Иран ертегілері мен аңыздары
Бірнеше бағдарлама барысында перілер туралы ертегілерді талдап, әпсаналардың осы түрін таныстырумен қоса, оның әлемдегі үлгілерінің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін атадық.
Өткен бағдарламада әпсаналардағы мезгіл мен мекен тақырыбын қарастырып, бұл екі фактордың осындай әпсаналарда бұлыңғыр екендігін, шын мәнінде әпсаналардың бүкіл әлемде мезгіл мен мекеннен тыс сипатқа ие екендігін айттық.
Перілер туралы ертегілердің келесі ерекшеліктерінің біріне екі мекенді болуы жатады. Ертегінің кейіпкері белгісіз екі мекенде қозғалыс үстінде болады. Осы екі мекен туралы сенімді болатын нәрсеміз – олардың айырмашылығы. Бірінші мекен әрдайым басты кейіпкердің туған жері болып келеді. Бірақ онда тыныштық пен бақыт белгісіз бір себептермен бұзылған. Сондықтан ертегінің кейіпкері бақытқа жету үшін басқа жерге барады. Бұл екі мекен туралы білетін жалғыз айырмашылығымыз осы. Бірақ бұл айырмашылық бізге ертегінің географиялық орнын анықтауға көмектеспейді. Мекен мен мезгіл белгісіздігі – тақырыбы мен бөлінісіне қарамастан барлық әпсаналардың ерекшелігі.
Барлық әпсаналарға тән ортақ тақырып – бойдақтық пен үйлену. Әпсаналардың кейіпкерлерінің көбісі жынысына, яғни әйел немесе еркек болғандығына қарамастан, бойдақ болады. Бойдақ болу – әпсаналардың көбісінің жалпы ерекшеліктерінің бірі. Кейіпкер жалғыз. Екеу болу немесе жұп болу кемелденуге септігін тигізеді. Осы бойдақ кейіпкерлердің барлығы дерлік ертегінің соңында үйленеді. Кейіпкер абсолюттік кемелдікке жету жолындағы өз болмысының екінші бір жағына қол жеткізу үшін көп күш жұмсайды. Ол әрқилы оқиғалар барысында өзінің әйел немесе еркек жұбына жетуді көздейді. Басқаша айтқанда, ертегілердің кез-келген кейіпкері, мейлі әйел, мейлі ер адам өзінің жасырынған жұбын іздейді. Кейіпкердің өзінің туған жерінде бақытқа жетпейтіндігі мүмкін сондықтан болар. Тек көптеген сынақтар мен қатерлерден өтіп, қиыншылықтар мен кедергілерді бастан өткергеннен кейін ақырында мақсатына жетіп, кемелденіп, өзінің туған жеріне қайтып оралады.
Егер алғашқы мекенді сана, ал екінші мекенді көмескі сананың нышаны деп санасақ, кейіпкер өзінің көмескі санасына жол тартқан кезде өзінің негізгі мекені, яғни санаға қайтып оралып, сол жерде бақытты өмір сүреді.
Тарих бойында адамды ойландырған мәселелердің бірі – шынайы ғашықтыққа қол жеткізу. Мистиктер ғашықтықты екіге бөліп қарастырады: шынайы ғашықтық пен виртуалдық ғашықтық. Шынайы ғашықтыққа жетудің жолы – виртуалдық ғашықтық. Платон "Федр" трактатында: "Адам осы дүниедегі сұлулықты көрген кезде әлгі шынайы сұлулықты еске түсіреді. Сол кезде оған қанат бітіп, соған қарай ұшқысы келеді. Осындай жағдайда басқалар оны жынданып кеткен деп ойлайды, бірақ менің сенімімше, бұл жағдай – қолы жеткен кез-келген адам үшін ең жақсы әрі ең сұлу ғашықтықтың түрі және негізгі бақыттың бастауы" деген болатын.
Осы тұрғыдан ғашықтыққа бірлік, кемелдік, рухтың биіктікке жəне абсолютті ізгілікке қол жеткізуі арқылы жетуге болады. Платон сенген Ежелгі Грекия аңыздарында былай деп жазылған: адам алдымен кəміл, ер мен əйелден тұрған. Құдайлардың бірі адамға жамандық тілегендіктен оны екіге бөліп тастаған. Содан бері əрбір адам кемелдікке жету үшін өзінің жартысын іздейтін болған.
Əпсаналарда да əрбір кейіпкер кемелдікке жету үшін өзінің екінші жартысын іздеуге аттанады. Сол себепті ғашық пен оның сүйіктісі басқаларға керісінше ішкі түйсікке (ішкі көзге) ие болып, сыртқы дүниеге алданбайды.
Мысалы, "Патшаның қызы мен тақыр бас" туралы ертегілерде патша қызының тақыр бастың ұсқынсыз түрі мен ақымақ істерінің артынан қаһарманның жасырынғанын байқайтынын, бірақ басқалардың бұл мәселелерді ертегінің соңына дейін түсінбейтінін көреміз.
Ал енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Шахзада мен Шах Париан қызы" атты ертегіні тыңдайық.
Бұрынғы өткен заманда бір патшаның үш әйелі болыпты. Бірақ ол солардың ешқайсысынан перзент сүймепті. Қанша жерге барып, ем алып, серт берсе де, пайдасы болмапты. Бір күні сарайдың алдына бір дәруіш келіпті. Патшаның жылпос әрі пысық екі әйелі "Осы дәруіштен дұға сұрап алайық. Бұл кедей адамның сөзі шынға айналып, біз де балалы болармыз",-деп ойлапты. Бірге дәруішке барыпты да, өздерінің қайғыларын айтыпты. Дәруіш қалтасынан анар алып шығып, дұға оқып, анарға дем салып, патшаның әйелдеріне беріп: "Мына анарды жеп, Құдайға тәуекел етіңдер",-депті. Құдай не қаласа, тура сол болады. Қуанып, үміттенген әйелдер анардың дәндерін бір-бірлеп жеп отырғанда қастарына жалқау үшінші әйел келіпті. Қараса, әлгі екеуінің ауызы бұлтыңдап, бірнәрсе жеп отыр екен. Олардан: "Не жеп отырсыңдар?",-деп сұрапты. Әлгі екі әйел сырғақсып: "Ештеңе",-депті. Үшінші әйел одан ары ештеңе сұрамайды. Бірақ қараса, жерге анардың бір дәні түсіп қалған екен. Соны алып, аузына салыпты.
Біраз уақыт өткеннен кейін Құдайдың қалауымен үш әйелдің де аяғы ауыр болыпты. 9 ай, 9 күн өткен соң әлгі екі әйел шекелері торсықтай ұл тауыпты, ал жалқау әйел дүниеге әлжуаз ұл бала әкелген екен. Біраз уақыт өтіп, ұлдар өсіпті, ал патша қартайып, екі көзі көрмей қалыпты. Қала мен оның атырабындағы барлық тәуіптерді шақырғанымен, ешқайсысы ештеңе істей алмапты. Патша тауда бір қарт адамның өмір сүретіндігін, оның мықты көріпкел екендігін естиді. Сонымен әлгі қарияны алдыртыпты. Ол патшаға қарап: "Сенің дертіңнің емі – Шах Париан биесінің сүті",-депті. Патша мұны естіп, ұлдарын шақырып алып: "Менің үмітім сендерсіңдер. Барыңдар да көзімнің емін тауып келіңдер",-депті. Үш ұл да аттануға дайын екендіктерін білдіріпті. Патша екі мықты ұлына жүйрік ат беріпті. Бірақ кіші әлжуаз арық ұлын осы қауіпті де ауыр сапарға аттандырғысы келмепті. Үшінші ұл ағаларымен бірге баруға қанша жалынса да, патша келісімін бермепті. "Сапар қиыншылыққа толы, көп күшті қажет етеді. Сен жарамайсың",- депті. Қатты қайғырған ұл анасына барыпты. Анасы оның неге көңілсіз екендігін сұрағанда ұлы себебін айтыпты. Ұлы анасынан патшаға барып, оған да ағаларымен бірге осы сапарға баруға рұқсат беруін сұрауын өтініпті. Мүмкін әкесі үшін бірдеңе істей алатын шығар. Үшінші әйелі барып жылап-сықтағаны соншалықты патша рұқсат беріпті. Үшінші ұл да атқа мініп, шауып отырып ағаларын қуып жетіпті. Үшеуі жүріп отырып, бір жолайрыққа жетеді. Бір тастың бетінде "Осы жолайрыққа жеткен адам, егер оң жақ жолмен жүрсең, еш қауіп жоқ, бірақ кеш жетесің. Ал егер сол жақ жолмен жүрсең, қауіпті, бірақ жақын" деп жазылған екен. Бірінші болып аттанған екі ұл оң жақ жолмен жүретін болыпты. Ал үшінші ұл "не болса, ол болсын" деп, ерте жету үшін қауіпті жолмен жүрмек болыпты. Бір қылышты жерге көміп, кім бірінші келсе, сол алатын болып келісіпті. Осыны айтып, ағайындылар бір-бірімен қош айтысып, жолға шығыпты. Патшаның үшінші ұлы жүріп отырып, жүріп отырып кеш батқанда бір тауға жетіпті. Қараса, таудың басынан түтін шығып жатыр екен. Ішінен: "Осы жерде қалып, таңертең ары қарай аттанамын",-деп шешіпті. Барып, түтін шығып жатқан үңгірді тауып алыпты. Үңгірге кірген кезде бір кемпірдің отырғанын көреді. Бірден сәлем бергенде кемпір ұлдан: "Мұнда не істеп жүрсің? Қайда бара жатырсың?",-деп сұрапты. Ұл оған барлық оқиғаны баяндап беріпті. Кемпір патша ұлының әңгімесін тыңдаған соң: "Мен Шах Парианның сүтанасымын. Оны өзім өсірдім. Ол қазір Қап тауының ар жағына кетті. Мұнда мен ғана қалдым. Биелер де Қап тауының ар жағында",-депті. Шаршаған ұл: "Енді мен не істеуім керек?",-деп сұрағанда кемпір: "Тек бір-ақ жол бар",-депті.