Сәу 18, 2016 11:56 Asia/Almaty

Шуш ауданы Хузистан облысының солтүстік-батысында Теһран-Ахваз транзиттік жолының бойындағы 3577 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Аудан орталығы – Шуш қаласы.

Шуш бір замандары әлемнің атақты астаналарының бірі саналған. Ол археологиялық ескерткіштер мен бірнеше мыңжылдық өркениеттің белгілері тұрғысынан өте бай.  Бұл қала бірнеше рет басқыншылардың шабуылдарында қиратылғанымен, қайтадан бой көтеріп, абадтандырылды. Осы байырғы жерде орналасқан археологиялық ескерткіштердің жиыны әлем халықтарының назарын өзіне аударды.

Б.з.д. шамамен үшінші мыңжылдықта Шушқа қарқындылық сыйлаған алғашқы тайпа эламдықтар болған. Осы тайпа басқарып тұрған кезде Шуш беделге ие болып, астанаға айналды.  Хақаманеши әулетінің билігі басып алғаннан кейін де Шуш өзінің салтанатын сақтап қалды. Хақаманеши патшасы Дарий оны өзінің қысқы астанасы етіп таңдаған. Мұсылмандар жеңіске жеткеннен кейін біраз уақыт бойы Шуш бұрынғыдай қарқынды түрде даму үстінден болған.

Шуш қаласы ежелгі замандардан бері бірнеше рет атын өзгерткен. Ежелгі заман географтары жазба деректерде орта ғасырлардағы Шуштың  салтанаты жайлы сөз қозғап, шикі жібек пен мандарин және  қант құрағын осы қаланың танымалдығына себеп болды деп жазған. Әрине, Даниял пайғамбардың (с.ғ.) қасиетті кесенесінің орналасуы  бұл көне қалаға ерекше діни әрі рухани келбет сыйлады. Шуш қаласында Шапур өзенінің бойында орналасқан Даниял пайғамбардың (с.ғ) кесенесі – әдемі де салтанатты құрылыс. Шуш қаласының осы ұлық пайғамбардың атымен танымал болғанына көп жылдың жүзі болды.

Хазірет Даниял (с.ғ.) – Алланың ұлы елшілерінің бірі әрі  исраил халқы пайғамбарларының бірі. «Таурат» кітабының 12 тарауы осы пайғамбарға арналған.Сонымен қатар оның қасиеттері жайлы рауаяттар мен хабарлар өте көп. Ол хазірет – Дәуіт пайғамбар ұрпақтарының бірі. «Набиулла» деген лақап атқа ие болған хазірет Даниял Хақаманеши патшалары – ұлы Куруш және Дариймен бір мезгілде өмір сүрген. Балалық шағында Навуходоносор тарапынан Бейтулмұқаддас ашылғаннан кейін б.з.д. 605 жылы тұтқынға алынып, өз тайпасының бір тобымен Вавилонға жіберілді. Осы қалада билеушінің бұйрығына бас имегендіктен көп қорлық көрді, бірақ  ақырында білімі мен даналығының арқасында оған құрмет көрсетілді. Даниял Навуходоносордың бақыты басынан тайып, Вавилонды Хақаманеши патшасы Куруш жеңгеннен кейін Бейтулмұқаддасқа қайтып оралды. Бірақ біраз уақыттан кейін Ахвазға барып, Шушта дүниеден өтті. Ежелгі ирандықтар осы хазірет қайтыс болғаннан кейін өздерінің әдет-ғұрыптары бойынша Даниял пайғамбардың (с.ғ.) мәйітін мумиялап, бір төбедегі кішкене бөлмеге қойып, бөлменің есігін пломбалаған.  

Ислам пайда болып, мұсылман сарбаздар Иранға келгенде осы бөлме туралы хабардар болған. Хазірет Әлидің (ғ.с.) бұйрығымен Даниял пайғамбардың қасиетті мәйіті исламдық заңдар бойынша Қағбаға қарай қайта жерленді. Даниялдың қабіріне қойылған таста хазірет Әлиден (ғ.с.) мынадай рауаят жазылған: «Ағам Даниялды зиярат еткен әрбір адам мені зиярат еткендей болады».

Даниял пайғамбардың кесенесінде үлкенді-кішілі екі аула бар. Үлкенірек ауланың үш жағында орналасқан бөлмелер зияратшылардың демалуына арналған. Пайғамбар қабірінің қоршауы қоладан жасалып,   исламдық кесенелердегі басқа да қоршауларға ұқсайды. Қоршаудың үстіңгі жағындағы төрт қырға парсы тілінде өлең жолдары жазылған. Оның жазылған уақыты белгісіз. Даниялдың негізгі қабірі тоңазытқыш бөлмеде орналасқан. Бұл кесенеде конус пішіндегі биік күмбез бар. Күмбез әктастан жасалған, оның ұшар басына металдан жасалған екі шар бекітілген. Ауланың кіреберісіне қараған төбенің алдыңғы бөлігіне жасыл сырлы кірпіштермен көмкерілген екі мұнара салынған. Кесененің ғимараты х.ш.ж.с.б. 1316 жылы атақты мұджахед қажы шейх Джафар мен Иранның көрнекті сәулетшілердің бірінің әріптестігінің арқасында жөндеуден өткізілді.

Даниял пайғамбардың кесенесінен жүз метрлік қашықтықта Шуш мұражайы орналасқан. Бұл мұражайдың ерекшеліктерінің бірі оның «Ападана» сарайы, «Хашаяр» сарайы, қамал мен археологиялық аймақ сияқты маңызды тарихи ескерткіштердің жанында орналасуында. Х.ш.ж.с.б. 1345 жылы ашылған мұражайдың кірпіштен жасалған ғимараты Шуштың археологиялық аймағымен аяқталатын жолдың басында орналасқан. Бұл мұражайдан Элам, Ашкани, Хақаманеши, Сасани мен Ислам өркениеттерінен қалған әртүрлі заттар мен ескерткіштерді көруге болады. Жыл сайын ирандық мәдениетті сүюшілер мен шетелдік туристердің көбі осы мұражайды тамашалайды. Айта кету керек, Саддам режимі мен әлемдік үстемшілдер тарапынан Иран халқына  таңылған 8 жылдық соғыс кезінде Шуш мұражайы мен Даниял пайғамбардың кесенесі дұшпандардың отынан аман қалып, осы екі құнды мәдени мұраның кейбір бөліктеріне ғана зиян келді.

Шуш қаласында 4 шаршы шақырым ауданды алып жатқан археологиялық аймақ бар. Ол 5000 жылдық өркениеттің нышаны болып табылады. Бұл аймақты ескерткіштердің тарихы пен маңыздылығы тұрғысынан Акрополь, Ападана Шахр-е шахи мен Өнеркәсіпшілер қаласы деп төртке бөлуге болады. Енді осы аймақ жайлы қысқаша айтып өтуді жөн көріп отырмыз.

«Акрополь» – грек сөзі. Ол қаланың ең биік нүктесі болып табылады. Осы төбеде анықталған ең ежелгі өркениет б.з.д. бесінші мыңжылдықтың аяғына тиесілі. Бірінші рет эламдық жазбаның белгілері осы төбеден табылды. Сондай-ақ, адамзат қоғамының алғашқы жазба заңы болып табылатын Хаммурапи тақташасы мен Аккад патшасы Нарам-Синнің тақташасы және басқа да көптеген құнды тарихи ескерткіштер тура осы жерден табылды.

1897 жылы осы төбенің үстіне Францияның қазба жұмыстары делегациясының басшысы Жак Деморган тарапынан Шуштағы әртүрлі қазба жұмыстарында табылған кірпіштерден қамал тұрғызылды.

Қамалдың архитектуралық стилі Еуропаның орта ғасырлардағы қамалдарынан әсер алған. Қамалды тұрғызудағы мақсат – осы делегацияның мүшелерін қорғау және қазба жұмыстары кезінде табылған заттарды сақтау. Әртүрлі шетелдік делегациялардың Шуштың археологиялық аймағындағы қазба жұмыстары барысында тапқан көптеген құнды тарихи ескерткіштер Батыс елдеріне жіберіліп, әлемнің танымал мұражайларына, соның ішінде Лувр мұражайына қойылған.

 «Ападана» атты төбенің үстіне Хақаманеши патшасы I Дарий (б.з.д. 525 жылы) тарапынан  «Ападана» сарайы салынған.  Бұл сарайды бағандар, капеллалар, шикі кірпіш пен кірпіштен жасалған қабырғалар құрайды. Онда 12 зал, қонақ күту залы және басқа да бөлімдер бар.

Б.з.д. шамамен 461 жылы I Ардаширдің билігі кезінде бұл сарай өртеніп кетті. II Ардаширдің кезінде (б.з.д. 359-404 жылы)  ол қайта жөнделді.  Бұл құрылыс Александр Македонскийдің шабуылы кезінде зиян шекті. Екінші дүниежүзілік соғыста да қалған бағандар  басқыншылар тарапынан жарылып, көпір мен жол салуға пайдаланылды.

«Шахре шахи» деген атпен танымал басқа төбе Хақаманеши дәуірінде саудагерлер мен сарай маңындағылар өмір сүретін жер болған. Ол шамамен 7000 шаршы метр ауданды алып жатыр. Элам, Хақаманеши, Селевки, Ашкани, Сасани мен Ислам дәуірлеріне тиесілі әртүрлі қалалардың үйінділері осы аймақта анықталды.

Археологтар Өнеркәсіпшілер қаласының төбесінен де Ашкани, Сасани мен Ислам дәуірлеріне тиесілі ескерткіштер тапты. Осы ескерткіштердің қатарына исламның Ирандағы ең ежелгі мешітінің үйінділері жатады.  Гришман есімді археолог осы мешіттің қалдықтарын жерден қазып алған.    

«Шаур» сарайы да Шуш қаласының құнды ескерткіштерінің бірі.  Бұл сарай Шаур өзенінің жағасында Даниял пайғамбардың кесенесінің атырабында орналасқан.  «Шаур» сарайы б.з.д. 4 ғасырда  II Ардашир тарапынан «Ападана» сарайы өртенгеннен кейін салынды. Ол сарайда 64 тас баған бар.

Шуштағы құнды тарихи ескерткіштер біз айтқан жерлермен шектелмейді. Шуштың археологиялық қаласынан 40 км қашықтықта орналасқан «Зигурат-е Чоғозамбил» – ең әдемі әрі сирек кездесетін археологиялық ескерткіштердің бірі. Ол әлемдік мұралардың тізіміне тіркелген. Бұл ғибадатхана – ирандық және шетелдік зерттеушілердің назарын өзіне аударған адам қолымен жасалған  таңғажайып өнер туындыларының бірі.