Нұрлы жол. 892-бөлім. "Шура" сүресінің 36-39 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 892-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Шура" сүресінің 36-аятына құлақ түріңіздер:
«فَمَا أُوتِیتُم مِّن شَیْءٍ فَمَتَاعُ الْحَیَاةِ الدُّنْیَا وَمَا عِندَ اللَّـهِ خَیْرٌ وَأَبْقَى لِلَّذِینَ آمَنُوا وَعَلَى رَبِّهِمْ یَتَوَکَّلُونَ»
Аяттың аудармасы:
Ал енді сендерге берілген нәрсе, дүние тіршілігінің ғана пайдасы. Алланың қасындағы нәрселер иман келтіріп, Раббыларына тәуекел етушілер үшін қайырлы да тұрақты. (36)
Өткен бағдарламаларда құрлықтағы және судағы илаһи нығметтер жайлы сөз қозғалды. Бұл аяттарда былай делінген: Құдай осы дүниеде адамдарға берген нәрселердің барлығы – өткінші нығметтер. Олар ұдайы ықтиярыңызда болады деп ойламаңыз. Бірақ о дүниенің нығметі тұрақты да мәңгілік. Иман келтіргендер ізгі де лайықты істер істеу арқылы осы нығметтерге қол жеткізеді. Демек егер адам материалдық әлемдегі шектеулі өмірдің өткінші дүниесін мәңгілік нығметке айырбастап алса, өте табысты сауда жасаған болады.
Осы дүниенің нығметтері барлық адамдарға берілген. Құдай мүмін мен кәпір деп бөліп жармайды. Бірақ ақыреттік нығметтер тек осы дүниенің нығметтерін дұрыс пайдалана отырып, ақыретті де абадтандыра алған мүміндер мен таза жандарға арналады. Әрине мүмін діни ережелерді берік сақтау үшін қате істерден бас тартады, кейбір шектеулерге төзеді. Бірақ Құдай оның өтеуін ақыретте қайтарып, оған жақсырақ әрі тұрақтырақ сыйлар мен нығметтер береді.
Осы дүниеге тәуелді болып, өршелене мал-мүлік жинайтын адамдарға керісінше, иман келтіргендер Құдайға тәуекел етеді, болашаққа байлық жинаудың орнына мұқтаж жандарды қамтамасыз етуді ойлайды. Олар өткінші билік пен байлыққа сүйенудің орнына Алланың құдіреті мен рақымына сенеді. Өйткені оның мәңгілік екенін біледі.
Бұл аяттан үйренетініміз:
- Мүмін адам осы дүниенің нығметтерін пайдаланады, бірақ мақсаты – ақырет. Сол үшін фәни істерді бақи етеді.
- Мүмін осы дүниеде неден айырылса, Құдай қиямет күні оған жақсырағын береді. Қиямет Аллаға тәуекел еткен мүміндерге арналған.
- Билік пен байлыққа сүйенудің орнына Аллаға тәуекел ету – иман келтіргендердің белгісі. Тәуекел ету – мүміндердің тұрақты ісі.
"Шура" сүресінің 37-аятына құлақ түріңіздер:
«وَالَّذِینَ یَجْتَنِبُونَ کَبَائِرَ الْإِثْمِ وَالْفَوَاحِشَ وَإِذَا مَا غَضِبُوا هُمْ یَغْفِرُونَ»
Аяттың аудармасы:
Сондай зор күнәлардан, арсыздықтардан сақтанған, сондай-ақ ашу кернеген кезде өздері кешірім еткендер; (37)
Иман келтіргендердің ерекшеліктеріне тоқталған аяттың жалғасында олардың екі маңызды мінез-құлық қасиеті туралы былай делінген: Жағымсыз, ұятсыз істерден аулақ болып, жан дүниесін ластанудан тазартқандар ақыретте илаһи сауапқа кенеледі. Өйткені иман арамдықпен үйлеспейді. Мүміндер өз нәпсілерін тыя алады. Олар ашуланған кезде өз қолдары мен тілдеріне ие болады, жөнсіз сөз айтпайды. Ашулану – адамның ең дағдарысты күйлерінің бірі. Ыза – шын мәнінде адамның ішкі дүниесінде жанып тұрған от. Ашуланған кезде өз нәпсісін ауыздықтай алмайтын адамдар жетерлік. Әрине ашу-ыза – кез келген адамда болуы мүмкін табиғи күй. Бірақ ашу қысқан кезде нәпсіні бақылауда ұстай алу маңызды.
Иман адамда рақым мен кешірім рухын нығайта алады. Сонда ол басқалармен қарым-қатынаста кешіріммен қарайтын болады. Сондықтан шынайы мүміндер ашуланған кезде ерік күшін жоғалтпайды, ұялатын пасық істерге бармайды. Олар ашуларын басып, кешірім суымен жүректен кекті шайып, қателесушілерді кешіреді. Бір рауаятта айтылғандай: досыңды ашуланған кезде таны. Ол өзін ұстай ала ма, жоқ па?
Бұл аяттан үйренетініміз:
- Иман жүрек ісі ғана емес, сөзде де, істе де байқалуы тиіс. Күнә жасаудан алшақ болу және нәпсі мен ашуды бақылауда ұстау – шынайы иманның белгілері.
- Мүміндер өздерінің нәпсілік тілектері мен түйсіктерін мықтап бақылайды. Түйсік оған үстемдік етпейді.
- Басқаларды кешіру – иман шарттарының бірі. Басқаларды кешірмейтін адам шынайы мүмін емес.
"Шура" сүресінің 38-39-аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَالَّذِینَ اسْتَجَابُوا لِرَبِّهِمْ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَمْرُهُمْ شُورَى بَیْنَهُمْ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ یُنفِقُونَ»، «وَالَّذِینَ إِذَا أَصَابَهُمُ الْبَغْیُ هُمْ یَنتَصِرُونَ»
Аяттардың аудармасы:
Ал және сондай Раббыларына мақұл дегендер, намазды толық орындағандар, сондай-ақ өзара істерін кеңеспен жүргізгендер және өздеріне берген несібемізді тиісті орындарға жұмсағандар. (38)
Және де егер оларға бір зұлымдық болса, олар жәрдемдеседі. (39)
Бұл аяттарда иман келтіргендердің басқа белгілеріне тоқталып, былай делінген: Олар Құдайдың тура жолға шақырғанын қабыл алып, Оның бұйрықтарына жан-тәнімен бас иеді және Оның алдында ғибадат етіп, намаз оқиды. Мұнымен қоса, мұқтаж жандарға көмектеседі, өз мүлкінің бір бөлігін соларға береді.
Жанұя мен қоғам істерінде де басқалардың ой-пікірлеріне құрметпен қарайды, өз істерін басқалармен ақылдаса отырып атқарады. Ислам тарихына шолу көрсеткендей, Алла елшісі мен оның серіктерінде осындай қасиеттер болған. Тіпті Алладан уәһи алған пайғамбар қоғам істерінде халықпен ақылдасып отырған. Көпшілік пікір білдірсе, өз ойына қайшы болса да, олардың сөзіне құлақ асып отырған. Мысалы, Ухуд соғысында осылай болды. Алла елшісі мүшріктермен соғысу тәсіліне қатысты көпшіліктің айтқанын істеді. Алайда бұл соғыс мұсылмандардың жеңіліс тауып, пайғамбардың 70-тен аса серігі қаза тапты.
Әрине илаһи үкімдерге қатысты емес, тек жанұя, қоғам, экономика салаларына қатысты тақырыптар талқыға салынып отырған. Аяттарда айтылғандай, иман келтіргендер өз істерінде ақылдасады. Бірақ Құдай алдын ала үкім шығарған істерді талқыламайды.
Иман келтіргендердің барлық ерекшеліктерінің арасында ақылдасудың маңызы жоғары, сол себепті бұл сүре "Шура" (кеңес) деп аталады.
Иман келтіргендердің соңғы ерекшелігі – зұлымдыққа табанды қарсы тұру. Мүмін адам зұлымдыққа төзбейді, залымдармен күресу үшін басқалардан көмек сұрайды. Сөйтіп, жәбірлеушілердің зорлық-зомбылығынан құтылады. Басқа аятта былай делінген: Иман келтіргендер зұлымдық жасамайды, зұлымдыққа төзбейді.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Ислам – жан-жақты әрі толық дін. Адам өмірінің түрлі салалары, соның ішінде экономика, ақлақ, қоғам, ғибадат пен саясатқа көңіл бөледі.
- Иманның уәждері әрекетпен дәлелденуі тиіс. Мүмін жеке және қоғамдық қатынаста Құдай риза боларлықтай дұрыс әрекет етуі тиіс. Тек намаз бен ғибадат ету жеткіліксіз. Әлеуметтік істерден қапы қалмауы тиіс.
- Өз ойын таңу иманмен үйлеспейді. Сондықтан мүмін басқалардың ой-пікіріне құрметпен қарайды.
- Зұлымдыққа бас иіп, үнсіз қалу иманға қайшы келеді. Сондықтан мүмін залымға қарсы тұрып, өз құқығын қорғайды.
Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.