Сәу 13, 2016 19:04 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (57)

Ислам дініне бет бұрған әрбір тайпа мен ұлт Алланың бірлігі мен хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) жолдауының хақтығына кәулік етіп отырған. Халықтар Ислам дініне енгеннен кейін ғибадат ететін орындар салуға қажеттілік туындады.

Шаханшах жүйесінің зорлық-зомбылығы, кемсітушілігі мен азғындығынан шаршаған ирандықтар да қысқа уақыт ішінде Исламның пәк рәсімдерін қабылдап, жаңа өмір бастады. Америкалық ирантанушы Артур Поп осы жайлы: "Ислам діні өзінің адамдық-халықтық сипатымен халық арасында ерекше қызығушылық тудырды. Қарапайым ұрандар бұрынғы тенденциялардың, кейде тіпті күрделі діни иерархиялардың орнын басты. Ислам барлық адамды бауыр деп біліп, қарапайым адамға жаңа сипат пен қадір-қасиет сыйлады", -дейді. Ол: "Ирандықтардың мұсылман дінін қабылдауы осы халықтың өнері, сәулет өнері мен мәдениетіне ерекше әсер етті. Ислам келгеннен кейінгі Иранның жаңа сәулет өнері мешіт, медресе, хұсейние, текие, тіпті тұрғын үйлер сияқты ғимараттарда көптеп көрініс тауып, жаңа стильдер пайда болды", -деп қосты. Тарихи деректерде келтірілгендей, хиджра жыл санауының алғашқы ғасырларында Иранның түкпір-түкпірінде мешіт салу кең таралып, ауылдар мен қалаларда Құдайға ғибадат ететін орындар салынды. Ирандағы ең ежелгі мешіт хиджра жыл санауының алғашқы ғасырының алғашқы онжылдығында салынған. Оның қалдықтары әлі күнге дейін сақталып қалған. Иранда мұхаррам айы мен Ашура күндерінің діни рәсімдері өткізілетін текиелер де діни орындардың қатарына жатады. Әрине «текие» басында кәсіподақ жиындарын немесе тағы басқа кейбір рәсімдерді өткізу мақсатында салынды, бірақ Сефевилер дәуірінен бастап оның қолданыс аясы өзгеріп, діни жоқтаулар мен аза тұту рәсімдерін өткізетін орынға айналды. Бұл өзгеріс алдымен Иранның Кашан және Қазвин сынды орталық аймақтарындағы қалаларында басталып, содан кейін басқа қалалардағы «текиелерде» де осындай өзгерістер орын алды. Қаджарлар дәуірінде "тәзие"-діни жоқтау рәсімдері кең таралған кезде «текиелер» "тәзие" көріністерін өткізетін орынға айналды. "Амир Чахмақ" – Иранның орталық бөлігінде орналасқан Йезд қаласындағы осы елдің ең көрнекті тарихи кешенінің бірі. Ол қаланың ескі бөлігінде орналасқан. Қаланың негізгі төрт көшесінің қиылысында орналасқан бұл құнды кешен мешіт, текие, кесене, кішкене базар, екі су қоймасы мен құрма ағашынан жасалған табыттан тұрады. Бұл кешен х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) Йезд билеушісі Амир Жалаладдин Чахмақ пен оның жұбайы Сети Фатима хатун тарапынан салынған. Мешіттің солтүстігінде үлкен алаң салынған. Ол қазір Йезд қаласының орталығы болып саналады. Алаң сол заманнан бастап "Чахмақ" алаңы деген атпен әйгілі. Су қоймаларының бірі Йезд қаласының "Су мұражайына" айналдырылды. Кешеннің кіреберіс есігіне жазба тақташалары ілінген. Онда кешеннің салынған уақыты мен салушының аты жазылған. Бұл кешеннің сырлы кірпіштері 9 ғасырдағы Иранның ең әдемі сырлы кірпіштерінің үлгілері болып табылады. Мешіт пен текиенің алдындағы бос кеңістікте үлкен құрма ағашынан жасалған табыт орналасқан. Ашура күндері халық оны йықтарына салып көтереді. Содан соң орнына қайта әкеліп қояды. Йезд қаласының символы болып табылатын текиеде Иранның көптеген діни орындары сияқты екі биік мұнара бар. Сырлы кірпішті жапсырмалар бұл мұнараларға ерекше тартымдылық сыйлайды. Алғашқы құрылыс мұнаралардың екі жағында орналасқан конус пішінді аркалармен көмкерілген бес бөлмеден тұратын. Негізгі ғимараттың артында су қоймасының кіреберіс есігі, текие төбесіне баратын баспалдақ, мұнаралардың кіреберіс есігі орналасқан. Текиенің сыртқы келбетін жасауда глазурьланған кірпіштер мен керамикалық тақташалар пайдаланылған. Мұнараның астынғы бөлігі куфа жазуымен жазылған көгілдір түсті тақташалармен безендірілген. Дуал мен бөлмелердің қабырғаларында Құран аяттары мен Алла есімдері сырлы кірпішпен жазылған. "Муавен ул-Мулк" текиесі – Иранның ең әдемі текиелерінің бірі. Қаджарлар дәуірінен қалған бұл ескерткіш Иранның батысындағы Керманшах қаласының "Абшуран" мәхаллесінің ескі бөлігінде орналасқан. Ол Моин ул- Реайа деген атпен танымал Хұсейнханның бұйрығымен салынған. Ғимарат үш бөліктен тұрады: хұсейние, зейнабие және аббасие. Текие көше деңгейінен 6 метр төменде орналасқан. Оған кіру үшін 17 баспалдақты басып өту қажет. Кіреберіс баспалдақтың жанында су ішуге арналған кішкене арнайы құрылыстар бар. Олар хазірет Абулфазл (ғ.) суреттері бедерленген сырлы кірпіштермен безендірілген. Имам Хұсейннің (ғ.) інісі хазірет Абулфазл Ашура күнінде имам Хұсейннің барлық дұшпандарымен асқан ержүректікпен соғысып, осы жолда шаһид болды. Осы суреттерде ол ат үстінде, қылышы қынабында, қолына байрақ ұстаған күйінде бейнеленген. Байрақтың бетінде "Алланың көмегімен жеңіс жақын" деген аят жазылған. Кейбір адамдар осы арнайы құрылыстар алдына шам жағып, тілектерінің орындалуын сұрап, дұға оқиды. "Муавен ул-Мулк" текиесінің кіреберіс есігі маңдайшасының сыртқы келбеті әдемі сырлы кірпіштермен безендірілген. Сондықтан осы текиенің сырлы кірпіш жапсырмалары оны басқа текиелерден ерекшелендіреді. "Муавен ул-Мулк" хұсейниесі – кішкене аула. Оның айналасында екі қабатты құжыралар мен өте әдемі аркаіспеттес ойықтар бар. Аркалардың іші сырлы кірпіштерден жасалған суреттермен безендірілген. Онда аза тұту рәсімдерінің көріністері, Иран сұлтандарының суреттері, хазірет Сүлейменнің сарайы бедерленген. Әдемі геометриялық нақыштар да осы суреттерді әдемілендіре түсіп, олардың жиектерін түзеген. Кейбір бөліктерден құрылысты сипаттап, оның салыну уақытын көрсететін өлеңдер көзге түседі. Бұл өлеңдерді Керманшахтың шайыры "Вале" жырлаған. Иранның ең танымал текиесі – "Доулат" текиесі. Оны Иран тарихының ең үлкен театры деп те атайды. "Доулат" текиесі Насыраддин шахтың бұйрығымен х.қ.ж.с.б. 1284 жылы (1867 жылы) үлкен қаржыға салына бастап, 5 жылға созылған. "Доулат" текиесі салынып жатқан кезде Теһранда 45-ке жуық текие болған. Бірақ аталмыш текие архитектуралық жоба тұрғысынан басқа текиелерден ерекшеленеді. Яхья Заканың "Гүлстан сарайы мен Иранның шахтық ғимараттарының тарихы" атты кітабында: "Халықтың, әсіресе әйелдердің діни көріністерді қолдауы, сондай-ақ, текиелердің тарлығы мен аядай болуы адамның көп жиналып, көріністердің тоқтатылуына себеп болды. Сондықтан да Насыраддин шах Қаджардың кезінде "Шамс ул-Амаре" мемлекеттік ғимаратының құрылысымен бір мезгілде "Доулат" текиесі де салына бастады", -деп жазған. "Доулат" текиесі Гүлістан сарайының оңтүстік-батысында "Шамс ул-Амаре" ғимаратының жанында Имам мешітінің қарама-қарсысында орналасқан. Осы текиенің жобасын ұстаз Хұсейнәли Мехрин жасаған. Бүгінде осы текие құрылысынан ешқандай белгі қалмағандықтан, оны тарихи мәліметтер мен суреттерге сүйене отырып таныстырамыз. Зерттеушілердің пайымдауынша, "Доулат" текиесі алаңдар мен ескі керуен сарайлардың жобасы негізінде салынған. Ғимараттың сыртқы келбеті сегіз бұрышты призма пішіндес болған, ал іші диаметрі 60 метрді құрайтын толық цилиндр пішінде салынған. Төрт қабатты ғимараттың биіктігі 24 метр болған. Оған 20 мың адам сыятын болған. "Доулат" текиесі – Теһранда биік сарайлар мен ғимараттар салынбас бұрын, осы қаланың ең биік ғимараты болған. Тіпті ол заманда Теһраннан 5 фарсанг (30 шақырымдай) жерден көрінетін болған. Текиенің әрбір қабатында ортадағы ашық кеңістікпен жапсарлас бөлмелер мен аркалы ойықтар болған. Бұл бөлмелердің бірсыпырасында есік пен терезе де болған. "Доулат" текиесінің сырты тас және кірпішпен қапталған. Ондағы маңдайшалар жарты ай пішінде салынған. Текиенің ортасындағы ашық кеңістікте «тәзие» көрінісін қоятын сахна диаметрі 20 метр дөңгелек платформа түрінде шамамен 1 метр биіктікте салынған. Оның төрт жағына баспалдақтар орнатылған. Оны актерлер сахнаға көтерілу үшін пайдаланып отырған. Платформаның айналасында тәзиеге қатысушы салт аттылардың жүріп өтуіне арналған ені 6 метр жол болған. Оларды көрініс кезінде пайдаланатын болған. Содан кейін көрермендер отыратын тас орындықтар салынды. Олар ғимараттың қабырғасына дейін созылып жатты. "Доулат" текиесінің үш кіреберіс есігі, ішінде 20 баспалдақтан тұратын мінбері болған. Ол тұтас мәрмәрдан қашалып жасалған. Орталық ауланың төрт жағында суы мол хауыздар салынған. Оның суын аза тұтушылар пайдалатын болған. Шамдар мен бірнеше тармақты люстралар текие ішін жарықпен қамтамасыз етіп тұрған. Текиенің төбесі құрылыс ағаштары мен қабырға үстіне бекітілген дөңес ағаш сырықтармен жабылды. Бұл төбе қыс кездерінде қалың палаткамен жабылып отырған. Кейіннен Қаджарлар дәуірінің соңында бұл ағаш тор алынып тасталып, оның орнына темір тор жасалынды. "Доулат" текиесі жылдар бойы тәзие рәсімдері өткізілетін жер болған. Бірақ жаңа стильдегі көріністердің пайда болуы мен жаңа залдардың салынуына байланысты текие өз маңыздылығын жоғалтты. Ақыр соңында "Доулат" текиесі іргетасын салудағы олқылықтарға байланысты х.ш.ж.с.б. 1326 жылы (1947 жылы) бұзылып, оның үлкен бөлігі банк ғимаратына айналдырылды.