Нұрлы жол. 895-бөлім. "Шура" сүресінің 48-53 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 895-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Шура" сүресінің 48-аятына құлақ түріңіздер:
«فَإِنْ أَعْرَضُوا فَمَا أَرْسَلْنَاکَ عَلَیْهِمْ حَفِیظًا إِنْ عَلَیْکَ إِلَّا الْبَلَاغُ وَإِنَّا إِذَا أَذَقْنَا الْإِنسَانَ مِنَّا رَحْمَةً فَرِحَ بِهَا وَإِن تُصِبْهُمْ سَیِّئَةٌ بِمَا قَدَّمَتْ أَیْدِیهِمْ فَإِنَّ الْإِنسَانَ کَفُورٌ»
Аяттың аудармасы: (Мұхаммед Ғ.С.) енді егер олар бет бұрса, сені оларға күзетші етіп, жібермедік. Саған жалғастыру ғана міндет. Расында қашан адам баласына өз мәрхаметімізден таттырсақ, сонда оған мәз болады. Ал егер қолекі істеген кесірлерінің салдарынан бастарына бір жамандық келсе, сонда сөз жоқ, адам баласы мүлде қарсы келеді. (48)
Иләһи пайғамбарларға тән қасиеттердің бірі – адамдарға тура жол көрсетудегі жанашырлық. Өйткені кейбір адамдар иман келтірмей, тура жолға түспей, үнемі мұңайып жүрген. Пайғамбарлар шамалары келгенше ұдайы халықты тура жолға салуға тырысқан.
Бұл аятта Алла елшісіне былай делінген: Уа, Пайғамбар, қанша тырыссаң да, кейбіреулер қарсы болып, шақыруыңды қабылдамайды. Сен енді оларға жауапты емессің, өйткені оларға Құдайдың жолдауын толық жеткіздің. Алла тағала құлдарының күшпен және құлықсыз иман келтіруін қаламады және сен оларды ақиқатты қабылдауға мәжбүрлеуге жауапты емессің. Құдай адамдардың өз еркімен сенгенін қалайды, өйткені тек осындай сенім құнды.
Аяттың жалғасында Алла елшісіне былай делінген: Кейбір адамдар сенен бас тартса, Аллаға да сондай қатынас көрсетеді. Құдай адамдарға қанша нығмет берсе де, қолдарында бар нәрселеріне мақтанып кететіні соншалықты, Құдайды ұмытып, нығметтерге алғыс айтпайды. Тіпті күнәлары үшін бастарына келген қиыншылықтар да олардың оянуына себеп болмайды, ғапылдықтан шыға алмайды.
Бұл аяттан үйренетініміз:
- Дінді насихаттаушылар мен жетекшілердің міндеті – халықты дінді қабылдауға мәжбүрлеу емес, иләһи шақыруды жариялау.
- Адамдардың көбінің ақыл-парасаты аз, жақсы күндерде тәкаппарланып, масаттанып, иләһи нығметтерге алғыс айтуды ұмытып кетеді.
- Адам өмірінің қиыншылықтары – оның өз іс-әрекеті мен мінез-құлқының көрінісі. Алла оған қиындық беруді қаламаған.
"Шура" сүресінің 49-50-аяттарына құлақ түріңіздер:
«لِّلَّـهِ مُلْکُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ یَخْلُقُ مَا یَشَاءُ یَهَبُ لِمَن یَشَاءُ إِنَاثًا وَیَهَبُ لِمَن یَشَاءُ الذُّکُورَ»، «أَوْ یُزَوِّجُهُمْ ذُکْرَانًا وَإِنَاثًا وَیَجْعَلُ مَن یَشَاءُ عَقِیمًا إِنَّهُ عَلِیمٌ قَدِیرٌ»
Аяттардың аудармасы: Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. (49)
Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол, толық білуші, аса күшті. (50)
Бұл аятта былай делінген: Осы әлемдегі кез келген нығмет мен рақымшылық Құдайдан берілген. Аспан мен жерге билік ететін – Құдай. Ол қалаған затын жаратады. Құдай әрдайым жарату үстінде. Болмысты жарату баяғыда орындалып, біткен нәрсе емес. Содан кейін Алланың нығметтерінің бірі, яғни перзентке тоқталады.
Әке мен шеше перзентті жаратпайды. Олар Құдайдың жаратуына жәрдемші болады. Перзертті – қызды да, ұлды да Құдай жаратады.
Осы аяттарға сәйкес қыздар да, ұлдар да – Алланың сыйлығы. Оларды бөліп-жару, айырмашылық қою Құран тұрғысынан дұрыс емес. Әрине бедеу адам да Алланың қалауымен дүниеге келген. Оның хикметіне сәйкес осындай жағдайға түсті. Ол болмыс істері мен адамдардың жағдайынан толық хабардар. Қалаған ісін істей алады, істеп те жатыр.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Перзент – қыз болса да, ұл болса да – Алланың ата-анаға берген сыйы. Оларды бөліп-жаруға болмайды.
- Алла тағала ұдайы жарату үстінде. Әлемнің түкпір-түкпірінде дүниеге келіп жатқан кез келген нәресте – Алланың жарату құдіретінің бір үлгісі.
- Егер Алланың ғылымы мен құдіретіне иман келтірсек, балалы болу-болмауды, оның ұл не қыз болуын Аллаға тапсырайық.
"Шура" сүресінің 51-аятына құлақ түріңіздер:
«وَمَا کَانَ لِبَشَرٍ أَن یُکَلِّمَهُ اللَّـهُ إِلَّا وَحْیًا أَوْ مِن وَرَاءِ حِجَابٍ أَوْ یُرْسِلَ رَسُولًا فَیُوحِیَ بِإِذْنِهِ مَا یَشَاءُ إِنَّهُ عَلِیٌّ حَکِیمٌ»
Аяттың аудармасы: Алла (Т.) бір адам баласымен көкейіне салу түрінде немесе перде артынан ғана сөйлеседі: Не бір елші жіберіп, өз бұйрығымен қалағанын уахи етеді. Күдіксіз Ол, өте жоғары, хикмет иесі. (51)
"Шура" сүресі пайғамбарларға уәһи беру тақырыбымен басталып, тура осы тақырыппен аяқталады. Алдымен былай дейді: Адамзат баласы тікелей Алланың сөзін тыңдай алмайды. Өйткені Құдай ауыз және тілмен сөйлеп, адамдар құлақпен еститіндей материалдық зат емес. Бірақ Құдай пайғамбарлармен үш жолмен байланыста болған. Бірінші жол: пайғамбар біліп, халықты шақыруы тиіс дүние оның жүрегіне илхам арқылы беріледі. Екінші жол: Құдай дыбыстық толқын тудырады, пайғамбар сол толқындарды естиді. Ол хазірет Мұса көргендей біреуді көрмейді. Үшінші жол: Жебірейіл атты уәһи періштесі пайғамбарға келіп, илаһи уәһиді оған жеткізеді.
Қалай болғанда да, пайғамбар уәһидің Алла тарапынан айтылған сөз екеніне сенген. Халық пайғамбардың мұғжизалары арқылы уәһи алған адамның Құдаймен байланысы барына және істейтін істерінің қарапайым адамның қабілетінен жоғары екеніне сенген.
Бұл аяттан үйренетініміз:
- Алла тағала өз елшілерімен түрлі жолдармен байланыста болып, өз сөзін оларға жеткізген. Пайғамбарлар Алланың жолдауын халыққа жеткізіп, оларды хақ жолына бастауы тиіс болған.
- Алла кімге уәһи жіберетінін өзі біледі. Ол өзінің ғылымы мен хикметіне сәйкес адамды таңдап, оған уәһи түсіреді.
"Шура" сүресінің 52-53-аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَکَذَلِکَ أَوْحَیْنَا إِلَیْکَ رُوحًا مِّنْ أَمْرِنَا مَا کُنتَ تَدْرِی مَا الْکِتَابُ وَلَا الْإِیمَانُ وَلَـکِن جَعَلْنَاهُ نُورًا نَّهْدِی بِهِ مَن نَّشَاءُ مِنْ عِبَادِنَا وَإِنَّکَ لَتَهْدِی إِلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِیمٍ»، «صِرَاطِ اللَّـهِ الَّذِی لَهُ مَا فِی السَّمَاوَاتِ وَمَا فِی الْأَرْضِ أَلَا إِلَى اللَّـهِ تَصِیرُ الْأُمُورُ»
Аяттардың аудармасы: (Мұхаммед Ғ.С.) саған осылайша әмірімізден бір “Рух” уахи еттік. Сен, Кітап не, Иман не, білмейтін едің. Бірақ Құранды нұр қылып, онымен құлдарымыздан кімді қаласақ, тура жолға саламыз. Расында сен тура жолға бастайсың. (52)
Ол, көктер мен жердегі нәрселер өзіне тән Алланың жолы. Сақ болыңдар! Істер Аллаға қайтады. (53)
"Шура" сүресінің аяғына жақындап қалдық. Уәһи жіберу жолдары туралы айтылған алдыңғы аяттың жалғасында Ислам пайғамбарына былай делінген: бұрынғы пайғамбарларға уәһи жіберген сияқты мына Құранды да саған уәһи еттік. Ол адамзат өмірінің мәйегі, адамзат қоғамын тірі сақтап тұру үшін оның денесіне рух береді. Құранның "Әнфал" сүресінің 24-ші аятында былай делінген: "Әй мүміндер! Сендерді өздеріңе тіршілік беретін нәрсеге (дінге) шақырған кезде, Алланың әрі Елшісінің тілін алыңдар. Және де Алланың, кісімен жүрегінің арасына дейін килігетіндігін біліңдер. Шексіз Алла тарапына жиналасыңдар. (24) ".
Аяттың жалғасында былай делінген: Уәһи түсіру – Алланың өз елшісіне жасаған рақымы. Кітаптың аяттары оған түсті. Ол кітаптың мазмұнына имандай сенген. Содан соң бұл рақым халыққа да берілді. Олар пайғамбар және Құран аяттарының нұры арқылы иманның ақиқатымен танысты.
Осы орайда пайғамбарға былай делінген: Құран – саған ғана берілген нұр емес, баршаға берілген нұр. Ол әлем тұрғындарын тура жолға бастап баратын жетекшілік құралы. Сен халыққа өмірдің дұрыс жолына бағыт бересің. Тура жол туралы былай делінген: аспандар мен жердегі барлық жолдар – Құдайдікі. Иә, бұл жолдың мақсаты – Құдай. Тура жол – Құдайға апаратын жалғыз жол. Бұдан қай жол түзулеу және жарығырақ? Қайсы Жаратушыға апарады?
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Пайғамбарлар илаһи жетекшілікке зәру. Сонда ғана олар адамға бағыт бере алады. Өйткені өздерінде жетекшілік жоқ.
- Құранның тағылымдары – халыққа жетекшілік етудің және қоғам өмірінің мәйегі. Әрине бір шарты бар: Құранның аяттарын оқып қана қоймай, оның бұйрықтарын қабылдап, орындау керек.
- Құранның бір өзі жеткілікті емес. Оның өміршең тағылымдарын қоғамға үйрету және тура жолда нағыз үлгі болуы үшін мұғалім мен жетекші қажет.
"Шура" сүресі аяқталды. Келесі бағдарламада "Зухруф" сүресін тәпсірлеуді бастаймыз. Оған дейін баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.