Сәу 19, 2016 12:41 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада кейіпкерлердің көмектесуші элементтер мен сиқырлы құралдарға қол жеткізу тәсілдерін талқыладық.

 Содан соң олардың арасынан кейіпкерлердің қолданатын ең маңызды тәсілдерін атап өттік. Енді Иран ертегілеріндегі көмектесуші элементтер мен сиқырлы құралдар жайлы баяндаймыз.

Ең алғашқы және ең маңызды көмектесуші элемент – көмектесуші адамдар. Кейіпкер өзінің сапары барысында қиындықтарды жеңу үшін осындай көмектесуші адамдармен кездеседі. Олар оған әдетте тылсым күшке ие бір құрал не зат береді. Кейіпкер соның көмегімен қиындықтарды жеңеді. Мысалы, ертегілердің көбіндегі бірінші қиындыққа патшаның перзент сүймеуі жатады. Сол себепті дәруіш патшаға бір алма бергенде патша соның көмегімен перзентке ие болады. Басқа жағдайда көмектесуші адамдар ғайыптан хабардар болады. Олар барлық нәрсені біледі: сиқыршыларды танып, олармен күресудің және сиқырларын залалсыздандырудың әдістерін біліп, сиқырдың күшін қалай жою керек екендігінен де хабардар. Көп жағдайларда діни тұлғалар көмектесуші адамдардың рөлін ойнайды. Олардың арасынан хазірет Әлиді (ғ.с.), хазірет Қызырды (ғ.), хазірет Мұса (ғ.) мен діндар әрі қасиетті аналарды атауға болады.

Басқа жағдайларда көмектесуші адамдар шал немесе кемпір болады. Кейіпкер өз сапары барысында олардың бірімен кездеседі. Мысалы, біраз уақыт бұрын осы бағдарламада берілген «Нарандж және торандж қызы» атты хикаядағы кемпір – кейіпкерге көмектесуші адам. Әрине перілер туралы ертегілердің кейбіреулеріндегі көмектесуші адамдар сиқыршылық немесе тылсым күшке ие емес. Мысалы, осы ретте «Май жағушы мен шахзада» атты хикаядағы жаралы кейіпкерге көмекке келіп, өлімнен құтқаратын шөпшек жинайтын шалды атауға болады. Ал «Йемен патшасы» атты хикаяда балықшы хикаяның басты кейіпкері суға жіберілген сәбиді судан алып шығып, өсіреді. Кейде кейіпкердің жанұясының бір мүшесі оған қиындықта көмектеседі.

Көмектесуші элементтер мен сиқырлы құралдардың келесі қатарын тағамдар мен хайуанаттарға тиесілі элементтер құрайды. Мысалы, алма, анар, алмұрт, бауыр, бақыт құсының басы, жыланның сілекейі. Ертегілерде алма басқа тағамдарға қарағанда көбірек сиқырлы құралдың рөлін атқарады. Әйелдер сиқырлы немесе жұмақ алмасын жеу арқылы сәбилі болады. Тек «Таджербашы өсиеті» (Саудагердің өсиеті) ертегісінде ғана адамдар алма жегеннен кейін аюға айналып кетеді. «Саад пен Саид» ертегісінде бауыр мен бақыт құсының басын жеу кейіпкерді патшалық пен таусылмас байлыққа кенелтеді.

Ардақты ағайын, келесі бағдарламада басқа көмектесуші элементтер мен сиқырлы құралдар туралы сөз қозғайтын боламыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Аймаңдай" атты әңгіменің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ертеде ерлі-зайыпты адамдар Шахбану есімді қыздарымен бақытты өмір сүріп жатқан екен. Бір күні Шахбану мектептің мұғалімі Моллабаджидің айтқанына алданып, өз шешесін сірке құмырасына итеріп жібереді. Сөйтіп, мұғалім олардың өміріне енеді. Сол күннен бастап мұғалім Шахбануды өзінің күңі сияқты жұмысқа салыпты. Күнде ол өгей анасының бұйрығы бойынша оған үлкен көлемдегі мақтаны иіріп беріп отырыпты. Бір күні жел ұшырып әкеткен мақтаны соңынан қуып, құдыққа түсіп, диюмен танысады. Дио оған көмектесіп, ақырында бетін ерекше сумен жууды тапсырған екен. Солай еткенде қыздың маңдайына ай, иегіне жұлдыз шығып, бұрынғысынан бетер сұлуланып кетіпті. Моллабаджи өз қызын да Шахбануға қосып далаға жіберіп, құдыққа түсіп, бетін сумен жуып маңдайына ай, иегіне жұлдыз шығарып алсын деп шешеді. Өгей шеше Шахбануға күлімсіреп: «Шахбану, ертең менің қызымды да өзіңмен бірге ала бар. Сіңліңді құдыққа түсір. Маңдайына ай, иегіне жұлдыз шығып, сендей сұлу болу үшін өзің істегеннің бәрін үйрет»,-дейді. Шахбану қабылдап, сіңлісінің қалауына жетуі үшін оған көмектесетінін айтады. Ертеңінде таңертең Моллабаджи Шахбануға бір себеттің орнына жарты себет мақта беріп, өзінің қызы Шахбанумен бірге баратын болған соң қатқан нан мен кепкен сырдың орнына түскі асқа жаңа піскен нан мен қақталғантауық беріп, екеуін далаға жібереді. Осылайша, Шахбану, Моллабаджидің қызы мен сиыр (Шахбанудың анасы) жолға шығады. Олар жүріп отырып, далаға жетеді. Моллабаджидің қызы Шахбануға: «Құдықты тез көрсет»,-дейді. Шахбану оған құдықты көрсетеді. Моллабаджидің қызы мақтаны құдыққа тастап, өзі де соңынан түседі. Қараса, құдықтың түбіндегі бақшада бір дию ұйықтап жатыр екен. Дию аяқтың дыбысынан оянып кетіп, көзін ашса қарсы алдында сұрықсыз қыз онымен амандаспастан, бажырайып қарап тұр екен. Дию қызға көзінің астымен барлай қарап: «Мұнда не істеп жүрсің?»,-деп сұрайды. Қыз: «Мақтамды жел ұшырып әкетіп, құдыққа түсірді. Мақтамды алайын деп келдім»,-дегенде дию: «Асықпа, алдымен кел де, басымды тазала. Содан соң мақтаңды ал да, кет»,-дейді. Қыз бұрқылдап, диюдің шашының арасына қолын салып, тазалай бастайды. Дию: «Ал айта қойшы: менің шашым таза ма, әлде шешеңнің шашы таза ма?»,-деп сұрағанда қыз: «Әрине, шешемнің шашы таза. Сенің шашыңның арасында биттің орнына жылан мен шаян жүр»,-дейді. Сонда дию: «Жарайды, енді тұр да ауланы тазала»,-деп бұйырады. Қыз қабағын шытып жүріп, ауланы шала-пала сыпыра салып, диюдың жанына қайтып оралғанда дию: «Сендердің аулаларың жақсы ма, әлде менің аулам жақсы ма?»,-деп сұрайды. Қыз: «Әрине, біздің ауламыз жақсы. Ол жерде адамның жаны жай табады, ал сенің аулаңда адамның көңілі түседі»,-дейді. Дию оған: «Жақсы. Ал енді бар да, ыдыстарды жу»,-дегенде Моллабаджидің қызы ішінен: «Құдайым-ай, мен қандай пәлеге тап болдым?»,-деп ойлайды. Орнынан тұрып бұрынғыдай бұрқылдап сөйлеп, ыдыстарды өтірік жуып, аспазхананың бір бұрышына жинастыра салады. Дию тағы да: «Менің ыдыстарым жақсы ма, әлде сендердікі жақсы ма?»,-деп сұрағанда қыз: «Әрине, біздікі жақсы. Адам сенің ыдыстарыңды көргенде жүрегі айниды»,-дейді. Дию ашуланып: «Жетер енді, аузыңды жауып, мақтаңды ауланың бұрышынан ал да, кет»,-дейді. Моллабаджидің қызы жылдам аулаға барып қараса, мақтаның жанында бірнеше алтын құймасы жатыр екен. Құймалар ауыр болса да, екі-үшеуін алып, қолтығының астына тығып алыпты. Басын төмен салып, қоштаспастан құдықтан шыға бергенде дию: «Қайда асығып барасың? Мұнда кел, сенімен ісім әлі біткен жоқ»,-дейді. Қыз қайтып келеді. Дию: «Сыртқа шықпас бұрын алдымен мына ауладан екінші аулаға барып, екіншіден үшіншіге өт. Сол ауланың ортасынан ағып жатқан судың жағасына отыр. Ақ-қара су аққанда қолыңды салма. Сары су келгенде қолыңды салып, бетіңді жу. Содан соң жөніңе кет»,-дейді. Қыз арықтың жанына барып отырады. Сары су аққанда қолын суға салып, бетін жуып, содан соң мақтасын алып, құдықтан шығады. Моллабаджидің қызын күтіп тұрған Шахбану оны көргенде қорыққаннан есінен танып қала жаздайды. Өйткені оның маңдайының ортасына қара жылан, ал иегіне шаян шыққан екен. Бірақ қорыққаннан ештеңе айтпастан онымен бірге үйлерін бетке алып жолға түседі. Мұндай оқиға ешкімнің басына келмесін... Екі қыз есік қақпай тұрып Моллабаджи үйден шығып, көзі қызының бетіне түскенде қорқыныштан шыңғырып жіберіп, өз басын ұрғылай береді. Көршілер қызын көріп қояр ма екен деп қорқып, оны жылдам бөлмесіне апарып: «Қалайша мұндай күйге түстің?»,-деп айғайлайды. Қыз шешесіне болған оқиғаның барлығын баяндап береді. Қатты ашуланған Моллабаджи: «Жіп пен алтын құйманы қайда қойдың?»,-деп сұрағанда қыз себетті жерге қояды. Моллабаджи қараса, жіп деген атымен жоқ, тек таңертең өзімен бірге әкеткен мақта ғана бар екен. Бұрқылдап сөйлеп: «Жіп иірген түрің мынау. Ал енді алтын құймалары қайда?»,-дегенде қыз қолтығына қолын салып, алтын құймасының орнына екі үлкен тас алып шығып, шешесінің алдына қояды. Моллабаджи өз қызының басынан ұрып: «Ей, жетесіз, саған кеткен қайран еңбегім-ай»,-дейді. Қызы жылап: «Мұның бәріне Шахбану кінәлі»,-дегенде әйел Шахбануды қатты соққыға жығады. Қызының бетіндегі жылан мен шаянды алып тастау үшін дәрігерге апарады. Дәрігер қызды тексеріп қарап: «Бұл жылан мен шаянның тамыры жүректе. Оның тамырын жұла алмаймыз. Тек екі күнде бір рет екеуін де түбінен кесіп, орнына тұз сеуіп отыру керек»,-дейді. Сол күннен бастап Моллабаджи екі күнде бір рет өткір пышақ алып, жылан мен шаянды кесіп, орнына тұз сеуіп отырғанымен дәрігер айтқандай, олардың тамыры жұлынбапты. Моллабаджи бір жағынан кессе, құбыжық екінші жағынан шығып отырады. Бір күні көршілердің бірі Моллабаджи мен қызын үйлену тойына шақырғанда олар міндетті түрде қатысатын болып уәде береді.

Тегтер