Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бірнеше бағдарлама барысында фольклорлық әдебиеттің бір тармағы перілер туралы ертегілер жайында сөз қозғадық.
Зерттеушілердің ертегілер мен аңыздың жақындығы жайындағы пікірлерінің ортақтығын назарға ала отырып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарына тоқталдық. Содан соң ертегілердің ұқсастықтарының себептерін қарастырып, әртүрлі халықтардан аз ғана айырмашалығы бар көптеген ертегілерді кездестіруге болатынын айттық. Мысалы, «Ақ маңдай» ертегісінің осы күнге дейін 900 нұсқасы табылған.
Фольклорлық мәдениетті зерттеушілердің кейбіреулері еуропалық және арийлік ертегілерді зерттеп, салыстырғаннан кейін ертегілердің негізі б.з.д. халықтардың наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптарынан бастау алады деген нәтижеге жетті. Ресейлік флоьклортанушы ғалым Владимир Пропп "Сиқыршылық туралы ертегілердің тарихи тамырлары" атты еңбегінде ертегілердің ұқсастықтарының себебіне бірдей экономикалық негізді жатқызады. Барлық әдет-ғұрыптар мен ертегілер содан басталады. Кейбір зерттеушілер бұл ұқсастықтардың негізгі себебін ертегілердің белгілі бір мекеннен шығып, басқа жерлерге таралуынан деп санайды. Келесі ғалымдар де халықтар арасындағы соғыс немесе сауда-саттық сияқты қарым-қатынастар мен дәлелдерді ертегілердің таралуы мен ұқсастықтарының факторы деп атады.
Ирандық әдебиетші марқұм доктор Ғұламхұсейн Юсефидің пайымдауынша, "Кейбір жағдайда ертегілердің бұл ұқсастығы мен бірдейлігі жалпы кездейсоқ, алдын ала хабарсыз болуы мүмкін. Белгілі бір жолда бір-бірінің соңынан қозғалатын адамдардың бір-бірінің ізін дөп басуы былай тұрсын, бір жолда қозғалатын адамдардың өнері мен талғамы аясында бірінің ізіне екіншісінің аяқ басуы ғажап емес. Адамдардың сезім мен түйсік тұрғысынан бір-біріне ұқсас болатындығы сияқты туындылар мен ойлар да бір-бірінен ешқандай ықпал алмаса да, бір-біріне ұқсас болып келуі мүмкін".
Әпсана саласындағы зерттеушілердің басқа бір тобы табиғаттың бірдей негізі барлығын қарастырған. Олардың пайымдауынша, адамдардың ойлары мен мінез-құлықтарының ұқсастықтары әлемнің әртүрлі жерлеріндегі табиғи элементтердің ұқсастығы мен тұрақты болуынан туындайды. Дәл сол жерде аспаннан жаңбыр жауып, жерден ағаштар мен өсімдіктер өседі.
Ардақты ағайын, келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз. Ал енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне сапар шегіп, "Иран ертегілері" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Норандж бен Торандж қызы" атты әңгіменің жалғасын тыңдаймыз.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, ерте замандарда патша, егер Құдай оған бала берсе, кедейлер үшін бір хауызды майға, екінші хауызды балға толтыруға уәде береді. Ұлы он сегізге толғанда патша өз уәдесін орындайды. Осы арада шахзада ойнап жүріп, бір кемпірдің кәсесін садақпен атып, сындырады. Кемпір ренжіп, оны «Норандж бен Торандж қызының азабына түс» деп қарғайды. Осы сөз шахзаданың Норандж бен Торандж қызы жайлы ойға түсуіне себеп болады. Шахзада барлық қиындықтарды басынан өткеріп, оған айтқан барлық істі орындапты. Баққа барып, бірнеше норандж бен торандж теріп алып, қайтыпты. Оларды қалтасынан алып шығып, қайсысын ашса да, одан нан мен су сұрайтын әдемі қыз шығып отырыпты. Шахзада оған нан мен су бергенде қыз өліп қала беріпті. Қайғыға батқан шахзада соңғы торанджды қалтасына салып, өз қаласына қайтып оралыпты. Қалаға жақындағанда «Норандж бен Торандж қызының азабына түс» деп қарғаған кемпірді көріпті. Кемпір одан: "Норандж бен Торандж қызына жеттің бе, жоқ па?"-деп сұрапты. Шахзада оған барлық болған оқиғаны баяндап беріпті. Кемпір: "Егер қыз аман қалсын десең, ол не сұраса, сен оған басқа бір нәрсе бер. Егер нан десе, су бер. Егер су десе, аузына нан сал",-депті. Шахзада қуанып, кемпір өз жолымен кетіпті. Ең сұлу қыз норандждан шыға салып, "нан" депті. Бірақ шахзада кесесін суға толтырып, қызға су беріпті. Қыз суды ішіп, бойы таралып, нағыз қыздың бойына дейін жетіпті. Сосын шахзадаға қарап: "Сен кімсің? Мен мұнда не істеп жүрмін?"-депті. Шахзада оған: "Сен Норандж бен Торандж қызысың. Мен үлкен қиындықпен сені Норандж бен Торандж бағынан алып келдім. Менің жұбайым боласың ба? Мен осы қала патшасының жалғыз ұлымын. Қазір осы жерде сені жасырып қойып, өзім саған жөні түзу киім әкелуге барамын. Сені лайықты түрде әкемнің сарайына апарғым келеді",-депті. Қыз: "Сен қайтып оралғанша, мен мына ағаштың басында отыра тұрамын",-депті. Қыз ағаштың басына шығып, жігіт қалаға қарай кетіпті.
Құдайдың жазуымен, ағаштың жанында әйелі мен бала-шағасы және қара күңімен өмір сүріп жатқан адам болыпты. Норандж бен Торандж қызының ағаш басына шыққаны сол еді, қара күң балалардың киімін алып, өзеннің жағасына келіпті. Суға қараған кезде Норандж қызының суретін судан көріп, су бетіне түскен өзінің бейнесі екен деп ойлапты. Өз-өзіне разы болып: "Мен сондай сұлу екенмін ғой, қалайша білмегенмін. Мынадай түрмен тіпті қожайынның әйелі де маған қызмет етуге лайықты емес. Енді оған қызмет етпеймін. Мен патша ұлына жұбай болуға лайықтымын. Қожайынның әйелі сияқты жүздеген әйел менің күңім болуы керек",-деп ойлапты. Күң осылай деп, кір жумай, үйге қайтып оралыпты. Қожайынның әйелі күңнің кірді жумай үйге қайтып келгенін көріп, ашуланып: "Неге балалардың киімін жумадың?",-депті. Күң үйдің төріне отырып алып: "Мен осындай сұлулықпен неліктен балалардың киімін жууым керек. Осы уақытқа дейін мені алдадың. Осыған дейін істеген ісім жеткілікті. Осыдан былай күңің емеспін",-депті. Қожайынның әйелі күліп: "Қайдағы сұлулық? Айнаға қарасаңшы, өзіңнің кім екеніңді көресің",-депті. Күң барып айнаға қараса, айнадан қап-қара, шешекке толы өзінің сиқысыз бетін көреді. Таралмаған шашы сыпыртқының тармағындай екен. Өзінің сөзіне өкініп, ұялып, кір киімдерді алып, өзеннің жағасына барыпты. Тағы да көзі су бетіндегі бейнеге түсіп, әлгі сұлу қызды көріпті. Осы жолы өзіне: "Қожайынның әйелі әдейі айнаны менің бетімді сұрықсыз етіп көрсететіндей жасаған шығар, сөйтіп менің күңнің жұмысына разы қылдырмақ",-депті. Осыны айтыпты да, қайтадан үйге қайтып оралып, айнаны сындырыпты. Қожайынның әйелі күңнің жұмыс істемей қайтып оралып, айнаны сындырғанын көріп: "Саған не көрінді? Неге бұлай істейсің?"-деп айқайлапты. Күң: "Сен мені алдайсың?Айнаны мені жаман көрсететіндей етіп жасап, менің үнемі өзіңнің күңің болғанымды қалайсың",-депті. Қожайынның әйелі: "Бұл айнаға сенбесең, көршінің үйіне барып, солардың айнасына қара",-депті. Күң көршінің үйіне барып қараса, қожайынның әйелінің шын айтатынын көріпті. Осы жолы да кешірім сұрап, кір киімдерді алып, өзеннің жағасына барыпты. Бірақ қолын суға сала берген кезде тағы да судың бетінен сұлу қыздың суретін көріпті. Өз-өзіне: «Әлгі екі айнаны бір адам жасаған болуы керек. Мен осындай әдемі бола тұрып, неге балалардың киімін жууым керек»,-деп қатты-қатты айтыпты. Ағаштың басында отырған қыз қара күңнің дауысын естіп, күліп жіберіпті. Күң жоғарыдан күлген дауысты естігенде басын көтеріп, му бетіне түскен суреттің осы қыздікі екендігін түсініпті. Киімдерді тез жуып, үйге қайтып оралады. Киімді жайып, сосын қожайынның әйеліне көрсетпей, ас үйден қолына пышақ алып, киімінің астына тығып алып, әлгі ағаштың астына барыпты. Норадж бен Торандж қызына: «Жоғары шығып, жаныңа отырғым келеді, бұрымыңды түсір»,-депті. Жаны таза, қарапайым әрі ешкім мен ештеңені танымайтын қыз ұзын бұрымын төмен түсіріпті. Күң жоғары шығып, қыздың жанына отырып алған соң: «Мұнда не істеп отырсың?»,-деп сұрайды. Сұлу қыз басынан өткен барлық оқиғаны бастан- аяқ айтып беріпті. Күң: «Ұзын шашыңды жақсылап тазалап беруге рұқсат ет»,-депті. Сұлу қыз басын еңкейткен кезде күң оны бауыздап, суға лақтырып жіберіпті. Бірақ оның қаны өзеннің жағасына тамып, оның орнына мандарин ағашы өсіп шығыпты. Шахзада өзеннің жағасына келіп, сұлу қызға киім берем дегенде сұрықсыз түріне ешкім батып қарай алмайтын адамды көріпті. Ал қара күң шахзаданы көрген кезде өзі бірінші болып сөзді бастап, қолын жоғары көтеріп: «Неге кешіктің? Үнемі осылай созып жүресің бе? Киім әкелу соншалықты уақыт алмайды ғой»,-депті. Шахзада қара күңнің сөзіне таң қалғанымен оның белгілерді дұрыс айтып тұрғанын көргендіктен: «Сенің жүзің ақ болып еді ғой, неге сонша қарайып кеткенсің?»,-депті. Күң: «Күннің ыстығына шыдай алмаймын. Күн қарайтып жіберді»,-депті. Шахзада: «Бетіңе неге шешек шығып кеткен?»,-деп сұрағанда күң: «Қарғалар шоқып тастады»,-деп жауап береді. Шахзада: «Ұзын бұрымың қайда?»,-десе күң: «Жел алып кетті»,-дейді. Шахзаданың жүруге дәрмені болмапты. Қателесті, бірақ енді қалай болғанда да мұны түзету керек. Жақын келіп, қызға әкелген киімдерді береді. Қыз киімді киіп, төмен түсіп, тездетіп күймеге отырып, нөкерлері оны сарайға қарай алып жүреді. Бірақ шахзада күңнің артынан жүргісі келгенде көзі мандарин ағашына түсіпті. Жылдам оны тамырымен қопарып алып, сарайға жеткенде өз бөлмесінің алдындағы баққа егіп қойыпты.