Маусым 19, 2023 01:15 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 894-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Шура" сүресінің 44-аятына құлақ түріңіздер:

«وَمَن یُضْلِلِ اللَّـهُ فَمَا لَهُ مِن وَلِیٍّ مِّن بَعْدِهِ وَتَرَى الظَّالِمِینَ لَمَّا رَأَوُا الْعَذَابَ یَقُولُونَ هَلْ إِلَى مَرَدٍّ مِّن سَبِیلٍ»

 

Аяттың аудармасы: Әлде кімді Алла адастырса, сонда одан кейін оның ешбір жәрдемшісі болмайды. Залымдар азапты көрген сәтте: “Қайтатын бір жол бар ма?”,-дегенін көресің. (44)

 

Илаһи дәстүрлердің бірі – ақыл және уәһи арқылы халыққа жетекшілік ету. Сөйтіп оларға жолды жөнсізден анықтауға көмектеседі. Олар кейін дұрыс жолды анықтай алмадық, істеріміздің дұрыс емес екенін білмедік деп кешірім сұрамауы тиіс.

Ал жетекшілік жолын тапса да, оған қарсы әрекет ететін адамдар шын мәнінде өз ықтиярымен жетекшіліктен шығып, бұрыс жолды таңдаған. Бұл адасушылық – оларда бірте-бірте қалыптасқан және олардың жағымсыз істерін жақсы да әдемі деп санауға көндірген мінез-құлықтың мәжбүрлі әрі табиғи жазасы.

Жетекшілікте де, адасушылықта да мәжбүрлік жоғы айқын. Жетекшілік пен адасушылық – адамның амал-әрекетінің нәтижесі. Кейде адам жаман істер істейді. Бұл Құдайдың жетекшілік нұрын оның жүрегінен алып қойып, оны адасушылық түнегіне тастап жіберуіне себеп болады. Шын мәнінде мұндай адам өзінің лайықсыз амал-әрекеттерімен өзінің адасуына жағдай жасайды.

Әрине ақиқаттар ашылатын қиямет күні адамдар өздерінің қателескендерін түсініп, өкінеді. Бірақ өкініштен пайда жоқ. Зұлымдардың бұ дүниеге қайтып оралу туралы өтінішіне теріс жауап беріледі. Өйткені олар үшін бұ дүниеге қайтатын жол жоқ. Адам кәріліктен жастыққа, жастықтан балалық шаққа, балалық шақтан эмбрион әлеміне қайтып оралмайтыны сияқты. Ақырет әлемінен осы дүниеге қайтып оралу да мүмкін емес.     

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Басынан адасты деген ұғым жоқ. Яғни Алла адамды басынан адастырмайды. Бірақ жаза ретіндегі адасушылық бар. Яғни зұлымдық, күпірлік пен азғындықтың әсерінен адамға ақиқатты тану жолы жабылып, ол адасқандар жолына түседі.  
  2. Зұлымдар мен адасқандар Алланың ерік-жігеріне ешкімнің қарсы шыға алмайтынын білсін. Сондықтан ешкім және еш құдірет оларды құтқара алмайды. Тек Құдайға тәуекел етіп, жүрегімізді Оған арнайық.   

 

"Шура" сүресінің 45-46-аяттарына құлақ түріңіздер:

 

«وَتَرَاهُمْ یُعْرَضُونَ عَلَیْهَا خَاشِعِینَ مِنَ الذُّلِّ یَنظُرُونَ مِن طَرْفٍ خَفِیٍّ  وَقَالَ الَّذِینَ آمَنُوا إِنَّ الْخَاسِرِینَ الَّذِینَ خَسِرُوا أَنفُسَهُمْ وَأَهْلِیهِمْ یَوْمَ الْقِیَامَةِ  أَلَا إِنَّ الظَّالِمِینَ فِی عَذَابٍ مُّقِیمٍ»، «وَمَا کَانَ لَهُم مِّنْ أَوْلِیَاءَ یَنصُرُونَهُم مِّن دُونِ اللَّـهِ وَمَن یُضْلِلِ اللَّـهُ فَمَا لَهُ مِن سَبِیلٍ»

Аяттардың аудармасы: Олар тозаққа төндірілгенде, қорлықтан сүмірейіп, жасырын көз құйрығымен қарағанын көресің; иман келтіргендер оларды: “Зиянда болғандар, қиямет күні; өздерін де, семьяларын да зиянға ұшыратқандар” дейді. Байқаңдар! Дау жоқ, залымдар тұрақты азапта болады. (45)

Олардың өздеріне Алладан басқа жәрдем ететін достары жоқ. Әлде кімді Алла адастырса, сонда оған ешбір жол жоқ. (46)

 

Бұл аяттарда залымдардың қиямет күні үрейдің шарықтау шегіне жететіні айтылған. Бұ дүниеде басқаларға жәбір көрсетіп, халықты үрейде ұстаған адамдар бұл күні қорқатыны соншалықты, бастарын көтере алмайды. Олар тозаққа кіру үшін бастары салбырап, сапта тұр. Олар қорлықтың ауырлығынан бүрісіп, тозақ отына қарайды. Қатты қорқыныш пен қобалжу олардың өне бойын билеп алған. Бүкіл болмыстарын қорлық жайлаған.

Бірақ осы физикалық жазадан да ауырырақ нәрсе – мүміндер тарапынан айтылатын айыптаулар. Олар: "Билік пен байлыққа құныққандар, үлкен шығынға ұшырағаныңызды көрдіңіздер ме? Бұл шығын сіздің бар-жоғыңызды көкке ұшырып, бүгін мұнда құр қол жіберді",-дейді. Сіз ғана емес, сіздің ізбасарларыңыз, айналаңыздағылар мен жақтаушыларыңыз да зиян көреді. Өйткені олар сіздің жаныңызда болса, бақытқа кенелеміз деп ойлаған. Бірақ бүгін олар өздері түгіл сіздің тіпті өзіңізді құтқаруға қауқарыңыз жетпейтінін көреді.

Осылайша адамның өз болмысынан, әйелінен, бала-шағасынан, туған-туысқандарынан теріс жолмен айырылып, өзін де, өзгені де мәңгілік шығынға батуынан асқан қандай зиян бар?

Аяттардың жалғасында тағы былай делінген: бұл зиянды ақырет – оларды осы дүниеде адасуға әкеліп соқтырып, бүгін оларды тозаққа итермелейтін әрекеттердің нәтижесі. Сөйтіп олар мәңгілік азапқа түседі. Онда залымдарға көмектесіп, Алланың қаһарынан құтқаратын ешкім жоқ. Олар Алланың елшілері және әулиелерімен байланысты үзген. Сондықтан онда жалғыз өздері көмекшісіз Алланың азабына салынады.     

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Шынайы абырой мен қорлық қиямет күні айқындалады. Бүгінде қадірлі, бірақ қиямет күні қор болатындар қаншама. Керісінше, бұл дүниеде қор болса да, қияметте мақталатын, қымбатты адам болатындар қаншама.
  2. Адамдар үшін ең үлкен шығын мен зиян – өмірлік капиталдан айырылып, қиямет күні ұсынатын өнім жинай алмау.
  3. Иман – мүміннің бұ дүние және ақыреттегі абыройы мен мақтанышы. Ол оның қиямет алаңында құтылып, азат етілуіне себепші болады.

 

"Шура" сүресінің 47-аятына құлақ түріңіздер:

«اسْتَجِیبُوا لِرَبِّکُم مِّن قَبْلِ أَن یَأْتِیَ یَوْمٌ لَّا مَرَدَّ لَهُ مِنَ اللَّـهِ مَا لَکُم مِّن مَّلْجَإٍ یَوْمَئِذٍ وَمَا لَکُم مِّن نَّکِیرٍ»

Аяттың аудармасы:

Алла тарапынан, кейін қайтарылмайтын бір күн келуден бұрын Раббыларыңа мақұл деңдер. Ол күні сендерге паналар жер жоқ, әрі таба алмайсыңдар! (47)

Тарихта пайғамбарлар адамдарды өзіне емес, Аллаға шақырған. Сондықтан бұл аят кәпірлерге, залымдарға және күнәһарларға былай дейді: Қиямет күні дүниеге қайта келуді сұрамас бұрын өзіңнің адасқан, бұрыс жолыңды жалғастырмаңыз және Алланың сізге берген жолымен жүріңіздер. Өйткені қияметте ісің Алланың құзырында және ол күні Алланың қалауынан басқа ешбір қалау орындалмайды. Сізде өз істеріңізді теріске шығаруға ешқандай мүмкіндік жоқ және ешкімнің сізді жазадан қорғайтын күші жоқ.

 

 Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Бізді мәңгілік бүлінуден сақтайтын және құтқарылуымызға, дүние мен ақырет бақытына жетуімізге себеп болатын нәрсе – ұлы Алланың әмірлеріне мойынcұну.
  2. Дүниедегі мүмкіндіктеріміз жоғалмай тұрып, өміріміздің соңы туралы ойлап, қайтып оралмайтын басқа әлемге дайындықпен сапар шегуіміз керек.

 

Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.