Ислам және өмір сүру тәсілі 76
Ақп 14, 2016 15:40 Asia/Almaty
Жануарлар қоршаған ортаның сұлулықтарының бірі саналатындықтан қоршаған ортаның теңдігін сақтау олармен байланысты.
Адамның өмірінде жануарлардың әртүрлі пайдасы бар. Алла Тағала оларды жаратып, адамдардың ықтиярына тапсырды. Олар адамға көптеген пайда әкелетіндей болып жаратылды. Ғасырлар бойы адамдар жануарларды көшіп-қону ісіне, жүк тасымалдауға, сапарларға шыққанда және ауылшарушылық саласында пайдаланып келеді. Жануарлардың еті мен терісі, сүті дәстүрлі және өнеркәсіптік қоғамдардың үлкен қоры саналады. Мал шаруашылығы, балық аулау, ара өсіру тұрмыс пен адал еңбек және кәсіптік қажеттіліктерді қамтамасыз етуге көмектесетін жолдардың бірі болып табылады. Адамның өміріндегі жануарлардың рөлі мен маңыздылығына байланысты Ислам дінінде олардың құқықтарына ерекше көңіл бөлінеді. Мұсылмандар жануарлардың алдында жауапты. Бұл діни жауапкершілік мұсылманнан өзінің сенімдеріне байланысты хайуандардың құқықтарын сақтап, оларға зиян келтірмеуді талап етеді. Ислам үй жануарларына жақсы қарап, мейіріммен қатынас жасап, оларды дұрыс пайдалануға кеңес берген. Сол себепті адамға өзінің басқа жаратылыстардан жоғары болуын пайдаланып, олардың құқықтарымен санаспауға рұқсат етпейді. Хайуандарға жамандық жасап, олардың қажеттіліктеріне көңіл аудармай, оларға зиян келтіру – исламдық өмір сүру тәсілінде айыпталатын мәселе. Сондықтан адам хайуандарды шексіз және қалай болса солай өзінің пайдасын көздеп, пайдалана алмайды. Өйткені оларға шариғат нақты кепілдік береді. Құран аяттары мен пәк имамдардың сөздері бойынша жануарлар өздерінің хайуандық өмірлеріне сай сезімдерге ие. Имам Садық (ғ.с.): «Алла Тағала хайуандарға төрт қасиетті: Жаратушысын тану, ырзықты табу, ұрғашыны еркектен ажырату және өлімнен қорқу сынды қасиеттерді берді»,- деген. Адам жануарлардың құқықтарын сақтап, оларды су және жеммен қамтамасыз етуі керек. Өйткені хайуандардың өз қажеттіліктерін айтатын тілі жоқ. Сол себепті хайуанды оларға берілген илаһи нығметтерден мақұрым етуге болмайды. Хазірет Әли (ғ.с.): «Бір күні пайғамбар вузу алып жатқан кезде хазіреттің қасына мысық келеді. Пайғамбар мысықтың шөлдеп отырғанын түсініп, оның алдына су құйылған ыдысты қояды. Мысық суды ішеді. Содан кейін пайғамбар вузу алуын жалғастырды»,- деп есіне алатын. Үй жануарларының өмір сүруіне қажетті құқықтарға суы мен жемін, қолайлы мекені мен түнгі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жатады. Исламның тағылымдарында сондай-ақ, хайуандарды қорламау, оларға зиян келтірмеу қуатталған. Яғни, шариғат адамдарға хайуандарға қатысты әртүрлі міндеттемелерді анықтаған. Дін саласының ғалымдары хайуанға су мен жемін беруді уәжіп деп санайды. Имам Казем (ғ.с.): «Тілсіз хайуандарды күткен кезде Алланы ұмытпаңдар»,- деген болатын. Имамнан «Тілсіз хайуандар қайсы?» сұраған кезде: «Қой, мысық, кептер және тағы басқалар»- деп жауап берген болатын. Исламның ұлық пайғамбары мен пәк имамдардың ғасырында халықтың жүк тасымалдайтын ең маңызы құралы жануарлар болды. Олар әртүрлі жағдайларда және әртүрлі оқиғалар кезінде хайуандарды пайдаланудың әдебін сақтап, басқаларды да соған назар аудартты. Алла елшісі мен хазіреттің пәк әулеті әрқашан хайуандарға мейірімді болған. Олар хайуандарды балағаттамаған, оларға азап-қорлық көрсетпеген. Исламдық ахкамда хайуанды қорламақ түгілі, оған тіл тигізіп, балағаттап, лағынет айтуға да тыйым салынған. Үй жануарларының пайдасының бірі оларды жүк тасымалдауға пайдалану саналады. Исламдық хадистерден бұл мәселеге қатысты көптеген ақыл-кеңесті кездестіруге болады. Исламның ұлық пайғамбары: «Үй жануарларына оның төзімінен артық жол жүргізбе»,- деп кеңес берген. Сондықтан малға оның мүмкіндігінен артық жүк артуға болмайды. Исламдық ахкамда малға ауыр жүк артып, оны тасымалдату, демалыссыз ұзақ жолға шығару және бір малға үш адамның отыруына тыйым салынған. Хайуандар мен үй жануарларының құқықтарын сақтап, оларға әділет таныту қуатталған әрі бұл маңызды мәселе саналады. Сол себепті имам Әли (ғ.с.) тіпті құмырсқаның аузындағы дәннің қабығын тартып алуды да зұлымдық санайтын. Адамдарға қызмет ететін жануар кейбір уақытта азығын қоршаған ортадан табады. Сондықтан иесі немесе оны пайдаланатын адам хайуанды босатуы керек. Кейде қоршаған ортадан хайуанның тіршілігін жалғастыруы үшін қорек табылмайды. Мұндай жағдайда хайуанның иесі немесе пайдаланып отырған адам оның суы мен шөбін тауып беруге міндетті. Исламдық тағылымдарда хайуанның жем-шөбінің маңызды саналатындығы сондай, имам Бақер (ғ.с.) оларды жүк тасымалдау немесе қоныс аударуда пайдалану туралы: «Жерден шөп жеп, жайылып жүрген кезде оларды асықтырма. Ал шөбі жоқ, тықыр жерден өткен кезде жылдам өткіз»,- деп кеңес берген. Исламдық фикх негіздері бойынша, адам хайуанның иесі болған кезде оған хайуанның қажеттіліктерін қамтамасыз ету уәжіп болады. Мұндай жағдайда еті халал немесе еті харам хайуанның, құстың үкімінің айырмашылығы жоқ. Өйткені хайуан шөлдеп, ашығады. Ол өмір сүру құқығына ие. Сүт беретін хайуанға көбірек назар аударылады. Өйткені оны құқығын сақтау екі хайуанның құқығын сақтау болып саналады. Сүт беретін хайуандар әлсіздіктері және кезігетін қауіп-қатерлеріне байланысты көбірек қолдауды қажет етеді. Исламның ұлық пайғамбарының сахабаларының бірі Алланың елшісіне аруана сыйланғаны туралы айтқан. Сол кезде хазірет түйені саууды талап етті. Мен саудым. Сонда пайғамбар: «Ботасына да сүт қалдыр. Кейде хайуанның барлық сүтін сауып алу оның қиналуына себеп болады»,- деді. Сүт беретін хайуанды қолдау тек еті халал хайуандарды ғана қолдау емес. Күшігін емізетін ит сияқты кез келген хайуан да қолдауға ие болады. Рауаяттардың бірінде: «Исламның әскері Меккені жеңіп алу үшін аттанып бара жатқан кезде Алланың елшісі күшіктерін емізіп жатып ырылдаған итті көреді. Хазірет сахабаларының біріне иттің қасында тұрып, ешбір сарбаз оған зиян келтірмеу үшін оны қорғауды бұйырды»,- деп айтылған. Қорыта айтқанда, адам өзінің діни және адами міндетіне сай өзінің ықтиярындағы жануардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті. Алла елшісінің өмірінен алынған рауаяттарының бірімен бүгінгі бағдарламаны аяқтаймыз. Рауаятта былай деп айтылған: «Исламның ұлық пайғамбары өтіп бара жатып, үйдің есігінің алдынан суы мен шөбі салынбаған түйені көреді. Хазірет: «Түйенің иесі кім?»- деп сұрады. Ансарлардың жастарының бірі: «Менікі»,- деп жауап береді. Сонда Пайғамбар өз түйесінің жем-шөбін уақытылы бермеген ансарлық жігітке: «Сені бұл түйенің иесі еткен Алладан қорықпайсың ба? Оның алдына суы мен шөбін қой немесе өзі бір нәрсе тауып жесін, оны босат»,- деді».Тегтер