Ақп 29, 2024 21:46 Asia/Almaty

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың жетінші эпизодында Реза шах Пехлевидің саясаты мен жоспарларының Ислам революциясының қалыптасуына әсерін талдаймыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың жетінші эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл подкастта 1979 жылғы Иран революциясының қалыптасу үдерісін нақты түсіндіруге тырысып, оны басқа маңызды революциялардан ерекшелендіретін тұстарды санамалап, мынадай сұраққа жауап береміз: 1979 жылы ақпанда болған Иран Ислам революциясы неліктен әлемде болған барлық революциялардан өзгеше? Өткен бөлімде Ислам революциясы мен Конституциялық революцияның ортақ арман-мақсаттары ретіндегі әділдік, еркіндік пен тәуелсіздікті талап етуге тоқталып, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, Батыс елдерінің Иранның ішкі істеріне араласқанынан кейін елде тағы да тәртіпсіздік орнап, Конституциялық революцияның арман-мақсаттарының ұмытылғанын еске салдық. Мұндай жағдайда тіпті елдің ұлттық бірлігі мен аумақтық тұтастығына да үлкен қауіп төнді. Ресей мен Англия үкіметтері сол кездегі екі әлемдік держава ретінде Иран үкіметі мен халқынан рұқсат сұрамай-ақ, Иран территориясын бөлу  туралы келісімге келген болатын. Адамдар күн өткен сайын көңілдері түсіп, депрессияға ұшырады. Олар Конституциялық революциядан көздеген және орасан зор құн төлеген ұлы үміттері мен мұраттарының жоғалғанын көрді. Осындай жағдайда Реза хан сол кездегі үкіметке қарсы төңкеріс жасап, билік тізгінін қолына алып, бес жылға жетпей Қаджар әулетін жойып, патша тәжін киді. Жиырма жылдық билігі кезінде ол Иранда орасан зор өзгерістер мен реформалар жасады. Бірақ елде авторитарлық билігін нығайтып, Иранның тағдырын шет елдермен байланыстыру арқылы ол Конституциялық революцияның барлық идеалдарын бұзып, қоғамда ашу-ыза толқынын тудырды.

Бұл эпизодта Пехлеви билігінің басталуына әкелген саяси және әлеуметтік оқиғаларды қарастыра отырып, осы кезеңдегі саясат пен Ислам революциясының қалыптасуы арасындағы байланысты талдауға тырысамыз.

Тарихшылар мен саяси сарапшылар Пехлеви әулетінің негізін қалаушы Реза ханның Иранда билікке келуі шарттарын түсіндіру үшін ішкі және халықаралық факторларды атап көрсетті. 20 ғасырдың басында Иранда Реза ханның билікке келуінде ішкі және халықаралық факторлар тиынның екі бетіндей рөл атқарды деу дұрыс болатын сыңайлы. Ирандағы Конституциялық революциядан кейін пайда болған қолайсыз ішкі жағдайлардың бірі экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы және белгілі бір мағынада үкіметтің қаржылық банкроттығы болды. Яғни, бұл кезде Иран үкіметінің кірісі мен шығысы тең болмады. Үкімет шетелден қарыз алуға немесе салықты көтеру арқылы халыққа қысым көрсетуге мәжбүр болды. Үкіметтің қаржылық шектеулері шет елдерге тәуелділіктің жалғасуы және халықтың наразылығының артуымен қоса, Иранның кейбір аймақтарында жергілікті ықпалды адамдар билігінің кеңеюіне себеп болды. Олар іс жүзінде орталық үкіметтің билігіне қарсы шықты. Сондай-ақ, Ирандағы саяси сахнада сол кездегі екі саяси ағым, яғни ұстамдылар мен демократтар арасында кескілескен күрес жүріп жатты. Бұл Конституциялық революцияның басты мақсаттарының бірі ретіндегі бостандық мұратына деген адамдардың үмітін үзіп, теріс көзқарас тудырды. Саяси жарыстар барысында олар дағдылы бейбіт құқықтық шеңберден шығып, бір-бірін құртумен айналысты. Тіпті кей жағдайда бір-біріне күш көрсетуден тартынбаған. Тырысқақ індеті мен ашаршылықтың таралуынан болған адам шығыны осы ішкі дағдарыстардың ең маңызды салдары болды. 1918 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен бір мезгілде Иранда аштықтан немесе тырысқақтан көп адам қайтыс болды. Оның статистикасы сол кездегі Иранның 10 миллион халқынан 100 мың адамнан  екі миллион адамға дейін деп есептелді. Иранның орталық үкіметі соңғы Қаджар патшасының тұсында осындай үмітсіз жағдайға тап болды. Он екі жыл ішінде, яғни 1909-1921 жылдар аралығында үкімет кабинеті елу реттен астам өзгерді. Осындай қолайсыз саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайларда Иранның түкпір-түкпірінде қалыптасқан жағдайға қарсы топтар пайда болды. Тіпті кейбіреулері орталық үкіметтен бөлініп, тәуелсіздік алуды талап етті.

Әрине Иранда Конституциялық революцияның құндылықтары мен идеалдарының құлдырауына және Реза ханның билікке келуіне себеп болған Қаджарлар кезеңінің соңындағы қолайсыз жағдай ішкі факторлармен шектелмейтінін білген орынды. Халықаралық сахнада да Ирандағы осы ірі тарихи өзгерістің қалыптасуына жағдай жасалды. Бірінші дүниежүзілік соғыста бейтараптық жариялағанына қарамастан, Иран Ресей, Осман және Британ күштері арасындағы қақтығыстар алаңына айналды. Бұл соғыс Иранның саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінің әртүрлі салаларына қатты әсер етті. Ресей мен Ұлыбритания құпия келісімге қол қою арқылы Ирандағы ықпал аймақ туралы келісімге келгеніне қарамастан, Ресейде большевиктер революцисы орын алып, үкіметтің назары сол елдің ішкі салаларына аударыла бастағаннан кейін Иран ағылшын басқыншылығының сахнасына айналды. Дәл осы уақытта және 1919 жылы Англия ерекше халықаралық шарттарды пайдаланып, Иран үкіметімен жасырын түрде келісім жасады. Соған сәйкес Иран ресми түрде сол елдің қорғауына алынды. Бұл келісімшарт әшкереленгеннен кейін ішкі қысым және АҚШ пен Франция сияқты Англияға бәсекелес елдердің қарсылығымен келісімшарт күшін жойды.  Бірақ бұл Қаджарлар әулетінің құлауына және Реза ханның билікке келуіне жол ашты. Реза хан 1919 жылғы келісім арқылы өз мақсатына жете алмаған ағылшындардың көмегімен 1920 жылы ақпанда мемлекеттік төңкерісті соңына дейін жеткізе алды. Алғашында ол Қаджарлар әулетін жою туралы соңғы ниетін жария етпеді. Бірақ бірте-бірте және бес жылға жетер-жетпес уақыт ішінде ол Ахмад шахты тақтан түсіріп, басына тәж киіп, таққа отырды.

Кейбір тарихшылар Реза хан үш элементке сүйену арқылы билікке келе алды деп есептейді: Қарулы күштер, Ирандағы Ұлттық кеңестің бесінші парламентінде оны қолдаған партиялар және ақырында шетелдік державалардың, әсіресе Англияның қолдауы. Ресейде 1917 жылы болған Қазан төңкерісінен кейін Иранға коммунизм ықпалының кеңеюіне және большевиктердің күшеюіне алаңдап, оны әсіресе мұнай мүдделері үшін қауіпті деп санаған Англия Реза ханның билікке келуін қолдай отырып, өзінің Ирандағы мүдделерін кепілдендірді.  Дегенмен ағылшындардың көмегімен және жоспарлауымен Реза ханның билікке келуі негізінен Конституциялық революцияда тәуелсіздікке ұмтылған халықтың талабына қайшы болды. Реза хан өзін сыртқы алпауыттардан тәуелсіз билеуші ​​ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ Реза ханның Англияға тәуелді болғанына қатысты сенімді тарихи құжаттар өте көп. Мұны ешбір тарихшы теріске шығармайды. Сонымен қатар, Реза ханның билікке келуі ағылшындардың қолдауымен мемлекеттік төңкеріс арқылы орындалды. Сондықтан бұл Реза ханның тәуелсіз ұстанымына мүлдем қайшы келеді. Оның билігі кезіндегі тағы екі маңызды оқиға Реза шахтың ел тәуелсіздігін сақтай алмағанын көрсетеді: Бірі – 1933 жылы Дарси келісім-шартының ұзартылуы, екіншісі – оның күйреуіне әкелген гитлерлік Германиямен байланысы.  Реза шах британдықтардың қолдауымен билікке келгенімен, оның билігінен бірнеше жылы өтпей жатып, британдықтармен келіспей қалды. Даудың басы Иранның Дарси келісімі бойынша мұнай табысынан алатын пайдасына қатысты болды. Қаджарлар тұсында жасалған бұл келісімге сәйкес, Англия мұнай компаниясы мұнай табысының 16 пайызын Иранға бөлуге міндеттелді. Бірақ ағылшын жағы түрлі себептер мен сылтаулар айтып, әсіресе қажетсіз шығындармен мұнайдан түскен табысын арттырып, Иранға өте аз үлес төледі. 1312 жылы Реза шахқа өткен жылғы мұнай балансы туралы есеп ұсынылғанда, Иран патшасы қатты ашуланып, мұнай есебін пешке лақтырып жіберген. Осы арқылы ол аңдамай ағылшындарға ең үлкен қызмет жасады. Өйткені олар заңдар мен ережелерге сүйене отырып, халықаралық қауымдастықта Иранға қарсы дау ашып, Иран үкіметін 1933 жылы жаңа келісімді жасауға және Дарси келісімінің шарттарын 1993 жылға дейін ұзартуға мәжбүр етті.

Тағы бір жағдай Реза ханның гитлерлік Германиямен байланысына қатысты болды: Реза шахтың тұсында Иранның тәуелсіздігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одақтастардың Иранға шабуылымен тікелей және елеулі түрде бұзылды. Иранның бұл соғыста бейтараптығын жариялағанына қарамастан, одақтастар (құрамында Ұлыбритания, Америка, Франция, Қытай және Кеңес Одағы бар) қарсы жақтың, атап айтқанда Германияның Иранның ішкі істеріне араласуын және Екінші дүниежүзілік соғыста Иранның одақтас күштерге (Германия, Италия және Жапония күштері) қолдауын сылтау етіп, Иранды басып алды. Оларға қарсылық көрсете алмаған Реза шах отставкаға кетуге мәжбүр болды. Одақтастардың Иранға шабуыл жасауының басты себебі Екінші дүниежүзілік соғыста билік құрылымын өзгертуге сылтау іздеу болды, дегенмен Реза шахтың гитлерлік Германиямен стратегиялық байланыс орнатудағы қате саясатын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Реза шах өз билігі кезінде фашистік Германиямен өте кең және күшті қарым-қатынас орнатты. Тіпті бұл кезеңде екі ел арасындағы сауда айналымы қөлемі айтарлықтай өсті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес және Ұлыбритания үкіметтері Иран үкіметіне бірдей ноталар жіберіп, Иран үкіметінен неміс кеңесшілерінің Ирандағы әрекеттерін тоқтатып, оларды елден шығаруды сұрады.  Бірақ Реза шах Гитлер соғыстың түпкілікті жеңімпазы болады деп үміттеніп, олардың талабына көнбеді. Және олардың талабына жауап ретінде ол бұл әрекетті соғыстағы бейтараптықты бұзу деп санап, Иран үкіметінің Ирандағы неміс кеңесшілерінің әрекеттерін қадағалап, бақылайтынын жариялады. Сонымен бірге, Германия Кеңес Одағына шабуыл жасаған кезде Иран үкіметі кешіктіру саясатын ұстанды және одақтастардың талаптарын қабылдағысы келмеді. Осындай жағдайда Иранға солтүстік пен оңтүстіктен одақтас күштер шабуыл жасады. Сөйтіп Иранның саяси тәуелсіздігі ғана емес, аумақтық тұтастығы да бұзылды. Иранның тағдырын фашистік Германиямен және одақтас күштермен байланыстырған Реза шах іс жүзінде 1941 жылы өзінің  биліктен кетіріліп, Ираннан қуылуына және ирандықтардың тәуелсіздік арманының орындалмауына себеп болды. Иран халқының елдің ішкі істеріне шетелдіктердің араласуына жол бермеу ниеті тағы да ұмытылды. 37 жылдан кейін Ислам революциясы Иран халқының осы асыл арманын орындау мақсатында тәуелсіздікті талап етіп, жеңіске жетті.

Ардақты ағайын, "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың жетінші эпизоды аяқталды. Бұл подкастта 1979 жылы болған Ислам революциясының қалыптасу барысын шынайы түсіндіріп, әлемдегі басқа революциялардан айырмашылығын санамалап өтеміз.  Бұл бөлімде біз Реза шах Пехлевидің әрекеттері мен 1979 жылы болған Иран Ислам революциясы арасындағы байланыс туралы айттық. Бірінші Пехлевидің қате саясаты оның 1941 жылы биліктен кетіп, Ираннан шығарылып, жер аударылуына себеп болып қана қоймай, ирандықтардың тәуелсіздік мұратын ұмытуына әкеліп соқтырғанын айттық. Иран халқының елдің ішкі істеріне шетелдіктердің араласуына тосқауыл қоюға деген ұмтылысы тағы да аяқсыз қалды.

Тегтер