Нұрлы жол. 903-бөлім. "Зухруф" сүресінің 49-56 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 903-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Зухруф" сүресінің 49-50 аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَقَالُوا یَا أَیُّهَ السَّاحِرُ ادْعُ لَنَا رَبَّکَ بِمَا عَهِدَ عِندَکَ إِنَّنَا لَمُهْتَدُونَ»، «فَلَمَّا کَشَفْنَا عَنْهُمُ الْعَذَابَ إِذَا هُمْ یَنکُثُونَ»
Аяттардың аудармасы:
(Олар Мұса Ғ.С. ға): “Әй сиқыршы! Раббыңа өзіңе берген уәде бойынша жалбарын. Біз шын мәнінде тура жолға келейік” десті. (49)
Сонда олардан азапты Біз айықтырған кезде олар дереу сөздерінен айныды. (50)
Өткен бағдарламада хазірет Мұсаның перғауын мен оның айналасындағыларды дұрыс жолға салуға талпынып, оларға түрлі мұғжизалар көрсеткенін айттық. Мына аяттарда былай делінген: Олар хазірет Мұсаның таухидті қабылдап, бір Құдайға мойынұсынуға шақыруына көңіл бөлмеді. Бірақ дерт, азап пен апатқа ұшырағанда хазірет Мұсаға "Өз Құдайыңнан бізді азаптан құтқарсын деп сұра, сол кезде Оған иман келтіріп, сенің шақыруыңды қабыл аламыз" деген.
Бір қызығы, олар хазірет Мұсадан көмек сұрай отырып, оны қайта сиқыршы деп атаған. Олар пайғамбарлар өз айналасына адам жинау үшін сиқыршылар сияқты түрлі кереметтер жасайды деп ойлаған. Мұның өзі мынаны білдіреді: осындай тәкаппар адамдардың иман келтіруге берген уәделері жалған. Олар жетекшілік жолын іздемейді, тек қысым мен азаптан құтылу жолын ойлайды. Сондықтан бұл аяттың жалғасында былай делінген: Апаттар дауылы басылып, қиындықтан құтқарылған кезде әлгі бейбастақ залымдар келісімді бұзып, иман келтірмеді.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Адамдардың барлығы қиындыққа тап болғанда әулиелерден "бізді құтқарсын деп дұға етші" деп сұрап, пана іздейді.
- Қиындыққа тап болып, қауіпті сезінгенде адамда Құдайтану сезімі оянып, Оны еске алады. Бірақ қиындықтан құтылғанда қайта ғапылдыққа салынып, Құдайын ұмытады.
"Зухруф" сүресінің 51-53 аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَنَادَى فِرْعَوْنُ فِی قَوْمِهِ قَالَ یَا قَوْمِ أَلَیْسَ لِی مُلْکُ مِصْرَ وَهَـذِهِ الْأَنْهَارُ تَجْرِی مِن تَحْتِی أَفَلَا تُبْصِرُونَ»، «أَمْ أَنَا خَیْرٌ مِّنْ هَـذَا الَّذِی هُوَ مَهِینٌ وَلَا یَکَادُ یُبِینُ»، «فَلَوْلَا أُلْقِیَ عَلَیْهِ أَسْوِرَةٌ مِّن ذَهَبٍ أَوْ جَاءَ مَعَهُ الْمَلَائِکَةُ مُقْتَرِنِینَ»
Аяттардың аудармасы:
Перғауын, елінің ішінде: “Әй қаумым! Мысырдың патшалығы және астымнан ағатын міне өзендер менікі емес пе? Көрмейсіңдер ме?”,- деп даурықты. (51)
“Немесе мен осы өзі қор, сөзін түсіндіре алмайтын Мұсадан жақсы емеспін бе?” (52)
“Оған алтыннан білезіктер неге салынбаған немесе онымен бірге періштелер неге жолдас болып келмеген?” (53)
Перғауын мен оның қауымы бір жағынан хазірет Мұсаның мұғжизаларын көрген, екінші жағынан оның дұғасының арқасында азап пен қиыншылықтан құтқарылған. Бұл нәрселер адамдарға зор әсер етіп, олардың перғауын туралы ойларын өзгертті. Бірақ перғауын мен оның айналасындағылар оның шақыруын қабылдауға дайын болмады.
Перғауын өз қауымы мен сарай маңындағылардың хазірет Мұсаның қисынды сөздері мен мұғжизаларының әсерінде қалмауы үшін хазірет Мұсаның халық арасында ықпалының артуына тосқауыл қоюға шешім қабылдады. Сондықтан Мұсаны масқаралап, өзін ұлы ғып көрсетуге тырысқан. Ол өз қауымына: "Кең байтақ Мысыр жерінде билік менің қолымда емес пе? Мына өзендер менің билігімде емес пе? Өзендер менің сарайым мен бақтарымнан ағып өтпей ме? Ал Мұсада не бар? Оның тілі тартымды емес, періштелер де жанынан көрінбейді. Онда қауымның үлкендеріндегідей қымбат киімдер, зергерлік бұйымдар мен сәнді сарайлар жоқ. Не қаласаңдар да, менде бар. Бірақ онда ештеңе жоқ. Онда неге оның сөзін тыңдап, соңынан еруіміз керек?" деген.
Ніл өзені – Мысырдың барлық қосалқы өзендерінің бастауы. Ол Мысырдың түрлі аудандарын абадтандыруда зор рөл ойнайды. Мысыр халқының ауыз суы мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ететін өзен перғауынның қолымен бөлінетін. Осылайша халықтың тұрмыс-тіршілігі перғауынның тікелей бақылауында болған. Ол шынымен-ақ өзін халықтың Құдайы сезініп, одан жоғарырақ біреудің болуының не мәні бар деп ойлаған.
Аяттардың аудармасы:
- Перғауындар мен үстемшіл алпауыттар ақыл мен қисынға сүйенбейді. Олар өздерінің билігі, байлығы мен сән-салтанатына сеніп, мұны өздерінің дұрыстығына себеп деп санайды.
- Адамдардың киімі мен сыртқы түріне немесе дауыс ырғағы мен диалектісін қарап мақтану және басқаларды қорлау – перғауындық мінез.
- Кез келген себеппен өзін басқалардан жоғары санайтын адамда билік пен байлық болмаса да, перғауынның мінезі болады.
"Зухруф" сүресінің 54-56 аяттарына құлақ түріңіздер:
«فَاسْتَخَفَّ قَوْمَهُ فَأَطَاعُوهُ إِنَّهُمْ کَانُوا قَوْمًا فَاسِقِینَ»، «فَلَمَّا آسَفُونَا انتَقَمْنَا مِنْهُمْ فَأَغْرَقْنَاهُمْ أَجْمَعِینَ»، «فَجَعَلْنَاهُمْ سَلَفًا وَمَثَلًا لِّلْآخِرِینَ»
Аяттардың аудармасы:
Сөйтіп (Перғауын) елін менсінбеді. Сонда да олар оған бағынды. Расында олар, бұзық ел еді. (54) Сөйтіп олар Бізді кейіткен кезде, олардың тиісті жазасын беріп, суға батырдық. (55) Оларды кейінгілер үшін бір өтіп кеткен үлгі қылдық. (56)
Перғауын өзін ұлы, Мұсаны кіші санап, шын мәнінде өз қауымын адастырды, оларға өз ақылдарымен ойлап, ақиқатты түсінуге жол бермеді. Ол өз қауымын ақымақ қылып, олардың көздерін алтын мен күшке толтырды, сөйтіп оның алдында бәрі қор болып, кішірейді. Сондықтан еш күмәнсіз оған бағынды.
Әрине бұл – озбыр әрі жемқор үкіметтердің жолы мен әдеті. Олар өздерінің билігін жалғастыру үшін халықты ақымақ қылады, оларды хабарсыз қалдырады, шынайы құндылықтарды жалған дүниелермен алмастырады. Өйткені халықтық оянуы мен ой-санасының өсуі – авторитарлы үкіметтер үшін ең үлкен қауіп.
Қазіргі таңда үстемшіл алпауыттар спутник арналары, радио мен телевизор, виртуалды кеңістіктер мен басқа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамдардың санасын жаулап алып, фактілерді бұрмалап көрсетеді. Сөйтіп оларды хабарсыз қалдырып, өздеріне бағындырады. Алпауыттар халықты оңай басқару үшін оларға ақиқатты тануға жол бермейді.
Айта кету керек, перғауын заманында халық та кінәсіз болмады. Олар өз араларында болған азғындықтың кесірінен перғауындық құндылықтарды оңай қабылдап, өздерінің адасуына жағдай жасады. Сол себепті хазірет Мұсаның шақыруын қабылдауға дайын болмады.
Перғауын мен оның үкіметіне бас ұрған адамдардың тағдыры солардың тағдырындай болып, Құдайдың қаһарына ұшырады. Бұл – табиғи нәрсе.
Перғауындар мен олардың айналасындағылардың ащы да азапты тағдыры келешекте адамдар үшін өмірлік сабақ болуы тиіс.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Озбыр жүйелер халықты кішік санап, әлсіз ұстауға тырысады. Халықты болмысынан айыру олардың билеушілерге қалтқысыз бас июіне себеп болды.
- Құдайға бағынбайтын қоғам ақырында зұлым әрі тәкаппар билеушілердің қолына түседі.
- Кейде Алланың қаһары қауымды осы дүниеде жойып, басқаларға сабақ қылады.
Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.