Сәу 13, 2016 18:30 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (49)

Қаладан әртүрлі ғимараттар, кеңістіктер, тұрғын үйлер, жолдар мен көпірлер кешенін көруге болады. Қалалық ғимараттар мен кешендердің әрқайсысының өзіне тән қолданыс аясы бар. Сонымен қатар, бұл кешендер бір-бірімен тығыз байланысты.

Әртүрлі факторлар, атап айтқанда, құрылыс материалының түрлері, техникалық мүмкіндіктер, өмір сүру тәсілі, сондай-ақ сол замандағы халықтың мәдениеті мен тұрмыстық қажеттіліктері – осының барлығы бір тарихи дәуірдегі сәулет өнерінің қалыптасуында айшықты рөл атқарады. Сондықтан да тарихи ғимараттарда әрбір дәуірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік қарым-қатынастары көрініс тапқан.

Адамдар асуы қиын таулар мен кең байтақ сахараларды кесіп өту үшін жол салуды қажетсінген уақыттан бастап, осы жолда туындайтын кедергілерді жоюды ойластырған. Алдымен жеңіл жүктерді өзі арқалап, тасымалдаған. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін оны жануарларға артатын болған. Уақыт өтіп, дөңгелек пайда болғаннан кейін, жолдарды дамытып, басқа елдерге шығу қажеттілігін сезінді. Тау жарып, туннель мен көпір салу адам баласының табиғи кедергілерді жою үшін жасаған шараларының бірі болды. Басында адамдар ағаштың қалың діңі мен бұтақтарын пайдалану арқылы кішкене арықтар мен өзендердің үстіне көпір салған. Бірақ бұл көпірлер аса берік болмады. Сол себепті біртіндеп көпір салу тәсілі сәулет өнері әлеміне енді. Бүгінде ғылым дамып, жаңа технологиялар пайда болғаннан кейін, бетон мен металл, сондай-ақ әртүрлі үлкен әрі мықты конструкцияларды пайдаланып, ағысы қатты өзендер, терең сайлар мен қала ішінде үлкен де берік көпірлер салынуда. 

Көпір – бір қоғамның немесе бірнеше қоғамның адамдарын өзара байланыстыруға қажетті адамзат сәулет өнерінің айшықты туындыларының бірі. Оның тарихы жол салу тарихымен қатарлас басталды. Көпір - өзен, сай, шатқалдар мен басқа да табиғи кедергілерден өту үшін жасалатын өткел. Таяу Шығыс пен Қытайда тас көпірлер салу тарихы б.з.д. дәуірлерден басталады. Археологиялық зерттеулер Иранда үлкенді-кішілі көпірлер салудың өте кең таралғандығын көрсетеді. Фердоуси сынды ақындардың шығармаларында, сондай-ақ, тарихи-географиялық еңбектерде көпір және оның адам өміріндегі орны, сондай-ақ дұшпандарды жеңудегі рөлі баяндалған. Мұның өзі ирандықтардың көпір салудың әртүрлі тәсілдерін жақсы білгендігін көрсетеді. Бізге жеткен Иранның доға пішіндес ең ежелгі көпірі б.з.д. 8 ғасырда Иранның солтүстігіндегі Аракс өзенінің үстіне салынған. Үлкен тастардан жасалған осы көпірдің бір бағаны әлі күнге дейін аталмыш өзенің жағасында сақталып қалған. 

Хақамани әулеті заманында да Иранда доға пішіндес көпірлер салынатын. Мұндай көпірдің үлгісін Пасаргадтан көруге болады. Осындай көпірлердің бірінің ені 16 метр болған. Ол тастан жасалған 3 қатар бағанның үстіне салынған. «Үлкен жол» мен Ұлы Жібек жолы Иранның әртүрлі бөліктерін бір-біріне байланыстырып тұрған. Осы арада көпір салу ерекше маңыздылыққа ие еді. Грек тарихшысы Геродот Хақамани патшасы Куруштың Вавилонды жаулап алуы және Гинтес қазіргі Диале өзенінен өтуін сипаттай келіп: «Патша Гинтес өзеніне жеткен кезде, аттардың бірі суға батып кетті. Бұл Куруштың ашу-ызасын тудырды. Ол сол жерде адам аяғын суламастан өзеннен өте алатындай шара ойластырамын деп ант етті. Оның бұйрығымен, көптеген арықтар қазылып, өзен суы сол арықтарға ағызылыпты. Содан соң оның үстіне көпір салыныпты. Келесі жылы көктемде Куруш әскері Вавилонға қарай жол тартты»,-деп жазды. 

Осы тарихшы, сондай-ақ, Персеполиске жақын жердегі Аракс өзенінің үстіне салынған көпірлер жайлы да сөз еткен. 

Ежелгі Иранда көпір мен бөгет сынды құрылыстар өзендердің үстіне салынатын болған. Олардың белгілерін Сиванд, Ясудж және Луристан облысынан көруге болады. Көпір іргетасын салуда әк қоспасын пайдаланудың осы құрылыс беріктігінің арта түсуіне себеп болғандығы анық. Ирандықтар б.з.д. 1 мыңжылдықта әкті құрылыста пайдаланған. Бұл зат әлі күнге дейін әлемдегі цемент жасау өнеркәсібінің анасы болып саналады. Археологтардың пайымдауынша, киіз үйде тұратын көшпелі халықтар өздерінің қоныстарында әк тасты ошақ жасауға пайдаланған. Содан соң жаңбырдың әсерінен от маңындағы әк тастар сумен араласып, тотығып, алебастр қоспасына айналған. Киіз үйде тұратын көшпелілер әк тастың беріктігіне көзі жеткеннен кейін, бұл материал Иранның сәулет өнерінде пайдалана бастады. Әкті пайдалану біртіндеп Ираннан Рим, Грекия мен Еуропаға, тіпті Қытайға да таралды. 

Иранда әкті пайдаланудың үш мыңжылдық тарихы бар. Оның белгілері Теһранның батысындағы зираттан табылды. Мианедегі «Қыз көпірі» мен Хоррамабад-Андимашк жолындағы «Қыз көпірі» әк қоспасынан жасалған көпірлер қатарына жатады. Олардың 2500 жылдан астам тарихы бар. 

Сасанилер дәуірінде де көпір салу дами түсті. Жалпы алғанда бұл көпірлер Иранның оңтүстік және батыс бөлігінде салынған. Загрос тауларының етегінде суы мол сарқыраған өзендердің көп болуы және осы аймақтың саяси, сауда-саттық тұрғысынан маңызды болуы оның әртүрлі бөліктерінде көпірлердің салынуына себеп болды. 

Иранның батысындағы Керманшахқа жақын жерде «Хосроу көпірі» деген атпен әйгілі үлкен көпірдің іргетасы бар. Араб ақыны әрі саяхатшысы Абу Далаф х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда өз сапарнамасында осы көпірге тоқталып өткен. Ол: «Тисфун-Хамадан сауда жолы бойында Бистун тауына жақын жерде Сасани әулеті дәуіріне жататын Хосроу көпірін көрдім»,-деп жазған. Бұл көпірдің ұсындығы 153 метр, ені 4 метр еді. Көпірдің 9 тұғыры бар. Бұл тұғырлар алты бұрышты пішінде тастан қашалып жасалған. Тастардың арасы алебастр қоспасы және қиыршық тастармен толтырылған. Соңғы жылдары көпірдің осы тұғырының үстіне жаяу жүргіншіге арналған темір көпір салынды. 

Кейбір зерттеушілер Аракс өзінінің үстіне салынған «Хода аффарин» деген атпен әйгілі ежелгі көпірді Ислам дәуіріндегі ең алғашқы үлкен көпір деп санайды. Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдағы тарихшы әрі географ Хамдулла Мастуфи Қазвини аталмыш көпірдің салынған уақытын х.қ.ж.с-ның 25-ші жылы деп көрсеткен. 

Исламның Иранға енген алғашқы онжылдықтарында Фарат өзенінің үстіне уақытша көпірлер салынған. Кейіннен олардан еш белгі қалмады. Тек тарихи еңбектерде ғана аттары аталынды. Ең қызығы, аталмыш көпірлердің барлығы бұрынғы тұғыр үстіне салынып, бірақ уақыт өте келе қирап қалып отырған. Біраз уақыт өткеннен кейін сәулетшілер солардың жанына берік әрі мықты көпірлер салды. Х.қ.ж.с-ның алғашқы ғасырларында Үлкен Хорасан мен Мавераннахрда көпір мен жол салуға ерекше көңіл бөлінді. Ирандық сәулетшілердің қолымен Амудария (Джейхун) мен Сырдария (Сейхунның) өзендерінің үстіне көптеген көпірлер салынды. 

Х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда Иран мәдениеті мен өркениетінде ұлы өзгерістер болды. Сәулет өнері де айтарлықтай дамыды. Бұл дәуірде Иранның барлық жерінде берік әрі әдемі көпірлер салынды. Сөзімізге дәлел ретінде Карун өзенінің үстіне салынған «Һендуван» мен «Изәдж» көпірлерін, Хирмәнд өзенінің үстіне салынған «Хирмәнд» және «Фаре» көпірлерін және Луристандағы Кашкан өзенінің үстіне салынған «Кашкан» көпірін атауға болады. 

Ұзындығы 300 метр, 11 тұғырлы «Кашкан» көпірі – Ирандағы көпір құрылысы саласындағы құнды ескерткіштердің бірі. Бұл көпірдің тұғырларын салу үшін үлкен қашалған тастар қолданылған. Оның 12 саңылауынан су ағып өтеді. Көпірдің өзен астына дейінгі биіктігі 17 метр, оның жанында куфа жазуымен жазылған тақташа орнатылған. Онда көпірдің салынған уақыты ойылып жазылған. «Кашкан» көпірі х.қ.ж.с.б. 388-398 жылдар аралығында салынды. Осы көпірдің жанында Сасани дәуіріне тиесілі екі көпірдің қалдықтарын көруге болады. Бұл қалдықтардың Кашкан көпірімен салыстырғанда айтарлықтай құндылығы жоқ.