метр туннельдің болуын айтуға болады. Қамалдың оңтүстік мұнарасы мен солтүстік мұнарасы осы туннель арқылы бір-бірімен жалғасып жатыр. Сондай-ақ бұл қамалда үлкен кітапхана болған. Онда әртүрлі тілдердегі бірнеше мың том кітап болған. 

Атақты тарихшы әрі географ Хамдулла Мастуфи аталмыш қамал жайлы: "Х.қ.ж.с.б. 246 жылы (860 жылы) салынған. Хасан Саббах х.қ.ж.с.б. 486 жылы (1093 жылы) оны жаулап алған. Аламут қамалы х.қ.ж.с.б. 654 жылы шаввал айында (1256 жылы) моңғолдық Хулагу ханның бұйрығымен отқа оранды. Содан кейін Сефевидтер заманында қайта жөндеуден өткізілді. Бүгінде оның қалдықтары сақталып қалған",-деген. 

Ирандық тарихшы Атамалек Жувейни Аламут қамалы салынған тауды тізе бүгіп, шөгіп жатқан түйеге теңеген. Мынадай аңыз қалған: Дейлам билеушілерінің бірі аңшылық кезінде бүркіт ұшырыпты. Бүркіт осы биік жартастың басына барып қоныпты. Кейіннен осы жартастың үстіне қамал салынған екен. 

Хасан Саббах өмірі мен тұлғасының ерекшелігі Аламут қамалымен тығыз байланысты болғандықтан, осы қамалдың атын естіген әрбір адам өз еркінен тыс Хасан Саббахты есіне алады. Бүгінгі бағдарламада Хасан Саббахтың өміріне тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. 

Хасан Саббах 11 ғасырдың екінші жартысы мен 12 ғасырдың бірінші жартысында Селжұқтар заманында тоқсан жылдай өмір сүрген. Оның діні мен оны жақтаушылар исмаилиттер болған. Бұл – Ислам дінінің бір ағымы. Аталмыш ағымның билік орталығы Мысырда болған. Фатеми халифтері осы ағымды өз елінде ресми діни ағым деп жариялаған. 

Хасан Саббах Рей қаласында туған. Ұзақ жылдар бойы Нишапур қаласы мен Мысыр елінде білім алып, исмаилиттік ағымға бет бұрған. Ол Иранға қайтып келгеннен кейін отты әрі өтімді тілімен өзіне жақтастар жинап алды. Ол Аламут аймағына шабуыл жасап, қамалды басып алды. Содан кейін Иранның түкпір-түкпіріндегі көптеген қамалдарды басып алды. Хасан Саббах лаңкестік әрекет арқылы өз қарсыластарының көзін жойып отырған. Оның жақтастарының қолынан қаза тапқан адамдардың қатарына ирандық уәзір әрі данышпан қажы Низам әл-Мүлкті атауға болады. Бұл ағымның белсенділігі 90 жылға жуық уақытқа созылды. Хасан Саббахтың мұрагерлері де оның әдісін асқан қатігездікпен жалғастырды. Олар Хулагу ханның бұйрығымен жойылды. 

Хасан Саббахтың өмірбаяны тарихи тұрғыдан бір-біріне қайшы келетін аңыз-әңгімелерге толы. Кейбіреулер оны еретик деп есептейді, басқалар оны тура жолдан тайған мұсылман деп санайды. 

Хасан Саббах жаңа дінді таратып, Аббасидтік халифтер мен Селжұқ билеушілерімен жауласқандықтан, Иранда оның қарсыластары көп болған. Оны жақтаушылардың әрекеттері қоғамда көптеген қақтығыс-тартыстардың орын алуына себеп болды. Осы тұрғыдан Хасан Саббах қамалда оқшау өмір сүріп, одан шықпауға мәжбүр болған. 

Исмаилиттер Аламут қамалында жеткілікті түрде сумен қамтамасыз етіліп отырған. Олар өздерін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін егін шаруашылығымен айналысқан. Сондықтан да бұл ағым ұзақ жылдар бойы осы қамалда аман-есен өмір сүрген. Бірақ ақыр соңында ішкі іріп-шіру мен сыртқы қарсылықтарға шыдай алмай, құлдырады. 

Иран әдебиеті мен поэзиясының жарқын тұлғасы Мұхаммад Хұсейн Шахриярдан қалған ескерткіш – Ұстаз Шахриярдың әдеби мұражайы. Ол Табриз қаласының ескі бөлігінің Мақсудие махаллесінде орналасқан. Бұл мұражай архитектуралық жоба жағынан ешқандай ерекшелігі болмаса да, рухани тұрғыдан Иран әдебиеті тарихында құнды мекен болып саналады. Өйткені жылдар бойы ұстаз Шахриярдың өмір сүріп, еңбек еткен орны болған. Аталмыш үй ұстаз Шахрияр қайтыс болғаннан кейінгі жылдары Табриз әкімшілігі тарапынан сатылып алынып, қазір де осы ұйым бақылауымен басқарылып отыр. Ұстаз Шахриярдың үйі 250 метрден астам іргестас үстіне екі қабат етіп салынған. Бұл мұражайда ұстаз Шахриярға тиесілі 500-ден астам ескерткіш, соның ішінде кітаптар, өз қолымен жазылған көптеген еңбектері мен өлең парақтары мен дәптерлері, «насх» жазуымен жазылған Құран кітабы, әралуан сыйлықтар мен сувенирлер, осы ойшыл ақынның жеке киімдері мен фотоальбомдары көрмеге қойылған.