Сәу 19, 2016 13:46 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Өткен бөлімде баланың ахлақи тәлім-тәрбиесінде отбасы, мектеп, қоршаған орта және достардың әсерлі рөл атқаратынын айттық. Әсіресе бала өзінің даму жолында көрген және естігендерінің ықпалына түседі.

Баланың айналасындағы адамдардың барлығы, әсіресе әкесі мен анасы оған ықпал етіп, үлгіге айналады. Балаға адалдық, өтіріктен алшақ болу, сабырлық пен төзімділік, кешірім, кішіпейілділік, батылдық пен шыдамдылықты үйретіп, бұл қасиеттерді баланың болмысына сіңіріп, оның мінез-құлқының бір бөлшегіне айналуына бірінші кезекте себеп болатын орта отбасы болып табылады. Бүгінгі бөлімде ахлақи қағидалар жайында сөз қозғаймыз. Ата-ана баланың осы қағидаларды үйренуі үшін мүмкіндік тудыруда ерекше рөл атқарады.

Ахлақи қағидаларды сақтаудың тұлғалық тұстары да бар. Сондай-ақ олар қоғамда басқа адамдармен қатынас орнату үшін де қажет болып табылады. Ахлақи тәлім-тәрбие бала айналасындағы адамдармен, сондай-ақ қоғамда лайықты қарым-қатынас жасауы үшін алғашқы қадамнан бастап-ақ оның болмысына сіңірілуі керек. Ахлақтық тәрбиеде бала анық түрде қай іс-әрекеттің дұрыс, қайсының бұрыс екенін айыра білуі үшін оған дәлелдер келтірілуі керек. Балаларға басқалардың құқығын сақтау іс-жүзінде тікелей және жанама түрде үйретілуі керек. Сыпайылық, кешірім, батылдық, сонымен қатар басқа адамдардың құқығын сақтау және тағы да басқа мәселелер балалардың ахлақи және қоғамдық тәрбиесінде аса маңызды болып табылады. Америкалық философ, тарихшы әрі жазушы Уилл Дюрант былай дейді: «Егер балаларың әдепті болсын десең, өзің әдепті бол. Егер таза болсын десең, өзің таза бол. Егер ашуланған кезде күш жұмсап, ауыр сөздер айтсаң, баланың ақыл-есінде дөрекі сөйлеудің үлгісін қалдырасың. Егер бала дұрыс іс-әрекет жасасын десең, өзің дұрыс жүруің керек».

Ислам діні көзқарасы бойынша баланың болашақ тұлғасы ата-ананың тәлім-тәрбиесі мен күтіміне байланысты. Ата-ананың барлық іс-әрекеті мен сөздері перзенттің сезімтал рухына әсер етеді. Ислам мектебінде Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатиманың өмірі өз талпыныстары мен күтімдерінің арқасында лайықты әрі көрнекті перзенттер тәрбиелеп, оларды адамзат қоғамына табыс еткен беделді отбасының үлгісі болып табылады.

Осы отбасының перзенттері түрлі ахлақи тұрғылардан, соның ішінде, мейірімділік, төзімділік пен сабырлық, жанкештілік, мұқтаж адамдарға қолұшын беру, қайырымдылық, әдептілік, кішіпейілділік, әдеп, туысшылдық, шынайылық, ғибадат, батылдық, жанкештілік және кешірім тұрғыларынан үлгілі болған. Пайғамбар үмбетінің (ғ.с.) жолында тәлім-тәрбие мінез-құлыққа негізделіп, іс-әрекет тәрбиенің ең айқын тұрғысы болып табылды. Имамдардың (ғ.с.) перзенттері өз ата-аналарының әрекет-қылықтарын көріп-өсіп, олардан үлгі алып, ахлақи қағидаларға сай әрекет еткен.

Баланың танысуы қажет жағымды сипаттардың бірі – ­ мұқтаж адамдарға көмектесу және қайырымды болу. Осы мақсатқа жету үшін бала жақыннан мұқтаж адамдармен танысып, ата-анасының осы адамдарға қатысты жанашырлығы мен қайырымдылығының куәсі болуы керек. Сондай-ақ, уақыт өте келе бала осы іске аз-аздап өз үлесін де қоса бастауы керек. Ата-ана алғашқы жылдардан бастап кейбір кездері баланы тағамымен немесе ойыншығымен маңайындағылармен бөлісуге үйретуі керек. Бұл іс-әрекет баланың болмысында қайырымдылық пен жомарттықты қалыптастырады. Шуайб бен Абдоррахман Хазайи былай дейді: «Имам Хосейн (ғ.с.) Кербалада шәһид болған кезде оның иығында бір белгі болды. Имам Саджадтан (ғ.с.) осы жайында сұрағанда имам қатты жылап, былай деді: «Бұл әкемнің мұқтаж адамдарға азық-түлікті иығына салып, тасыған ісінен қалған із». Имам Саджад (ғ.с.) әкесінің осы әрекет әрдайым көріп жүргендіктен, одан үлгі алып өзі де солай ғамал еткен. Сонымен қатар Имам Бағер (ғ.с.) де былай деген еді: «Әкем Әли бен Хосейн (ғ.с.) кештерде иығына нан салынған дорбаны асып алып, оны мұқтаж адамдарға тарататын».

Ахлақи тәлім-тәрбиенің тағы бірі – сабырлық пен төзімділік. Аяттар мен рауаяттарда сабырлық пен төзімділік ерекше маңыздылыққа ие. Мұсылмандарға өмірлік қиыншылықтар мен апат кезінде әрдайым сабырлы болуға кеңес берілген. Имам Садық (ғ.с.) былай деді: «Біз өте сабырлымыз. Бірақ біздің шиіттер бізден де сабырлырақ. Себебі, біз білетін нәрсеге төземіз, бірақ біздің шиіттер нәтижесі туралы білмейтін нәрселерге қатысты сабыр сақтайды».

Балалардың бойында табандылық рухын тәрбиелеп, төзімді әрі сабырлы балаларға ие болу үшін ата-ана балалық шақтан бастап оларды адамсүйгіштік, тілектестік, жауапкершілік және сабырлықпен таныстыруы керек. Адамның басқа да қасиеттері сияқты шыдамдылық балаға түрлі тәсілдер арқылы үйретілуі керек. Балалар тілдері шыққанға дейін өздерінің маңайына мұқият қарап өз іс-әрекеттерінде ата-анасынан үлгі алады. Сонымен қатар олар өздері үшін маңызды болып табылатын адамдардың құндылықтары мен мінез-құлықтары негізінде өздерінің жеке адам ретіндегі құндылықтарын айтарлықтай мөлшерде дамытады.

Балаларға сабырлықты үйретудің ең жақсы тәсілі – шыдамдылық пен сабырлықты ата-анасының өздерінің іс-әрекеті арқылы көрсетуі. Сондай-ақ олар үшін сабырлы болуға мәжбүрлі болатындай жағдай тудыру керек.

Кешірім – жеке адам, отбасылық және қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығының маңызды элементі, сондай-ақ, адам мен қоғамның рухани және психикалық саулығының факторы болып табылады. Ислам ілімінде Алланың жаратылыс иелерімен қатынасы рақым, махаббат және кешірім негізінде, ал қоғамдағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы бауырластық негізінде қалыптасқан. Алла Тағала Құран Кәрімде оны «рақым пайғамбары» деп атаған исламның ардақты елшісі (с.ғ.с.) осы қасиетке ие. Ол кешіріммен қатынас жасаудың ең жақсы үлгісі болып табылады. Алла Тағала Құранда пайғамбарды осы қасиетімен атап, "Әле Ғымран" сүресінің 159-шы аятында былай дейді: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді».

Кешірімді болуды балалық шақтан бастап үйрену керек. Кешірімді үйренбеген балалар ер жеткенде тұнжыраған әрі ашуланшақ адамға айналады. Балалар кешірім арқылы ғана өз болмыстарында аяушылық сезімін дамыта алады. Балаға өз достарына қатысты кешірімді болуды үйрету керек. Бұл қасиет балаға «мейірімділік» деп аталатын басқа да қасиетті үйретеді. Егер ол мейірімділік пен кешірімді болу қасиеттерін балалық шақта үйренетін болса, болашақта одан қамқоршы әрі адал адам шығады.

Балалық шақтан бастап адамның бойына сіңірілетін ахлақи тәрбиенің бірі – әділдік. Әділдік – бір-бірімен әділет негізінде қатынас жасау. Қоғамның барлық адамы өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде санаса, әрдайым басқаларға жақсылықтан басқа ешнәрсе жасамайды. Сондай-ақ өзіне ұнаған әрекеттермен ғана басқа адамдармен қатынас жасайды. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с) былай деген еді: «Адамдардың өзіңмен қалай қатынас жасағанын ұнатсаң, сен де олармен солайша қатынас жаса. Адамдардың саған қатысты жасаған қылықтары ұнамаса, сен де оларға ол қылықты жасама».

Психологтардың айтуынша, бала екі жасар кезінде сыртқы әлемді әлі жақсылап танып-білмей, тек өзінің болмысын ғана түсінгендіктен, барлық затты өзі үшін ғана тілейді. Бірақ уақыт өте келе, есейген сайын ахлақтық жақсы қасиеттермен танысып, оның болмысындағы менмендік жойылып, басқаларды өз әлеміне енгізеді. Сол себепті ата-ана әділдік пен басқаларды жақсы көруді баланың болмысында қалыптастыруда әсерлі рөл атқарады.

Адалдық – балаға үйретілуі қажет ең маңызды қасиет болып табылады. Балалар дүниеге келген кезде алдау және өтірік айту туралы ештеңе білмейді. Осыған қарамастан физикалық және қоғамдық өсумен бірге және маңайындағылардан өтірік есту арқылы уақыт өте келе балалардың жүрегінде өтірік айтудың қалыптасуы үшін жағдай жасалады. Бірақ, баланың тәлім-тәрбиесінде адалдық неліктен маңызды саналады? Себебі, баланы қате жолға түсуден құтқаратын жалғыз қасиет адалдық болып табылады. Бала адал болған кезде өзінің қателіктерін мойындап қана қоймай, сол қателікті қайталамас үшін ата-анасының айтқан насихаттарына да құлақ асатын болады.

Балалық шақ кезінен ахлақи қасиеттерді үйренетін балалар басқа адамдармен салыстырғанда түзу болумен қатар, өз-өзіне сенімділігі жоғары болып, қоғамдық қарым-қатынастарда басқалармен мықтырақ қатынас орнатып, өздерінің басқалармен орнатқан дұрыс қарым-қатынастарын жақсырақ сақтап қала алады. Сонымен қатар болашақта қоғамдық және жеке тұлға ретінде де жақсы өмір сүретін болады.