Сәу 19, 2016 12:42 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда айтып өткеніміздей, перілер туралы ертегілердегі басты кейіпкерге көмектесетін элементтер мен сиқырлы құралдар өте көп және оларды қолға түсірудің жолдары әрқилы.

Сондай-ақ, осындай құралдарға ие болудың бір жолының жақсы істер атқару екендігін айттық. Мұнымен қоса, көмектесетін элементтер мен сиқырлы құралдарды қолға түсірудің тағы бір тәсілі – Құдай қабылдайтын мінез-құлық пен діни сенімдер негізінде әрекет ету. Иран қоғамының діни болмысын назарға ала отырып, дұға оқып, мінәжат ету, серт беру, имамдар мен діни тұлғалардан көмек сұрау – олардың тылсым құдіретіне баса назар аударылатын, тыңдармандардың діни сенімдерін нығайтатын іс-әрекеттердің бірі. "Тікенек жинаушы әке" ертегісіндегі басты кейіпкер – тікенек жинайтын кедей адам. Ол ұмытқан сертін орындау арқылы пәле-жаладан аман қалады. Кейде діни тұлғалар мен пірлер кейіпкердің түсіне еніп, оған жол нұсқайды. Кейде кейіпкердің күнәдан пәк болуы да оның діни тұлғалардың қолдауына ие болуына себеп болады.

Сиқырлы құралдарға ие болудың тағы бір тәсіліне адамның бір жұмысты атқарып, шарттарды орындап немесе бір нәрсенің есесіне өзі көздеген затты немесе сиқырлы құралды алуын жатқызуға болады. "Мұхаммад патша мен ақсақ дию" атты ертегіде дәруіш кейіпкердің аты мен қылышын алып, оған дастархан мен Сүлеймани бұтағын береді. Тағы бір тәсіл бойынша, кейіпкер кездейсоқ түрде сиқырлы элементке қол жеткізеді. "Саад пен Саид" ертегісінде кедей қария бақыт жұмыртқасын тікенектердің арасынан тауып алады. Ұлдарының бірі патша болады, ал басқа бірі жастығының астынан ақша тауып алады. Басқа бір ертегіде баласыз әйел анардың бір дәнін тауып алып, соны жеп, жүкті болады.

Басқа бір жағдайда кейіпкер сиқырлы құралды сатып алады. "Моти және Мата" ертегісінде бауырлар бір кітап, кілемше мен құмыра сатып алады. Кітапта болашақта болатын оқиғалар жайлы хабар берілген. Кілемше ұшады, ал құмырадағы суды өлген адамға сепсе, ол тіріліп кетеді екен. Келесі бір ертегілерде басты кейіпкер үш дана сөз сатып алып, соларды қолдану арқылы қиындықтарды жеңеді. Кей жағдайда кейіпкер сиқырлы элементтерді алдап, оның сиқырлы құралын иеленіп алады. Мысалы, қыз диюды оған тұрмысқа шығамын деп алдап, оның өмірі сақталған шишаны алып алады. Бұл ертегіде дию залым ретінде басқа кейіпкерлерге зарар келтіргенімен өз өмірі сақталған шишаны көрсеткендіктен бір жағынан сиқырлы элементті сыйлаушы болып саналады.

Құрметті достар, келесі бағдарламада сиқырлы құралдар мен элементтер туралы сөз қозғайтын боламыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Аймаңдай" атты әңгіменің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерлі-зайыпты адамдар Шахбану есімді қыздарымен өмір сүріп жатқан екен. Мектептің мұғалімі Моллабаджи Шахбанудың әкесінің өмірі мен табысының жақсы екенін біліп, өтірік мейірімділік танытып, Шахбануға жақындағандығы соншалықты, қыз мұғалімі оған не айтса соны істейтін болыпты. Мұғалім Шахбанудан өз шешесін сірке судың құмырасына итеріп жіберуді сұрағанда қыз мұғалімнің айтқанын істепті.

Мұғалім ақырындап Шахбанудың жанұясының өміріне еніп, оның әкесінің әйеліне айналған кезде шынайы келбетін көрсетіп, Шахбануды күңдей пайдаланып, оны ұрып-соғып отырыпты. Мұғалім Шахбануды азапқа салу үшін үлкен көлемде мақта алып, оны жіп иіруге мәжбүрлепті. Алғашында Шахбану жұмысты аяқтай алмай қалған кезде құмырадан шыққан сары сиыр қызға көмектеседі. Шын мәнінде ол қыздың анасы еді.

Ертеңінде таң атар-атпастан мұғалім Шахбануға бір себеттің орнына 3 себет мақта беріп, сары сиырмен қоса далаға жібереді. Қыз бала кешегідей шөптің арасына отырып алып, ұршық иіруге кірісіпті. Түстен кейін қараса, үш себеттің бір себетін де бітірмепті. Содан жабығып, жылай бастапты. Бір уақытта жел тұрып, мақталарды айналдырып, ұшырып әкетіпті. Шахбану орнынан тұрып, мақтаның соңынан жүгіргенімен оны соңынан қуып жете алмапты. Мақта құдыққа түсіп кетеді. Шахбану басын ұрғылап: "Енді қайттым, осыған дейін күнде кешке ұрушы еді. Енді ыстық темір басатын болды-ау",-деп ойбайға басыпты. Сол кезде сиырға тіл бітіп: "Қызым, қорықпа, менімен бірге құдыққа түс. Онда дию отыр. Алдымен онымен амандас, содан соң не айтса, оған керісінше істе. Өйткені диюдың ісі керісінше",-депті. Қысқасы, сиыр диюмен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігін қызға тәптіштеп түсіндіреді. Шахбану құдыққа түсіп, түбіне жеткен кезде бір бақшаны көреді. Оның шетінде дәу дию отыр екен. Қыз диюді көргенде оған жақын барып, сиыр айтқандай сәлем береді. Сонда дию: "Ей, қара көзді, ақ тісті, егер амандаспағаныңда сені жеп қояр едім. Ал енді айтшы: Бұл жерден тіпті мықты да ержүрек адамдардың өздері қорқады. Мұнда неге келдің?",-депті. Шахбану отырып, басынан өткеніің барлығын баяндап беріпті. Дию: "Бәрінен бұрын тұр да, ана тасты көтеріп, менің басыма ұр",-депті. Шахбану сиыр айтқандай істеп, тез тұрып жанына барып, диюдың басын етегіне салып алып, оны сипай бастайды. Дию көзінің астымен қарапты да: "Менің басым таза ма, әлде өгей шешеңнің басы таза ма?"-деп сұрапты. Шахбану: "Әрине, сенің басың тазарақ",-депті. Дию: "Өте жақсы, енді тұр да балтаны алып, үйді қират",-депті. Шахбану тез орнынан тұрып, қолына сыпыртқыны алып, ауланы тазалап шығады. Дию: "Менің аулам жақсы ма, әлде сенің аулаң ба?"-деп сұрағанда Шахбану: "Біздің ауланы сенің аулаңмен салыстыруға келмейді. Біздің аула балшықтан салынған, ал сенің аулаңа мәрмәр төселген",-дейді. Сонда дию: "Енді бар да, ыдыстарды сындыр",-дейді. Шахбану тез барып, ыдыс-аяқты жуып, айнадай тазартып қояды. Дию: "Ал кәне айтшы: менің ыдыс-аяғым жақсы ма, жоқ әлде сендердікі ме?",-деп сұраңанда Шахбану: "Әрине, сенің ыдыстарың жақсы",-деп жауап береді. Дию: "Сенің түсінігің мол екен. Ауланың бұрышындағы иірілген жіптерді ал да, кет",-дейді. Шахбану барып қараса, жіп иіріліп тұр екен. Оның жанына бірнеше алтын қап қойылған екен. Алтынға қол тигізбестен, жіпті алып, диюмен қоштаспақ болып қайтып оралғанда дию: "Қайда асығып барасың. Сабыр ет. Жұмысың әлі біткен жоқ. Жіпті жерге қой да мына ауладан екінші аулаға бар. Сол жерден үшінші аулаға өт. Оның ортасынан су ағып жатыр. Сол судың жағасына барып отыр. Судың сарғайғанын көрген кезде қолыңды сал. Су қарайған кезде оны ұр да, өзіңнің басыңа, көзіңе және қасыңа жақ. Су ағарған кезде онымен бетіңді жу",-дейді. Шахбану келісіп, жолға шығады. Үшінші аулаға барып, судың жанына отырып, басы мен көзін, қасын қара сумен жуып, бетін ақ сумен жуып, қоштасып, үйге қайту үшін диюге қайтып оралады. Дию: "Басың қиыншылыққа тап болған кезде маған келіп тұр",-дейді. Шахбану рахметін айтып, жіптерді алып, құдықтан шығып, сиырды тауып алады. Күн батып, қас қарайыпты. Бірақ Шахбану қараса, аяғының асты жарық екен. Ол өзінің алдын көре алатындай болыпты. Жан-жағын айнала қараса, ештеңе жоқ, нұр оның бетінен төгіліп тұрған көрінеді. Ол ақ суды бетіне сепкенде маңдайына бір ай, иегіне бір жұлдыз шыққан екен. Шахбану: "Бетіме шыққан ай мен жұлдызбен үйге қайтып оралсам, мұғалім мені бұдан бетер азапқа салады ғой",-деп ойлайды. Содан маңдайы мен иегін орамалмен жауып ала қояды. Үйге қайтып оралып, жіпті мұғалімге тапсырады. Өгей шеше үш себетті бір күнде қалай иіріп үлгерді екен деп таң қалады. Жұмысынан мін табу үшін жіптерді айналдырып қарағанымен ешқандай ақау таппайды. Содан соң Шахбануға: "Үйді сыпыр",-дейді. Өгей шеше іштей: "Бұл қыз қараңғыда дұрыстап сыпыра алмайды. Қазір кемшілік тауып, оны қатты ұратын жақсы мұрсат туады",-деп ойлайды. Бірақ аспазханаға жақындай бергенде онда аспашам жағылып тұрғандай болыпты. Көзі шарасынан шыға жаздап, ақырындап алға жүріп қараса, Шахбанудың маңдайынан ай, иегінен жұлдыз жарқырап тұр екен. Өзі бұрын да әдемі еді, енді тіпті одан бетер сұлуланып кеткен екен. Өгей шеше Шахбанудың қолынан ұстап, бөлмеге алып келіп: "Ешқандай ұрсусыз шыныңды айт: бұл қалай болды?"-деп сұрайды. Ақкөңіл Шахбану мұғалімге не көріп, не істегенінің бәрін басынан аяғына дейін айтып береді. Өгей шеше ештеңе айтпай, ішінен ертең өз қызын Шахбанумен бірге далаға жіберуді ойлайды. Сөйтіп өз қызы да құдыққа түсіп, беті-басына су шашып, маңдайына ай, иегіне жұлдыз шығарып алса ғой деп ойлайды.

Тегтер