Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Егер дүние жүзінде қабылданған өнерлердің классификациясымен келісетін болсақ, жетінші өнердің аты "кинематография" болмақ. Бұл – бейне өнер. Көптеген себептерге байланысты сурет салу, әдебиет пен музыка сияқты өнерлерге қарағанда оны түсіну оңайырақ, сондықтан оның таралым аясы кеңірек.
Басқа жағынан алып қарағанда кинематография өнеркәсіптік өнім болып саналады. Үлкен көлемде өндіру, ұсыныс пен сұраныс және маркетинг онда ерекше рөл атқарады. Оның көрермендері көп болуы мүмкін. Кинотеатр – телевизордан кейінгі ең маңызды байланыс құралдарының бірі. Көбіне кинематография қоғам мен халыққа тигізер әсеріне байланысты ерекше маңызды өнер деп саналады. Басқа өнерлерге қарағанда ғұмыры қысқа болса да, қоғамда кинематографияға ерекше баға беріледі. Әу баста кинотеатр пайда болып, жұрт назарына ұсынылғаннан бері халық оны ыстық ықыласпен қарсы алды. Ол шын мәнінде 20 ғасырдың құбылысы, қалалық өмір мен жаңа өмірдің символы ретінде таныстырылды. Алғаш қалыптаса бастаған кезінде кинематографияның басты қолданыс аясы көбіне қозғалыс пен бейнелерді таспаға түсіріп, көрерменді таң қалдырумен шектелген еді. Бірақ уақыт өте келе ұғым тұрғысынан әсер ету, ойлар, білім мен тарихты тасымалдау, сондай-ақ, жарнама беру сияқты істерді атқара бастады. Кинематография жайында қалыптасқан символдық құндылықтар 20 ғасыр барысында біртіндеп көбейе түсті, оны орындау механизмдерінде де өткенмен салыстырғанда өзгерістер пайда болды. Тіпті бүгінде әлемнің қазіргі заман кинематографиясы әлеуметтік қарым-қатынаста, саяси-мәдени өзгерістер мен экономикалық жүйеде айшықты рөл атқарады. Кинематография өнеркәсібінде түсірілген әрбір фильмнің өзіндік қолданыс аясы бар. Ол бірде ойын-сауық құралы, басқа бір жағдайда ой-сезімді жеткізетін құрал. Ал көп жағдайларда инвестиция болып табылады. Фильм наным-сенімдер мен талғамдарды қалыптастыратын байланыс арнасы болып та саналады. Бірақ кинематографияның ең маңызды қолданыс аясын өнер, байланыс және өнеркәсіп атты 3 бөлікке бөліп қарастыруға болады: Өнер аясында фильмде беріктік пен күш бар, дастан көркем тілмен баяндалады. Онда құрам, түс, дыбыс, монтаж, орындау және декорацияны дайындау мен есептелген нақты уақыт жоғары бейнелік құндылыққа ие. Өнеркәсіптік аяда көрерменді тарту, саяси-әлеуметтік салалар және сұраныс пен ұсынысқа баса назар аударылған, жарнама мен маркетингке басты басымдылық беріледі. Бірақ байланыс аясын фильмнің ең маңызды қыры деп айтуға болады, ол барлық уақыттар мен бүкіл елдерде қолданылып келеді. Әртүрлі саяси топтар тарапынан кинематография арқылы әралуан жолдауларды жеткізуге ерекше назар аударылып отыр. Әрине мына мәселеге де назар аудару қажет: бұл үш қолданыс аясы бір-бірімен тығыс байланысты және мәдени, экономикалық және әлеуметттік салалардан тұратын үшбұрышта бір-бірімен тоғысып жатыр. Кинематография қай кезден қалай басталды? "Синема" сөзі "синематография" (кинематография) деген сөзден алынған. Оның түпкі мағынасы "қозғалыста өту" дегенді білдіреді. Кинематография фильм түсіру, лабароториялық өңдеу, дыбыс қою барысындағы бейнекамераның атқаратын барлық іс-әрекетерінің жалпы атауы болып табылады. Осы үдеріс барысында жасалатын дүние кемеліне жеткен бір картина болып табылады, бірақ оның екі ерекшелігі бар: қозғалыс пен кодификация. Бұлар әрбір көріністің белгілі бір қалыпта тұрақтап қалмай, қозғалып, жалғасын табуға себеп болады. Деректердің көбісінде кинематографияны Август пен Луи Люмьер атты ағайындар немесе Эдисон ойлап тапқан деп айтылады. Ағайынды Люмьерлер өздерінің алғашқы фильмінің көрсетілімін 1895 жылы Париж қаласында бір жерасты бөлмесін жалға алу арқылы бастады. Ағайынды Люмьерлердің ойлап тапқаны мен Эдисонның ойлап шығарған дүниесінің айырмашылығы мынада: Эдисонның құралы ескі "диорама" сияқты болды, ал ағайынды Люмирлердің құралы қазіргі бейне құралдарға ұқсас болып келді. 1929 жылы кинематография өнеркәсібінде дыбысты фильм ұлы өзгеріс тудырды. Дыбысты бейнемен бірге түсіру идеясын Эдисон ұсынды. Бұл идеяны орындау "кименграф" деп аталатын құрал жасалғаннан кейін мүмкін болды. Бірнеше онжылдық өткеннен кейін, экономикалық дағдарыстар мен екі дүниежүзілік соғысты өткізгеннен соң теледидар кинотеатр көрермендерін өзіне тарта бастады. Өйткені кинематографтар 20 ғасырдың ортасында халықты кинотаертға тартатын жаңа дүние (құрал) ойлап таба алмады. Кинематографияға бояудың енуі, бейнекөрініс пен синемаскоп көлемінің өзгеруі оны өзгертіп, тамашалаушылардың санын арттырған тәсілдердің бірі болды. Бұған қарамастан, кинематография өзін-өзі сақтап қалу үшін көбірек дамуды және техникалық тұрғыдан күн сайын жетілуді қажет еді. 20 ғасырдың соңғы онжылдығы мен 21 ғасырдың алғашқы онжылдығында жаңа технологиялар кинематография саласында жұмыс істейтіндердің жасампаз идеялары арқылы бұл өнерді әлемнің түкпір-түкпіріне таратып, қала тұрғындарын кинозалдарға тарта алды. Басқа жағынан туындының тақырыбы, сапасы мен мазмұны тұрғысынан да күн сайын кинотеатрдың тартымдылығы артты. Кинематография өзінің даму жолында қисса, спектакль, музыка, сатира мен техникалық әдіс-айланы көп пайдаланып, қоғамдағы мәдени өзгерістерде басты рөлді атқарды. Ол тіпті бүгінгі өркениеттің ерекшеліктерінің бірі және модернизацияланған құрал болып саналады. Иранда қалай қалыптасты? Кинематография Иранда да Батыстағыдай пайда болып, дамыды ма? Кинематография Иранға жеткен кезде Қаджар шахтарының қолындағы патшалық ойыншық болды. Алғашқы бейнекамера Мұхаффараддин шахтың кезінде х.ш.ж.с.б. 1279 жылы (1900 жылы) Иранға келді. Бұл құрал Қаджар шахының Еуропаға сапары мен Батыс әлемінің жаңа жетістіктеріне қызығушылығының нәтижесі болды. Мұхаффараддин шахтың осы сапарында бірге болған сарай фотографы Мырза Ибраһимхан Аккасшенаси жаңа құралмен жұмыс істеуді үйреніп, оны Қаджар шахтарының өмірі жайлы деректі фильмдер түсіруге пайдаланды. Иранда фильм алғаш рет 1905 жылы көрсетілді. Иран кинематографиясының тарихы осыдан басталды. Бұдан кейін басқа адамдар Иранда қысқа фильмдер түсіруге кірісті. Иранда фильм алдымен шах сарайында, сондан кейін қонақтар мен үйлену тойларында көрсетіле бастады. Фильм әйелдер мен ер адамдарға бөлек-бөлек көрсетілетін болған. Ибрахимхан Аккасбашы Еуропаның кейбір қысқа фильмдерін көрсетумен бір мезгілде кейде бейнетаспаға түсіріп, оларды өз мұрағатында сақтап отырған. Ол кейін белгілі бір себептермен сарай маңындағылардың қаһарына ұшырап, ол жерден қуылған. Ибрахимхан орта жасқа келгенде дүниеден өтті. Иран кинематографиясын бастаушы өнер иелері ретінде шын мәнінде өз жұмысын бейнекамераға түсіріп, халыққа фильм көрсете бастаған алғашқы кино түсірушілерді атауға болады. Әскери парад, Теһран темір жолын салудың алғашқы кірпішін қалау рәсімі, солтүстіктегі темір жол, ресми жиналыстарды бейнетаспаға түсіру Иран кинематографиясы тарихындағы алғашқы бейне туындылар болды. Бірақ фильмді көрсетудің оны түсіруге қарағанда спектрі ауқымды болды. Иранда кинотеатр мен кинотеатр ұстау жылдам дамып, бұл табысты кәсіп барша жұрттың қолдауына ие болды. Алғашқы кинотеатрлар Теһран қаласы, әсіресе оның адам көп қатынайтын орталық ауданында салынды. Шетелдік фильмдер бір немесе екі күйшінің қатысуымен көрсетілетін. Олар фильмнің барлық сахналарында музыкалық аспапта ойнайтын. Әрине кинозалда үнемі аудармашы да болған. Олар дыбыссыз фильмдердің арасындағы жазуларды аударып немесе фильмнің бүкіл хикаясын баяндап беріп отырған. Кинотеатрдың Иранға алғаш келгендегі жылдарының ең қызық оқиғасы х.ш.ж.с.б. 1307 жылы (1928 жылы) әйелдерге арналған кинотеатрдың салынуы болды. Ол заманда әлемнің көптеген елдері кинотеатр деген сөзді де естімеген болатын, кино көрсету деген сөз олар үшін еш мағынға ие емес еді. Иранның алғашқы көркем фильмі Аванс Уганиянс түсірген "Аби ва Раби" болды. Бұл дыбыссыз фильм Аби мен Раби атты екі сайқымазақтың бастан кешкен оқиғаларын баяндайды. Онда бірінің бойы ұзын, бірінің бойы қысқа екі адамның күлкілі оқиғалары көрсетілген. Бұл фильм х.ш.ж.с.б. 1309 жылы (1930 жылы) экранга шығып, халықтың ықыласына бөленді. Ал Иранның алғашқы дыбысты фильмі "Лур қызы" атты туынды болды. Ол Үндістанның Бомбей қаласында ирандық әртістердің көмегімен түсірілді. "Лур қызы" фильмі х.ш.ж.с.б. 1312 жылы (1933 жылы) Абдулхусейн Сепанта мен Ардашир Ирани тарапынан түсіріліп, Теһран кинотеатрларында көрсетілді. Бұл фильм өте жақсы қабылданып, ел арасында оның басты тұлғалары "Жапар мен Гүлнар" деген атпен кең таралып кетті. "Лур қызы" фильмінің көрерменді тартуда сәтті болуы кинематографтарды кино түсіруге ынталандырып, кинематографияны Ирандағы ең маңызды өнер түрлерінің біріне айналдыруға септігін тигізді.