Нұрлы жол. 899-бөлім. "Зухруф" сүресінің 23-28 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 899-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Зухруф" сүресінің 23 аятына құлақ түріңіздер:
«وَکَذَلِکَ مَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِکَ فِی قَرْیَةٍ مِّن نَّذِیرٍ إِلَّا قَالَ مُتْرَفُوهَا إِنَّا وَجَدْنَا آبَاءَنَا عَلَى أُمَّةٍ وَإِنَّا عَلَى آثَارِهِم مُّقْتَدُونَ»
Аяттың аудармасы:
Осылайша (Мұхаммед Ғ.С.) сенен бұрын бір мемлекетке пайғамбар жіберген болсақ, олардың беделділері: “Расында біз аталарымызды бір жол үстінде таптық. Біз де солардың ізіне түсеміз” деді. (23)
Өткен бағдарламада айтқандай, Мекке мүшріктерінің ширк пен пұтқа табынуының себебі – ата-баба дәстүріне еліктеу. Бұл аят Ислам пайғамбарына қаратып былай делінген: "Мекке мүшріктері айтып жатқан нәрселер тек оларға ғана тиесілі емес. Саған дейінгі пайғамбарлар да әрдайым қыңыр адамдармен бетпе-бет келген. Аллаға серік қосу (ширк) мен пұтқа табынушылықтан бас тартыңдар десе, олар пайғамбарлардың сөздеріне ойланудың орнына "Біз ата жолын ұстанғымыз келеді. Олардың салт-дәстүрінен бас тартпаймыз" деген".
Осы аятта айтылған маңызды жайт – тайпа басшылары мен тәкаппар байлардың пайғамбарларға қарсылық көрсетудегі рөлі. Пайғамбарларға қарсылықты басқаратындар әдетте менмен әрі тәкаппар билеушілер мен байлар болған. Олар билік, байлық пен танымалдықтың арқасында халық алдында мәртебеге ие болған еді. Халық қорыққаннан немесе ашкөздіктен оларға көніп жүрген. Бірақ байлар пайғамбарлар келгеннен кейін олардың озбырлық жасап, жәбір көрсететін кезеңі аяқталатынын және жапа шеккендер олардың шеңгелінен құтылатынын білген.
Қазіргі таңда да әлемдік деңгейде қолында билігі пен байлығы бар адамдар барлық ақпараттық және жарнамалық құралдармен халықты алдап, ақымақ қылып жатыр. Әлемдегі азғындық, жемқорлық пен бүлінудің көп бөлігі осы агрессивті және бүлікші залымдардан туындайды. Егер біреу олардың қалауы мен мүдделеріне қарсы әрекет жасаса, оны жаншып тастап, қарсылығын жалғастыруға жол бермейді.
Бұл аяттан үйренетініміз:
- Ата-бабадан қалған ғұрыптар мен көне мәдени-өркениеттік туындылар бүгінгі ұрпақтың ой-өрісіне кедергі болмауы керек. Олар қайта қаралуы тиіс. Қате жолды нұсқауы мүмкін ғұрыптарды көз жұма ұстану бізді адастыруы мүмкін.
- Көптеген адамдар бұл ескертулерге мән бермей, қарсылық білдіріп жатқанымен, қауіп-қатерді танып, ескертетін білімді де жанашыр адамдар қоғамға қажет.
- Билік пен байлық бақылауға алынбаса, адамдар тәкаппарланып, асау болып кетеді. Сол себепті билік пен байлыққа ие, танымал адамдар хақ жолын ұстанғандарға қарсылық білдіреді.
"Зухруф" сүресінің 24-25-аяттарына құлақ түріңіздер:
«قَالَ أَوَلَوْ جِئْتُکُم بِأَهْدَى مِمَّا وَجَدتُّمْ عَلَیْهِ آبَاءَکُمْ قَالُوا إِنَّا بِمَا أُرْسِلْتُم بِهِ کَافِرُونَ»، «فَانتَقَمْنَا مِنْهُمْ فَانظُرْ کَیْفَ کَانَ عَاقِبَةُ الْمُکَذِّبِینَ»
Аяттардың аудармасы:
(Әр Пайғамбар): “Егер сендер аталарыңды тапқан жолдан турарағын әкелсем де ме?,-деді. Олар: “Расында сендер арқылы жіберілген нәрселерге қарсымыз” деді. (24)
Сонда Біз де олардың тиісті жазасын бердік. Енді қара, жасынға шығарушылардың соңы қалай болды? (25)
"Біз ата жолын сақтағымыз келеді, тек солардың жолын ұстанамыз" деп айтқандарға пайғамбарлар: "Егер сендерге ата-бабаларыңның ғұрпынан да жақсырақ, сендерді бақытқа жеткізетін сүннет әкелсек те, біздің рәсімді қабылдамайсыңдар ма? Сендер бақытқа жеткілерің келмей ме? Егер жеткілерің келсе, сендерді тезірек әрі сенімдірек мақсатқа жеткізетін әрбір мектеп пен ғұрыпты қабылдаңыздар",-деді.
Алайда адамдардың надандығы мен қырсықтығы және соқыр сенімі Алла елшісінің ұсынысы туралы ойланбастан өз ата-бабаларының ғұрпына табандап тұруына себеп болды. Олар: "Біз сенің дініңе иман келтірмейтінімізге сенімді бол. Сол себепті өзіңді босқа азапқа салма, бізді бұл сөздеріңмен мазалама!",-деген.
Бір қызығы, пайғамбарлар өз жолының хақтығы мен мүшріктердің жолының жалғандығына сенімді болса да, олармен сөйлескенде "Неге теріс жолға түсесіңдер? Неге хақ жолын таңдамайсыңдар?" деп айтпаған. Керісінше, бейтарап адам ретінде "Біздің әдет-ғұрыпты өз ғұрыптарыңызбен салыстырыңыздар. Сендерше қайсысы жетекшілікке жақынырақ екенін көріңіздер. Содан соң өз жолдарыңызды таңдаңыздар" деген.
Құрандағы бұл тәсіл қырсық әрі тәкаппар адамдармен сөйлескенде әдеп сақтау керегін үйретеді. Иман келтіргендер қарсыластармен дауласқанда ынсап пен әдепті сақтау керегін көрсетеді. Олар қарсы тарапты жалған деп көрсетудің орнына өз сөзін қисын мен дәлелге негіздеп айтуы керек. Қалғанын өзі көріп, қайсысы дұрыс деп тапса, соны таңдауға жағдай жасауы керек.
Аяттардың жалғасында: "Бұл қырсықтық пен қыңырлық ақыр соңында асау қауымның Алла қаһарына ұшырауына әкеп соқтырады",-делінген. Құранның әртүрлі аттарында бұрынғы қауымдардың тағдыры баяндалған. Мысалы, олардың бірін топан су басса, басқа бірін жер сілкінісі жалмап, тағы бір қауым дауыл мен найзағайдан қырылып қалған.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Исламды таныстыру және халықты дінге шақыру жолдарының бірі – исламдық тағылымдарды басқа діндер және мектептермен ақыл мен қисын негізінде салыстыру.
- Өмір жолын таңдағанда ата-бабаның әдет-ғұрпы мен рәсімдеріне емес, ақыл мен уәһиге басымдық беру керек.
- Қырсықтыққа әкелетін кез келген жөнсіз соқыр сенім адамды дұрыс анықтау қабілетінен айырады, оның ақиқатқа жетуіне кедергі келтіреді.
"Зухруф" сүресінің 26-28-аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِیمُ لِأَبِیهِ وَقَوْمِهِ إِنَّنِی بَرَاءٌ مِّمَّا تَعْبُدُونَ»، «إِلَّا الَّذِی فَطَرَنِی فَإِنَّهُ سَیَهْدِینِ»، «وَجَعَلَهَا کَلِمَةً بَاقِیَةً فِی عَقِبِهِ لَعَلَّهُمْ یَرْجِعُونَ»
Аяттардың аудармасы:
Сол уақытта Ыбырайым (Ғ.С.) әкесіне әрі еліне: “Шын мәнінде мен сендердің табынған нәрселеріңнен бездім” деді. (26)
“Бірақ мені жаратқан Алла басқа. Өйткені Ол, мені тура жолға салады…” (27)
Ыбырайым (Ғ.С.) бұл (Алланы бірлеу) сөзін кейінгі ұрпақтарына мұра етіп, қалдырды. Әрине олар осыған қайта оралар. (28)
Бұл аяттарда хазірет Ибраһимнің өміріне қысқаша шолу жасалып, Мекке мүшріктеріне былай делінген: "Ибраһимді өздеріңнің ұлы бабамыз деп санайтыңдар. Егер ата-баба жолын ұстанамыз десеңдер, таухид пен монотеизмді ұстанған Ибраһимнің жолын неге ұстанбайсыздар?".
Ибраһим өз қауымының ширкке ұрынғанын көргенде олардың ғұрпынан бас тартып: "Мен тек өз жаратушым бір Құдайға ғана құлшылық етемін. Одан мені дұрыс жолға салуын сұраймын. Ол мені бейжай қалдырмайтынын білемін",-деп мәлімдеді.
Ибраһим әлемде таухид сөзі мәңгіге орнығу үшін бар күшін салды. Сондықтан ширк және пұтқа табынушылықпен күресу және таухидке шақыру Ибраһим қалдырған сүннет саналады. Одан кейін пайғамбарлар осы жолды жалғастырып, оны тұрақты етті.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Бір қауымға, тайпаға немесе партияға мүше болу өз ойымыз бен өмір жолын таңдауға теріс әсер етпеуі тиіс. Сонда ғана хақты дұрыс танып, ұстана аламыз.
- Ақылға салсақ, адамды жаратқан Құдай оны бейжай қалдырмайды, керісінше ақыл мен уәһи арқылы оған жетекшілік ету құралын қамтамасыз етеді.
- Жанұя мен қоғамда ізгі сүннеттерді қалыптастыру арқылы хақ жолын тұрақты да мәңгі етуге тырысайық.
Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.