Сәу 19, 2016 12:43 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда перілер туралы ертегілердегі сиқыр және тылсым күштердің қызметі, сондай-ақ, кейіпкерге көмектесуші элементтер жайында айтып өттік.

 Бұл ертегілерде көмектесуші элементтер кейіпкермен кездейсоқ кездеседі. Ертегілердің көбісінде кейіпкерге сиқырлы құралдар беріледі. Кейіпкердің ықтиярына берілген көмектесуші элементтер мен сиқырлы құралдар өте көп. Олар әралуан дүниелерді қамтиды. Осы құралдарға қол жеткізудің тәсілдері де әрқилы. Ирандық ертегілерде сиқырлы құралдар мен көмектесуші элементтер әралуан болып келеді. Көп жағдайларда бір жақсы адами әрекет кейіпкердің сиқырлы құралдар мен тәсілге қол жеткізуіне себеп болады.

Қабылданатын жақсы істердің Иран халқының мәдениетінен алынған әралуан түрлері бар. Ізгі істердің қатарына ата-ананы тыңдау, әкенің өсиетін орындау, жаман істерден бас тартып, тәубеге келу, қақпанға түскен жануарларға көмектесу, істі атқарғанда және қиыншылыққа тап болғанда сабырлы болу жатады. Ізгі істердің кейбір түрлері әлемдік және халықаралық сипатқа ие. Жануарларға көмектесу немесе қиыншылыққа төзімділік таныту сияқты істер басқа елдердің ертегілері мен әпсаналарынан да байқалады.

Иранның ертегілерінде кейіпкер бәрінен бұрын жануарларға көмектесу арқылы олардың қолдауына ие болады. "Қытай қаласының қызы" атты ертегіде басты кейіпкер құмырсқаларға өзеннен өтуге көмектеседі. Құмырсқалар да осы жақсылықтың есесіне ол үшін қиын жұмысты атқарып береді. "Джамшид патша мен алма ұрлайтын дию" туралы ертегіде басты кейіпкер самұрық құстың балапандарын жыланнан құтқарады, ал самұрық құс болса оны зұлматтан шығарып, жарық қалаға апарады. "Өрік ағашының түбіндегі жалқау" атты ертегіде басты кейіпкер адамнан теперіш көрген мысық немесе итті сатып алады, ал олар кейіпкерге жоғалған сиқырлы элементті тауып береді.

Басты кейіпкердің сиқырлық элементтер мен құралдарға қол жеткізу жолдарының бірі – бір адам ешбір талапсыз, дәмеленусіз, кейіпкер тарапынан ешқандай істің атқарылуынсыз оған сиқырлы элементті береді немесе оның жатқан жерін көрсетіп береді. Мысалы, "Мұхаммад патша мен Шапуршах қызының сиқыры" атты ертегіде үш кептер ағаштың басына отырып, осы ағаш жапырағының кейіпкердің жарасын қалай жазатындығын айтады.

Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Аймаңдай" атты әңгімені тыңдауға шақырамыз.

Ерте, ерте, ертеде ешкі жүні бөртеде сүйікті әйелімен өмір сүріп жатқан бір адам болыпты. Олардың Шахбану есімді қыздары болыпты. Ол өте сұлу болған екен. Ата-анасы осы қыздарының алдарында жүргеніне қуанып, өмір сүріп жатыпты. Уақыт өтіп, Шахбану 7 жасқа келіпті. Әкесі оны мектепке Моллабаджи – әйел мұғалімнен дәріс алуға жіберіпті. Мұғалім балалар оған сәлем-сауқат әкелгенде Шахбанудың әкелген затының бәрінен жақсырақ екендігін байқапты. Сол себепті, оған жақындай түсіп, әкесінің немен айналысатынын суыртпақтап сұрап алыпты. Мұғалімнің нендей ойы барын білмеген Шахбану өзінің бүкіл өмірін баяндап беріпті. Мұғалім екі күннің ішінде Шахбанудың әкесінің кәсібінің ақша есептеу екенін, дәулетті адам екенін біліпті. Мұғалім жоспарын жақсылап ойластырып алған соң, қызға одан әрі жақындай түсіп, анасынан да мейірімді сүтанаға айналыпты. Егер мұғалім Шахбануға "Айранның түсі қара болады" деп айтса, қыз бірден сеніп қалатындай дәрежеге жетіпті. Бір күні мұғалім Шахбануға кесе беріп: "Мұны шешеңе беріп, сәлемімді жеткіз де, кесені сірке суына толтырып, мектепке қайта жіберсін деп айт",-депті. Содан соң Шахбануға: "Шешең қоймаға кіргенде артынан бар да: "Мұғалімім жеті жылдық сірке суын әкел, жетіншіден басқа құмырадан сірке суын алма деді" де, шешең жетінші құмыраға барып еңкейіп сірке суын ала бергенде оны құмыраға итеріп жіберіп, қақпағын жауып қой",-депті. Шахбану келісіп, мұғалім үйреткендей өз шешесін құмыраға салып, қақпағын жауып қойыпты. Әкесі кешке үйге қайтып оралғанда Шахбанудың жалғыз отырғанын көріпті. Одан: "Шешең қайда?"-деп сұрапты. Шахбану: "Білмеймін. Мектептен келгенімде шешем үйде болмады",- деп жауап беріпті. Ертеңінде Шахбану мектепке барып, мұғалімге не істегенін баяндап беріпті. Мұғалім бұл хабарды естігенде қатты қуанып, Шахбануды құшақтап сүйеді. Бірнеше күн өткеннен кейін мұғалім Шахбануға бір уыс сарбасқурай беріп, былай деп үйретіпті: "Үйге барғанда мынаны басыңа жағып ал да, әкең оттың алдына отырғанда басыңды шайқа. Сонда сарбасқурай басыңнан отқа түсіп, зырқ-зырқ еткен дыбыс шығарады. Сол кезде әкең: "Бұл не?"-деп сұрағанда сен: "Басым биттеп кетті. Маған қарап, киімімді жуып, өзімді моншаға түсіретін адам жоқ. Шешем жоқ, егер әкем басқа әйел алса, хал-жағдайым жақсарар еді",-дерсің. Содан соң жылап-сықтап, әкеңнің саған қарайтын әйел алуы керектігін айт. Әкең "Кімді алайын?"-деп сұраса, сен "Бір жүрек-бауырды есіктің маңдайшасына іліп қой. Қай әйелдің басы бірінші тисе, соған үйлен" дерсің. Шахбану бұл жолы да айлакер мұғалімнің ұсынысын қабылдап, ол үйреткендей істейді. Әкесі келісіп, ертеңінде базарға барып, жүрек-бауыр сатып әкеліп, үйдің маңдайшасына іліп қойяды. Мұны көріп тұрған мұғалім бірден Шахбанудың үйіне қарай бет алып, жай әншейін келгендей кіргенде басы жүрек-бауырға тиіп: "Ойбай, үсті-басымды ластаған бұл не болды екен?"-деп өтірік зарлай жөнеліпті. Әйелдің дауысы шыққанда Шахбанудың әкесі үйден шығып, мұғалімнен кешірім сұрап, оған мән-жайды баяндап береді. Мұғалім тұрмысқа шығуға ризалық білдіреді. Шахбанудың әкесі оны қолынан жетектеп, молданың алдына апарып, некесін қидыртып, үйге қайтып оралыпты.

Ал енді басқа бір жағдайды естіңіздер: мұғалімнің өзінің сұрықсыз қызы болыпты. Ол қыз да шешесімен бірге Шахбанудың әкесінің үйіне келіпті. Мұғалім екі-үш күн бойы үйді тазалап, жабдықтар мен құралдарды түгендеп, соңында азық-түлікті тексеріп, жетінші құмырада не бар екенін көру үшін қоймаға барыпты. Құмыраның қақпағын ашқанда ішінен сары сиыр шығыпты. Мұғалім сасқалақтап: "Мына сиыр Шахбанудың шешесі болып жүрмесін",-деп ойлапты. Сиырды тез арада қораға апарып, сол күннен бастап Шахбануға қырын қарай бастайды. Ауыр жұмыстардың барлығын: ауланы сыпырудан бастап, киім мен ыдыс-аяқ жууға дейінгі жұмыстарды Шахбанудың мойнына артып қойып, оның әрбір ісінен жүз түрлі кемшілік тауып отырыпты. Шамасы келгенше байқұс қыздың есін шығарып, ұрып алудан да тайынбапты. Шахбануды жөні түзу тамақ пен киімнен де айырып, үстіне өз қызынан қалған ескі киімдерді кигізетін болыпты. Шахбану мұғалімнен қорыққандықтан әкесіне ләм деп ештеңе айта алмапты. Бірнеше күн өткеннен кейін мұғалім Шахбануды азаптаудың жаңа жолын тауып, оған: "Ертең күн шықпай тұрып бөлмелер мен ауланы сыпырып, ыдыс-аяқтарды жуып қой. Содан соң бір себет мақта мен ұршықты алып, сиырды далаға апарып кешке дейін бағасың. Мақтаны иіріп, кешке жіпті маған тапсырып, үйдің қалған жұмыстарын істейсің",-депті. Мұғалімге "жоқ" деп айта алмайтын Шахбану қабылдап, ертеңінде таң атар-атпастан мұғалім айтқан тапсырмаларды орындап, сиыр, мақта мен ұршықты алып далаға кетеді. Кетіп бара жатып көзіне жас алып: "Құдай-ай, мен екі емес, он қолым болса да, кешке дейін осыншама мақтаны иіре алмаймын. Егер істемесем, кешке мұғалімге не деп жауап беремін?",-деп қайғырыпты. Шахбану далаға жеткенде сиырды жайылсын деп бос жіберіп, өзі бір тастың үстіне отырып, мақтаны ұршыққа салып, жіп иіре бастайды. Кеш батқанда қараса, әлі мақтаның жартысын да иіріп бітпепті. Дүниенің қайғысы басына түсіп, өзінің мүшкіл жағдайына налып, жылапты. Бетін жас жуып отырғанда кенеттен, қараса сиыр алдына келіп, оғаны жаны ашып қарап тұр екен. Содан соң ол Шахбануға көмектесе бастайды. Қыз қуанып, жіптерді орап себетке салып, себетті басына қойып, сиырды алдына салып, үйге қарай бет алады. Үйге жеткенде жіпті мұғалімге тапсырады. Өгей шешесі жіпті алып: "Енді үйдің ісіне кіріс",-дейді. Қыз үйдің жұмысын аяқтап болғанда мұғалім оған бір тілім қатқан нан береді. Шахбану нанды суға шылап жеп, көзі жасқа толып бір бұрышқа барып жатып қалады.       

Тегтер