Қыр 22, 2021 01:35 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 863-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз. Бізбен бірге болыңыздар!

"Ғафир" сүресінің 34-аятына құлақ түріңіздер:

«وَلَقَدْ جَاءَکُمْ یُوسُفُ مِن قَبْلُ بِالْبَیِّنَاتِ فَمَا زِلْتُمْ فِی شَکٍّ مِّمَّا جَاءَکُم بِهِ حَتَّى إِذَا هَلَکَ قُلْتُمْ لَن یَبْعَثَ اللَّـهُ مِن بَعْدِهِ رَسُولًا  کَذَلِکَ یُضِلُّ اللَّـهُ مَنْ هُوَ مُسْرِفٌ مُّرْتَابٌ»

 

Аяттың аудармасы: “Расында Мұса (Ғ.С.) дан бұрын Юсып (Ғ.С.) сендерге дәлелдермен келген еді. Алайда сендерге келтірген нәрседен үнемі күдікте едіңдер. Ақыр Юсып (Ғ.С.) қайтыс болғанда: “Алла одан кейін ешбір елші жібермейді” деген едіңдер. Осылайша Алла, шектен шығушы, күдіктенуші кісіні адастырады.” (34)

 

Өткен бағдарламада айтқанымыздай, сарайдағы перғауынның мүмін туысы хазірет Мұсаны өлтіру жоспарының алдын алу үшін түрлі жолдарды пайдаланды. Бұл аятта әлгі иманды адам хазірет Юсыптың тарихына тоқталып, былай деді:

Юсып Алла елшілерінің бірі болды. Ол өмір сүрген кез сіздерден алыс емес. Пайғамбарлыққа түрлі дәлелдері болса да, өкінішке қарай, халық жөнсіз әрі қисынсыз сылтаулар айтып, күдік келтіріп, оның сөздерін қабылдамады. Ал шын мәнінде оның дәлелдері айқын да түсінікті еді.

Тіпті ол қайтыс болғаннан кейін Құдай басқа пайғамбар жібермейді деп күткен. Сөйтіп, олар өздерінің нәпсіқұмарлығы мен басқа да жаман істерін оңайлықпен жалғастыра аламыз, бізге ешкім кедергі болмайды деп ойлады.

Мұндай адамдардың хақ сөзді тыңдағысы келмейтіні анық. Олар тек өз талап-тілектері мен сұм нәпсінің соңынан еріп, өздерін Алланың жетекшілігінен мақрұм етеді. Пайғамбарлар мен олардың тағылымдарына осындай қатынас көрсету тым көп күдік-күмән келтіруден туындайды, сөйтіп адамдардың адасуына себеп болады.

Күдік-күмән ақыл мен ғылымның талабы екені анық. Бірақ негізсіз күдік пен жөнсіз күмәнға шырмалып қалуға болмайды, өйткені ой мен істе секемшілдік тудырып, адамның дамуына кедергі жасайды.

 

Аяттан үйренетініміз:

1. Бағзы замандағы қауымдардың наным-сенімдері, мінез-құлқы мен қалауы келесі ұрпаққа  әсер етеді. Сондықтан сол қауымдардың тарихын зерттеу арқылы келесі ұрпақтардың қатынас тәсілі мен тенденциясын болжауға болады. (Осы шындықты ескере отырып, перғауынның мүмін туысы сарай маңындағыларға: «Бүгін  Мұсаға иман келтірмейсіңдер, сендер бұрынғы заманда Юсыпке де иман келтірмегенсіңдер»,-деді.)

2. Егер күдік-күмән зерттеу мен ойлауға итермелесе, құнды. Ал егер ұзаққа созылып, тоқырау мен секем тудырса, апат саналады.  

3.  Осы дүние мен о дүниеде адасу – адамға берілген жаза. Олар нәпсіқұмарлыққа салынып, ешбір дәлелсіз пайғамбарлардың айқын қисынына қарсы шыққандары үшін жазаланады.

"Ғафир" сүресінің 35-аятына құлақ түріңіздер:

«الَّذِینَ یُجَادِلُونَ فِی آیَاتِ اللَّـهِ بِغَیْرِ سُلْطَانٍ أَتَاهُمْ کَبُرَ مَقْتًا عِندَ اللَّـهِ وَعِندَ الَّذِینَ آمَنُوا  کَذَلِکَ یَطْبَعُ اللَّـهُ عَلَى کُلِّ قَلْبِ مُتَکَبِّرٍ جَبَّارٍ»

 

Аяттың аудармасы: “Олар, өздеріне келген ешбір дәлел болмаса да, Алланың аяттары жайында тартысады. Бұл Алланың қасында да, мүміндердің қасында да зор кейіс. Өстіп Алла, әрбір тәкаппар, зорлықшылдардың жүрегіне мөр басады. (бітейді)” (35)

 

Алдыңғы аяттардың жалғасында бұл аят асыра күмәнданып, хақ сөзді қабылдағысы келмейтін адамдарды таныстыра келіп, былай дейді: мұндай адамдар бақасқа, жанжалға құмар. Олардың мақсаты тек жанжалдасу. Олар хақты түсініп, қабылдағысы келмейді. Сол себепті оларға не айтсаң да, ойланудың орнына анық дәлел келтірместен хақ сөзін теріске шығарады. Мұндай адамдар сөз таластыру қалыбында өздерін қисынды адамдар ретінде көрсетуге тырысады, бірақ шын мәнінде олар тәкаппарлық пен қырсықтықтың бір түріне ұшыраған. Сондықтан қандай дәлел келтірсең де, қабылдамайды, мардымсыз сылтаумен теріске шығарады.

Алланың аяттарына қатысты жөнсіз жанжал шығарып, дәлелсіз ұстаным білдірудің зиянды салдары бары күмәнсіз. Солардың бірі – пікір таластырушы адамның адасуы. Өйткені хақ алдында бағынбай қырсығу адамның санасын зұлымдық пердесімен жауып, дұрысты анықтау сезімінен айырады.  

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1.  Сөз таластыру және дискуссия – ғылыми пікірталас тәсілдерінің бірі. Ақиқат іздейтін адам үшін осылай. Бірақ дәлелсіз және қисынсыз сөз сөйлейтін адам үшін емес. Ол басқалардың сөздерін тәкаппарлықпен  теріске шығарады.
  2. Иман келтірген адамдар қисынсыз сөз таластырмауы керек. Орынды сөйлеп, басқаларға дәлелсіз сөз сөйлегендер үшін иман келтіргендер арасында орын жоқ екенін көрсетуі керек.  

"Ғафир" сүресінің 36-37-аяттарына құлақ түріңіздер: 

«وَقَالَ فِرْعَوْنُ یَا هَامَانُ ابْنِ لِی صَرْحًا لَّعَلِّی أَبْلُغُ الْأَسْبَابَ»، «أَسْبَابَ السَّمَاوَاتِ فَأَطَّلِعَ إِلَى إِلَـهِ مُوسَى وَإِنِّی لَأَظُنُّهُ کَاذِبًا  وَکَذَلِکَ زُیِّنَ لِفِرْعَوْنَ سُوءُ عَمَلِهِ وَصُدَّ عَنِ السَّبِیلِ وَمَا کَیْدُ فِرْعَوْنَ إِلَّا فِی تَبَابٍ»

 

Аяттардың аудармасы: Перғауын: “Әй Һаман! Маған бір мұнара жаса. Бәлкім жолдарға жетермін” дейді. (36)

“Көктердің жолдарына жетіп, Мұсаның Тәңірін байқаймын. Расында мен оны өтірікші деп ойлаймын.” Осылайша Перғауынға жаман істері көркем көрсетіліп, жолдан тосылды. Перғауынның тәсілдері, мүлде жойылуда. (37)

 

Қалай болғанда да, сол бір алмағайып заманда әлгі батыл да иманды мүмін адам үлкен іс атқарып, түрлі жолдармен халыққа әсер етуге тырысты. Ақырында оның қисынды сөздері перғауынға әсер етіп, оны Мұсаны өлтіру райынан қайтарды. Сондықтан перғауын Мұсаны өлтіруді кейінге қалдырды.

Бірақ перғауын тәкаппарлығын қоймады. Ол күпір істерінің жалғасында жаңа бір іс бастады. Аспанға көтерілу үшін биік мұнара салуға бұйрық берді. Сөйтіп аспанға көтеріліп, Мұсаның құдайынан хабар алғысы келді.  

Мұның бұл ісі халықты алдау үшін жасалғаны анық еді. Өйткені Мұса «Менің құдайым аспанда. Оны көзбен көріп, қолмен ұстауға болады. Биік жерде тұрып, Оны көруге және сөздерін естуге болады» деп айтпаған болатын.

Перғауын айқай-шуы мол жанжалды істер арқылы қарапайым халыққа әсер еткісі келді. Ол қоғамдық пікірді Мұсаның пайғамбарлығы тақырыбынан алшақтатуды көздеп, халықтың хазірет Мұсаға жақтасып, соңынан еруіне кедергі жасағысы келді.

Шын мәнінде халықты алдарқату шараларын қолдану перғауынның сұрқия амалдарының бірі болды. Перғауын тәкаппар әрі өзімшіл болғандықтан оған өзінің сұрқия амалдары әдемі болып көрінді, сондықтан ол түзу жолдан адасқаны анық. Сөйтіп бұл іс оның хақ жолын қабылдамай, жоспарының жеңіліс тауып, өлімге душар болуына әкеліп соқтырды.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Дәлел мен қисынды жақтырмайтын адамдар жанжалды істер арқылы қоғамдық пікірді өз мүддесіне қарай өзгертуге тырысады.
  2. Күш көрсетіп, халықты алдау – зұлым үкіметтердің өз көзқарасын халыққа таңып, оларды одан ары бағындыра түсу үшін  қолданатын тәсілдерінің бірі.
  3. Тәкаппарлық пен астамшылдық адамның өз сұрқия ісін әдемі көруіне, өзін түзеуге тырыспауына әкеліп соқтырады.
  4. Перғауындар үнемі иман келтіргендерге кедергі жасайды. Бірақ егер мүміндер хақ жолында табандылық танытса, ақырында жеңіске жетеді. Залымдар көп шығынға ұшырайды.

Бүгінгі бағдарламамыз осымен аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.