Сәу 19, 2016 12:53 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда айтқанымыздай, әрбір елдің мәдениетінен бастау алатын перілер туралы ертегілер ауыз әдебиетінің ең көп жақтасы бар саласы болып саналады.

Сонымен қатар, аңыздар мен ертегілер арасындағы ұқсастықтардың болуына байланысты кейбіреулердің оларды жаңсақтықпен бірдей деп санағандарын айттық. Екеуі де ата-бабалар даналығының қазынасы ретінде соларды келесі ұрпақтарға жеткізудің құралы болып, бұл екі жанрдың шекаралары мен тағылымы бір-біріне өте жақын болғанымен, олардың арасында айырмашылықтар да бар. Сондықтан да Гримм ағайындылары ертегіні аңыздың қысқарған түрі деп санағанымен бұл екеуінің арасында айырмашылық аз емес.

Аңыздар ежелгі символдар ретінде танылып, қабылданған. Олар адам мен қоғамның психикасы мен қимыл-әрекетіне әсер етіп, тіпті кейде адамзат қоғамында шабыт беруші және қозғалыс тудырушы рөл атқарған. Бірақ әпсана-ертегілер сырттай алғанда құрылым жағынан қарапайым, мазмұн жағынан таяз, әлеуметтік тұрғыдан халықтың күнделікті тұрмысымен етене араласып кеткен шығармалар. Аңыз бір ұлттың қиялының шарықтау шыңында туады, ал әпсана жер бетінде, шынайы өмірді сезетін қолдар мен көздердің жанында пайда болады. Ертегілер тіпті кейде қиялдағы арманға жету үшін немесе бір қоғамдағы жағдайға наразылық ретінде қолданылады.

Әпсана-ертегі парсы тілінде "сиқырлайтын, тартатын" деген мағынаны береді. Ал Италияның қазіргі заман тарихшысы Рафаэль Петтацони ұсынған аңыздың сипаттамасында: "Аңыз – ертегі емес, тарих. Бұл шынайы тарих мазмұнына байланысты шынайы оқиғалар жайында баяндайды",-деп берілген. Яғни, мәңгілік ұлы оқиғалардың бастамасы. Атап айтқанда, әлемнің жаратылысы, адамзаттың пайда болуы, өмірдің басталуы, жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрінің пайда бола бастауы, аңшылықтың басталуы, қоғамның қалыптасуы қазіргі өмірдің ежелгі бастауы болып табылады.

Петтацонидің пайымдауынша, аңыздар қолдан жасалған емес, шынайы оқиғаларды әңгімелейді. Олардың шынайылығы логикалық жүйелерге де, тарихи жүйелерге де сәйкес келмейді, өйткені аңыздар бәрінен бұрын діни және рухани шындық, ерекше бір деңгейде сиқырлы қасиетке ие.

Парсы әдебиетінің ұстазы доктор Мирджалаладдин Каззази "Қиял, эпос, аңыз" атты еңбегінде аңыз бен ертегінің кейбір айырмашылықтарына тоқталды. Оның сенімінше, әпсана-ертегілер – халық аузындағы халықтық ертегілер мен хикаялар. Каззази әпсаналарды бейберекет шашылған әңгімелер деп санайды. Оларды кейін аңыз туатын құрылымдық бастамалар мен негіздер деп санауға болады. Кейбір ертегілерді өзінің аңыздық әсерін жоғалтқан ежелгі аңыздың бір үзіндісі деп атауға болады.

Енді сіздермен бірге аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, "Иран әпсаналары" атты кітаптан сіздер үшін таңдалынып алынған "Норандж бен Торандж қызы" атты ертегіні тыңдайық.

Ерте, ерте, ертеде бір патша болыпты. Ол бір балаға зар болған екен. Құдайдан бала сұрап, бармаған жері қалмапты. Бірақ еш пайда болмаған екен. Ақырында егер ұлды болса, кедейлер келіп жеп, өздерімен бірге алып кету үшін сарайының бір хауызын балға, тағы бірін майға толтыратын болып уәде беріпті. Уәдесі қабылданып, Құдай оған ұл беріпті. Патша мұқым дүниеге ие болғандай қуаныпты. Шаттықтан не істерін білмепті. Жақсылап өсіру үшін ұлын күтушілерге беріп, баланы қажетті барлық затпен қамтамасыз етіпті. Ұл үлде мен бүлдеде өскен екен. Жылдар өтіп, шахзада он сегізге келіпті. Бір күні шахзада сарайда арлы-берлі жүргенде патша оның бойына зер салып қарап, кенеттен өзінің уәдесін есіне түсіріпті. "Мен уәде беру арқылы ұлды болдым. Бірақ уәдемді ұмытып кеттім",-деп ойлапты. Тез арада сарайдың сыртына екі үлкен хауыз салуға бұйрық береді. Хауыздар дайын болғанда біріне бал, екіншісіне май құйыпты. Жаршылар барша бал мен май ішіп, өздерімен алып кете алады деп жар салыпты. Кедейлер таңертеңнен күн батқанға дейін келіп, кәселері мен көзелеріне май мен бал құйып алып, кетіп жатыпты. Бір күні кемпір келіп, кәсесін хауызға салғалы жатқанда шахзада кемпірдің бүкір арқасын көріп, күлкісі келіп, садағына тас салып, кемпірдің кәсесін атып түсіріп, сындырып, майын төгіпті. Кемпір басын көтеріп, шахзада қарап: "Қарғағым келмейді, өйткені патшаның жалғызысың. Бірақ бар да, Норандж бен Торандж қызының азабына түс",-депті. Шахзада кемпірдің бұл сөзін естіп, Норадж бен Торандж қызы деген кім деп ойға батып, кемпірдің өзінен сұрапты. Ол: "Мен ол туралы ештеңе білмеймін. Білетін адамдардан сұра",-деп жауап беріпті. Шахзада таң-тамаша болып, шешесіне келіп: "Норандж бен Торандж қызы деген кім?",-деп сұрапты. Шешесі ұлының бұл сөздерді кімнен естігеніне таң қалыпты. Ұлы болған оқиғаны шешесіне баяндап беріпті. Патшайым: "Біздің қаладан алыс жерде бір бақ бар деседі. Онда ең жақсы норандж (грейпрут) бен торандж (цитрон) өседі екен. Әлгі норандж бен торандждардан ең сұлу қыздар туады екен. Бірақ мұның бәрі бос әңгіме, ұлым. Өйткені осы уақытқа дейін Норандж бен Торандж қызын іздеп, аттанған адамдардың ешқайсысы қайтып оралмады. Олардың мерт болғаны туралы хабар келді",-депті. Кемпірдің сөзінен жүрегі тулаған шахзада шешесінің сөзінен кейін есіл-дерті Норадж бен Торандж қызына ауып: "Қалай болғанда да барып, әлгі қызды алып келуім керек",-депті. Айтқанына өкініп қалған шешесі ұлының құлағына бұл істің ақыры оң болмайтынын, одан да мықтырақ жігіттердің аман қайтпағанын қанша құйса да, ұлы қабылдамапты. Норадж бен Торандж қызы ой-санасын жаулап алған шахзада "баруым керек" деп қоймапты. Патшайым алаңдап, күйеуіне барып, ұлының басына қандай ой келгенін айтыпты. Патша ұлын шақыртып алып, мұның шахзаданың ісі емес екендігін, бекерге жан тапсыратындығын айтыпты. Ұлы әкесінің сөзін бір құлағымен естіп, екінші құлағынан шығарып отырыпты. Патша ұлына не істерін білмей дал болыпты. Ақырында: "Сөзіңнен қайтпайды екенсің, онда өзіңмен бірге бірнеше нөкер ала шық",-депті. Шахзада сонда: "Жалғыз өзім барып, қызды алып келгім келеді",-депті. Шахзада сарайдың атқорасына барып, жылқышыға жүйрік ат бер депті. Қоржынға сапарға керектің заттарды салыпты. Барлығы дайын болғанда жолға шығыпты. Қаладан бірнеше шақырым алыстағанда шөл далада жүзі нұрға толы бір ақсақалды көріпті. Шахзада мына ақсақал алдымнан қалай пайда бола қалды деп, таң қалыпты. Ақсақал шахзадаға қарап:"Жас жігіт, денің сау болсын. Қайда бара жатырсың?",-деп сұрапты. Шахзада: " Норандж бен Торандж бағына бара жатырмын. Қалыңдық әкелейін деп едім",-депті. Ақсақал: "Осы жерден үйіңе қайтып, өміріңді жалғастырғаның дұрыс. Бұл жол бәлеге жеткізеді. Қайт та, өз қалаңда тыныш өмір сүр",-депті. Шахзада: "Көп адам маған осылай деді, бірақ мен баруым керек",-депті. Ақсақал: "Менің сөзіме құлақ аспайды екенсің, райыңнан қайтпайды екенсің. Ондай болса мына сөзімді тыңда. Осы жүрген жолыңмен тура жүре бересің. Содан бір орманға жетесің. Орманда жыртқыш аңдар мен жорғалаушылар сені көре салысымен шу шығарып, саған азу тістері мен өткір тырнақтарын көрсетеді. Сен оларға көңіл аударма, жолыңды жалғастыра бер. Бірақ артыңа қарамауың керек. Орманнан өткеннен кейін жүріп-жүріп, бір үйге жетесің. Ол үйдің алдында бір дию кемпір отырады. Одан Норадж бен Торандж бағы қайда деп сұрайсың. Ол саған бәрін жақсылап айтып береді",-депті. Шахзада қуанып, ақсақалмен қоштасып, жолға шығыпты. Жүріп келе жатыпты, жүріп келе жатыпты. Жолда орманға жетпей-ақ жыртқыш аңдар оған қарай азу тістері мен өткір тырнақтарын көрсетіп, айбат шегіпті. Шахзада саспай, аңдарға көңіл аудармай, өз жолымен кете барыпты. Осылайша жыртқыш аңдардың арасымен жүріп отырып, орманнан шығыпты. Аңдардың дауыстары да басылыпты. Ол қатерден өтіп, өз жолын жалғастырып келе жатқанына қуаныпты. Жүріп келе жатып, ақсақал айтқан үйге жетіпті. Келсе дию кемпір есіктің алдында отыр екен. Кемпірдің алдына барып, сәлемдесіпті. Дию: «Ей, бала, ешбір адамзат баласы перілердің жеріне аяқ баса алмаған еді. Сен қалай келдің? Перілердің орманынан аман өттің. Бұл сенің бағың мен бақытыңның оңыңнан туып тұрғанын көрсетеді. Осы қатердің бәріне төзген екенсің, қайда барғың келеді?»-деді. Шахзада: «Норандж бен Торандж бағына бара жатырмын»,-деді. Дию кемпір: «Осы жерге дейін аман жеттің, егер менің сөзіме құлақ асып, ештеңені есіңнен шығармасаң, міндетті түрде Норандж бен Торандж бағына жетесің»,-депті.