Жел 31, 2020 04:56 Asia/Almaty

Соңғы онжылдықтарда технологияның қарыштап дамуы саясында адамдардың өмір сүру тәсілі де өзгерді. Осындай өзгерістердің бірі – тамақтану тәсілі. Бүгінгі бағдарламада осы тақырыпқа тоқталамыз.

Технология – модернизацияның символы және әлем мен адам туралы ерекше түсініктің себебі. Заманауи құрылымдар адамның табиғатқа үстемдік етуіне негізделген. Сол себепті технология – адамның табиғатпен байланысын өзгертетін құрал. Соңғы онжылдықтарда технологияның адам өмірінің түрлі сатыларында қолданылуына байланысты олардың өмір сүру тәсілдерінің бірқатары өзгерді. Осындай өзгерістердің бірі тамақтану тәсіліне қатысты.

Технология адам өміріне енгеннен кейін халықтың күнделікті әдеттері өзгерді. Мысалы, халық тұрмысында тоңазытқыш қолданыла бастағаннан бері адам күнде тамақ жасаудан арылып, бірнеше күнге азық-түлік сатып ала бастады. Кептеліс пен бірнеше сағаттық барыс-келіс пайда болған кезден бастап жанұямен бірге таңғы және түскі ас ішу қиындады. Адамдардың көбі таңғы ас ішпейді. Болмаса, таңғы астың қалыбы өзгерді. Технология азық-түлік өнімдерін сақтау үшін заманауи тәсілдер ойлап тапты. Логистикалық технологияның арқасында әлемнің кез келген жеріне кез келген азық-түлікті жеткізуге мүмкіндік туды. Қазіргі қоғамның өмір салтында ата-ана жұмыс істейтін жанұяларда тамақ пісіруге мұрсат жоқ, сондықтан дайын және жартылай дайын тамақтарға қызығушылық арта түсті.

Жыл сайын әлемде консервіленген тамақ өндіру өнеркәсібінің құны айтарлықтай артып келеді. 2021 жылдың аяғына дейін бұл нарықтың құны 105 млрд доллардан асады деп күтілуде. Зерттеулер көрсеткендей, Еуропа мен Солтүстік Америка халқының көбі таза да балғын тамақтардан гөрі қапталған азық-түлікті пайдаланады. The Guardian газетінің хабарлауынша, Ұлыбритания халқы Еуропа мен Америка халықтарымен бірге қапталған азық-түліктерді басқа аймақтардан 4 есе көп тұтынады. Ал таза өнімдерден ең аз мөлшерде каллорий алады. Дайын тамақтар, піспенан мен балкүлше сияқты қорапталған тіскебасарлардың нарыққа шығарылуы – АҚШ пен Еуропада семіздіктің арту себептерінің бірі. Америкалықтардың көбінде артық салмақ бар. АҚШ-тағы семіздік көрсеткіші Еуропа елдерінен екі есе артық. Жүрек аурулары АҚШ-тағы өлім-жітімнің басты себебі саналады. 2050 жылға дейін америкалықтардың үштен бірі диабетке шалдығады деп болжануда.

Көпшіліктің пайымдауынша, ауру мен адамның өмір салты арасында байланыс бар. Яғни адамдар тамақтану тәсіліне қарай сау не ауру тән мен жанға ие болады. Эпидемиологтар «өркениет аурулары» деген атпен түрлі аурулардың тізімін жариялады. Диабет, атеросклероз, астма, аллергия, шектен тыс семіздік, обыр осындай аурулардың қатарында.  Бұлар дамыған елдерде көбірек таралған. Ал басқа аймақ халықтары немесе тамақтану тұрғысынан Батыс өмір салтын ұстанбайтын адамдарда мұндай ауру түрлері азырақ. Milken Institute зерттеулеріне сәйкес, бүгінде әлемнің 10 дамыған елінде семіздіктің ең маңызды факторы технология және қозғалыссыздықпен бірге тамақтану тәсілі айрықша байқалады.

 

Бүгінде пицца, хот-дог, шұжық сияқты сөздермен таныс емес адам кемде-кем. Бұл сөздер ақпарат құралдарында ауқымды түрде жарнамалануына байланысты әлемдегі көптеген ұлттардың мәдениеті мен сөздік қорына енді. Фастфуд бүгінде автоматтандырылған заманауи өмірдің символына айналды. Кейде бас қасуға уақыт таппай қалатын қазіргі автоматтандырылған өмір үшін жылдам жеткізілетін дайын дәмді тамақтан артық не бар?!

«Фастфуд» сөзі Америка атауымен астасып кеткен. 1948 жылы МакДональд нарыққа шықты. Әлемдегі ең ірі фастфуд мейрамханалар желісінің 120 елде бөлімшесі бар. Олар күніне 68 млн адамға қызмет көрсетеді.  МакДональдтан кейін басқа да фастфуд желілері ашылды. Әрине олардың көбі Америкада басталып, дүниенің барлық жеріне таралды. Бүгінде фастфуд өнеркәсібінің дамығаны соншалықты, адам қай кезде қаласа, сол сәтте дайын тамақ үйіне жеткізіледі. Джефф Ордердің айтуынша, пицца үйімізге полициядан тезірек жететін заманда өмір сүріп жатырмыз.

АҚШ-тағы семіздік

 

Әртүрлі қоспалардың әсерімен дәмді әрі әдемі көрінетін фастфуд түрлері жанұялардың тамақтану мәзірінің маңызды бөлігін құрайды. Мұндай тағамдардың зиянды тұстары әдейі ұмыттырылады. Калориясы көп, құнарлылығы жоқ тағамның дәмділінің себебі – майлылық және тұздылық, түрлі шұжықтар мен жоғары калорийлік. Әрине бұл байқалмайды. Фастфуд тағамның бір порциясындағы каллорий әдетте бір үй тамағынан 1,5-2 есе көп. Фастфуд порциясындағы тұз адам денесіне бір күнге қажет нормадан екі есе көп болады. Егер фастфуд тамақтың тұздылығы сезілмесе, бұл оған қосылған дәмдеуіштердің әсерінен. Фастфуд тағамдар қатты семіртеді. Зерттеулер көрсеткендей, аптасына екі рет фастфуд жейтін адамдардың семіру ықтималы 50 пайызға, диабетке шалдығу ықтималы 2 есе артады.

Америкалық деректі фильм түсіруші Роберт Кеннердің «Тамақ саудасы» (Food Inc) атты фильмі 2009 жылы түсірілді. Мұнда АҚШ-тағы тамақтану режимі зерттелген. Режиссер фильмде АҚШ-та тамақ өнеркәсібінің бірнеше компанияның қолында екенін айтады. Бұл компаниялардың өнімдерінде қолданылатын ет табиғи емес тәсілмен өсірілген тауық пен сиырдан алынады. Режиссер тамақ өндіретін зауыттар әлеміне кіру үшін МакДональд тізбекті мейрамханалардың алғашқы бөлімшесінің ашылған заманына шолу жасайды. МакДональд – тамақ жасау үшін америкалық көліктерді жасаған сияқты зауытта монтаждау желісін енгізуге болады деп уәж айтқан алғашқы мейрамхана. Жобалаушылар осы мақсатқа жету үшін алдымен тағам мәзірін тек гамбургермен шектеген. Механизацияланған бірнеше сатылы өндіріс желісін қолдану арқылы гамбургердің түр-түрі жобаланды. Сөйтіп, көптеп өндіру арқылы өндіріс құнын азайтып, көбірек пайда табуға мүмкіндік туды.

 

«Тамақ саудасы» фильмінде көңіл аударылған маңызды мәселелердің бірі – тамақ өнеркәсібінде жүгерінің алатын орны. Жүгері пластикалық заттар жасау өнеркәсібіндегі мұнай сияқты рөл ойнайды деп айтуға болады. Қазіргі таңда АҚШ-тағы тағамдардың 90 пайыздан астамы жүгері мен соядан жасалады. Мұның тек бір себебі бар: өндіріс шығынын азайту және табысты көбейту. Жүгері – калориясы жоғары дақыл. Оны ұзақ мерзімге сақтауға болады. Алайда мұнайға керісінше оны жеуге немесе тұтынуға болады. Мысалы,  АҚШ-тағы тамақ өнеркәсібінде жүгеріге бақылау орнату осы өнеркәсіпті толығымен бақылауды білдіреді. Өйткені жүгері мен одан жасалатын өнімдер мал қорегі сияқты көптеген өнімдерді дайындауда пайдаланылады. Жүгерінің маңыздылығы сондай, АҚШ-та оған қатысты арнайы заң бекітілген және оны өндіруге субсидия бөлінеді. Бір қарағанда бұл қатынас ақылға сыйымды көрінеді, бірақ Роберт Кеннердің пікірінше, табиғи тепе-теңдік бұзылған кезде қиындық басталады. Өткен 50 жылдың ішінде сиырлар шөп жеудің орнына тезірек бордақылану үшін жүгері жеуге мәжбүр болды. Алайда бұл сау ет өндіріледі деген сөз емес. Жүгері сиырдың ас қорыту жүйесінің метаболизмін бұзып, іш өтуге алып келетін бактериялардың (ішек таяқшасы) көбеюіне жағдай жасайды. Ол біртіндеп тамақ арқылы адамға жетеді. Кеннердің айтуынша, бұл компаниялардың заңдық ықпаланың зорлығы соншалықты, осыдан бірнеше жыл бұрын іш өткізетін бактериямен ластанған гамбургер жеп уланған бір кішкентай бала қайтыс болғанға дейін АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігі тіпті ластанған зауыттардың жұмыстарын тоқтатуға қауқарсыз болды.  Керісінше осындай компанияларға наразылық білдіретін адамдың үстіне «жала» туралы заңды қолданып шағым түсіріп отырды. Кеннердің айтуынша, бұл – сөз бостандығының отаны саналатын ел үшін таңданыс тудыратын жағдай.

Роберт Кеннердің фильмінде Батыстағы дамыған адамның өмір салтындағы өзгеріс мәселесіне баса назар аударылған. Автоматтандырылған өмірдің қарқынды ырғағына іліккен адам өмірден қалып қоймау үшін зауыттан шыққан дайын тамақтарды тұтынуға мәжбүр. Адам тамақ ішуді өзінің негізгі қажеттілігін өтеу үшін емес, бірырғақты тұрмыстан арылу үшін аз уақыттық сауыққа айналдырған. Бұл сауықтың өзі жалған қажеттілікке айналып, қанағатты білмейтін тойымсыздық сезімін тудыруда.