Maм 17, 2016 17:38 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Киануш Айяри хижри шәмси жыл санағы бойынша 1330 жылы (1951) Иранның оңтүстігінде орналасқан Ахваз қаласында дүниеге келді.

Аталмыш қалада әкесінің үлкен кинотеатрының болуы Айяридің кинематографияға назар аударуы мен қызығушылығының себебіне айналды. Ол өзінің құлақпен естігеннен гөрі көзбен көру арқылы тез үйренетінін айтады. Ол: "Балалық шағымнан бастап фильмдерді тамашалаумен қатар оператордың бөлмесінде бейнетаспалардың айналымы мен магниттік таспа тарту механизімін бақылуға қатты қызығатынмын" дейді. Айяридің кино саласындағы қызметі жастық шағынан Ахваз қаласының еркін кинематографиясына келуден басталып, қысқа уақыт ішінде осы бағыттың беделді тұлғаларының біріне айналды. Ол сол жылдары 8 мм кинокамерасымен қысқа метражды фильмдерін түсіріп, шамамен оның бүкіл туындыларына назар аударылды. Айяри "Тануре див" атты өзінің алғашқы толық метражды туындысын х.ш.ж.с.б. 1364 жылы (1985) түсіріп, осы фильмнен кейін "Сарышаян елесі", "Алаудың арғы беті", "Шағын қаланың мамыражай күні", "Алманың жартысы" туындыларына режиссерлік етті. Ал одан кейінгі жылдары "Болу не болмау", "Сиырдың мүйізі", "Иран дастарханы" және "Арманның оянуы" атты фильмдерінің сценарийлерін жазып, түсірген. Осы туындыларға тиісті көңіл бөлініп, Иран кинематографиясы саласында бағыт қалыптастырушы болды. Айяридің ең үздік фильмдерінің бірі "Сарышаян елесі" деп аталады. Сюжет Махмуд есімді жас режиссер туралы баяндайды. Ол қысқа метражды фильм түсіріп, кинематографияға ерекше ықылас танытып, толық метражды фильм түсіруге шешім қабылдайды. Алайда мүмкіндіктердің жоқтығына байланысты қиындықтарға тап болады. Махмудтың фильмдерде эпизодтық рөлдерді сомдайтын бір досы болады. Ол Махмудке фильм түсіруге көмектеседі. Олар фильмнің сценарийін өздерінің шынайы өмірлерінен алуға шешім қабылдап, осы шешім негізінде зергерлік бұйымдарды ұрлауға бел байлайды. Кейін олардың бірі ұрланған заттармен қаша жөнеледі. Бірақ соңына полиция түсіп, туындыдағы жас режиссер арқанды жолдың кабинасынан құлап, мерт болады. Киануш Айяри осы оқиға және фильмнің түсірілімі туралы: ""Сарышаянның елесі" фильмінің сценарийін 4 күнде жазып шықтым. Ол кинематографияға деген ой-пікір, сезім, ақпарат пен махаббаттан тұратын тізбекті құрайды. Менің өмірім мен өмірімде орын алатын оқиғалар аталмыш фильмге мүлдем ұқсамайды, бірақ фильмдерімнің сахна сыртындағы және Иран кинематографиясындағы түсініктерім мен қиялдың көмегімен олар осы фильмде көрініс тапты", -дейді. "Сарышаянның елесі" фильмі адамның сана сезімінде сыртқы ақиқат пен ішкі армандарды байланыстырады. Қоғамның рақымсыздығы мен оның әсері фильмнен көзге қатты түседі. Аталмыш кинотуынды көтерген тақырыбы, заманауи баяндау стилі, сценарийі мен актерлердің ойынына байланысты Иран кинематографиясының мәңгі өшпес фильмі болып есептеледі. "Сарышаян елесі" фильмі Иран кинематографиясында сахналық дыбыстау әдіс-тәсілі қолданған алғашқы туынды болып табылады. Киануш Айяридің туындыларының мазмұн мен формасы әр түрлі болғанымен тұрақты аспектілерге ие. Осы аспектілердің ең маңыздысы оқиғалар желісінде адам тұлғасын бір орталық және өзек ретінде қарастыруы болып табылады. Айяри кинотуындыларының кейіпкерлері терең ойлы, орнаған жағдайды өзгертуді қалайтын, наразы да ізденімпаз адамдар. Бұл ықыластың өзгерістері мен дамуын адамның ішкі төңкерілісінің бір түрі ретінде қабылдауға болады. Суару арнасының жаңғыртылуы, бір фильмнің түсірілуі, екі ғашықтың қауышуы, ұрланған мүлікті қайта іздестіру, өмір үшін күрес сынды мазмұн аталмыш кинорежиссердің туындыларында көтерілетін негізгі тақырыптар болып есептеледі. Айяри туындыларының кейіпкерлері негізінен тұйық мінезді, алайда ізденімпаз әрі жағдайдың өзгеруі барысында наразылық білдіруші тұлғалар ретінде көрініс алады. Тіпті, егер өздерінің айналасында өзгерістер енгізе алмаса да, кемінде өздерінің мақсаттарына жақындай түседі. 1376 (1997) жылы түсірілген "Болу не болмау" кинотуындысы Иран Ислам революциясынан кейінгі жылдары түсірілген ең үздік фильмдердің бірі болып есептеледі. Киануш Айяри аталмыш туындысында жедел түрде жүрек трансплантациясын қажет ететін жас қыздың өмірі туралы баяндайды. Ол емдеуші дәрігермен ауруханаға барады. Мұнда ми талмасына байланысты бір жас бала ауруханаға жатқызылады. Дәрігер жас баланың отбасына дене мүшелерін трасплантацияға беруге ұсыныс жасайды. Алайда бала жанұясының қарсылығына тап болады. Үмітсіз сырқат жас қыз өзі оларды разы етуге тырысып, ақырында олардың келісімін алады. "Болу не болмау" фильмі өмір мен өлім арасындағы кезуді баяндайды. Осы фильмнің кейіпкерлері үлкен және қатігез қоғамда өмір сүру үшін талпыныстарын жалғастырады. Кинотуындының кейбір аспектілері деректі фильмдерге жақын келеді әрі қоғамдық және тайпалық сенімдер арқылы адамгершілік тақырыбын байланыстыра түседі. Өмір сүру үшін адамзаттың байырғы үрей-қорқынышы қоғамның бүкіл түрінде айқын мазмұнмен жақсы үйлесіп, көрермендерді фильмнің соңына дейін өзімен бірге жетелейді. Символика – Айяри туындыларының келесі бір тұрақты аспектісі. Объектілер, адамдар мен жағдайлар үстірт деңгейден шығып, тереңірек қарастырылады. Көрермендердің ой-санасы күнделікті өмірдің қалыпты оқиғаларын қолданумен түпкі мағынаны тереңірек түсініп, ақиқаттың өзге қырын көз алдыларына елестетеді. Модернизм, махаббат пен кектің өрт-алауы, ақиқат пен оқиғалардың келісімді символы ретіндегі камера мен өмір қиындықтары кезеңдерін бастан кешіретін нышан ретіндегі баспалдақ Киануш Айяри кинотуындыларының символдарының қатарын құрайды. Әлбетте кейбір адамдар бұл символиканы бүркеме деп қабылдауы мүмкін, бірақ ақиқатында Айяри фильмдерінің көбінде символдарды епті қолданып, өз туындыларының ең үлкен ерекшелігі ретінде сипаттайды. Оның бірқатар мекенді пайдалану арқылы іскерлікпен тиісті кеңістікті тудыруы сценарий бірегейлігін сақтап, кейіпкерлер мен хикаяларға кейіпкерлердің сенімін тудыртуға өз көмегін тигізеді. Көптеген адамдар әлеуметтік фильмдерді ақиқатты көрсететін мұңды фильмдер деп есептейді. Әлбетте бұл кинорежиссердің мұңды көзқарасын қамтиды. Осы көзқарас аталмыш фильмнің адамдардың арасында тиісті орын алмауына себеп болды. Дегенмен Айяри бұл қиындықты жақсы шешті. Ол әзіл-сықақ жағдайларды пайдалану арқылы кеңістікті көрермендер үшін көрікті етті. Әзіл-сықақ осы режиссердің туындыларында көп көрініс алады, тіпті әуендер мен күнделікті өмірде қолданылатын тұрақты сөз тіркестерін де байқауға болады. Әлеуметтік салада фильм түсіретін кинорежиссермен жұмыс жасаған адамдардың барлығы "Айяри кино түсіру барысында бүкіл аспектілер мен фильм кезеңіне бар зейіні мен назарын салады, тіпті қажетті көрініске қол жеткізгенше бір көріністі он рет қайталап түсіруге дейін барады" деп санайды. Дәл осы жәйт режиссер туындыларының мазмұны мен формасы жағынан озат құрылымды және бірегейлігінің себебі болды әрі көрермендерді ынталы режиссермен таныстырады. Айяри Иранның әлеуметтік кинематографиясы саласының танымал тұлғасы ғана емес, бірнеше телехикая түсіру арқылы осы саланың шебері ретінде танылды. Бір баспаның редакторына оқырмандар жіберген хаттар оқылатын "Мыңдаған көз", халық санағы мен статистика тақырыбына арналған "Үйден үйге" және Мохаммад Қариб дәрігердің өміріне арналған "Қарибтің күндері" атты теледидар топтамаларын көрермендер жылы қабылданған әрі Иран теледидарының ең сүйікті бағдарламаларының біріне айналған Киануш Айяридің режиссерлігімен түсірілген топтамалар болып табылады. "Қарибтің күндері" телехикаясы Иранның педиатрия бөлімінің негізін салушы Мохаммад Қариб өмірінің түрлі кезеңін баяндайды. Сонымен қатар ХХ ғасырдағы Иран халқының әлеуметтік және мәдени тарихы туралы да сөз қозғайды. Осы телехикаяның бүкіл қыры жоғары сапада орындалып, аталмыш ирандық дәрігердің өмірі мен қызметіне көптеген көрерменнің назарын өзіне тартты.