Сәу 13, 2016 19:20 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (60)

Иранда вакфқа беру ежелден басталған. Ол Иран сәулет өнеріне ерекше әсер етті. Қоғамдық орындарды вакфқа беру, әсіресе қалаларда халықтың әлеуметтік өмірі мен тұрмыс жағдайының жақсаруына көп көмектесті. Екінші жағынан, вакф Иран сәулетшілері мен өнерпаздарының күш-қабілеттерінің көрініс табуына септігін тигізді.

Осылайша, вакфқа берілген ғимараттар Иран өнерпаздары өнерлерінің көрмесіне айналды. Бұл өнерпаздар аталмыш ғимараттарды безендіруде өздерінің барлық күш-қабілеттері, ықыластары мен жасампаздығын іске қосты. Вакфқа қатысты мәселелердің бірі – ғимараттарды сақтау және оларды жоспарлы түрде жөндеуден өткізу. Бұл іс зерттеушілердің өткен дәуірлердің құрылыс материалдары мен архитектуралық стильдерімен танысуына септігін тигізді. Вакфнамаларда вакфқа берілген ғимараттарды жөндеп-сақтау мәселесі қарастырылған. Вакфқа берілген дүниелерге қатысты барлық істерді вакфқа беруші анықтап отырған. Осының өзі Иран қалаларының көбінде вакфқа берілген ғимараттардың берік те бекем сақталуына септігін тигізді. Вакфқа берілген ғимараттары көп Исфахан сияқты қалаларда әлеуметтік және экономикалық тепе-теңдіктің бір түрі қалыптасты. Мұның өзі вакфқа беру дәстүрінің Иранның дамуына оң ықпал еткендігін көрсетеді. Иранның әртүрлі қалаларында вакфқа берілген ғимараттардың орналасу жағдайы ақыл мен экономикалық жүйелерге негізделген. Мысалы, мешіт, медресе, керуен сарай, базар мен монша сияқты вакфқа берілген бірнеше ғимарат үнемі бір-біріне жақын салынған. Осылайша қалалық кеңістікте тәртіпке келтірілген жүйе мен құрылыс ерекше көзге түседі. Исфахан қаласы махаллелерінің жобасын зерттеп қарағанда, осы қалада вакфқа берілген ғимараттардан бірінің жанына бірі орналасқан 20-ға жуық махалленің барлығын көруге болады. Бұл аталмыш қаланың дамып, абадтандырылуына, сондай-ақ, оның ерекше архитектуралық келбетінің қалыптасуына көп көмектесті. Тарихи рауаяттарға қарағанда. Сефевилер дәуірі, әсіресе шах Аббас I-дің кезі Иранда вакфтың алтын ғасыры болды. Сефеви патшалары вакфты кеңінен таратып, қасиетті Мешхед, Құм, Ардебиль және Исфахан қалаларында көптеген мүлік пен ғимараттарды вакфқа берді. Иран тарихындағы ең маңызды вакфқа берілген ғимараттардың бірі – медреселер. Тәлім-тәрбие білім алу, шеберлік үйрету мен үйрену үдерісінен тұрады. Бұл үдеріс Жер бетінде адам баласы пайда болған кезден басталып, бүгінде адамзат қоғамын дамытудың басты негізі болып саналады. Ирандықтар ғылым мен білімнің даму жолында айшықты рөл атқарды. Тіпті Ислам өркениетінің гүлденуі белгілі бір дәрежеде ирандық ұстаздар мен ойшылдардың талпыныстарына қарыздар. Селжұқтардың дана әрі айлакер уәзірі қажы Незам ол-Мүлк "Незамие" деген атпен әйгілі медреселерді салып, оларды керек-жарақпен қамтамасыз етуге бұйрық берген ұлы тұлғалардың бірі болған. "Незамиелер" Бағдад, Нишапур, Исфахан, Балх, Мерв және Амоль сияқты қалаларда салынған. Олар тәулік бойы жұмыс істеп тұрған. Бұл медреселерде қажы Незам ол-Мүлктің жіті бақылауымен жүйелендірілген оқу жоспары болған. Бұл оқу жүйесі 150 жыл бойы ешқандай өзгеріссіз сақталып отырған. Х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдың тарихшысы Ибн Джоузи: "Бұл медреселер вакфқа берілген ғимараттар еді. Олардың қаржысы вакфқа берілген мүліктердің табысымен қамтамасыз етіліп отырған", -деп жазған. Бұл незамиелердің кітапханаларында вакфқа берілген кітаптар жинастырылған. Мысалы, Бағдадтағы незамие кітапханасы 6 мың том кітаппен вакфқа берілген болатын. Незамиенің ең атақты мұғалімдерінің бірі ретінде Иранның ұлы ойшылы имам Мұхаммад Ғазалиді атауға болады. Иранның қазіргі заманғы зерттеушісі доктор Абулхұсейн Зарринкуб "Медреседен қашу" атты еңбегінде: "Тус медреселері Нишапур медреселеріндей атақты болмады, бірақ соған қарамастан, Тус қаласының қайырымды әрі ауқатты вакфқа берушілері ғылым жолындағылар мен факихтарды қаржылай қамтамасыз етіп, олардың алаңсыз білім алуына жағдай жасап отырған", -деп жазған. Тарихта былай делінген: жазушылар мен ойшылдар қайтыс болар алдында өз мүліктері мен кітаптарын медресе кітапханаларына вакфқа беріп отырған. Х.қ.ж.с.б 6-шы ғасырда өмір сүрген ирандық тарихшы әрі жазушы Масуди мен х.қ.ж.с.б 4-шы ғасырда өмір сүрген ирандық ойшыл әрі жазушы Сахеб ибн Эбад өздерінің жеке кітаптарын медресе кітапханаларына вакфқа берген. Исламның ғылыммен айналысатын адамдарға деген ықыласы мен қолдауы Ислам тарихында ғылым үйретіп, кітап жазуға ерекше көңіл бөлінуіне себеп болды. Осы жағдайды Ислам елдерінің барлығынан көруге болады. Ибн Батута өзінің сапарнамасында: "Дамасктың Салехие махаллесінде Құран үйрету-үйрену үшін вакфқа берілген медресені көрдім. Оның мұғалімдері мен оқушылары көмекақы алып тұратын. Олардың қаржы-қаражаты вакф арқылы қамтамасыз етілетін", -деп жазған. Иранның солтүстік-шығысындағы Торбат-е Хейдарие аудан орталығының бір бөлігі Хаваф деп аталады. Сонымен қатар ол "Харгард" және "Хордгард" деген аттармен де әйгілі. Деректер бойынша, ежелде осы орында үлкен незамие болған. Медресенің қираған террасасының бір бөлігінен жазба тақташа табылды. Бүгінде ол "Низам ол-Мүлк жазбасы" деген атпен Иранның археологиялық мұражайында сақтаулы. Қолда бар деректерге қарағанда, Харгард – төрт терраса мен тіктөртбұрышты ауласы бар медресе. Ол күйдірілген кірпіштен салынған. Одан қалған кейбір бөліктерден ирек-ирек пішінде көркемдеп қаланған кірпішті көруге болады. Аталмыш медресеге қатысты зерттеулер мен қазба жұмыстарын жүргізген франциялық атақты археолог Андре Годар "Иран ескерткіштері" атты еңбегінде: "Атақты Низам ол-Мүлктің бастамасымен салынған Харгард медресесі төрт террасалы ғимараттардың көрнекті үлгісі бола алады. Шындығында, төртбұрышты ауланың айналасында көлемі әртүрлі төрт терраса орналасқан. Олардың барлығы бір қабатты ғимараттармен жалғасып жатқан", -деп жазған. Андре Годар осы медреседен табылған Иранның ең әдемі жазбаларының бірі болып саналатын жазба тақташа жайлы: "Бұл тақташаның балшық пен батпаққа батып қалғандығы соншалықты, көпке дейін оның өзі балшықтан жасалынған деп есептеліп жүрді. Бірақ кейіннен оның күйдірілген балшық пен сары түсті жоғары сапалы кірпіштен жасалынғандығы анықталды. Бұл тақташаның арабеска нақыштары мен безендіру тәсілдері әралуан әрі әдемі. Онда медресені салушы мен вакфқа беруші, яғни қажы Низам ол-Мүлкке салем жолданған", -деп жазған.