Maм 14, 2016 19:06 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Кинематография Иранда қалалық бір құбылыс ретінде сипатталады. Ислам революциясына дейінгі кезеңде Иран кинематографиясының ең маңызды саласы әлеуметтік кинематография болды.

 Ирандық қоғамтанушы доктор Парвиз Аджлали фильмдер мен кинематография саласын зерттегенде оны қоғам мәдениетінің салдары мен бейнесі ретінде бағалау керектігін айтқан. Ол Пахлави билігі заманының шәмси жыл санағы бойынша 1330 (1950) батысшыл онжылдықтарын мысалға келтіріп: "Сол кезеңде Иранның дәстүрлі қоғамына батыстық бейнелер жылдам еніп, дәл сондай дәрежеде әлеуметтік дағдарыс күшейе түсті" – дейді. Осы іс-шара фильмдердің сценарийлеріне өз әсерін тигізіп, экранға шығарылған туындылар жаңа өмірдің қырларын көрсетті. Бірақ олардың арасында туындаған қарама-қайшылықтар мен қақтығыстар дәстүрлі қоғамды шынайы түрде еліктіре алмай, тек дәстүрлі қоғамды айыптаумен болды. Назериан есімді бір сыншы 1334 жылдың меһр айында (1955 ж. қазан) "Кинематография жұлдыздары" атты басылымда: "Өкінішке немесе бақытымызға орай, кинематография өзге көркемөнер түрлерінен көбірек ақиқатты көрсетеді. Осы фильмдерді тамашалайтын халық та көбірек өз өмірлерінің ақиқатын көрсететін бейнематериалдарды көруге ынтық. Ирандық сценарий жазушылар азғындық пен ар-намысқа жат мәселелерді қашанға дейін өз фильмдері сюжетінің негізі ететінін білмеймін. Олар шетелдік сценарийлер мен сюжеттерді ашық түрде қолданады. Бірақ бұл ирандық көрермендерге жат" деген болатын. Алайда бірқатар мамандар мен сыншылдардың пікірінше Иран қоғамы ислам революциясына дейінгі жылдардағы кинематографияда айқын түрде көрсетілмеді. ХХ ғасырдан бастап Иран қоғамының тарихи үдерісі бүгінгі күнге дейін көптеген шарықтау және құлдыраулардың куәсі болды: Конституцияның жариялануы, Қажар билігінің құлауы, Пахлавидің билік басына келуі, 1320 (1941) жылдың шахривар айында Иранның басып алынуы, 1332 (1953) жылдың мордад айында Америка және Ұлыбритания төңкерісі және патшалық озбырлықтың нығаюы, 1357 (1979) жылы Иран халқы мен ислами революцияның көтерілісі, Саддам Хусейн әскерінің Иран жеріне әскери шабуылы және сегіз жылға созылған таңылған соғыстың басталуы, Иран қоғамының түрлі саладамәселелердің қақтығысы мен қиындықтарына тап болуы қазіргі тарихтың маңызды оқиғаларының қатарына жатады. Иран кинематографиясы да осы кезеңде әлеуметтік, саяси және мәдени өзгерістерге тікелей қатысқанымен әр кезеңде өзіндік реакция көрсетті. "Хаджи аға киноактер" фильмі 1313 (1934) жылы көпшілікке көрсетіліп, белгілі бір дәрежеде кино өнерінің тағдырын анықтады. Алайда оны қазіргі кезде дәстүрге қайшы нышан ретінде баяндайды. Шын мәнісінде алғашқы жылдары бірқатар кинорежиссердің талпынысы қоғамды кинематография ортасымен таныстыруға бағытталды. Кинематография мен кинорежиссерлер арқылы қоғамға үстемдік еткен саяси жүйенің қарым-қатынасы Иранның әлеуметтік кинематографиясының өзгеруіне көп әсер етті. Қажарлардың, кейін Пахлавидің билігі алғашқы жылдары кинематография қызметін толықтай өз бақылауында ұстап, фильмдердің өндірісі мен көрсетілімін бақылап отырды. Ахлаққа жат фильмдердің көрсетілуінің алдын-алу алғашында әкімшілік, кейін Мәдениет министрлігі тарапынан жүзеге асырылды. Алайда уақыттың өтуімен бұл іс ұмытылып, фильмдерді бақылауда кері үдеріс табандылық көрсетті. Мазхаб және дінге қатысты мәселелерге назар аударған фильмдер кедергілерге тап болып, олардың көрсетіліміне тосқауыл қойылды. Сондай-ақ саяси тұспал немесе сол заманның қатігез және адам төзгіссіз өмір жағдайларын сынға алған туындылардың көрсетіліміне де кедергі жасалды. Бұдан басқа жеке араласушылықтар да кең өріс алып, мемлекеттің әрбір ауқатты немесе әскери тұлғасы өзінің қалауынша көрсетілімге рұқсат алған туындылардың көрсетілімін аяқтан шалып немесе оның дайындығы мен көрсетіліміне қиындық тудырды. Екінші дүниежүзілік соғыс пен Иранды жаулап алушылық кезеңінде фильмдерге цензура қою орталығы ресми түрде қалыптасты. Ең қызығы, бұл орталықтың алғашқы жетекшісі Нилла Крас Кук атты америкалық әйел болды. Алайда саяси араласушылық пен Иранның әлеуметтік кинематографиясын өзгерту үдерісінен басқа ирандық кинорежиссерлер қандай фильмдерді түсірумен айналысты? Сол кезеңде қарапайым сюжетті, техникасы әлсіз, үнділік және мысырлық комедия туындылары Иранда жақсы сатылымға ие болды. Соларға еліктеу кіріс көзінің сенімді жолына айналды. Сол себепті Иран кинематографиясы аталмыш туындылар сынды фильмдер түсіруге бет бұрып, Иран кинематографиясында жаңа, әрі жат жанр пайда болды. Кинематография сыншылары бұл жанрды "қорлаушы парсы фильмі" деп атады. Яғни бұл туындылардың Иран қоғамына тиесілі қарым-қатынасы тек олардың парсы тілінде сөйлегенінен көрінді. Хижри шәмси жыл санағы бойынша 40-50-ші ж.ж. (милади 60-70 жж.) Иран кинематографиясында баяу даму байқалды. Бұл кезеңде жылына 100-ге жуық фильм өндірілді. Алайда түрлі себептерге байланысты кинематографияның бұл саласы сол заманда өркендеу мен дамуға қол жеткізбеді. Осы кезеңнің әлеуметтік фильмдерінің бір белгісі – заманауи өмірдегі үйсіз-күйсіз, жапандағы жалғыз тұлға. Бұл тұлға бұзақы, қарақшы, бірақ игі істер де жасайды. Шамамен Иранның дәстүрлі мәдениетіндегі "жылпос" бейнесін еске салады. Бұл бұрынғы заманнан қалған түр-тұрпат Иран кинематографиясында сан рет қайталанып, әбден мезі болды. Әрі кинематографияны тұңғиыққа батырып, одан шығар жолды таптырмады. Әлбетте "Қайсар" фильмімен Масуд Кимиаи сынды режиссерлер бұл жанрды жандандыруға тырысып, қалалық люмпен тұлғасын қоғамға қарсы кейіпкер немесе бұзақы ретінде түсіруге талпынды. Алайда бұл талпыныстар айтарлықтай нәтижеге жетпеді. 1340 (1960) онжылдықтарда үнді мюзиклдеріне еліктеп көптеген фильмдер түсірілді. Күрес-тартыс пен актерлердің ән айтуы оның негізгі екі тірегін құрады. Осы фильмдердің кейіпкерлері көрікті және қайратты, нәзік рухты және тұрақсыз әлем немесе ғашығының алыстығы туралы ән айтатын жастар болды. Сиамак Иасеми кинорежиссерінің "Ғарун байлығы" фильмі аталмыш туындылардың бірден бір үлігісі болып табылады. Оның үлкен экрандағы көрсетілімінің сатылым көрсеткіші өте жоғары болды. Осы онжылдықтын басында (1340) кинематография саласына бәрінен бұрын көркемөнердің жоғары сапасын, қалаулы топтың назарын қалаған және зияткерлік назар ұстанған жас режиссерлер келді. "Жаңа толқын" атауымен белгілі болған бұл топ көптеген туындыларында қоғамның қиындықтары мен қорланған тап өкілдерінің реніштері жайлы баяндады. Осы кезеңде Дариуш Мехрджуидің "Сиыр" атты фильмі көрсеткішті туынды ретінде танылды. Туындыда сол кездің әлеуметтік және саяси жағдайы шынайы түрде сыналып, аллегориялық баяндау тәсілі арқылы өшпес туындыға айналды. Бірақ ислам революция қарсаңында "жаңа толқын" бағыты құлдырауға ұшырады. Өйткені бұл бағыт екі жақтан қысымға түсті. Бір жақтан қоғамдағы келеңсіздіктерді жасыру жолындағы Пахлави режимінің "тексеру комитетінің" қысымына тап болды. Сондай-ақ киноиндустрияның қарапайым көрермендерінің өшпенділігі мен әжуа-мысқылымен бетпе-бет келді. Шынтуайтында жаңашыл кинорежиссерлердің бірқатары цензурадан шығу үшін фильмдерін қарапайым халыққа түсініксіз болған күрделі, әрі жат сарында түсірді. Сондай-ақ олардың көбісі өзіндік ой мен саяси жазбаның ықпалына еріп, өз туындыларында сол идеяларды көтеруге тырысты. Дәл осы іс халықтың мұндай фильмдерді алыс, әрі жат көруіне себеп болды. Ақырында аталмыш кинорежиссерлер кинематография саласында сәтсіздікке ұшырады.