Сәу 13, 2016 18:44 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (54)

Өткен ғасырларда монша салу табыс табу үшін жасалмаған. Бұл ізгілікті іс діни сенім мен ақлақтық негізден бастау алып отырған. Бай әрі қайырымды адамдар ақыреттік сыйлыққа деген сенім-иманмен және өздерінен кейін жақсы ат қалу үшін монша салуға тырысқан.

Қоғамдық орындар салу қоғамдағы көптеген қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. Оған әртүрлі қоғамдық ғимараттар, атап айтқанда, мешіт, медресе, монша мен су қоймасы жатады. Әдетте осы құрылыстар салынып біткеннен кейін жалпы халыққа тиесілі болып саналған. Бұрындары қайырымды адамдар, кейде кейбір мемлекеттік қайраткерлер осы жолда іс атқаратын болған. Осындай ескерткіштердің кейбіреулері бүгінге дейін сақталып қалған. Исфхандағы Шейх Бахаи мен Шах Аббастың моншасы, Шираз қаласындағы Уәкіл, Кермандағы Ганджәлихан, Кашандағы Хадже Эмад, Құм қаласындағы Атабек сияқты моншалар осындай ескерткіштердің қатарына жатады. "Шейх Бахаи" деген атпен аты шыққан Баха ад Дин Мұхаммад бен Хұсейн Амели – х.қ.ж.с.б. 10-11 ғасырларда (16-17 ғасырларда) өмір сүрген атақты ғалым. Оның философия, логика және математика саласында терең білімі болған. Сондай ақ, ол әдебиет пен поэзияда да құнды еңбектер жазып қалдырған. Ол шамамен 95 трактат пен кітап жазған. Көптеген шәкірттер Шейх Бахаидан ілім үйренген. Тіпті Сафави заманындағы кейбір атақты ғимараттардың жобасын Шейх Бахаи жасаған. Исфаханға барып тұрып Шейх Бахаидің моншасын көрмеген адам кемде кем. Бұл моншада су бір шамның қызуымен жылынады. Оның архитектуралық құрылысы мен инженерлік істері математикалық техникалар негізінде салынғандықтан таңқаларлық ескерткіштердің қатарына жатады. Бұл монша х.қ.ж.с.б. 1065 жылы (1654 жылы) салынған. Моншаның суы үлкен мешіттің канализациясында пайда болатын метан газымен жылынатын. Сондай ақ, моншаның жанындағы өсімдік майын шығаратын зауыт майының тамшылап ағуына байланысты шам өшпей, жанып тұратын болған. Бұл зауытта әртүрлі май тамшыларынан май өндірілетін. Сонда белгілі бір ыдысқа тамып тұрған азғантай май моншаны су жылытуға қажетті отынмен қамтамасыз етіп отырған. Ирандық зерттеуші Әлиасқар Борханд жылдар бойы осы моншаның жылыту жүйесі жайлы зерттеу жүргізе келіп, былай дейді: "Алтынның жылу тасымалдауда жоғары қабілетке ие болуына байланысты, ол моншаның су қоймасында пайдаланылған. Сол себепті төменгі температурада көп қуат өндіріліп, су қоймасындағы су жылытылып отырған", дейді. Ол: "Суық су бір құбыр арқылы су жылытқыштан өтетін болған және оның ішінен өткеннен кейін шамның қызуымен жылынып пайдалануға дайын болған»,-деп сөзін жалғады. Иранның тағы бір тарихи моншаларының бірі – Йезд облысындағы Мәһриз қаласының "Меһрпадин" моншасы. Мәһриз қаласының тарихы тереңде жатыр. Тарихи еңбектерде Сасанилер дәуірінде абадтандырылған жер болған деп жазылған. Бұл қаланың тарихи ғимараттарына үлкен мешіт, қамал, монша, су қоймасы, базар және әдемі желтартқыштар мен нұртүсіргіштермен безендірілген шикі кірпіштен жасалған бірнеше ескі үй жатады. "Меһрпадин" моншасы үлкен мешіттің жанында орналасқан. Бұл моншаның ішкі және сыртқы кеңістігі жобалау тұрғысынан өте қызық әрі көңіл аударуға тұрарлық. Оның қазіргі ғимараты Қаджарлар дәуіріне тиесілі. Бірақ тарихи деректерде оның алғашқы құрылысы үш жүз жыл бұрын салынған. Бұл монша әйелдер мен еркектерге арналған екі бөліктен тұрады. Оның үлкенірек әрі әдемірек бөлігі әйелдерге арналған. Моншаның кіреберіс есігі ағаштан жасалған. Бір баспалдақ арқылы оның ішіне кіруге болады. Киім шешетін жер «сәрбинеде» көптеген бұрыштар мен аркалар бар. Оның ортасында сегіз бұрышты күйдірілген кірпіштен жасалған 1 метрлік хауыз бар. Төбе күмбезбен жабылған. Айналасындағы нұртүсіргіш саңылаулар моншаның ішін жарықпен қамтамасыз етіп отырады. Киім шешетін жердің айналасында тас орындықтар орналасқан. Оның астында адамдардың аяқ киімдерін қоюға арналған ойықтар жасалынған. "Мәһпадин" моншасының ішкі кеңістігінде де кішкене хауыздар мен әдемі жобамен жасалған бағандар көзге түседі. Моншаны салуға пайдаланылған құрылыс материалы – күйдірілген кірпіш. Әртүрлі көлемдегі кірпіштерді көркемдеп қалау әдемілік тудырудағы сәулетшінің талғамын көрсетеді. Бүгінде жөндеушілер "Меһрпадин" моншасының архитектуралық жобасын бүгінгі талғаммен байланыстырып, әртүрлі түсті және көлемді кірпіштерді қайта жөндеуде қолдануға тырысуда. Моншаның көп бөлігі, мысалы, есігі немесе тіпті киім шешетін жері мен хауыздарының пішіндері сегіз бұрышты. Бұл моншаның архитектуралық құрылысындағы тәртіп пен үйлесімділікті арттыра түсті. "Меһрпадин" моншасына қажетті су осы аттас қаннат – жер асты құбырындағы судан алынады. "Меһрпадин" сөзі "меһр" және "пад" деген екі сөзден құралған. Ол "күн жері" деген мағынаны білдіреді. Зендтер дәуірінің атақты ғимараттарының бірі – Уәкіл моншасы. Ол Кәрімхан Зендтің бұйрығымен Шираз қаласында Уәкіл мешітінің оңтүстігінде салынған. Кәрімхан өзін "Халық уәкілі" деп атаған. Сондықтан да осы жер Уәкіл мешіті деп аталды. Оның билігі кезінде Ширазда үкіметтік және салтанатты ғимараттармен қоса, көптеген қоғамдық орындар салынды. Олардың ең әйгілісі – Уәкіл кешені. Осы кешенің маңызды бөліктерінің бірі – Уәкіл моншасы. Оның ауданы 11 шаршы метр. Ол х.қ.ж.с.б. 1187 жылы (1773 жылы) салынған. Дамыған архитектуралық принциптер негізінде салынған монша бір біріне қатысты 4 бөліктен тұрады. Уәкіл моншасы теңдессіз әшекейлермен безендірілген. Бүгінде монша Шираз қаласының тарихи ескерткіштерінің бірі ретінде қорғауға алынған. Моншаның кіреберісінде әдемі дәліз - «хешти» салынған. Оның төбесі алебастр жапсырмалармен безендірілген. Моншаның осы бөлігіндегі төбе мен қабырғалардағы әк жамылғысы тура сол заманнан қалған. Гүлдер мен гүлдандар сияқты табиғаттан үлгі алып салынған жобалар монша ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Нұртүсіргіш - "Хур нур" немесе "джамхане" моншаның төбесіне салынған. Ол осы бөлікті жарықпен қамтамасыз етеді. Моншаның киім шешетін жерінде мәрмәр көптеп пайдаланылған. Тастардан адамдардың пайдалануы үшін орындықтар жасалған. Сондай ақ Уәкіл мешітінің киім шешетін жерінің әртүрлі бөліктерінде тастан төрт хауыз салынған. Бұл моншаның бағандары күкірті бар берік әрі біртұтас тастан жасалған. Оның күмбезі де іш жағынан әдемі нақыштармен безендірілген. Уәкіл моншасының еденінде берік болу үшін бірнеше қабат кірпіш пен сарудж қоспасы төселген. Уәкіл моншасының ыстық үйі – «гармабесі» үш бөліктен тұрады: бұлау бөлмесі, суық су бөлмесі және жылы су бөлмесі. Әр адам өз қалауы бойынша осы бөліктерді қолданатын болған. Осы бөлмелердің әрқайсысының астында монша еденін жылытуға арналған каналдар (құбырлар) салынған. Онда не ыстық су ағатын, немесе ыстық ауа соғатын болған. Олардың жанында лас ауаны немесе артық ыстық буды шығаратын құбыр да салынған. Соңғы жылдары бұл моншаның бір бөлігі «зурхана» – дәстүрлі спорт түрімен айналысатын орталыққа айналдырылды. Кейіннен бұл жер археологтардың қарауына берілді. Уәкіл моншасы ұлттық мұра тізіміне енгізілгеннен кейін жөндеуден өткізіліп, отандық және шетелдік туристер тамашалайтын орынға айналдырылды. Онда Шираз қол өнер шеберлерінің туындылары жұрт назарына ұсынылады. Бұл моншаның бір бөлігі архитектуралық құрылысы мен безендіру тұрғысынан өте әдемі. Сондықтан арнайы адамдардың қолдануына берілген. Бұл бөлікті салуда қолданылған құрылыс материалдарының сапасы оның басқа бөліктеріне қарағанда азырақ бұзылуына себеп болды.