Иран мәдениеті және сәулет өнері (53)
Бүгінге дейін Иран сәулет өнерінің көптеген үлгілері, әсіресе мешіт, базар, керуен сарай және көпір сынды қалалық кеңістіктердің архитектуралық жобаларымен таныстырдық. Өткен бағдарламада Ирандағы қоғамдық моншалардың архитектуралық жобасы жайлы сөз қозғап, олардың әлеуметтік ерекшеліктері мен тарихи қалыптасу жолына аздап тоқталып өттік.
Әрине бүгінде бұл ғимарат қолданыс аясынан шыққан. Тек олардың кейбір құнды тарихи үлгілері мұражай ретінде жұрт назарына ұсынылды. Иранның атақты моншаларының бірі ретінде Шығыс Әзірбайжандағы Күрдәшт, Семнандағы Пахне моншасы, Кермандағы Гәнджәлихан және Уәкіл моншалары, Кашандағы «Фин бағы» моншасы, Исфахандағы шейх Баһаии моншасын атауға болады. Бұрынғы заманда Ирандағы қалалық өмірде монша маңызды рөл атқарған. Өйткені монша жуыну мен тазару орны болумен қатар, халықтың апта сайын жиналатын орны да болған. Әрине моншалардың басқа да маңызды қолданыс аясы болған. Иранның этнографиялық сөздігінде былай деп жазылған: «Бала туу, қажылыққа аттану, үйлену рәсімін өткізу сияқты әлеуметтік рәсімдерде монша жалға беріліп отырған. Тіпті кейде бір топ моншаға кіргенде немесе шыққанда арнайы мерекелік рәсім өткізіліп отырған. Әрине моншаға кірерде немесе шығарда, сондай оның әртүрлі бөліктерін пайдалануда ерекше рәсімдер орындалған». Олар жайлы реті келгенде әңгіме етерміз. Иранның ежелгі моншалары сарбине, миандар және гәрмабе ыстық үй деп аталатын бірнеше бөліктен тұрады. Сарбине – ортасында үлкен хауызы бар төбесі жабылған аула. Сарбине қабырғасын айнала биік әрі ұзын орындықтар қойылған. Бұл жерде адамдар киімдерін ауыстыратын болған. Моншаның жауапты адамы осы орындықтардың жанында бір биік жерге отыратын болған. Моншадан шығарда қызмет ақысын сол кісіге төлеп отырған. Монша құрылысында еденді жуып-тазартуға оңай болуы үшін әдетте мәрмәр тасы пайдаланылған. Бұл бөліктегі бағандар спираль пішіндес болған. Бұл әдемі болумен қатар, суға айналған будың жоғарыдан тамшыламай, әлгі спиральді бағандар арқылы жерге ағуына себеп болған. Моншаның су жылытатын бөлімі бір үлкен темір қазанға ұқсайды. Оны «тун» немесе «тиун» деп атайды. Бұл қазанның астында от жағатын орын болған. Оны моншаның «гүлханы» деп атаған. Моншаның дәліздері ирелеңге толы болған. Сондықтан да ішкі жылу сыртқа, сырттағы суық ауа ішке кірмейтін болған. Су оңайлықпен ағып, қыста монша іші жылы болуы үшін ол әдетте жер бетінен төмен деңгейде салынатын. «Гәнджәлихан» моншасы х.қ.ж.с.б. 1020 жылы (1611 жылы) Керман қаласында салынған Гәнджәлихан кешенінің бір бөлігі. "Гәнджәлибек", лақап аты "Гәнджәлихан" Аббас шах Сафавидің кезінде Керман қаласы билеушілерінің бірі болған. Бұл билеуші Керман қаласын абадтандыруда маңызды жұмыстар атқарған. Ол қала ортасында қоғамдық демалыс орындарын ашу үшін алдымен бір үлкен алаң жасаған. Бұл алаңның ұзындығы 100 метр, ені 50 метр. Оның айналасы медресе, мешіт, базар, монша және су қоймасымен қоршалды. Осының барлығы Сафави дәуірінің архитектуралық ескерткіштерінің ең жақсы жиынтығын тудырды. Кешеннің жалпы ауданы 11 000 шаршы метр. Бұл кешеннің архитектуралық құрылысының ерекшеліктері мен безендіру үлгілерін назарға ала отырып, оны сәулет өнерінің мұражайы деп атауға болады. "Гәнджәлихан" моншасы алаңның оңтүстік жағында Керманның үлкен базарының жанына салынған. Бұл ғимарат сәулет өнері мен әртүрлі құрылыс материалдарын жалпы халық қалайтын қолайлы кеңістік тудыру мақсатында қолданудан туындаған. Қарапайым да индиго түсті кірпіштер, мәрмәр тастан жасалған жиектер, әртүрлі нақыштар моншаның кіреберіс есігінің маңдайшасын құрайды. Сафави дәуіріне тиесілі нақыштарының бір бөлігінде жақында ғана қалпына келтірілген моншаның кіреберіс есігінің маңдайшасында насталиқ жазуымен мәрмәр тастың үстіне ойылып жазылған өлең тақташасы бар. Бұл тақташаның төменгі жағында моншаның салынып біткен уақыты жазылған. Маңдайша әдемі алебастр жапсырмаларынан жасалған гүл және бұталармен безендірілген. Бұл суреттерде Бахрамгур, Құсырау Шырын, аң аулап жүрген шахтар, түйе керуені мен жыртқыш аңдар бедерленген. "Гәнджәлихан" моншасының құрылысынан киіз үйдің шаңырағына ұқсас төбелер мен аркаларды көруге болады. Бұған ұқсас дүние Сафави әулеті заманында салынған басқа ғимараттарда жоқ. Кіреберіс маңдайшадан өткеннен кейін теңіз құстарының суреттері ойылып салынған ирелеңдеген дәліз арқылы моншаның үлкен залына жетеміз. Мұны "рахткан" немесе "сәрбине", киім шешетін жер деп атайды. Бұл жер моншаның негізгі кеңістіктерінің бірі болып саналады. Оның қабырғалары түрлі түсті нақыштарға толы сырлы кірпіштер және мәрмәр тастармен жабылған, ал төбесі әдемі сталактит жамылғысымен жабылған. Бұл залдың ортасында хауыз бар. Хауыздағы субұрқақтан шашырайтын судың дыбысы мен оның айналасына бекітілген шырақтардың жарығы жанға жайлы кеңістік тудырады. Қабырғада көптеген қуыстар мен оңашалануға арналған орындар бар. Онда демалуға, ғибадат етуге және әңгіме дүкен құруға болады. Моншаның киім шешетін жері әртүрлі дәстүрлі кілемшелер, кілемдер мен әдемі түрлі түсті маталармен безендірілген. Этнографиялық мұражайға арналған бұл моншада бүгінде шынайы қалыптағы балауыздан жасалған мүсіндер қойылған. Онда моншаға барудың әдебі, әртүрлі әлеуметтік топтардан шыққан адамдардың моншаға бару салты көрсетілген. "Гәнджәлихан" моншасының тағы бір ерекшелігі оны безендіруде араб жазуларымен өрнектелген жеті түсті сырлы кірпіштер мен әртүрлі суреттер бедерленген шикі кірпіштердің қолданылуы болып табылады. Бір ұзын дәлізден өткеннен кейін "ыстық үй" мен моншаның жуынатын жеріне жетеміз. Оның бір жағында тас орындықтар бар, ал екінші жағында біртұтас тастан жасалған бағандары бар сегіз қырлы хауыз бар. Барлық бөліктердің төбесі көбінесе өте әдемі сталактит жамылғысымен көмкерілген. Бұл моншаның ішкі тәртібін арттыра түседі. Жарық түсіретін саңылаулар монша төбесінің ортасында немесе төбенің айналасында орналасқан. Бұл саңылаулар төбенің пішінімен сәйкестендіріліп жасалып, монша ішін қажетті жарықпен қамтамасыз етеді. Осы саңылаудан түскен жарықтың көлеңкесі моншаның ішін әдемілендіріп, оның тартымдылығын арттырады. Су жүйесі қыштан жасалған. Оның жанында ауа жүйесі де бар. Ол екі бөліктен тұрады: құбырлардың бір бөлігі ыстық ауаны өткізіп, моншаның еденін жылытады, келесі бір құбырлар лас ауаны сыртқа шығарады. Моншаның әртүрлі бөліктеріне су жеткізу жүйесі, суды жылыту тәсілі, кіріп шығу кеңістіктерінің сәйкестігі, қаннат жер асты су жүйесінің суын пайдалану, жерсілкінісіне берік болуы – осының барлығы "Гәнджәлихан" моншасының ерекшеліктері болып табылады. Ежелгі заманда моншалардың суы бұлақтан, жер асты сулардан, қоймада жиналған судан алынып отырған. Көбіне моншалардың су жинайтын қоймасы болған. Ол суды жаз мезгілдерінде пайдаланып отырған. Айтып өткеніміздей, бұл моншалар бүгінде қолданыс аясынан шыққан. Олардың орнына әрбір үйде кішігірім моншалар салынды. Бірақ халықтың фольклорлық мәдениетіндегі моншаның әлеуметтік ерекшеліктері бірді екілі сақталып қалды. Тіпті бұрынғы замандағы қоғамдық моншалардан бастау алған тұрақты сөз тіркестері мен мақал мәтелдер бар. Мысалы, "Моншадағы Рүстем" мәтелі дене тұрқы ірі, бірақ ешбір іске жарамсыз адамға қаратылып айтылады. "Монша суымен дос болу" мәтелі тез және ешбір алғышарттыз қалыптасқан баянсыз достықты білдіреді. Халық арасында қазір де айқай шуы көп жерге астарлап "монша" деп айтылады. Парсы әдебиетінде моншаға сілтеме жасалған мазмұндар, тұрақты тіркестер мен теңеулер көп. Киім сынды сыртқы жамылғыдан арылу, ластықтан тазару, таным мен тағылым жолында қадам басу Иран шайырларының моншаға берген ең маңызды түсініктемесі болып табылады. Олар кейде монша ішіндегі буда адасып қалуды адамдардың ақиқатты іздеу жолында адасуына теңеп отырған. Иранның шайыры Вахши Бафақи былай деп жырлаған: Егер оңаша шығу керек болса, Алдымен ықылас моншасына барар жолды сұра. Ылғалды көзден жас ағыз, Егер кір болсаң, тазарт.