Ақп 24, 2024 18:15 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 917-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Жәсия" сүресінің 15-аятына құлақ түріңіздер:

«مَنْ عَمِلَ صَالِحًا فَلِنَفْسِهِ  وَمَنْ أَسَاءَ فَعَلَیْهَا  ثُمَّ إِلَى رَبِّکُمْ تُرْجَعُونَ»

Аяттың аудармасы:

Әлде кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе, о да өзіне. Сосын Раббыларыңа қайтарыласыңдар. (15)

 

Өткен бағдарламаның соңғы аятында Қиямет күнін теріске шығаратын адамдарға қандай қатынас көрсетілетіні туралы айтылды. Мына аяттарда былай делінген: Сенің иманың мен күпірлігің немесе мойынсұнуың мен бағынбауың Аллаға пайда немесе шығын әкеледі деп ойлама. Кімде-кім бір іс істесе, оның нәтижесі өзіне қайтарылады және ол оны Қиямет күні алады. Мұғалім өз шәкірттеріне былай деп айтқандай болады: "Оқысаң да, оқымасаң да, мұның пайдасы мен шығыны өзіңдікі; Оның маған пайдасы да, зияны да жоқ".

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Алланың жаза мен сауап жүйесі адамның жақсы мен жаман істеріне негізделген. Алланың заңы алдында адам баласының бәрі тең.
  2. Құдай адамға мұқтаж емес. Тәңірлік ілімдер шын мәнінде адамның өсіп-өркендеуі мен кемелденуіне арналған.  

 

"Жәсия" сүресінің 16-17-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَقَدْ آتَیْنَا بَنِی إِسْرَائِیلَ الْکِتَابَ وَالْحُکْمَ وَالنُّبُوَّةَ وَرَزَقْنَاهُم مِّنَ الطَّیِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَى الْعَالَمِینَ»، «وَآتَیْنَاهُم بَیِّنَاتٍ مِّنَ الْأَمْرِ  فَمَا اخْتَلَفُوا إِلَّا مِن بَعْدِ مَا جَاءَهُمُ الْعِلْمُ بَغْیًا بَیْنَهُمْ  إِنَّ رَبَّکَ یَقْضِی بَیْنَهُمْ یَوْمَ الْقِیَامَةِ فِیمَا کَانُوا فِیهِ یَخْتَلِفُونَ»

 

Аяттардың аудармасы:

Расында Израил ұрпақтарына кітап, патшалық, Пайғамбарлық және өздеріне таза ризық беріп сондай-ақ әлемдерге үстем қылған едік. (16)

Және де дін істерінде оларға ашық түсініктер бердік. Дегенмен өздеріне мәлімет келгеннен кейін өзара күншілік қылып, мүлде талас-тартысқа түсті. Шын мәнінде Раббың қиямет күні араларындағы қайшылыққа түскен нәрселері турасында үкім береді. (17)

 

Бұл аяттарда Ислам үмбетіне үлгі болу үшін Құдайдың бұрынғы заманда Исраил халқына берген ұлы нығметтері туралы айтылған. Алдымен илаһи кітап беру, билікке қол жеткізу, пайғамбарлар миссиясына тоқталып, сосын таза ризық жайлы айтып: "Осы нығметтердің арқасында олар өз заманындағы адамдардан жоғары болды. Өкінішке қарай, қызғаныш пен бәсекелестіктің кесірінен олар бір-бірімен келісе алмады. Олар үшін ақиқат анық болса да, илаһи кітапқа сүйеніп, ақиқатты білуге ​​жеткілікті себептер болса да, олар өзара келіспеушіліктен бас тартпай, бөлінуді жалғастырды. Сондықтан күш-қуаты мен ұлылығын жоғалтып, биліктен айырылды",-деді.

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Материалдық және рухани нығметтердің Алладан келгенін біліп, осы дүниеде жақсылыққа жету үшін оларды дұрыс пайдалануымыз керек.
  2. Пайғамбарлық пен билік арасында қайшылық жоқ. Саясат діни ұстанымдар мен құндылықтарға негізделуі керек.
  3. Алла Тағала адамдарға жеткізу міндетін аяқтады және оларға ақиқатты білу және түсіну үшін айқын дәлелдер келтірді. Сондықтан олардан қиямет күні есеп ала алады.
  4. Хабардар әрі білімді болу жеткіліксіз. Бұлар құтқармайды. Қырсықтық немесе қызғаныш салдарынан ақиқатты қабылдамай, қоғамда қайшылық тудырып жүрген адамдар көп.

 

"Жәсия" сүресінің 18-20-аяттарына құлақ түріңіздер:

«ثُمَّ جَعَلْنَاکَ عَلَى شَرِیعَةٍ مِّنَ الْأَمْرِ فَاتَّبِعْهَا وَلَا تَتَّبِعْ أَهْوَاءَ الَّذِینَ لَا یَعْلَمُونَ»، «إِنَّهُمْ لَن یُغْنُوا عَنکَ مِنَ اللَّـهِ شَیْئًا  وَإِنَّ الظَّالِمِینَ بَعْضُهُمْ أَوْلِیَاءُ بَعْضٍ وَاللَّـهُ وَلِیُّ الْمُتَّقِینَ»، «هَـذَا بَصَائِرُ لِلنَّاسِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّقَوْمٍ یُوقِنُونَ»

 

Аяттардың аудармасы:

Сосын (Мұхаммед Ғ.С.) сені шариғат ісіне қойдық. Енді сонымен жүр. Білмегендердің ойларына ілеспе. (18)

Өйткені олар сені Алладан еш қорғай алмайды. Шынында залымдар бір-бірінің досы. Сондай-ақ Алла тақуалардың досы. (19)

Бұл Құран адамдар үшін көрнеу дәлелдер және нақ сенген елге жетекші әрі рахмет. (20)

 

Исраил қауымының тарихын айтып бергеннен кейін мына аяттарда ислам пайғамбарына былай делінген: "Біз саған шариғат пен хақ дінге апаратын айқын жол бердік. Соның негізінде халықты таухидке шақырсын дедік. Әрине мүшріктер мен қарсыластар алдарыңда тұрып, дініңнің таралуына жол бермеуіне бар күшін салады. Бірақ Алланың дініне қатысты олармен ешқашан ымыраға келме.

Ей, пайғамбар! Ақиқат жолында нық тұрып, соған берік бол. Тек Алланың әмірін орындап, қарсыластардың қалауына мән берме. Өйткені Алла тақуаларды ғана жетекшілік етіп, тура жолға салады. Бірақ ана залым кәпірлер өздері сияқты адамдармен дос болып, серіктеседі. Олар Алланың алдында ешкімге зиянын тигізе алмайды немесе Алланың азабынан құтқара алмайды.

Саған жіберілген Құран бәріне жеткілікті. Өйткені бұл кітап – қалың жұртшылыққа арналған құрал және өмірдің барлық саласында дұрыс пайымдау көзі. Кімде-кім ақиқат дәрежесіне жетуді қаласа, бұл кітап оны тура жолға салып, Алланың ерекше мейіріміне бөлейді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Илаһи діндердің әрқайсысында ақиқатқа жету жолы бар. Бірақ олардың барлығының рухы бір. Ислам діні де бұрынғы пайғамбарлардың дінін жалғастырады.
  2. Алланың жолын ұстанбаған адам өзінің немесе өзгенің қалауына еріксіз ереді. Бұл білімге, хабардарлыққа және шындықты дұрыс түсінуге негізделмейді.
  3. Надандардың арам қалауына еру – олардың арбауына түсіп, Алланың қамқорлығынан алшақтау деген сөз.
  4. Шынайы сенім болуы үшін діндарлық көрегендік пен білімге негізделуі керек.
  5. Құран – интеллектуалдық, ахлақтық, әлеуметтік, саяси және отбасылық салаларды қамтитын жан-жақты құрал.  

Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Аман-сау болыңыздар!