Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бағдарламаларда айтқанымыздай, перілер туралы ертегілер әрбір елдің бұқаралық мәдениетінен бастау алады.
Осы саланың зерттеушілерінің пікірінше, ертегілердің аңыздармен ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Кейбір жағдайда кейбір зерттеушілер осы екеуін бірдей деп санаған. Ал бұл екі жанрдың шекаралары мен берер тағылымдары әр басқа. Осы айырмашылықтардың кейбіреуін аңыз бен ертегі саласындағы ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып қарастырдық.
Енді әпсаналардың ұқсастықтарының себептерін талқылаймыз. Өйткені алыс қашықтыққа қарамастан әртүрлі ұлттар мен халықтар арасында азғана айырмашылықпен тура қайталанатын көптеген әпсана-ертегілерді кездестіруге болады. Ғалымдардың арасында әпсана-ертегілердің бір-біріне ұқсастығының себептеріне қатысты әртүрлі пікір бар.
Этнографтар мен әртүрлі мектептердің фольклортанушыларының әпсана-ертегілердің ұқсастықтары туралы келтірген түсініктемелері көп. Мысалы, әпсана-ертегілерді зерттегенде тарихи-географиялық тәсілдің бастамашысы болған финляндиялық мектеп теоретиктерінің пікірі бойынша, ұқсас түрлері бар әпсана-ертегілер белгілі бір мезгілде, белгілі бір жерде бір адам тарапынан саналы түрде шығарылған болуы керек. Олардың сенімінше, осы алғашқы жаңалықтан кейін әпсана өзінің пайда болған жерінен сапарға аттанды. Саудаға қатысты да қатыссыз сапарлар мен осы ертегілердің басқа жерлерде айтылуына байланысты әпсаналардың түр-түрі таралды. Қолмен жазылған немесе жарияланған мәтіндер де олардың таралуына ықпал етіп, кең географиялық аумаққа таралуы ықтимал. Осы мектеп пен теорияны ұстанушылардың бірі Уоррен Робертс (Warren Roberts) әлемнің түкпір-түкпірінен "Ай маңдай" атты әпсананың 900-ден астам нұсқасын жинаған.
Енді сіздермен бірге ертегілер мен аңыздар әлеміне саяхат жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдалынып алынған "Норандж бен Торандж қызы" атты ертегінің жалғасын тыңдайық.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, ерте замандарда патша, егер Құдай оған бала берсе, кедейлер үшін бір хауызды майға, екінші хауызды балға толтыруға уәде береді. Ұлы он сегізге толғанда патша өз уәдесін орындайды. Осы арада шахзада ойнап жүріп, бір кемпірдің кәсесін садақпен атып, сындырады. Кемпір ренжіп, «Норандж бен Торандж қызының азабына түс» деп қарғайды. Шахзада Норандж бен Торандж қызын тауып алмаққа бел байлайды. Үлкендер оған жолдың қиындығы жайлы қанша айтса да, ол тыңдамай, жолға шығыпты. Шахзадаға бір қарт адам кездесіп, оған кеңес беріп, жол көрсетіпті. Шахзада барлық қиындықтарды артта қалдырып, дию кемпірге жетіпті. Ол да шахзадаға жол көрсетіп: «Егер менің сөзіме құлақ асып, ештеңені ұмытпасаң, міндетті түрде "Норандж бен Торандж" бағына жетесің. Мына жолмен тура жүре беріп, ана бір таудың басына барасың. Сол жерге жеткеннен кейін шылбыры ағашқа байланған қара атты көресің. Өз атыңнан түсесің де, қара атты шешіп алып, өз атыңды оның орнына байлайсың. Соңсоң қара атқа мінесің. Бұл ат бір жылдық жолды желдей есіп, бір күнде жүріп өтіп, сені "Норандж бен Торандждың" бағына жеткізеді. Баққа жетер алдында даладан ірі аң аулап алып, оны өзіңмен бірге алып жүресің. Бақтың есігінің алдында айдаһар жатады. Сені көрген кезде оның алдына аңның етін лақтырасың. Айдаһар ет жеуге кіріскенде бақтың ішіне кіресің. Бақта ағаштар грейпфрут пен апельсинге толы болады. Әрбір ағаштың астында бір-бір дию ұйықтап жатады. Сен салт атты күйде қалағаныңша грейпфрут пен апельсин жинап алып, тез қайтуың керек. Орманнан өтерде қорықпағаның сияқты мұнда да қандай дыбыс естісең де, қорықпа, көңіл аударма, артыңа қарама. Бақтан шыққаннан кейін қара ат сені өзінің алғашқы орнына алып келеді. Сол жерде атты өз орнына ағашқа байлап, өзіңнің атыңа мінесің. Қара атты байлаған соң диюлердің қолы саған жетпейтін болады»,-депті. Шахзада дию кемпірмен қоштасып, ол айтқан жолмен жүріп отырыпты. Жүріп отырып, жүріп отырып, таудың басындағы ағашқа жетіпті. Тездетіп, қара атты босатып алыпты да, өз атын сол ағашқа байлап қойыпты. Қара атқа мінген кезде оған қанат біткендей болыпты. Желдей есіп шапқанда шахзаданың көзі қарауытып кетіпті. Бір сағаттай жол жүргеннен кейін бақ дуалының сұлбасы көрініпті. Шахзада аттың басын тартып, оны тыныштандырад. Садақ пен оғын алып, үлкен тау ешкісін атып алып, оны атқа өңгеріпті, баққа қарай тартыпты. Баққа жеткен кезде алдынан айдаһарды көріп, ол қозғалам дегенше оның алдына тау ешкісінің өлексесін тастайды. Айдаһар ет жеуге кіріскен кезде шахзада бақтың ішіне енеді. Ол көзі ағаштарға түскенде таң-тамаша қалады. Содан салт атты күйде бақтың ортасына дейін барғанда ағаштардың астында жатқан диюларды көреді. Аттың басын бұрып, бақтың есігіне қарай шаба жөнелген бойда қолын созып, бірнеше грейпфрут пен апельсин теріп алмақ болыпты. Біріншісін үзіп алғанда «терді, терді» деген қатты дауыс шығады. Диюлер оянып, бірақ олар қозғаламын дегенше шахзада тағы бірнеше жеміс жинап үлгеріп, бақтан желдей ұшып шығып кетеді. Бақтан шығып кеткенде «Баққа қайт, әйтпесе өлесің» деген дауыс естіледі. Бірақ шахзада дию кемпірдің сөзіне құлақ асып, артына қарамайды. Қара атқа тағы да қанат біткендей болып, шапқан күйде таудың басындағы ағашқа жетеді. Шахзада аттан түсіп, оны ағашқа байлап, өз атын босатып алып, мініп, келген жолмен қайтып оралып, дию кемпірдің үйіне жетеді. Ол жерден де өтіп орманға жеткенде жыртқыш аңдар азу тістері мен өткір тырнақтарын көрсетіп, айбат шегеді. Бірақ батылдығы артқан шахзада ештеңеге көңіл аудармай, артына да қарамай, жүре береді.
Шахзада орманнан шығып, жүріп отырып, өзеннің жағасына жетеді. Сол жерде аттан түсіп, беті-қолын жуып, су ішіп, жағада отырып, норандж бен торандждарды (грейпфрут пен апельсиндерді) қалтасынан алып шығады. Біріншіні алып жарғанда ішінен күндей сұлу бір қыз шығып: «Нан»,-депті. Шахзада қоржынынан нан алып шығып, оған беріпті. Қыз нан жеген бетте құлап түсіп, өліп қалыпты. Шахзада қайғыдан ауыр күрсініп, тағы бір норанджды жарады. Осы жолы алғашқы қыздан да сұлу қыз шығып: «Су»,-депті. Шахзада оған су бергенде ол да алдыңғы қыздай құлап, өліп қалыпты. Шахзада осылайша грейпфрут пен апельсиндерді аршығанда, қыздар бірінен соң бірі өліп қала беріпті. Тек бір норандж қалғанда шахзада оны жарғысы келмепті. Оны қалтасына салып, көңілі түсіп, атқа мініп, өз қаласына қарай бет алады. Ақырындап, аяңдап отырып қалаға жақындайды. Тағдырдың жазмышымен Құдайдан шахзаданың норандж бен торандж қызының азабына түсуін қалаған кемпірді жолықтырыпты. Кемпір шахзадаға қарап: «Патшаның жар дегендегі жалғызы, Норандж бен торандж бағына бардың ба, жоқ па?»,-деп сұрапты. Шахзада: «Жетпегенім жақсы еді. Жеткенше жаным тәнімнен шыға жаздады. Сіз айтқан жемістен бірнешеуін тердім. Бір-бірлеп ашып едім, сұлулықтары адамды есінен тандыратын қыздар шықты, бірақ барлығы бірінен соң бірі жерге құлап, өліп қалды. Тек бір норандж ғана қалды. Оны жаруға дәтім бармады. Бұл да өліп қала ма деп қорқамын»,-депті. Кемпір: «Егер өлмесін десең, ол не сұраса, сен басқа зат бер. Егер нан десе, сен оған су бер. Егер су сұраса, аузына нан сал»,-депті. Шахзада қуанып қалады. Ал кемпір өз жөнімен кеткен екен.