Қаң 20, 2024 20:28 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 912-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Духан" сүресінің 28-29-аяттарына құлақ түріңіздер:

«کَذَلِکَ  وَأَوْرَثْنَاهَا قَوْمًا آخَرِینَ»، «َمَا بَکَتْ عَلَیْهِمُ السَّمَاءُ وَالْأَرْضُ وَمَا کَانُوا مُنظَرِینَ»

Аяттардың аудармасы:

Осылайша оларға басқа бір елді мұрагер қылдық. (28)

Сонда оларға көк те, жер де жыламады. Әрі олар тостырылмады. (29)

 

Перғауын қауымына қатысты оқиғаның соңында бұл аятта былай делінген: Перғауын қауымы Ніл өзеніне батып өлгеннен кейін олардан қалған барлық мал-мүлік Исраил қауымына бұйырып, мұраға қалды. Олар еш қиналмастан перғауындықтардың бүкіл байлығын иемденіп қалды. "Шуара" сүресінде айтылғандай, перғауындықтар суға батып, билігі жойылғаннан кейін Исраил қауымы Мысыр жеріне қайтып оралып, перғауынның жерінде билік етті.

Аяттың жалғасында былай делінген: Перғауындардың зұлымдығының зор болғаны соншалықты, олар бұл әлемнен жойылғанда ешкім олардың бос орнын сезген жоқ, бір тамшы жас төккен жоқ.

Аспан мен жер олардың жойылғанынан жеңілдеп қалды, кеткеніне қайғырмады.

Бұл аяттардан үйренетініз:

  1. Жауыз қауымды жою – илаһи дәстүрлердің бірі. Бұл – ескерту мен ғибраттың негізі.
  2. Болмыста да сезім мен ақыл бар. Сондықтан залымдардың жойылғанда адамдар ғана емес, табиғат та өзін жақсы сезінеді.

 

 "Духан" сүресінің 30-33-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَقَدْ نَجَّیْنَا بَنِی إِسْرَائِیلَ مِنَ الْعَذَابِ الْمُهِینِ»، «مِن فِرْعَوْنَ إِنَّهُ کَانَ عَالِیًا مِّنَ الْمُسْرِفِینَ»، «وَلَقَدِ اخْتَرْنَاهُمْ عَلَى عِلْمٍ عَلَى الْعَالَمِینَ»، «وَآتَیْنَاهُم مِّنَ الْآیَاتِ مَا فِیهِ بَلَاءٌ مُّبِینٌ»

Аяттардың аудармасы:

Расында Израил ұрпақтарын қорлаушы бейнеттен құтқардық; (30)

Перғауыннан. Өйткені ол, тым шектен шығушылардан еді. (31)

Расында Израил ұрпақтарын біле тұра әлемге ықпалды қылдық. (32)

Сондай-ақ оларға мұғжизалар бердік. Онда ашық сынау бар еді. (33)

 

Хазірет Мұса тәкаппар перғауынға қарсы тұрды. Перғауын өзін басқалардан жоғары санап, ысырапшылық пен басқыншылықта ерекшеленген қанішер де қатыгез билеуші ​​еді. Перғауындар Исраил қауымын ауыр да адам төзгісіз азаптарға ұшыратты. Ұлдардың басын шауып, қыздарды қызметші ретінде тірі қалдырған. Олар Исраил халқын ауыр жұмысқа салып, тегін пайдаланған.

Ақырында Алла Тағала Мұсаның илаһи көтерілісін жасап, Исраилдың езілген халқын қатыгез әрі қанішер перғауыннан азат етті. Исраил қауымы перғауынның үстемдігінен азат етіліп қана қойған жоқ, олардың барлық мал-мүлкін иеленіп, өздері ауқымды жерді алып жатқан мықты қауымға айналды.

Мүлік және байлықпен қоса, оларға сынақ ретінде басқа да нығметтер сыйланған. "Бақара" сүресінде айтылғандай, оларға арнайы илаһи дастархандар (мәннә мен сәлуә) берілді немесе қатты тас жарылып, Исраил қауымының он екі тармағына он екі бұлақ ақты.

Бірақ бұлардың бәрі сынақ мен емтихан еді. Өйткені Құдай бір топты қиындықпен, басқа бір топты нығметпен сынайды. Жалпы Құран қисынында қиындық та, байлық, әл-ауқат пен билік те адамға сынақ ретінде беріледі. Исраил қауымы  перғауындарға бағынышты болған кезде де, билік пен байлыққа жеткен кезде де сынақта болатын. Әрине олар бұл нығметтердің қадірін білмей, сынақтан сүрінді.

Бұл аяттардан үйренетініз:

  1. Алла елшісіне көмектесіп, оның тағылымдарын ұстанған адамдар залымдардың үстемдігінен құтқарыла алады.
  2. Артықшылық іздеу және шектен шығу перғауындық рухқа жатады. Осындай ерекшеліктерге ие адам перғауын болмауы да мүмкін.
  3. Қауымдар мен ұлттардың жойылуының сыры олардың жаман мінездері мен нашар амал-әрекеттерінде.
  4. Алланың жеке адамдар мен қоғамдарға бергені сынақ құралы болып табылады. Сондықтан олардың Алла алдындағы артықшылығы болып саналмайды.

 

"Духан" сүресінің 34-36-аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنَّ هَـؤُلَاءِ لَیَقُولُونَ»، «إِنْ هِیَ إِلَّا مَوْتَتُنَا الْأُولَى وَمَا نَحْنُ بِمُنشَرِینَ»، «فَأْتُوا بِآبَائِنَا إِن کُنتُمْ صَادِقِینَ»

Аяттардың аудармасы:

Күдіксіз олар, бүйдейді: (34)

“Бізге осы алғашқы өлімнен басқа түк жоқ. Сондай-ақ біз қайта тірілмейміз;” (35)

“Мүбада рас айтушы болсаңдар, аталарымызды алып келіңдерші;” (36)

 

Перғауындар мен Исраил қауымы қиссасының аяғында Мекке мүшріктерінің сөздері тағы келтірілген. Олар қайта тірілуді терістеп, "Өмірдің соңы – осы көріп отырған өлім. Одан кейін ештеңе жоқ. Қайта тіріліп, қайта өмір сүруді былай қойғанда" деген.    

Олар осы ойға қатты сенгендері сондай, пайғамбарға: "Егер өлгендер тіріледі деп айтқаның рас болса, жылдар бұрын қайтыс болған әкелерімізді тура осы дүниеде тірілт. Соны көрсек, сенеміз",-деген.

Қайта тірілу адамдарға жаза мен сый беру үшін келетіні анық. Өлгендерді осы дүниеде тірілту илаһи дәстүр емес. Бірақ мұндай іс пайғамбар тарапынан орындалды деп ойлаған күннің өзінде қырсық та сылтау іздегіш адамдар басқаша түсініп, оны сиқыр деп атап, оны қабылдауға дайын болмай шығады.

Бұл аяттардан үйренетініз:

  1. Қарсыластардың пікірлерін қайталап айтып, оларға жауап беру – мүміндердің сенімдерін бекіту үшін Құранда қолданылған тәсіл.
  2. Өлгеннен кейінгі дүниені жоққа шығару – ақыл мен дәлелге негізделмеген, тарих бойы кәпірлер тарапынан айтылған дәйексіз уәждер.

Осымен бүгінгі бағдарлама аяқталды. Аман-сау болыңыздар!