Маусым 10, 2023 16:04 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (213)

Бірнеше бағдарламадағы тақырыпты жалғастыра келіп, танымал ирандық ақын Нұреддин Әбдірахман Жәми жайлы сөз қозғаймыз.

Алланың атымен бастаймыз! «Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар» атты бағдарламаның келесі бөлімінде х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген Иранның тағы бір танымал тұлғасы,  ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәмимен таныстыруды жалғастырып, оның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз.

Айтып өткеніміздей, Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Кейін Хорасанға қоныс аударып, Харгорд-е Жәм елдімекеніне тұрақтаған. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келерден бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа қоныс аударып, сол жерге қоныс тепкен.  Жәми бастапқы білімін сол кезде Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі болған Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол сол замандағы ең маңызды ғылыми-әдеби орталықтарыдың бірі болған Герат және Самарқанның Низамия мектептерінде білімін толықтырып, араб тілі, шешендік өнер (риторика), қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімін меңгеріп, өз заманының білгіріне айналды. Содан соң сопылыққа ден қойып, Нақшбандия тариқатына қосылды. Жәми ғылым мен білімінің тереңдігіне және сопылық мінез-құлқына байланысты сол замандағы сұлтандардың алдында ерекше орынға ие болған және қартайғанға дейін қол жеткізген ғылыми, әдеби және рухани дәрежесіне байланысты сол заманда парсы тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан Орта Азия мен Үнді түбегіне дейін әйгілі болып, айрықша құрметке ие болған.

Жәми х.қ.ж.с.б. 898 жылы 18 мохаррамда, сәйкесінше 1492 жылы 81 жасында дүниеден озып, Үлкен Хорасан қалаларының бірі саналатын Гератта ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанында жерленді. Жәмидің қабірі қазір "Тахт-е мазар" деген атпен танымал.

Нұреддин Әбдірахман Жәми парсы және араб тілдерінде проза және поэзия қалыбында ондаған кітап пен трактат жазған. Әрине бір бағдарламада оның бәрін таныстырып, талдап шығу мүмкін емес. Бүгінгі бағдарламада Нұреддин Әбдірахман Жәмидің көрнекті туындыларының бірін таныстырып, талдаймыз.

Бахаристан – Жәмидің көрнекті еңбектерінің бірі. Бұл осы ойшылдың проза тілімен жазылған еңбектерінің бірі саналады. Кітап Сағдидің "Гүлістан" стилінде парсы және араб өлеңдерімен өріліп проза қалыбында жазылған.

Сағдидің "Гүлістан" кітабы Иран қоғамында жалқы мен жалпыға танымал болғандықтан, х.қ.ж.с.б. 7 ғасырдан кейін парсы әдебиетін үйренушілер оқитын кітаптардың бірі болған. Және белді ақындар оған еліктеп кітап жазған. Моинеддин Джувейнидің "Негаристаны", Халад Маждж Хафидің "Харистан" немесе "Роузесі", Жәмидің "Бахаристаны", Қаанидың "Паришаны" Сағдидің "Гүлістанына" еліктеп жазылған туындылардың қатарына жатады. Әдеби сыншылардың сенімінше, Гүлістанға еліктеп жазылған туындылардың ешқайсысы оны басып оза алмағаны былай тұрсын, әдеби тұрғыдан одан алшақтамай тура артында тұрарлықтай қабілетке ие болмады.  Әдеби сыншылардың сенімінше, мұның себебі мынада: еліктеушілер тек кітаптың сыртқы қалыбына, мәтінді реттеу тәсілі және тараулардың атауларына көңіл аударған. Олардың ешқайсысы Сағди тілінің рухын түсінгісі келмеді немесе түсіне алмады, оның тілін осынша тірі әрі сезімге толы еткен өнерді тани алмады.

Сағдиге еліктеушілерді үш топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы жазушылар Сағдиге ашық еліктеген. Тіпті оныкіне ұқсас сөз тіркестері мен сөйлемдерді қолданған.  Жәмидің "Бахаристаны" осы топқа жатады. Екінші топтағы жазушылар өз туындыларында Сағдидің "Гүлістанын" тек назарға алған. Олар поэзия аралас ұйқасты проза қалыбында ақыл-кеңеске толы әңгімелер жазған. Олар "Гүлістан" сияқты туынды жазуды көздегенін мойындады. Үшінші топтағы жазушылар "Гүлістанның" ықпалында болған. Бірақ мұны өздері мойындамайды. Олар бейсаналы түрде "Гүлістанның" ықпалында болуы мүмкін.

Сағдидің "Гүлістанына" еліктеп жазылған туындылардың бірі – Бахаристан. Онда Жәми шейх Шираздың адами-эмоционалдық дәстүрлерді көрсетуін одан ары жалғастырып, жанға жағымды тілмен қызықты хикаялар қалыбында қырағы ой мен нәзік мысалдарды баяндаған. Оның мақсаты Сағдидің жазу стилін жеңілдету болған. Сол себепті "Бахаристанды" жазу тіпті әдеби реңі көбірек байқалатын бөлімде де біз күткеннен әлдеқайда жеңілірек. Қарапайым жазудың себептерінің бірі жаңаша ойлайтын перзенттерге тәлім беруге арналған кітап болғандығында.

Жәми кітаптың басында былай деп жазған: ұлым Зияеддин Юсеф әдеби тәсілдерді меңгеріп жатқандықтан, бұл кітапты Сағдидің "Гүлістан" негізінде жазып, сол кездегі билеуші сұлтан Хұсейн Байқараға сыйладым. Сол себепті ол біз күткеннен әлдеқайда қарапайым тілмен жазылған.

Жәмидің "Бахаристан" кітабы бір кіріспе, 8 тарау мен қорытындыдан тұрады. Жәми бұл кітапта проза мен поэзияны араластыра жазған. "Бахаристандағы" өлеңдер парсы және араб тілдерінде жазылған. Араб тіліндегі өлеңдер саны парсы тіліндегі өлеңдерден азырақ. Жәмидің айтуынша, бәйіттердің бәрін өзі шығарған. "Бахаристандағы" сөйлемдердің ұзындығы "Гүлістандағыдай" бірдей емес. Кейбірі қызқа, кейбірі ұзын.

"Бахаристанда"  келтірілген өлеңдер шын мәнінде оған дейін айтылған мазмұнды растау үшін келтірілген. Жәмидің мақсаты ақыл-кеңес беру болғандықтан, бәйіттерге қолайлы қалып қыта болды. Жәми кітапты тарауға бөлуде де "Гүлістанға" еліктеген. Бірақ бұл кітапқа керісінше өз кітабындағы тарауларға атау берерде оны "роузе" деп атап, ұзын сөз тіркестерін пайдаланған.

"Бахаристанда" кейіпкерлер әралуан. Әңгімелердегі кейіпкерлердің кейбірі – танымал адамдар. Мысалы, Бехлул, Ануширван, Атымтай... "Жануарлар туралы мысалдар" атты сегізінші тарауда әңгімелердегі кейіпкерлер – жануарлар. Жәми бұл тарауда кейіптендіруді өте жақсы жасаған. Әр жануар өз кейіпкерінің ерекшеліктеріне сәйкес әрекет етеді. Мысалы, түлкі әккі, тышқан сараң әрі дүниеқоңыз, ал шаян залым.  

Жәми "Бахаристан" кітабын өз ұлы Зияеддин Юсефті тәрбиелеу үшін жазғаны рас. Бірақ шын мәнінде ол өз ой-пікірін қарапайым тілмен баяндауды көздеген. Әңгімелер мен хикаялар қалыбында жеке және қоғамдық айыптарды сынаған.

Жәмидің дүниетанымы оның өз қалауы мен дәруіштердің тағылымынан тұрады. Ол нақшбандиялық ханафи сопыларының қатарына жатады. Олар басқа ағымдар мен тариқаттардың сенімдерімен күрескен. Жәмидің өз тариқатындағы сопылардан айырмашылығы оның әдебиетшілігі еді.

"Бахаристан" кітабына сүйене отырып мынадай нәтиже шығаруға болады: Жәми ойланып-толғануды дұрыс деп білген, өйткені осы кітаптың бір бөлігі хикмет пен хәкімдердің сөздеріне арналған. Кітаптың басқа бір бөлігі сопылардың өмірі мен сөздеріне арналған. Сондықтан "Бахаристан" – уағыз бен хикмет қатар өрілген сопылық кітап. Мұнымен қоса, кітаптың бір бөлігі Жәмидің әзіл-ысқақ әңгімелерінен тұрады.

Жәмидің "Бахаристан" кітабын Сағдидің "Гүлістан" кітабымен салыстырғанда мынадай нәтиже шықты: Жәми өз кітабында мазмұндау қуаты, прозалық стилі, сөз тіркестерінің әдемі әуезін сақтау тұрғысынан Сағдиге жетпейді. Шын мәнінде Жәми Сағдидің "Гүлістанына" шала еліктеген. Кітаптың тақырыбы тұрғысынан да Жәми "Гүлістанның" қалыбынан шығып кеткен. Ол бір әдеби-әлеуметтік кітап жазудың орнына сопылық, әзіл-ысқақ және поэзия сыны тұрғысында ғылыми сипаттағы кітап жазған.    

Тегтер