Maм 09, 2016 16:54 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Иран кинематографиясының тарихына шолуды аяқтадық. Осы аптадан бастап Ирандағы кинематографияның түрлерін қарастыруға кірісіп, осы түрлерге жататын туындылардың ең көрнекті үлгілерімен таныстырамыз.

«Түр» мен «топ» ұғымы француз тіліндегі «жанр» (genre) сөзінің баламасы болып табылады. «Жанр» сөзінің өзі латынның «genus» сөзінен алынып, тура осы мағынаны береді. 20 ғасырға дейін «жанр» сөзі көптеген мәтіндерді классификациялауда пайдаланылды. Бұл ұғым, сондайақ, әдебиетті классификациялап, құнын анықтауда маңызды рөл атқарды. Әдеби зерттеулерде «жанр» термині әртүрлі мәтіндер арасындағы айырмашылықтарды айқындауда қолданылады. Мысалы, драмалық мәтін, хикаядастан сияқты мәтіндер. Кинематографияның тамыры тереңге жайылып, тақырып пен стиль жағынан әралуандық пайда болғаннан кейін біртіндеп фильмдерді классификациялауға қажеттілік туындады. Соның салдарынан «жанр» термині кинематографияда да қолданыла бастады. Киноөндірісте жанрлық жүйе мен жанрлар фильм түсірушілер мен тамашалаушылар арасында жарияланбаған келісім негізінде қалыптасқан қосалқы ұғымдар болып табылады. Жанр фильмнің бейне және баяндау құрылымын қалыптастыруға қажетті ережелер жиынтығын құрайды. Бұл ережелерді режиссер де, көрермен де біледі. Шын мәнінде фильмдердің өздері іштей жанрлық ұғымдарды тудырады. Кинематографияның жанрлық түрлері әралуан. Олардың кейбіреулері мыналар: қылмыстық, мелодрама, комедия, соғыс, батырлық немесе тарихи, әлеуметтік, саяси, қорқынышты, мюзикл, фантастикалық, балаларға арналған, шытырман оқиғалы, спорт, ғылыми фантастика. Әрине кейбір жанрлар өз ішінен бірнеше тармаққа бөлінеді. Нақтырақ классификациялағанда осы тармақтарға да тоқталып өтуге болады. Бірақ бұл классификацияның тұрақты емес екендігі анық. Бұл жанрлар кейде бірбірімен тұтасып кетеді, кейде бірбірінің ықпалында қалады. Мысалы, ортағасырлық соғыс туралы фильм батырлық жанрға да, тарихи жанрға да, соғыс жанрына да жатады. Шын мәнінде фильмнің жанры немесе түрі көрерменнің көбірек күтетін қалауынан туындайды. Мысалы, егер сіз бір ғылымифантастикалық фильмді тамашалауға барсаңыз, осы фильмде кездестіретін дүниелеріңіз жайлы алдын ала болжамдар жасайсыз. 110 жылдық тарихы бар Иран кинематографиясындағы жанрды әртүрлі қырларынан бағалауға болады. Біз қазір Иран кинематографиясындағы басы мен осы күнге дейінгі жанрдың пайда болуы мен жойылу тарихын анықтай алатын жағдайда тұрмыз. Сондайақ, Иран кинематографиясындағы жанрлардың тамырын басқа елдердің кинематографиясынан тауып, олардың әртүрлі тарихи дәуірлердегі саясиәлеуметтік жағдайға қатыстылығын қарастыра аламыз. Бір киножанр немесе түр шын мәнінде өзінің айналасындағы факторлар, соның ішінде әлеуметтік, саяси, мәдени және экономикалық факторлар жиынтығының ықпалында болады. Бұған техникалық факторлар мен өнердің эстетикалық критерийлерін де қосу керек. Иранда да жанрлар осындай жағдайлардың ықпалында қалыптасып, дамыды немесе жойылды. Аталмыш бағдарламадағы біздің мақсатымыз Иранның қазіргі заман кинематографиясын қарастыру болғандықтан, кино жанрларын қарастырғанда да Ислам революциясынан кейінгі жылдардағы кинематографияға тоқталып, осы кездері пайда болған ең маңызды жанрлар жайлы сөз қозғайтын боламыз. «Қасиетті қорғаныс жанрын» Иран кинематографиясына ғана тән жанр деп нық сеніммен айтуымызға болады. Бұл киножанр Ислам революциясынан кейін қалыптасып, Саддаммның Иранға таңған соғысында болған шынайы оқиғаларға негізделген. Ислам революциясына дейін әлем мен Иран кинематографиясында мұндай жанр болмаған. Әрине, Ислам революциясына дейін соғыс туралы бірнеше фильм түсірілді, бірақ олар киносыншылар тарапынан шынайы түрде назарға алынбады, бір киножанр ретінде танылмады. Иран Ислам революциясынан бір жарым жыл өткеннен кейін 1980 жылы Саддам әскері Иранға шабуыл жасап, сегіз жылдық соғыс басталды. Кинематографтар, әсіресе жаңа буын кинематографтары халықты соғысқа қатысуға шақырып, жауынгерлерге көмектесуге үгіттеп, өз замандастарына қатысты парыздарын өтеуге үндеп, Иран халқына соғыс шындығы мен жауынгерлердің ерлігін көрсету үшін соғысқа бір әлеуметтік тақырып ретінде қарап, сол жайлы фильмдер түсіре бастады. Сол себепті соғыс және Қасиетті қорғаныс тақырыбында жұмыс істеген режиссерлер мен кинематографтар революциядан әсер алған жастар мен соғысқа қатысқандар болды. Әрине революцияға дейінгі кинематографтардың буынынан да соғыс тақырыбында фильм түсірген адамдарды көруге болады. Соның ішінде «Бүркіттер» фильмін түсірген Самуэль Хаджикиан мен «Сержант» және «Жыланның тісі» фильмдерін түсірген Масуд Кимиаиді атауға болады. Бірақ Қасиетті қорғаныс тақырыбы мен оның айналасындағы мәселелерге кәсіби тұрғыдан кіріскен көрнекті кинематографтардың барлығы революция мен соғыс буынынан шыққан. Олар қазір орта жастан асып барады. Иранның ұлттық киносимволдары мен ұлттықдіни болмысбітімнің белгілері басқа киножанрларға қарағанда Қасиетті қорғаныс жанрында айқынырақ көрініс тапқан. Сондайақ, Қасиетті қорғаныс тақырыбындағы Ислам революциясынан кейінгі фильм түсірушілердің жас әрі жаңа буынының шығармашылық жолының қалыптасу және басталу нүктесі мен Ислам республикасының жүйесі мен революцияға дейінгі режиссерлердің ортақ тұсын осы жанрда түсірілген кинотуындылардан көруге болады. Соғыс пен Қасиетті қорғаныс мәселесі соғыс сырттан таңылғандықтан және елді қорғау және мемлекетті сақтау мәселесі көтерілгендіктен режиссерлер мен өнерпаздардың әртүрлі қалыпта осы мәселемен айналысуына себеп болды. Өйткені бұл соғыс қоғамдағы халық өмірінің бүкіл салаларымен тығыз байланыста болды. Әйелеркек, баладан бастап кәріжасқа дейін барлығы қаласын, қаламасын соғыс мәселесіне тартылды. Тіпті Қасиетті қорғаныс армандарын көздемеген режиссер мен өнерпаз да соғысқа ұрынып отырғандықтан, бұл мәселеден тысқары қала алмады. Діни өнер мен жергілікті кинематография тақырыптарының туындап, қалыптасуы да осы жанрдан басталып, Қасиетті қорғаныс осындай ағымдарды жобалап, бастауға қолайлы жағдай тудырды. Шын мәнінде Қасиетті қорғаныс мәселесі ирандық және жергілікті мәселе болғандықтан, қоғамдық пікірді жергілікті өнер мен діни өнерге итермеледі. Әлеуметтану ғылымы тұрғысынан Қасиетті қорғаныс кинематографиясы кезкелген құбылыс сияқты ерекше әлеуметтік жағдай мен кеңістіктің әсерінен пайда болды. Қасиетті қорғаныс кинематографиясы тарихын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады: 1359-1367 жылдардағы (1980-1988 жылдар) сегіз жылдық Қасиетті қорғаныс кезеңі және соғыстан кейінгі осы күнге дейінгі кезең. Соғыс кезінде бүкіл әлемдегі соғыс туралы фильмдердің көбісі үгітнасихаттық сипатта болып, жастарды майданға аттануға ынталандыру туындылардың негізгі мазмұны болып келеді. Ирактың Иранға таңған соғысының алғашқы жылдары түсірілген фильмдердің көбісі халықтың қоғамдық рухын көтеру мақсатымен жасалды. Мысалы, олардың көбісінің тақырыбы бірбіріне ұқсас болып келді: әскери топ дұшпан жеріне еніп, олардың қаружарақтары мен жабдықтарын жойғаннан кейін өте аз шығынмен елге қайтып оралады. Әрине, бұл іс ол кезде қолдауға тұрарлық жақсы іс еді. Өйткені мұндай фильмдерді түсіру халықтың рухын көтеруге қажет болатын. «Тамұқ базасы», «Бүркіттер», «Мақшардағылар», «Өткел» сияқты фильмдер осындай туындылардың қатарына жатады. Бірақ Қасиетті қорғаныс жайлы фильм түсірушінің көзқарасы Иранның мұсылман жауынгерлерінің көзқарасы және Қасиетті қорғаныстың болмысымен үндесуі тиіс еді. Режиссер жауынгерлер соғысқа қалай қарайды, тура сол қырдан аталмыш мәселеге қарауы тиіс болатын. Осы тұрғыдан кинематография Иран қоғамының ең сезімтал да маңызды мәселелерінің бірі болып табылатын Қасиетті қорғаныс тақырыбында өте қиын салаға аяқ басты. Әрине бұл салада қателіктер мен сынақтар көп болды. Шын мәнінде Қасиетті қорғаныс жанры соғыс пен ондағы жеңістер мен жеңілістерді баяндағысы келгенде оқиғалардың сыртқы көрінісінен аттап өтіп, оның ішкі болмысына, қорғаныс туралы ойлары мен діни ұғымдарына да тоқталып өтуі тиіс еді. Сондықтан да Иран кинематографтарының маңызды жұмысы майдандағы әскери қақтығыстар аяқталып, соғыс біткеннен кейін жаңа басталды.